22 Шілде, 2016

Зайсандағы «Сәлем» сауда орталығы

624 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
DSC_0076 50 адамды жұмыспен қамтамасыз етті Зайсан қаласында зәулім, іші-сырты көз тартатын, 4 қабатты «Сәлем» сауда орта­лығы есігін айқара ашты. Оның салтанатты ашылуына аудан әкімі Темірбек Қасымжанов, құрылысты салып берген, «Зайсан-құрылыс» компаниясының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Болат Нұрасыл, ауданның құрметті азаматтары, ардагерлер, қала жұртшылығы қатысты. – Елбасының Қазақстан халқына Жол­дауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс орындарын ашу жөнінде нақты тапсырма берілгені белгілі. Бұл ретте Зайсан ауданында да елеулі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ауданда 140 сауда дүкені болса, Зайсан қаласының өзінде ғана 88 сауда орындары мен дүкендер бар. Оларда 500-ге тарта адам жұмыс істейді. Ал бүгінгі «Сәлем» сауда орталығы – ең үлкен ғимарат. Мұнда бірінші қабатта балалар ойнайтын алаң, дәмхана, шаштараз, халыққа қызмет көрсететін орындар, банктер орналасқан. Демек, сауда орталығына келген адам өзіне қажетті заттарды сатып алумен бірге банктен несие ала алады, басқа да шаруаларын бітіреді. Сауда орнын сапалы етіп салып берген құрылыс компаниясының басшысы Болат Иекпұлына, бүгінгі ғажап ғи­мараттың салынуына 250 миллион теңге қаржы салған, 50 адамға жұмыс тауып берген Дәулет Мықияновқа аудан тұрғындары атынан алғыс айтамын, – деді жиынды ашқан аудан әкімі Т.Қасымжанов. Бұдан кейін сөз алған Болат Нұрасыл өзімен Айнабұлақ ауылында бір мектепте оқыған досы Дәулет Мықияновтың нарықтың қиын-қыстау кезінде боран-шашынға қара­мастан көлікпен қажетті азық-түлікті тасы­ғанын, автобус қатынасын іске қосқанын, іскер азаматтың бүгінгі табыс­қа еңбекқорлығы мен ізденісі арқасында жеткенін айтты. Бұдан кейін символдық кілтті «Жасұлан» шаруа қожалығының төр­ағасы, мал өсірумен бірге сауда дүкендерін пайдалануға берген Д.Мықияновқа табыс етті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұқан Мырзаханов іскер азаматқа батасын берді, Заманбек Бұрымбетов пен Дәулеттің апайы лентаны қиған соң жиналғандар зәулім сауда үйін аралап, заттарды сатып ала бастады. Соңында ән мен күйге кезек берілді. Аудан әкімі Темірбек Жұмақұлұлы бізбен әңгімесінде «Өскемен-Зайсан» әуе рейсінің қайтадан іске қосылғанын, әуе­жайды жөндеуге Болат Нұрасылдың қолғабыс жасағанын, 2 шілдеде ауданға Оңтүстік Кореядан 20-ға тарта білікті дәрі­герлердің келіп, халыққа тегін қызмет көр­сете бастағанын, сол күні кәсіп­кер Болат Нұрасылдың қаржысына салған ем­хананың пайдалануға берілгенінен хабардар етті. Иә, Зайсанда жаңалық көп. Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы