23 Шілде, 2016

Биыл шөп кө-ө-ө-п...

701 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
DSC_6946 Биыл ауылдағы ағайын үшін шөп мәселесі оңай шешілуде. Жыл сайын жаз шыға орағын ұстап ойға да, қырға да шапқылап, шөп іздеп кететін шаруақор жандар қазір пішенді шекесінен шертіп жүріп таңдап алып жатыр. Тіпті, ауылдарда шөп тиеп алып, сата алмай жүрген көлік көп. Қайбір күні Жуалы ауда­нына барғанымызда Б. Мо­­­мышұлы ауылы­ның ор­т­алығында үстіне төрт бұрыштап шөп тиеп алған көліктердің тізіліп тұрғанын көрдік. Бағасын сұрап едік, бір бума шөп 100 теңге екен. Жергілікті шаруалар «Былтыр ғана шөптің бағасы удай болатын. Бір бума шөптің бағасы – 300, тіпті кейіннен 500 теңгеге дейін көтерілгенін көзіміз көрді. Биыл жауын-шашын көп болғандықтан шөп ырғын. Бағасы да тым арзан», деп қуанып отыр. Алайда, Алла тағалам берген береке-молшылықты тиімді пайдаланып, шөптің мол қорын жинап алуға асықпай отырған шаруашылықтар да бар екен. Осы сапарымызда Жуалы ауданының ең шалғайда орналасқан Қошқар ата ауылына дейін барып қайттық. Жол бо­й­ғы алқаптарда әлдеқашан орып тастап, бірақ жинап алмағандықтан қарайып кеткен буылған шөптің жайрап жатқанын байқадық. Обалдағы-ай, десеңізші... Мұны тойынғандық дейміз бе, әлде шаруаға қырсыздық дейміз бе? Бағасы қымбат болса далада бір тал шөп қалмас еді. Жалпы алғанда, Жам­был аграрлы облыс. Өңір экономикасының ауыл шаруашылығы са­ла­сындағы үлесі 10,7 пайызды құрайды. Оның ішінде егіншілік саласы жақсы дамыған. Облыста 761 мың гектар егістік жер бар болса, соның 170,9 мың гектары суармалы жерлер. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Егінжай-2016» жиыны биыл Жамбыл және Жуалы аудандарында өтті. Бұл әрине, қос ауданның осы са­ладағы тірлігі басқаларға үлгі болатындай жақсы дамып келе жатқанын бай­қатса керек. – Үстіміздегі жылы 593,4 мың гектарға ауыл­шаруашылық дақыл­да­ры егілді, – дейді Жамбыл об­­лысының әкімі Кәрім Көкірекбаев – Бұл өткен жыл­­мен салыстырғанда 5,5 мың гектарға көп. Қазіргі кезде мал азығын дайындау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мал азығын дайындауға белгіленген 483 865 гектар алқаптың 267 046 гектары орылып, 745,6 мың тонна шөп, 11,4 мың тонна пішендеме дайындалды. Бұл тиісін­ше жоспарланған көлемнің 70 және 72 пайызы. Мал азығы дақылдарының бітік шығуына байланысты жос­парды 150 пайыз көлемінде орындау мүмкіндіктері бар. 2016 жылы облыстың ауылшаруашылық саласына 10 млрд. теңге қаржы мемлекеттік қолдау ретінде бөлініп, өткен 6 айдың қорытындысы бойынша 4,3 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде егіншілік саласын қолдауға мемлекеттік бюджет­тен 2,3 млрд. теңге бөлініп, игерілуде. Астық жинау ерекше жинақылықты, ұйым­шыл­дықты керек етеді. Тез жиналмаған өнім сағат санап кеми береді. Торғай жейді. Жел қиып түсіреді. Қатты пісіп кеткендіктен орған кезде төгіледі. Мал аралайды, әйтеуір жауы көп. Дәл қазір Жамбыл облысында астық жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Орташа түсім 20,2 центнерді құрауда. Жалпы, алдын-ала есептеулер бойынша орташа түсім 23 цент­нерді құрайды деп күтілуде. Бұл елімізде Тәуелсіздік туы желбірегелі бергі жылдардағы ең жо­ғарғы көрсеткіш. «Еңбек етпесең, елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме» деген, бүгінде Жамбылда алтын дәннің арқасында дәулетін асырып, асығы ал­шысынан түсіп отырған шаруашылықтар жетерлік. Соның бірі – Жуалы ауданы, Қарасаз ауылдық округіндегі «Жайық» шаруа қожалығының бидай алқабына тіптен көз сүйсінеді. Қалың бидайдың сабағы адамның кеудесіне жетіп жайқалып тұр. Ма­мандар бұл алқаптан 40 центнерге дейін өнім алуға болатынын айтуда. Ауылшаруашылық өнімдерін, оның ішінде, картоп, дәнді және майлы дақылдар, сондай-ақ, сүт өнімін өндіруді қолға алған «Жайық» биыл сәтін салса молшылыққа кенелмек. «Береке көзі – бірлікте» де­ген, бұл тірліктің бәрі бірліктің арқасында жүзеге асуда. Қалай айтсақ та піскен егінді уақтылы орып, босқа ысырап етпеу және қалың шыққан шөптен кейінгі жылдарға қор жинап алу басты міндет болып отыр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы