өңірлік экологиялық акциясын жандандыруға жастар қосылды
Алматы қаласы әкімдігінің табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен CarlsbergKazakhstan компаниясы «Ағаш отырғыз» («PosadiDerevo.kz») республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, «Мөлдір су» өңірлік экологиялық акциясының бастау алғандығын хабарлады. Бастама мақсаты белгілі – Қазақстан суларының экожүйесін сақтау, сонымен қатар, қалдықтарды бөлшектеп жинау мен қайта өңдеу мәдениетін дамыту.
Компания қызметкерлері жергілікті тұрғындардың қатарынан шыққан еріктілер мен қоғамдық ұйымдарды осы бастамаға тарта отырып, елдің түрлі өңірлерінде түрлі су тоғандарының (өзен, көл, су қоймалары) жағалауында орналасқан аумақтарда тазалау жұмыстарын жалғастырмақ. Әр жолғы акцияға шамамен 250 адам қатысады деп болжануда. Жоба жыл аяғына дейін жалғасатын болады.
Осы күндері Қазақстанның бірнеше өңірлерін қамтуды және 7 су тоғанының (Алматы, Астана, Атырау, Павлодар, Қарағанды, Өскемен қалалары, Балқаш көлі) жағалауында қоқыс жинау, сонымен қатар, кейбір өңірлерде қоқыс жинауға арналған контейнерлерді орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, акцияға қатысушылар сол орында қоқыстың сұрыпталуын жүзеге асырады және қалдықтардың бөлігі қайтадан өңделуі үшін мамандандырылған ұйымдарға тапсырылатын болады.
Алғашқы «Мөлдір су» акциясы Алматы қаласында Боралдай көлінің маңайын тазартудан басталды. Бірінші кезекте бұл іске жастар жұмылды. Ұйымдастырушылар мұндай сауапты шараға барлық ықылас білдірушілер қатыса алатындығын айтады. Ол үшін акция туралы әлеуметтік желілерде ақпараттық науқан жүргізілгелі отыр.
Бұл бастама жөнінде Carlsberg Kazakhstan байланыс жөніндегі менеджері Мария Горохова былай дейді: «Біз Ресейдің «Балтика» компаниясымен бірнеше жыл қатарынан іске асырылып келе жатқан «7 көл» жобасына ұқсас акцияның идеясын көп уақыт бойы ойластырып жүрдік. Маңыздысы, акцияның біздің өндіріс орналасқан Алматымен ғана шектеліп қоймай, Қазақстанның бірнеше өңірлерін де қамтуы болатын. Осы жоба аясында біз отандық өндірушілердің деңгейінде сондай-ақ, әр қазақстандықтың экологиялық дербес жауапкершілігінің деңгейінде елімізде қоқысты бөлшектеп жинау қажеттілігіне ерекше назар аударғымыз келеді. Бұл еліміздің «жасыл» экономикаға ауысу бағытын ескере келе, аса қажет нәрсе. Біздің «Мөлдір су» атты бастамамыз өңірлерден, жергілікті биліктерден, жергілікті тұрғындардан өз қолдауын табады деген ойдамыз және жыл сайынғы экологиялық дәстүрге айналады деген сенімдеміз. Өз кезегінде, Carlsberg Kazakhstan ұзақ мерзімді негізде осы жобаны қолдауды жоспарлап отыр».
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ