11 Ақпан, 2011

Назарбаев университеті ақынның туған күнін атап өтті

370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бүгінгідей еліміздің гүлденген шағын көзбен көргендей етіп ақын Мұқағали Мақатаев «Білемін бір керемет күн туады, Жан-жағым жан­наттайын құлпырады», деген екен. Шынында, Арқа төсіндегі жас қала­да әлемдік деңгейдегі білім беретін университет ашылып, онда жүзден жүйрік шыққан 500 талантты бала­ның оқып жатқаны белгілі. Міне, сол оқу орны «Сексен жасап, сегіз сөз қалдырмаған, әлдекімнің тағ­дыры бұйырма­сын» деп артына ұшан-теңіз жыр жауһа­рын қалдыр­ған жыр жам­позының 80 жылдық ме­рей­тойын атап өтіп, оны ұйым­дастырушы ұстаздар мен студенттер бірінші рухани кешімізді Мұқа­ғалидың туған күнінен бастауды жақсы ырымға баладық, деді. Кеш тура­лы алғашқы сөзді универси­тет­тің вице-президенті Қа­диша Да­йыро­ва бастап, келген қо­нақтарға білім алып жатқан жас­тар­дың 92 па­йы­зы өз қандастары­мыз екенін мақ­та­нышпен айтты. Ақынның «Поэзия» деген туындысын Ю.Нехороших қазақ тілінде заулатса, «Фаризаны» Ә.Әбіл­ғазиев домбырамен төгілдірді. Ал «Аққулар ұйықтағанда» атты туындысы бойынша сахналық қо­йы­лым көңілден шықты. Әсіресе, Дина Асқарова ойнаған ана бейнесі жүрек тербетпей қоймады. Қанатын кеңге жайып келе жат­қан іргелі оқу орнында өткен кешке қазақтың ақиық ақын қызы Фариза Оңғарсынова қатысып: «На­зар­баев уни­верситеті ашылған­д­а, қатты қуан­дық. Онда оқитын­дар кім екен, ұлт рухын қастерлей алар ма екен, деген күдік те болмай қоймап еді. Енді күдікті үміт жеңді. Осындай кешті ұйымдас­тырған менің ғалым сіңілім Гүл­тас Құрманбай бастаған сту­дент­­тердің Құрманғазының «Бал­бы­рауы­нын», Динаның «Науаиын», Нұрғисаның «Аққуын» орындап, ақын өлеңінің мәнін бұзбай жатқа айтып, сөзіне жазылған әндердің ырғағымен би-билеп жатуы ақын­ға көрсеткен құрметі деп білемін. Мұқағали қазір Абайдан кейін көп оқылатын ақын. Мен жас­тарға ақынның бейнетін емес, абы­рой-атағын тілеймін» десе, сенатор Әділ Ахметов жыр дүлдү­лінің өлеңдері­не мысал келтіре отырып, «Өлмей­тұғын артында сөз қалдырған» деген осы, деді. Сенатор Ғарифолла Есім біз кеңес дәуірінде қызметті ойлап, діннен қол үзіп қалған тұста Мұқағали ақынның: «Дін – ғылым атасы» деуі оның көрегендігі деген байламын ортаға салды. Кеште профессор С.Негимов ақын өлең­де­рін­дегі шешендік иірімдерге тоқ­талса, «Нұриком» компа­ния­сының президенті Н.Құдай­бер­г­енов оқу орны студенттерінің Мұ­қағалиға көр­сеткен  құрметіне дән риза­лы­ғын білдіріп, Абай өлеңдерін оқи­тын «сиқырлы» қаламды сыйға тарт­ты. Сонымен, таланттар оқитын оқу орны талантты ақынға осылай­ша құрмет көрсетті. Сүлеймен МӘМЕТ.