Елімізде бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтуды жетілдіру қажет. Осыған орай кеше аталған мәселені кешенді шешудің стратегиясын талқылауға арналған халықаралық дөңгелек үстел болып өтті. Отырыс барысында «Пробация туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен жан- жақты талқыға түсті.
Негізінен аталған халықаралық шараны Ішкі істер министрлігі, Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті, NI-CO, Ұлыбритания әділет министрлігі, Нидерланд пробация қызметі, Польша мемлекеттік сот өндіріс және прокуратура академиясы бірлесе ұйымдастырған. Басты мақсат – Еуропалық одақпен «Қазақстанда қылмыстық сот төрелігін жетілдіру» жобасының қолдауымен мемлекеттік органдардың ведомствоаралық жұмыс тобының еліміздегі бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация есебінде тұрғандарды әлеуметтік оңалтудың стратегиялық кешенді жобасын талқылау. Жиын барысында атап өтілгендей, жаңа Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда пробация қызметі құрылып отыр. Сөз реті келгенде пробацияны латыншадан аударғанда «сынақ» деген мағына беретінін айта кеткен орынды.
Қазіргі кезде елімізде пробацияның үкімдік және постпенитенциарлық түрі бар. Осы тұрғыдан келгенде «Пробация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары еліміздің қылмыстық саясатын одан әрі қарай ізгілендіруге ықпал етуі тиіс. Шараны ашқан Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов еліміздің қылмыстық атқару жүйесінде заңнаманы жетілдіру жолға қойылғандығына, сондай-ақ, халықаралық стандарттарға жақындату арқылы сотталғандардың құқықтары мен заңдық мүдделері жан-жақты қорғалып келе жатқандығына ерекше назар аударды. Және де министрлік жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобы бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалту кешенді стратегиясын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқандығынан да хабардар етті. Бұл ретте Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова әрбір елдің өзіндік пробация жүйесі қалыптасатынын айта келіп, осындай талқылау пробация жүйесінің дамуына өзіндік үлес қосатынын да қаперге салды. Ал Президент Әкімшілігі құқық қорғау жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары Қанат Сейдғапаров сот және құқық қорғау жүйесі қылмыстық процесс айыптыны жазалау арқылы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге ғана емес, сотталушының түзелуіне де ықпал етуі маңызды екендігін ерекше атады. Қазақстанда қылмыстық сот төрелігін жетілдіру жөніндегі Еуропалық одақ жобасының жетекшісі Ирван Уильям еліміздегі түрмелерді реформалауда көптеген істер атқарылғандығына назар аудартты.
Әсіресе, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды әлеуметтік оңалту маңызды. Олардың білім алуына, мамандық игеруіне, жұмыспен қамтуға, емдеуге, құқықтық көмек көрсетуге жәрдемдесу қажет. Тарқатып айтқанда, бас бостандығынан айырылған адам колонияға түскен кезден бастап алғашқы он бес күн карантинге түседі. Сол кезде ол медициналық тексеруден өткізіліп, білім деңгейі анықталады. ҚАЖ комитеті төрағасының орынбасары егер сотталушының 28 жасқа келген шағында орта білімі болмаса, онда ол сол жерде орта білім алуға мүмкіндік алатынын, сонымен қатар, колонияларда кәсіптің 47 түрі бойынша оқытылатынын ортаға салды. Ал бостандыққа шығуға жарты жыл қалғанда сотталушымен үлкен өмірде не істеуі қажеттігі пысықталады екен.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»