Президент поштасынан
Мемлекет басшысының атына Астана мен Алматыда 7-ші Қысқы Азия ойындарының табысты өтуімен құттықтаған хаттар мен жеделхаттар еліміздің азаматтарынан, танымал спортшылардан, спорт ардагерлерінен көптеп келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, бокстан спорт шебері С. Нұрқазов Қысқы Азия ойындары елордада салтанатты түрде, жоғары деңгейде ашылып, жұртшылықты таңғажайып әсерге бөлегенін, бұл спорттық шара еліміз үшін аса ірі оқиға болғанын қуанышты сезіммен жазады. Одан әрі хат иесі: «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Бүгінгі күні Сіздің сарабдал саясатыңыздың арқасында Қазақстанның туы биік, тұғыры берік болып, бүкіл әлемге танылып отыр», дейді.
7-ші Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатына Атырау облысының делегациясы құрамында қатысқан Б. Аймағанбетов өз әсерін былайша бөліседі: «Өнер және спорт майталмандары қазақтың желбіреген көк туын ортаға алып шыққанда, қуаныштан төбесі көкке көтерілмеген қазақстандық кемде-кем шығар. Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында тұңғыш рет Азия ойындарын ұйымдастыру арқылы Азияның жетекші елдерімен иық теңестіріп отыр. Осыдан-ақ, еліміз жаңа ғасырға нық сеніммен қадам басқанын байқауға болады».
Ал, 7-ші Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының делегациясы құрамында қатысқан спорт ардагері А. Шураев хатында: «Аса үлкен ауқымдағы мұндай құрлықтық шараны ТМД және мұсылман елдері ішінде тұңғыш рет Сіздің халықаралық деңгейдегі саяси беделіңіздің арқасында өткіздік. Біз елімізде жоғары деңгейде өткен Азия ойындарын қасиетті ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тартуыңыз деп білеміз», деп жазады.
Сондай-ақ, Қарағанды облысының делегациясының құрамында 7-ші Қысқы Азия ойындарына арналған мерекелік іс-шараларға қатысқан Ұлы Отан соғысының ардагері Қ. Бекеновтің хатында: «Қазақстан өзінің зор әлеуетін, талай қиын мәселелерді шеше алатынын тағы бір мәрте паш етті. Азиаданың ашылу салтанаты барлық мерекелік іс-шаралардың шарықтау шегі болды», делінген. Одан әрі хат авторы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында атқарған игі істеріне алғысын білдіріп, зор денсаулық, сүйікті Отанымыздың өркендеуі жолындағы қызметіне толымды табыстар тілейді.
Сарабдал саясатқа қолдау
Мемлекет басшысының атына Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауын қуаттаған хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері жолдаған хатта Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын тікелей эфирден ықыласпен зейін қойып тыңдап, келешекке қатысты кемел ой түйгендіктерін жазады. Авторлар одан әрі: «Біз, студент жастар, Сіздің саясатыңызды қолдай отырып, егемен еліміздің рухани, мәдени және экономикалық дамуы үшін аянбай еңбек етіп, Қазақстанның жарқын болашағын бірге құруға өз үлесімізді қосамыз», деп атап көрсеткен. Аталған хатқа студенттер атынан З.Усупахметов, Ж.Қорғанбаев, З.Орынбеков, Ж.Жақыпбеков, М.Исахов, Р.Алманов және Ж.Есенәлиев қол қойған.
Елбасына жолдаған жеделхатында Г.Әбдікенов зор денсаулық және ел мүддесі жолындағы қызметіне толайым табыс тілейді. Ал, Қостанай облысының тұрғыны С.Сағынаев хатында елімізді дамытудағы Елбасының игілікті істерін, Қазақстанды күллі әлемге танытқан ерен еңбегін кеңінен атап өтіп, жаңа даму жолын айқындап берген сарабдал саясатына қолдау білдіреді.