22 Шілде, 2016

Жобалардың саны емес, сапасы керек

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
22 07 - aktobe 2016 жылы өңірде үде­ме­лі ин­­дустриялық-инновациялық да­му мемлекеттік бағдарламасы ая­­­сында 13 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазіргі уақытта облыстың кәсіпкерлікті қолдау картасына сомасы 812,3 миллиард теңге болатын және 13,2 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 94 жоба еніп отыр. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы сомасы 562,2 миллиард теңге болатын 79 жоба іске қо­сы­лып, 7,3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Қазір кәсіпорындар қуат­тылығын 100 пайызға жеткізу жол­дары қарастырылуда. Жалпы, 2010 жылдан бері үде­ме­лі ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жобалары бойынша 1,1 триллион теңгенің, оның ішінде биыл 5 айда 68,5 миллиард теңгенің өнімі (өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 15,7 пайызы) өндірілді. 2016-2019 жылдар аралығын­да өңірде 15 жоба пайдалануға бе­ріліп, 5,9 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Жыл қорытындысына сәйкес, 15,9 миллиард теңгенің 13 жобасы пайдалануға беріледі. Алғашқы жартыжылдықта бір жоба, яғни қуаттылығы жылына 111,6 мың тонна болатын аз тоннажды мұнай өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылдың соңы­на дейін іске қосылатын үдеме­лі индустриялық-инновациялық бағ­­­­дарлама жобаларының қа­тарында жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй салатын үй құрылысы комбинаты да бар. Бұл өз кезегінде болашақта импорт­тық материалдарды ығыстыру есе­бінен тұрғын үй бағасын төмендетуге мүмкіндік бере­ді. Ин­­­дустриялық-инновациялық да­му бағдарламасын жүзеге асыру­­да Ақтөбе қаласы, Мұғалжар, Алға және Хромтау аудандарының кә­сіпкерлері белсенділік танытуда. Өз кезегінде Ырғыз, Ойыл және Қобда аудандарында бұл жұ­мыстар ойдағыдай емес. Өңір басшысы мемлекет­тік ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасына ұсынылатын жо­­­баларды іріктеу керектігін де ұдайы алға тартып келеді. Оның айтуынша, қанша жоба болса да олар болашақта өңір экономикасының дамуына серпін беретін, облыс тұрғындарын тұрақты түрде жұ­мыспен қамтамасыз ететін тиімді инвестициялық жоба болулары керек. Сондықтан бұл бағытта сан­нан гөрі сапаға баса назар аудару қажет. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы