Зейнетке шығу, көп жылғы жасаған еңбегіңнің жемісін көру десек, біздің еліміздегі қазіргі уақыттағы зейнетақы жүйесі базалық, міндетті және ерікті деңгейлерден тұрады.
Бірінші деңгейде, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтың еңбек өтілі мен табысына қарамастан, барлық азаматтарға тағайындалса, екінші деңгейге (міндетті), 01.01.1998 жылға еңбек өтілі 6 айдан кем болмаған азаматтарға республикалық бюджет есебінен төленетін және жинақтаушы зейнетақы жүйесінен есептелетін зейнетақы жатады. Ал 1998 жылы елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесінің енуіне орай, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған жұмысшының дербес зейнетақы есебіне міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) аудару жүргізіліп, ол әр жұмыс берушінің жұмысшы табысының (ең төменгі жалақы 75-мөлшерінен артық емес) 10% мөлшерінде МЗЖ ай сайын жүйелі түрде аударуға міндетті төлемдерінен жинақталады. Үшінші деңгей (ерікті) бұл– ерікті зейнетақы жарналары есебінен болатын төлемдер.
2013 жылғы 7 маусымдағы зейнетақы реформасы мәселесі бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда зейнетақы жүйесін кезең бойынша жаңғырту жұмысы жүргізілді. Онда жаңғыртудың бірінші кезеңінде 2013 жылы зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту мақсатында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» жаңа заң қабылданып, ол бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды. Барлық зейнетақы активтері шоғырланып, еңбек жағдайлары зиянды (аса зиянды) жұмыстармен айналысатын адамдардың пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары енгізілді. Және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдерді алушыларға міндетті зейнетақы жарналарды бюджет қаражаты есебінен толықтыруға субсидиялар енгізіліп, жинақтаушы зейнетақы жүйесінде қатысу өтілінің көбеюі мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдерге 58 жастан 63 жасқа дейін зейнеткерлік жас 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айдан қосылуы қарастырылды.
2014 жылғы 18 маусымда Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың тұжырымдамасы қабылданып, зейнетақы реформасының екінші кезеңі басталды. Екінші кезеңді іске асыру мақсатында 2015 жылғы 2 тамыздағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Зейнетақы жүйесінің тұжырымдамалық өзгерістерінің бірі – базалық зейнетақы төлемдерін тағайындалу шартының өзгеруі. Негізінен базалық зейнетақы төлемі тек жалпы белгіленген зейнеткерлік жасқа (58-жас 63/63жас) жеткен кезде тағайындалатынын атап өту керек. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болған, не болмаған кезде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 50 пайызы мөлшерінде, зейнетақы жүйесінде қатысу өтілі 10 жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырыла отырып, өтілі 35 жыл және одан артық болғанда ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 100 пайызына теңестіріледі.
Сонымен, жаңа заңда мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін есептеу кезінде 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі, міндетті зейнетақы жарналары және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең, жұмыс істемейтін ананың немесе жұмыс істемейтін әкенің (бағып-күтуді ол нақты жүзеге асырған кезде) жас балаларды бағып-күткен, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегінен аспайтын уақыт, 16 жасқа дейінгі мүгедек баланы бағып-күткен уақыт, ҚР дипломатиялық қызметтері мен халықаралық ұйымдар қызметкерлері жұбайының (зайыбының) шетелде тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңі, әскери қызметшілердің (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекетттік органдар қызметкерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде жұбайларымен бірге тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезең зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есепке жатқызылады.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап осы норманы іске асыру мақсатында қазіргі зейнеткерлерге зейнеткерлік құжаттарда бар мәліметтер негізінде базалық зейнетақыны қайта есептеу өткізіледі.
Базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау шарттарының өзгеруі келесі нәтижелерге себеп болуда. Ол – еңбек өтілі көп, бірақ аз немесе төмен мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлердің төлемдері мөлшерін арттыру, зейнетақы жүйесіне қатысуды ынталандыру және еңбек қатынастарын ресімдеу.
Зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы екінші өзгеріс 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс беруші есебінен жұмысшының шартты зейнетақы шотына табысынан 5 пайыз мөлшерінде қолданыстағы жинақтаушы жүйеге жаңа жинақтаушы-шартты компоненттің енгізуі болып табылады. Осы жұмыс беруші тарапынан қосымша жинақталған қаражат жиынтығында кемінде 5 жыл бойына (60 ай) аударылып, жеке тұлға зейнеткерлік жасқа (58-63/63 жас) толған кезде, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленгенде зейнеткер оны алу құқығына ие болады. Аталған жарналар жұмыс берушінің қаражаты есебінен болғандықтан, ол жарналарға жұмысшылардың меншік құқығы таратылмайды және мұра ретінде өтпейді.
Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың екінші кезеңі шеңберіндегі тағы бір өзгеріс – әлеуетті құрылымдар қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін реформалау. Ол бойынша еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алу құқығы 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін бюджет қаражаты есебінен аударылған міндетті зейнетақы жарналары сомасының 50 пайызы қайтарылған жағдайда туындайды. 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін толық емес көлемде тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін еңбек сіңірген жылдарына және зейнетақы ісіндегі қызметтен босатылған күніндегі еңбек өтіліне қарай, олардың толық көлеміне жеткізу үшін біржолғы қайта есептеу өткізіледі.
Қорыта айтқанда, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жаңғырту мемлекет, жұмыс беруші және әр азаматтың өзінің болашақ зейнетақымен қамсыздандыруына жауапкершілікпен қарауына бағытталып отыр.
Орал МУКИЯЕВ, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары