Мемлекет басшысы Ұлттық қордың есебінен еліміздегі өңдеуші өнеркәсіп саласын қолдауға арнайы қаржы бөлуді Үкіметке тапсырғаны белгілі. Бүгінде еліміздегі 1 353 кәсіпкерге бұл қаражат «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы шеңберінде қолжетімді болып келеді. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алу арқылы өнімділігін арттырған тауар өндірушілер қатарында 126 астаналық кәсіпкер бар. «Даму» қорының көмегімен тасын өрге домалатқан кәсіпорындардың қызметімен жуырда Астана қалалық филиалының мамандары жақынырақ танысып шыққан болатын.
Соның бірі – темір және ағаш бұйымдар жасау бойынша өндірістік цехты іске қосқан «Нұр-Саба» ЖШС. 2008 жылы құрылған компания бастапқыда 15 адаммен жұмысын жүргізген еді. Кәсіпорын директоры Қайрат Есімбеков уақыт өте келе нарықтағы сұранысты өтеу мақсатымен өндіріс орнын кеңейтіп, жұмысшылар санын арттыруды ойлады. Алайда, мұндай жоба қомақты қаражатты қажет ететіндіктен, оны бірден жүзеге асыру мүмкін емес еді.
«Мемлекеттің көмек қаржысын алу үшін құжат өткізіп, жеңілдетілген несиені 5 жылдық мерзіммен алдық. Бұл қаржыға үш қабатты шағындау ғимарат алып, онда ресейлік үлгідегі жаңа станоктар орнаттық. Сонымен қатар, тағы 25 адамды жұмысқа қабылдап, олардың қатарын 40-қа жеткіздік. Негізінен темір мен ағаштан әртүрлі бұйымдар жасайтындықтан, жекелеген тапсырыстардан бөлек, мемлекеттік сатып алуларға да қатысып келеміз. Біздің шеберлердің қолынан шыққан дүниеге қызығушылар көп. Әсіресе, үй немесе жекелеген бизнес нысандарын салушылар тапсырысты молынан береді», дейді кәсіпорын басшысы Қ.Есімбеков.
Ал бұрындары екінші деңгейлі банктерден жоғары пайызбен алынған несиелерді субсидиялауға арналған тағы бір мемлекеттік бағдарламаның көмегін көрген «Юни-Дент» тіс емханасы ЖШС 2007 жылы ашылған. Алғашқы кездері стоматология саласында жеңіл-желпі қызметтер ғана көрсеткен емхана мамандары оның аясын кеңейтудің жолын іздей бастайды. Әрине, ол үшін ең алдымен қосымша құрал-жабдықтар қажет. Оған қоса серіктестік директоры Вячеслав Орлов тіс протезін өзі жасап шығаруды мақсат тұтады. Сол үшін ол банктен несие алады. Кейіннен барып несиенің пайыздық үстемесін субсидиялайтын Үкіметтің жаңа бағдарламасынан хабардар болған соң, «Даму» қорының Астана қалалық филиалында осы ойын жүзеге асырады.
«Әрине, екінші деңгейлі банктен алған несиенің пайызы жоғары болды. Бірақ, менің несиелік тарихым өте жақсы болғандықтан, қор қызметкерлері қажетті көмекті беруден аянып қалмады. Нәтижесінде, алған несием 7 пайызға дейін төмендеп, ай сайынғы төлейтін қаражатымның көлемі азайды. Ал азайған қаржының есебінен Германиядан 100 мың еуро тұратын қымбат құрылғы сатып алу арқылы протез дайындайтын лабораторияны іске қостық. Сонымен қатар, аумағы 150 шаршы метрді құрайтын жаңа мекен-жайға орналастық. Бүгінде тіс протезін дайындаудың сапасы артып, бағасы да төмендеді. Бұл бізге нарықта бәсекеге төтеп беруімізге зор мүмкіндіктер береді», деді В.Орлов.
Елордалық кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетіп, олардың дамуына дем беріп отырған «Даму» қоры Астана қалалық филиалының бас менеджері Зәмзагүл Хамзина дағдарыстың салқыны кәсіпкерлік салаға да тигені байқалатындығын айтады. Сондықтан да Үкімет өңдеуші өнеркәсіп саласына мейлінше қолдау білдіріп, өнім көлемі мен жұмыс орындарын барынша сақтап қалуға ұмтылып жатқандығын алға тартады. «Әсіресе, мемлекеттің межеленген тапсырмасы ретінде біздің қор жаңадан құрылып, аяқтан тұра алмай жатқан шағын кәсіпкерлерге ерекше көңіл бөліп келеді. Жалпы, Қазақстан бойынша өңдеуші өнеркәсіп саласын қолдауға арналған бағдарламамен бүгінге дейін 1 353 кәсіпкер несие алған болса, оның 126-ы астаналық бизнесмендер болып табылады. Оларға қор арқылы мемлекеттің 30 834 млн. теңгесі берілген. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында елордалық 34 кәсіпкермен 2 млрд. 551 млн. теңгелік субсидия келісімшартына қол қойылған. Енді Ұлттық қордан бөлінген бұл қаражат кәсіпорындардың кеңеюіне жақсы көмек болуда», – деді З.Хамзина.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА