26 Шілде, 2016

«Қазақстан – Ұлы Дала елі»

507 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
  ngr4 фотокөрмесі Мәскеу төрінде ашылды Мәскеу орталығындағы Никольский көшесіндегі «Революция алаңы» метро стансасының маңында «Қазақстан – Ұлы Дала елі» тақырыбында фотокөрме ашылды. Оны Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мен «National Geographic Россия» журналы ұйымдастырды. Экспозицияға Қазақстанның табиғатына, сондай-ақ, Алматыда өтетін қысқы Универсиада-2017, Астанада ұйымдастырылатын ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне арналған 60-тан астам сурет туындысы қойыл­ған. Аталған суреттердің авторы, «National Geographic Россия» журналының шеф-фотографы Андрей Каменев осы көрме үшін Қазақстанға ба­рып, бір ай шамасында арнайы фотоэкспедицияға қатысқан екен. Шараның ашылуында сөз алған журналдың бас редакторы Андрей Паламарчук «Қазақстан – Ұлы Дала елі» фотокөрмесін ұйымдастыру биыл қазақ тілінде «National Geographic Қазақстан» журналының жарық көруімен байланысты екенін айтты. Сонымен қатар, ол экспозицияның басты тақырыптарының бірі Астана төрінде өтетін ЭКСПО-2017 көр­месі екенін атап өтті. «ЭКСПО-2017 «Болашақ энергия­сы» тақырыбы – адамзат үшін өте өзекті, журналымыз үшін де өте жақын. Себебі, біздің миссия­мыз – Жер шарын қорғау, сол арқылы оқырмандарымызды осыған тарту әрі қызықтыру», – деді А.Паламарчук. Қазақстанның Ресейдегі елші­лігінің кеңесшісі Марат Сыз­дықов: «Еуразия кеңістігі­нің орта­сында орналасқан Қазақ­­станда Еуропа мен Азияның түрлі бояу­мен көркемделген ландшафты кездеседі», – дей келе, көпшілік аталған фотокөрме арқылы бұған көз жеткізе алатынын жеткізді, сонымен бірге, жиналған қауымды қонақжай қазақ еліне барып, оның таңғажайып жерлерін тамаша­лауға шақырды. Ал «Астана ЭКСПО-2017» Ұлт­тық компаниясы АҚ Мар­кетинг, ілгерілеу және туризм департаменті директорының орынбасары Жәмила Нұрқалиева «National Geographic Россия» журналына және Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне аталған фото­көрмені ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіре келіп, келер жылы елордада өтетін ЭКСПО-2017-ге қатысуға шақырды және қазір­дің өзінде халықаралық көр­­менің билеттері сатылымға қойыл­ғанынан хабардар етті. Фотокөрменің ашылуына арнал­ған салтанатты шараның соңы ­Мәскеудің Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төр­айы­мы Дәмелі Тасмаған­бето­ваның ұйытқы болуымен әзір­ленген концертке ұласты. Ал фотокөрменің өзі биылғы жылдың 24 тамызына дейін жалғасады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»