11 Ақпан, 2011

Астана – Дакар: Кең ауқымды байланыстар бастамасы

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Сенегал Республикасының Мемлекеттік министрі – Сыртқы істер министрі Мадике Ниангпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Сенегалдың халықаралық ұйым­дар шеңберіндегі өзара ықпалдас­ты­ғы жайындағы мәселе алғашқы кезекте сөз етілді. Атап айтқанда, екі елдің  БҰҰ және ағымдағы жылдың жа­зын­да төрағалығы Қазақстанға өте­тін ИКҰ аясындағы ынтымақ­тас­тық мә­се­лелері талқыланды. Қанат Саудабаев өз әріптесін қазақстандық төрағалықтың ал­дын ала жоспарлаған күн тәртібі­мен таныстырды. Қазіргі таңда ИКҰ төрағасы болып табылатын Сенегал Сыртқы істер министрі өз кезегінде Қазақстанды ЕҚЫҰ-дағы жемісті төрағалығымен құт­тық­тай келіп, еліміздің төрағалық барысында ИКҰ және оның инс­титуттарының дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Екіжақты қатынастар әзірше бастапқы деңгейде екенін атай оты­рып, тараптар Қазақстан-Се­не­гал ынтымақтастығын саяси, эко­номи­ка­лық және гуманитар­лық сала­лар­ды дамытуға қызығу­шылықтары бар екенін растады. Сонымен қа­тар, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікке қа­тысты өзекті мәсе­ле­лер жөнінде де пікір алмасты. Қазақстанның Орталық Азия айма­ғындағы рө­лін, сондай-ақ Сенегал­дың Африка құрлығындағы бейбітшілік іс-шараларын ескере отырып, тараптар аймақтық қауіпсіздік пен әлем­дегі тұрақтылықты қолдау­дың маңыздылығын атап өтті. Осы орайда министрлер Египетте жал­ғасып отырған дағдарысты талқыға салды және осы елдегі жағдай жақын арада тұрақтала­тынына сенім артты. Кездесу соңында Қанат Саудабаев пен Мадике Нианг Екі елдің сыртқы саясат ведомстволары ара­сындағы өзара түсіністік тура­лы меморандумға қол қойды. Сенегалдың Қазақстанмен тек экономикалық емес, сонымен бірге, саяси байланыстар бойынша ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендігін білдірген Мадике Нианг өзінің ойын: «Біз бірқатар халықаралық ұйымдардың мүше­сі болып табыламыз. Сондықтан екі елдің арасында тығыз әріптес­тік қарым-қатынас қалыптасып отыр. Бүгін бекітілген меморандум Қа­зақ­стан мен Сенегал ара­сындағы дипломатиялық байла­ныс­тарды ғана емес, Азия мен Батыс Африка арасындағы қа­рым-қатынасты да­мытуға негіз болмақ. Сенегал Қа­зақстан баста­ма­ларын әрқашан да қолдайды. Себебі, біз Қазақстанды маңызды әріптес ретінде қарас­тырамыз», деп түйіндеді. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.