ақмолалықтар еңбегімен шырайлануда
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 14 шілдеде Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагинді қабылдау барысында өңір тіршілігіне оң бағасын бере келіп, Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастырудағы облысқа жүктелген міндеттің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған 2008 жылғы Жолдауындағы басты тапсырмасы бүгінгі күні байыптылықпен атқарылып келеді.
Мақсатты жұмысқа тұрақты сипат беру үшін 17 ауданды біріктіретін азық-түлік белдеуі құрылған болатын. Қазіргі таңда елордаға азық-түлік өнімдерін жеткізумен 128 кәсіпорын айналысса, оның 128-і мал өнімдерін, 68-і егіншілік және 6-уы құс өнімдерін дайындауға мамандандырылған. Тауаларды өткізудің тиімді жүйесі де қалыптасқан. Сапалы өнімдер бас қаламыздың 25 базарында, 29 сауда үйінде және 10 сауда орталығында жоғары сұраныспен сатылуда. Тұрақты өткізіліп тұратын жәрмеңкелердегі баға 15-20 пайызға арзан.
Жыл басынан бері астаналықтар дастарқанына 18,1 мың тонна сүт өнімдері жеткізілді. Бұл былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 10,5 пайызға артық. Ал, ет өнімдерінің көлемі 5,6 мың тоннаны (8,4%), жұмыртқа 74,9 миллион дананы (14,8%) құрады.
Жұмыс ауқымын кеңейту мақсатымен, ақпан айында Ақмола облысы мен Астана қаласы әкімдігі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бұл былтырғы жылы қабылданған «2015-2018 жылдар арасында Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамытудың кешенді бағдарламасын» жүзеге асыруға жаңа екпін қосты. Мұнда өнімді қайта өңдеу ісіне ерекше көңіл бөлінген. Нәтиже де көңілдегідей. Өткен жылдың қорытындысымен ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 263 миллиард теңгеге жетіп, 2,1 пайыздық өсім алынды. Агротехникалық шаралардың тиянақты атқарылуы нәтижесінде өңір диқандары 4,7 миллион тонна астық, 122,8 мың тонна дәнді дақылдар тұқымын, 248,3 мың тонна картоп, 62,4 мың тонна жеміс пен көкөніс жинады. Биылғы жылы 4236,4 мың гектарға дәнді және 217,1 мың гектарға майлы дақылдар егілді. Картоп пен көкөністен де мол өнім күтілуде.
Ішкі азық-түлік нарығын қамтамасыз ету бағытында мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мұны түлік санының жыл сайынғы тұрақты өсімінен және дайындалған өнімнің еселі көлемінен көруге болады. Мәселен, 2015 жылы ірі қара мен қой-ешкі саны 2,4 және 3,7 есеге артса, сүт өндіру мен жұмыртқа алу сәйкесінше 10,1 және 33,4 пайызға өскен.
Бұл қарқын биылғы жылы да сақталып отыр. Барлық деңгейдегі шаруашылықтарда 460,5 мың ірі қара (103,6 %), оның ішінде 198,3 мың сауын сиыр (105,7%) күтімге алынған. Сондай-ақ, жылқы, қой-ешкінің өрістегі қарасы қалың. Шошқа өсірудің озық технологиясы да жемісін беруде. Осы ретте, мал күтімінің заманауи технологиясы, мал тұқымын асылдандыру күткендегідей қайтарым бере бастағанын айта кеткен жөн. Мемлекеттік тіркеу деректеріне жүгінсек, бүкіл ірі қараның 16,7 пайызы немесе 64,3 мыңы асыл тұқымдылар есебінде. Облыста бұл бағытқа 30 шаруашылық мамандандырылса, 20 шаруашылық әлемдік деңгейдегі жоғары өнімді мал өсіреді. Бұл өндірістік құрылымдарға соңғы бес жылда 14 мың бас немесе Қазақстанға алып келінген ірі қараның төрттен бірі жеткізілген. Осының арқасында облыс өз аумағын ғана емес, республика аймақтарын асыл тұқымды төлмен қамтамасыз ететін жетекші орынға шықты.
Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастырудың кешенді бағдарламасы шеңберінде 31 мал бордақылау кешені құрылса, олардың жетеуінің қарауында 1500-ден 5000-ға дейін мал бар. Жалпы, өңір 27 мың бас малды бордақылау алаңын қамтамасыз етіп, республикадағы ең ірі әлеуетке ие болып отыр. Мұндағы қуат көздерін нығайту ішкі нарықты ғана емес, өнімді экспорттауға да мүмкіндік беруде. Әсіресе, Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Екатеринбург, Түмен, тағы басқа ірі қалалары ақмолалық әріптестерінің тауарларын жоғары сұраныспен пайдалануда. Мәселен, өткен жылы біздің солтүстік көршілерімізге 900 тоннадан астам сиыр еті жеткізілді. Бұл орайда, «Астана Агропродукт» ЖШС, «Қаз Биф ЛТД», «Бижан» ет өңдеу кәсіпорындарының тауарлы маркалары таяу шетелдерге кеңінен таныс екендігін атауға болады.
Астананың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда сүт өндірісіне ерекше көңіл бөлінуде. Мақсатты жұмыстардың арқасында былтыр 17 тауарлы-сүт фермасы құрылып, сауын сиыр табыны 1600 басқа ұлғайды. Бұл бағыттағы нысаналы істер жалғасын табуда. Ақкөл ауданындағы «Еңбек», Бурабай ауданындағы «Есіл-Агро», Астрахан ауданындағы «Камышенка» және Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы» және «Астана-Өнім» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде өндірістік қуаттардың арттырылуы жалпы өнімнің көлемін 28 пайызға өсіруге мүмкіндік берді. Ал, қайта өңдеу кәсіпорындары жыл ішінде 52,2 миллиард теңгенің өнімін шығаруға қол жеткізіп, 4,4 пайыздық өсім берді.
Сондай-ақ, ақмолалықтар елорда тұрғындарын күзгі-қысқы маусымда картоппен толық қамтамасыз ете алады. Биыл 80,7 мың тонна өнім алынады деп күтіліп отыр. Мұны сауда орындарына сапалы күйде және тоқтаусыз жеткізуге сыйымдылығы 68 мың тонналық 47 көкөніс қоймасы ықпал етеді.
Түйіндеп айтсақ, Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында 2009-2015 жылдары ақмолалықтар құны 83,7 миллиард теңгенің 104 жобасын жүзеге асырды. Ал, дастарқан мәзірін мейлінше шырайландыру бағытындағы жаңа жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасын табуда.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы
Суретті түсірген
Ермұрат ДОСЫМОВ