22 Шілде, 2016

Александра мен Ая дуэті

361 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Александра ЕгороваШілде айының соңында, яғни 30-ы күні елордалықтар мен қала қонақтары пианиношылар құрамындағы халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Александра Егорова мен Ая Болатовадан құралған «Lotus Bleu» фортепианолық дуэтінің өзгеше өнерін тамашалай алады. Концерт «Астана Опера» театрының Камералық залы сахнасында «Еселенген шабыт» деген атпен өтпек. «Lotus Bleu» дуэтінің орындауында ХІХ-ХХ ғасырлардағы шетел композиторларының, сондай-ақ америкалық жас композитор, пианист, бейнепродюсер әрі жазушы Грег Андерсонның шығармалары көпшілік назарына ұсынылады. Өнерпаздардың айтуынша, концерт аясында бұрын орындалмаған шығармалар премьераларына ерекше көңіл аударылмақ. Яғни, жас ұжымның бұл концерті «таңғалдыру» және «жаңалық ашу» тұжырымдамасы мен ұстанымдарына сәйкес кел­мекші. Белгілі неміс композиторы, органшы Макс Регердің өзгеше орындауды қажет ететін алты пьесасы да Қазақстанда алғаш рет қойылады. Сондай-ақ, қазақстандықтар үшін Грег Андерсонның өңдеуіндегі екі рояльға арналған «Кармен-фантазиясы» да тың жаңалық болмақ. Аталған аспаптың шебер орындаушылары таяуда ғана Италиядан жеңіспен оралды. Онда «Lotus Bleu» дуэті халықаралық пианиношылар байқауында (Искья) жүлделі екінші орынды иеленген екен. Жалпы, «Lotus Bleu» дуэті жайлы халықаралық деңгейде енді ғана айтыла бастағанымен, оның солистері жеке-дара әлдеқашан танылған, сондықтан да танымал болып үлгерген өнерпаздар. Мұндай шағын құрамда шығармашылық ұжым құру идеясының авторы Александра Егорова – түр­лі дәрежедегі халықаралық байқау­лардың жеңімпазы ретінде көп­теген марапаттың иегері. Ая БолатоваОл өзінің пікірін былайша түйіндеді: «Әр пианиношы өздерінің ішкі дүниесінде – солист, ал солистердің бір-бірімен үйлесе кетуі өте қиын. Еуропада пианистер тек өздерінің жеке карьерасымен айналысатын және дуэттерде ғана ойнайтын пиа­ниношылар болып бөлінеді. Дуэт пайда болған сайын, музыканттар да ортақ ойларымен бөлісіп, бір-бірін түсіне бастайды, бірлесіп жақсы өнер көрсетеді. Сол се­бепті, шетелде фортепианолық дуэттер сәтті құрылса, онда жеке орындаушылыққа бөлінбей, сол құраммен өнер көрсете береді. Фортепианолық дуэт құру идея­сы мен үшін айтарлықтай жаңалық болып тұр. Қазіргі заманға сай өзгеріп келе жатқан және консервативтік пікірді ғана ұстанбайтын музыкант ре­тінде маған дәл өзімдей пианист-солистпен бір дуэтте ойнай алатындығымды тексеріп әрі сынап көру өте қызықты. Ая туралы айтар болсам, біз екеуміз бұрыннан таныспыз, себебі магистратурада бірге оқыдық. Фор­тепианодан дуэт құру туралы ойымды айтқанымда, ол мені бірден қолдай кетті». Ая Болатованың айтуынша, алғашында дуэт екі рояльда ойнаған, ал мұндай өнер көр­сетуге машықтанудың өзі ерек­ше тебіреніс сыйлайтын көрінеді. «Әркім өз роялына отыр­ғаннан кейін, аспапты толық меңгерудің артықшылығы мол. Кейінірек біз әрі қарай да өз-өзімізді жетілдіруді ойлап, шығарманы бірлесе, төрт қолмен ойнап көруге бекіндік. Сол кезде жағдай өзгерді. Нәтижесінде, түрлі ерекшелік байқала бастады. Біртіндеп шығарманы қалай орындау керектігін меңгере бастадық. Әрине, бір адам басқарып отыр­ғанда, барлығы жеңіл сияқты көрінуі мүмкін. Ал екі адамның ойнауы арқылы бір әуен мен сазды шығару қажет болғанда, барлығы біз ойлағаннан әлдеқайда қиынырақ. Алайда, ондай кезде техникалық қырынан ғана емес, біздің саусақтарымыздың жұмысы, көздеген бағытымыз, жалпы шығармашылық ойымыз ортақ, тіпті екеуміздің жүрегіміз бір болып кетеді екен», – дейді Ая Болатова. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА