немесе жолы болмайтын адам
Атақты десең атақты, ақшалы десең ақшалы, білімді десең білімді, бойы да, сойы да келіскен бір азаматты білуші едім. Бірақ, неге екені белгісіз, осы кісі отбасымен тіл табыса алмады. Өтірігі де жоқ, ішімдіктен өзін аулақ ұстайтын осындай күйеудің әйеліне қай жері жақпайтынын түсіну қиын еді. Үйіндегі ұрыс-керістің қайдан шығып жатқанын білмейсің. Жеңіл жүрісті де жігіт дейтін адам емес. Ара-тұра әйелінің ашынып-ашынып шыққан дауысын естіп, дал боласың.
Жылдар өтіп, сырына қаныға келе, ол азаматтың жолын байлаған басты кемшілігі – өте сараңдығы екені анық болды. Сөйтсек, тиынға тісін сындыратын, қолына түскен ақшадан өлсе де айырылғысы келмейтін, бала-шаға, ағайын-туыс, дос-жаранды былай қойғанда, тіпті, өзінің қара басына ақша жұмсауды ақырет көретін еркектің қылықтарына үйіндегілердің қаны қараяды екен ғой. Отбасындағылар үшін отағасынан ақша сұрап алу – қиямет-қайым.
Үйінде жұмыс істемей отыратын келіншегіне нанға да ақша тастамай кетеді, азық-түлікті де сатушылармен қырық рет саудаласып жүріп, тек өзі тасиды. Үйдің түрлі қажетіне әйелі тиын сұраса болды, жанжал басталады. Тіпті, бірде баласы ауырып жатқанда да дәрігерге қаратуға ақшаны әйелі қырқысып жүріп алған ғой. Қысқасы, ол еркекті жары қалай жеңгенін білмеймін. Әлі де ақша үшін арпалысып, ырың-жырың күн кешіп жатыр ма екен? Ол жағы бізге беймағлұм. Біз ол шағын ауданнан әлдеқашан көшіп кеткенбіз.
Бізге белгілісі, ол азамат қанша жерден ақша тауып, беделді университеттің белді оқытушысы, ұлды-қызды болса да, бақытсыз еді. Бақытсыздығының басты кілтипаны – сараңдық болды. Сол қасиеті оны сұмырай қылып көрсететін. Не досы жоқ, ағайын-туысы, тіпті, баласының сырын білетін өз әке-шешесі де оның үйіне сирек бас сұғады.
Оның тапқан табысы, әрбір айлығы отбасына қуаныш әкелудің орнына, көбіне тек кикілжіңді көбейтеді. Әйелі, бала-шағасы анаған-мынаған, тұрмысқа, қонақ шақыруға қажетті ақша сұраған жерден зіркіл басталады.
Қысқасы, сүйекке біткен мінез сүйекпен бірге кетеді. Ғайыптан бір ғаламат болып, яки басына бірдеңе тиіп, жомарт болып кетпесе, әй қайдам...
Алайда, Алла тағала еркекті түзден таситын етіп әйеліне оның тапқан-таянғанын үйінде шырайын келтіруге міндеттеген жоқ па еді?!
Өзі әкелген ақшасын өз отбасынан өзі ырылдап қызғанып отыратын адамды өзгертуге бола ма өзі?
Ал психологтар мұндай еркектен бірден қашуға кеңес береді. Жүріп жүрген жігітіңіздің шық бермес Шығайбайдан бетер екенін байқасаңыз болды, ол адаммен бақытты болу неғайбыл екенін білуіңіз керек. Өйткені, қолы ашық адамның – жолы ашық. Құдай да бергенге береді. Шығын шықпай, кіріс кірмейді. Мұның бәрін біз ойлап тапқан жоқпыз. Өмірдің өз заңдылықтары.
Күйеу деген малтабар, мақсатшыл, бір сөзді, жомарт болуға тиісті болса, бұл тек әйелдердің ғана тілегі емес, табиғаттың да талабы. Мына өмірде біздің ақылымыз жете бермейтін заңдылықтар өте көп. Оны ішкі түйсікпен ғана сезінуге болады.
Сараңдықтың бақытсыздыққа бастайтынын психологтар ғана емес, түйсігі терең қаламгерлер де сөз еткен. Мысалы, Александр Пушкиннің «Сараң сері» деген шығармасын көзбен шолып, болмаса Жан Батист Мольердің «Сараң» деп аталатын драмалық комедиясын қарап көрдіңіз бе?
Мына ежелден көрші болып келе жатқан орыстар да «Серіні құртқан сараңдық» деген мәтелді босқа айтпаған шығар?!
Мәселен, сол психологтар, психоаналитиктер мен парапсихологтар болсын, әлмисақтан бір нәрсені мойындайды. Еркек қандай да бір үлкен табыстар мен жетістіктерге жетуі үшін әйелінен қуат алады, жары жігер береді. Бәйгеге қосқандай күтіп-баптайды, қызметін жасайды, ұрпағын жалғастырады. Демеу болады. Сол саған бағышталған өмірдің өтеуі ретінде ол да әйелінің жағдайын жасап, қаржыдан қыспақ көрсетпеуі керек.
Осы арада тағы бір жәйтті аттап өтуге болмайды. Дәл осы сөздерді қыз-келіншектер кейде тіке мағынасында да қабылдайды. Еркек тек ақша таба беру керек, әйелі оны ала беруі керек. Бұл жердегі алыс-беріс тек қаражатқа ғана тіреліп тұрған жоқ. Егер ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынас, мейірім, махаббат, түсіністікпен суғарылмаса, онда екеуінің де шекелері шылқып шарықтап кеткендері шамалы болмақ.
Ал ақшаға деген ашкөздік, дүниеге деген тойымсыздық қайдан пайда болады? Қарап отырсақ кейде қолы ашық адамдардан да қыста қар сұрап ала алмайтын сараңдар туады. Сараңдардан да қолы ашық адамдар өрбиді. Бұл сұрақтың жауабын балалық шақтан, тәрбиеден де, психологиялық күйзелістерден де іздеуге болады.
Тым дүниеқоңыз адамдарды сол дертінен айықтыру үшін де ұзақ уақыт бойы шыдаммен жүргізілетін психотерапиялық емдер қажет. Өкінішке қарай, кеңес өкіметінің шекпенінен шыққан біздің болмысымызда біреудің ашкөздік пен сараңдықтан емделіп жүр дегенін құлағымыз әлі естімепті. Патологиялық тұрғыдағы сараңды өзінің етжақындары танып, кісі сүймес кінәратын мойындатып, тек бақытсыздыққа сүйрейтін жаман қасиеттен арылтуға күш салмаса, мұндай адамдардың бағы ашылуы екіталай.
Жарайды, қыз бен жігіт болып жүргенде ғашығыңыз сізге сыйлықты үйіп-төкпесе, онда ол әлі де сізді сүйетініне, мәңгілік бірге болуға сенімді емес екен делік, бірақ бас қосып, отау тіккеннен кейін де ашқарақтанып, тапқанынан еш айырылғысы келмесе, онда ол да қасірет.
Алыс-берісті білмейтін адамнан басқа жақсылық күту қиын, негізі. «Алаған қолым – береген» деген де бар ғой. Қолы қатты адамдар мейірімге де, махаббатқа да, жалпы, жақындарына уақытын бөлуге де сараң болады. Егер қыз баланың сорына осындай адам жолықса, оның жүгін арқалап жүру, азабына көну өте қиын.
Әйелді Алла тағала әу баста солай етіп жаратқан. Ол төрт құбыласы сай, үлде мен бүлдеге оранып, балалары тоқ, көйлегі көк, күйеуі күліп қараған кезде ғана әйел екенін сезінеді, еркелейді және бұл сезім эмоциялық тұрғыда азаматына сезіледі. Оны ауызбен айтып, талқылап жатудың да қажеті жоқ.
Егер осы айтып отырғандардың барлығын, еркекке қайтып келетін күш-қуат көзі ретінде қарастыратын болсақ, онда оны ол алдағы келетін дәулеттің, яки энергияның жолын жабу деп білу қажет.
Мәселен, басқасын былай қойғанда, біздің халық неге үлкен істерді бастар алдында садақа береді? Мал сойып, құрбандық шалып, алыс-жақынды тойдырып, батасын алуға ұмтылады? Отбасыңды, тірі адамды айтпағанда, қала берді, өлілердің де ризашылығы қажет. Демек, Алла тағала жаратқан он сегіз мың ғаламның біз білмейтін заңдылықтары мен сыры шаш етектен. Демек, өзің білмесең, ең болмаса білгендердің ізімен жүрген де жөн-ау.
Том-том кітаптарды ақтарып отырып, осы мәселені түсінуге ұмтылғанымызда түйсінгеніміз төмендегідей. Ақша дегенің – энергия, қуат көзі. Ақшаның да көзге көрінбейтін мистикалық күші бар. Біреулер қанша жерден көп қаражат табамын деп тыраштанса да байымайды, енді біреулерге ақша өздігінен сәтін салып, үздіксіз келіп жатады.
Ақша жұмыс істеуі керек, ақша тоқтап тұрмауы керек. Ол саған қуаныш, білім беріп, жақсы көретін киімің мен бұйымыңды үйге тасуы қажет. Ақшаны алдың ба – бер. Рахатыңа жұмса!
Отбасылық шеңбердің өзінде тапқаныңды сүйіктіңе жұмсамасаң, еркек ретінде өз міндетіңді атқармасаң, онда әйел де әйел болудан қалады, сен де сол үйдің тұтқасы ретіндегі рөліңнен айырыла бастайсың. Бұл жерде саналы адамға сараңдықтан туған ырың-жырың, ұрыс-керіс, әйелдің бітпейтін бір күңкілі мен оның салдары жайлы айтып жатудың өзі артық.
Әрине, отбасында бақытты боламын десеңіз, сараңдықты құнттылықтан да айыра білу керек. Егер күйеуіңіз сізге қымбат сырғаға, тағы бір тонға ақшасын қимай жүріп, бірақ, көлік сатып алуға қаражат жинаса, онда оның аты – ашкөздік емес. Мейрамхана, орынсыз ойын-сауықтың орнына, балаларының оқуына деп тиын-тебен құрастырса, ол да қаттылық емес. Дегенмен, осының бәрінің ара-жігі мен шегі бар.
Сараңдықтың түп атасы – сенімсіздік. Мейлі еркек, мейлі әйел болсын, егер тапқан табысын керегіне жұмсауға қимайтын болса, яғни таусылып қалатындай, тіпті, аштан қалам деп үрейленіп, қорқатын болса, онда ол адаммен жұмыс істеу керек. Қанында қаттылық бар адамдарды анасы қайта туып бермесе, оны өзгерту өте қиын. Бірақ, мамандардың кеңесіне жүгінсек, оларды да өзгертуге болады.
Онда сіз ол адамды сол күйінде қабылдап, жаратылысына көніп, бала сияқты біртіндеп, алдайтын жерінде алдап-сулап, бірден үйіп-төкпесе де, үйге тасыған бір түйір табысын мақтап, көкке көтеріп отыруға тура келеді.
Әйтпесе, Адам қанша жерден ақша тапса да ол оның жалғыз өзіне керек емес. Ешкім де жалғыз өзі бақытты бола алмайды.
Не десек те, қолы ашықтың – жолы ашық.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ