Еліміздің оңтүстік өңірлерінде егін орағы басталып кеткені мәлім. Ал астықты өлке – солтүстіктегі орақ науқанына дайындық жұмыстары қайта-қайта пысықталып жатыр екен. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов күзгі науқанға дайындық жөнінде әңгімеледі.
Басқарма төрағасы биылғы тұқым себу науқаны өте жақсы өткені жөнінде айтып, алдағы жиын-терaім жұмыстарына жасалып жатқан дайындықтарға тоқталды. Ең бастысы, биыл егін ору науқанын қаржыландыру үшін «ҚазАгро» 60 млрд. теңге бөліпті. Биыл бұл қаржы ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне 5 пайыз, банктерге 7,41 пайызбен таратылыпты. Осыны айтқан спикер келесі жылдан бастап пайыздық қайтарым көлемі бұдан да азайтылатынын жеткізді. «Биыл 60 млрд. теңге берілді. Олар түрлі бағыттарда бөлінді. Бірінші бағыт – қаржыны екінші деңгейлі банктер кооперативтерге береді. Екінші, қаржыны өзіміздің еншілес мекемелер арқылы бердік. Қазіргі үстеме – ауылшаруашылық тауар өндірушілер үшін – 5 пайыз, банктерге – 7,41 пайыз. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге келесі жылға баға қалыптастыру мәселесін де қарастырдық. Бұйыртса, келесі жылы пайыздар айтарлықтай төмендетіледі», деді Н.Малелов.
Ағымдағы жылы 2 514 ауылшаруашылық тауар өндірушілері 58,4 млрд. теңге несие алыпты. «Жыл басынан осы күнге дейін бюджеттік несие аясында 58,4 млрд. теңгеге 2 514 ауылшаруашылық тауар өндірушілері қаржыландырылды. Жалпы, егістік алқаптары 5 млн. гектар аумақты құрайды. Соның ішінде, астықты кепілдікпен форвардтық сатып алуға 14,1 млрд. теңгеге 1718 АШТӨ қаржыландырылды. Егістік алаңының көлемі 2,3 млн. га. Ал екінші деңгейлі банктердің кепілдігімен тікелей несиелеуге шамамен 2 млн. гектар алаңға егін егу үшін 36 млрд. теңгеге 584 АШТӨ-ге несие берілді», деген басқарма төрағасы, холдингтің құрамындағы шаруаларға несие беретін орталықтардың жұмысына тоқталды. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрамындағы үш компания қаржы бөлумен айналысады. Ол – «ҚазАгроҚаржы», «Аграрлық несиелік корпорация» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-тар. Осы үш ұйым облыс орталықтарында филиалдарын ашқан. Олар несиелік серіктестіктер арқылы шаруаларға несие береді», деді ол.
Отандық шаруалар биыл 8 млрд. теңгеге 461 техника сатып алыпты. «Осы жылдың 7 айында шаруаларға техника сатып алуды қаржыландыру шеңберінде 8,3 млрд. теңге сомасына 461 бірлік техника алынды. Мұнымен бірге, шаруалар алдағы егіс науқанын аяқтау үшін тағы да жаңа техникалар сатып алуды жоспарлап отыр. Осыған орай, қажетті ауылшаруашылық техникасын сатып алу үшін 15,2 млрд. теңгеге 954 қаржы лизингі шарты жасалды. Бұл бағытта 594 трактор, 131 дәнсепкіш пен басқа да техникалар жеткізілмек», деді Н.Малелов.
Брифинг барысында елімізде кооператив құру тәжірибесі ауыл шаруашылығының басқа да салаларына енгізілетіні айтылды. «ҚазАгро» кооперативтер жүргізген жұмыстар оң нәтиже бергенін есепке ала отырып, оны ауыл шаруашылығының басқа да салаларына енгізуді жоспарлапты. Енді 2018 жылға дейін сүт өңдеу және өндіру, ет өнімдерін, мақта, шұбат, жүгері өндіру, омарташылық, қой өсіру және дәнді дақылдар егуді қаржылай қолдау қорының көмегімен кооператив негізінде жүзеге асыруды ойластырып жатырмыз», деді басқарма төрағасы.
Кооперативтің артықшылықтары жөнінде ұзақ әңгімелеген спикер, ауылшаруашылық кооперативі жұмысының табысты болуы шаруалардың ауызбірлігі мен жұмысына байланысты екенін қадап айтты. Сөйтсек, осы жылдың басынан бастап «ҚазАгро» Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында 10 кооперативті қаржыландырыпты. Нәтижесінде, 726 мың гектар жерге егін еккен 212 шаруаға 8,3 млрд. теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан»