22 Шілде, 2016

Дүбірге толы дүние

261 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бас хатшылықтан талайдың үміті бар Дубир-1 Әлемдік бас ұйымға жетекшілік ету аса жауапты жұмыс екенімен қатар, аса беделді де абыройлы қызмет. Оған кез келгеннің қолы жете бермейді. Тіпті, оған үміт етуге де талайдың жүрегі дауалай қоймайды. Ал Австралияның бұрынғы премьер-министрі Кевин Радд тәуекел етіп отыр. Ол елдің қазіргі үкіметіне өзін сол БҰҰ Бас хатшылығына ұсы­нуға және қолдауға қолқа салды. Оған жауап беруде әдеп араласатын шаруа. Ел үкіметінің бұрынғы басшысы өтініш айтса, оны орындамау да қиын, сонан соң осыған өзіңді лайықты санайсын ба деп айта да алмайды. Сөйтсе де елдің сыртқы істер министрі Джули Бишоп бұл мәселе ел үкіметі толық жасақталып болған соң, ресми түрде талқыланатынын мәлімдеді. Австралияда жақында ғана парламент сайлауы өтіп, биліктегі Либерал – ұлттық коалиция орнында қалған. Премьер-министр Малькольм Тернбулл арада екі апта өтсе де үкіметті толық жа­сақтауға асықпай, бұл мәселе ашық қалып отыр. Әңгіме онда да емес, өтініш айтқан соң, оны қанағаттандырып ұсынарда. Әңгіме Кевин Раддтың соған баруында болып отыр. Ол Австралия үкіметін 2007 жылдан 2010 жылға дейін, сондай-ақ 2013 жылы маусымнан қыркүйекке дейін басқарып, сайлауда жеңіліп, одан соң бұл елде қалмай, АҚШ-қа кеткен. Мерзімі аяқталып, құрметпен кетсе бір сәрі, халықтың қолдауына ие бола алмаған адамның өзін әлемдік қызметке ұсынуы оғаштау көрінеді. Ұсынып жатса, Кевин Радд БҰҰ Бас хатшылығына бесін­ші үміткер болып тіркеледі. Бі­рақ, бұрынғыларға лайықты бәсе­келес болатынына күмән көп. Бұрынғылар дегенде, Бас хатшы Пан Ги Мунның өкілеттігі биылғы жылдың аяғында бітетін болған соң, жаңа Бас хатшыны сайлау жарияланғанда, алғашқы болып БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі департаментінің бұ­рын­ғы же­текшісі Кристиана Фи­гуэрес ұсынылды. ЮНЕСКО-ның атқарушы директоры Ирина Бо­кова біраз ел, ұйымдар қол­да­ған бас үміткер саналады. Хор­ватияның бұрынғы сыртқы істер министрі Весна Пусич, сондай-ақ Жаңа Зеландияның бұрынғы премьер-министрі Хелен Кларк күреске түспек. Қарап тұрсаң, Бас хатшылыққа үміткерлікке бұған дейін кілең әйелдер қосылғандай екен. Оған да себеп бар – былтырғы мамырда өзінің кететіні, жаңа сайлау өтетіні жайында сөз еткенде, Пан Ги Мун (ол үшінші мерзімге сайлауға түсе алмайды) келесі Бас хатшы әйел қайраткер болуы тиіс деп нық айтқан еді. Сірә, соның әсері болса керек, әйел қайраткерлер белсенділік көрсетті. Солардың қатарына қосылғанда Кевин Раддтың жо­лы бола қоятынына көңіл сен­бейді. Бұған дейін сегіз Бас хатшы сайланған екен. Бәрі де ер адам­дар. Көпшілігі екі мерзімді өтеді. Пан Ги Мунның әйел қай­раткер сайланса дегені әсте де ұстаным емес, тек тілек қана. Бас хат­шылыққа БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше елден сайлануға болмайды деген тәртіп болмаса, басқадай шектеу жоқ. Тек бір өңір қайталанбай, әр өңірден сайланса деген ұсыныс-тілек жүреді. Осы бір тілек-ұсыныс та Кевин Раддтың жолын аша қоюы  екіталай. Ал Шығыс Еуро­паның өкілі Ирина Бокованың қолайына жағады. Бұл аймақ өкілі де Бас хатшы болмаған. Пхеньян райынан қайтпайтындай Дубир-2 Әлем Түркиядағы қарулы төңкеріс жасау әрекетіне байланысты дүрлігіп жатқанда, КХДР-дың үш баллистикалық зымыран ұшыруы елеусіздеу қалды. Бұл Пхеньянның халықаралық қауымдастыққа қыр көрсетуінің бір көрінісі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімін қабылдамаймын дегенінің белгісі еді. Әңгіме сол зымырандарды ұшыр­ғаннан осы аймақта әскери-ядролық күштердің ара салмағына айтарлықтай өзгеріс бола қала­тындай емес, Солтүстік Корея ми­ли­таристік-волюнтаристік ре­жимінің халықаралық талапты орындамауына барып тіреледі. Сонда мұның аяғы не болады? Халықаралық ұйым бұл ел­ді ядро­лық бағдарламасын тоқ­татуға күшпен мәжбүрлей ала ма? Шектен шыққан диктаторды өз елінде тоқтатар күш бар ма? Басқа жерлерде болып жататын төңкерістерден Ким Чен Ын қорықпай ма? Бұл елдің хал­қы асқынған волюнтаристік өк­темдікке көне бере ме? Мұндай сұрақтар талайларды толғандырады. Жұрт жауап іздейді. Біледі-ау деген са­рап­шылардың аузын бағады. Жа­қында Пхеньян халықаралық талаптарды белден басып, тағы да баллистикалық зымырандарды ұшырғанда, «Лента.ру» сайтында Ресей ҒА-ның Экономика институты жанындағы Ресейдің Азиялық стратегиялық орталығының ди­рек­торы, «Валдай» клубының сарап­шысы Георгий Толораяның сұхбаты жарияланды. Онда біраз мәселенің басы қайырылған. Бұл сарапшы Солтүстік Корея­ны қырық жылдан бері біледі екен. Бірнеше жыл сонда тұрған көрінеді. Жиі барып тұрады. Бұл елге өз елінің мүддесінен қарайды. Халықаралық ұйым Пхеньянға қатаң санкция енгізгенде, содан КХДР, оның халқы зардап ше­гіп отырғанын айтумен қатар, Ресейдің бұл елмен экономикалық қарым-қатынасының шектелуінен 50-100 миллион доллардай тауа­р айналымынан айырылғанына өкінеді. Тіпті, БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңе­сінің 2270-ші шешіміне Қытай­дың, өз елінің вето қоймағанына таңданады. Сол шешімде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Пхеньянның ел қаржысын қарулануға жұмсап, бұдан ел хал­қының «тұтынудың өтелмеуінен» өте қатты зардап шегетіні айтылған. Ал санкция бұл елдің ядролық бағ­дарламасын жүзеге асыруды, қаржыландыруды шектеуді көздейді. Ал милитаристік бас­шылық сол бағдарламадан бас тартпай, барлық қаржыны ха­лық­тың аузынан жырып алып, қарулануға жұмсауда. Бұдан халық күйзелген үстіне күйзеле түседі. Жалпы, елдегі жағдай мүш­кіл. Ким Чен Ын ұстанған сая­сат­тың тұйыққа апаратынын оның төңірегіндегілер, билікке қа­тыс­тылардың барлығы, әскери басшылық та жақсы біледі. Сонда олардың қол біріктіріп, тым еркінсіп кеткен диктаторды тақтан тайдыруларына болмай ма? Болмайды, дейді сарапшы. Бір диктаторды алғанмен, оның орнына екінші сондай тұлға келеді. Жүйе солай. Ол жүйені өзгертуге майлы қасықты жалап отырғандар мүдделі емес. Содан олар жас диктатордың барлық қылықтарына шыдайды. Жақында Ким Чен Ынның сигареттері мен темекісіне 140 миллион доллар жұмсалғаны туралы хабар жарияланды. Халқы аш елдің басшысы сөйтеді. Басқалар оған шыдайды. Жапа шеккен халық ше? Ол да шыдайды. Бірнеше ұрпақ шы­дап келе жатыр. Олардың көп­шілігі басқадай өмір барлығын да білмейді. Бұл ең алдымен бас­қалардан оқшаулану саяса­тының «жемісі». Ұзақ ұйқыға кеткен халықты ояту оңайға соқпайды. Осындай жағдайда Пхеньян басшылығына қауіп жоқ. Қауіп болмаған соң, олардың райынан қайтуы да екіталай. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.