Алматының алар орны айрықша
Әкімдердің елге есеп беретін үрдісі бойынша Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов сәрсенбі күні қала тұрғындарымен кездесті. 2010 жылы оңтүстік астанада біткен істі әкімнің аузымен түгендесек, төмендегідей. ...Ендi биылғы Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына орай осы табыстарымызды еселей түсу жағын ойластыруымыз керек, деген Алматы әкімі: 28 қаңтардағы Елбасының «Болашақтың iргесiн бiрге қалаймыз» атты Жолдауында: «Бiздiң бағдарламамыздың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту», деп атап көрсеткенiн бiлесiздер. Президентiмiздiң алға қойған бұл мiндеттерiн орындауда Алматының орны ерекше. Әлемдiк дағдарыс жылдарында қала қазынасын ортайтпай, елдiң әл-ауқатын әлсiретпей, қиыншылықтарды жеңе бiлдiк. Өткен жылы қала экономикасы тұрақты даму қарқынын көрсетiп, бюджетiмiз 33 миллиард теңгеге өстi. Бұл – бiздiң дағдарысты еңсерiп, жаңа даму жолына түскенiмiздiң көрiнiсi, – деді. Әр тұрғынға 15 мың доллардан Есептiк мәлiметтер бойынша 2010 жылы Алматының өңiрлiк жиынтық өнiмiнiң өсiмi шамамен 3 пайызды немесе ақшаға шаққанда 3 трлн.-нан астам теңгенi құрады (бұл әр тұрғынға 15 мың доллардан келедi). Өнеркәсiптiң көтерiлуiн қамтамасыз еткен негiзгi сала – тамақ өнеркәсiбi болды. Ондағы өндiрiстiң көлемi үштен бiр бөлiкке көбейдi. Ал бұл өсiмде маңызы аз емес рөлдi «Самұрық-Қазына» қорымен жүйелi жұмыс алды. Соңғы екi жыл бойында Алматы қалалық әкімдігінің ұсынысымен аталған қор өз тапсырыстарын Алматы қаласы кәсiпорындарында орналастырды. 60 пайызы шағын-орта бизнес үлесінде Өткен жылы Алматыда тамақ өнiмдерiн, жиһаздар, құрылыс материалдарын шығаратын, киiм тiгетiн және басқа да 58 жаңа өндiрiс құрылды. Қазiр шағын және орта кәсiпкерлiк әрбiр жұмысқа қабiлеттi үшiншi қала тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етедi және бюджетке түсетiн салықтың 60 пайызын бередi. Бұл сала тұрақты түрде дамып келедi. Осы орайда қала экономикасының бұл саласында жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындар саны – 6,1 пайызға, жұмыспен қамту – 4 пайызға, тауарлар өндiрiсi, жұмыстар мен қызметтер 4,8 пайызға артты. Экономикалық белсендiлiктiң жандануына сәйкес қала тұрғындарының да табыстары өсуде. Атап айтқанда, өткен жылы әр алматылық орта есеппен айына 104,4 мың теңге табыс тапты, бұл 2009 жылғы көрсеткiштен 5 мың теңгеге жоғары. Қала тарихындағы ең жоғары бюджет Экономиканың өсуi, табыс пен тұтынудың жоғарылауы қала бюджетiне оңтайлы ықпал етуде. Осы орайда қаланың нақты орналастырылған бюджетi (яғни, бюджеттiк алымдарды шегеруден тыс) өткен жылы 267 млрд. теңгенi құрады және ол Алматы тарихындағы ең жоғарғысы болды. Мемлекеттiк бюджетке 757 млрд. теңге сомасында салық жиналды. Бұл алдындағы жыл деңгейiнен 19 пайызға артық. 75,4 мың жұмыс орны құрылды Мемлекет – экономиканың негiзгi инвесторы болып қалуда. Сөйтiп, жалпы алғанда дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру қала экономикасына 2 жыл iшiнде 75,4 мың жұмыс орнын құруға мүмкiндiк бердi. Ал 2010 жылы индустрияландыру картасы шеңберiнде 5 шағын станса iске қосылып, Қысқы Азия ойындары нысандары электр қуатымен толық қамтамасыз етiлдi. Гемодиализ (жасанды бүйрек) үшiн ерiткiш жасайтын жаңа өндiрiс iске қосылды. Сондай-ақ қатты және сұйық дәрi-дәрмектер шығару бойынша жоба жүзеге асырылуда. Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасының екiншi кезеңi барысындағы 2008-2010 жылдары Алматы қаласында 2472 пәтер пайдалануға берiлдi. Бұл – 89 216 шаршы метр тұрғын үй. Мемлекеттiк бағдарламаны жүзеге асыру мегаполистегi тұрғын үй мәселесiн айтарлықтай дәрежеде шешуге мүмкiндiк бердi. Бiрақ, әлi де 10 мыңнан астам адам кезекте тұр. Сондықтан да, қалада ипотекалық бағдарлама жолға қойылған. Экология – шаһардың басты мәселесі Қай кезде де мегаполис қала үшін экология ең өзекті мәселенің бірі болып келеді. Бұл туралы қала әкімі: Қаламыздың негiзгi экологиялық мәселесi оның ауа бассейнiнiң ахуалы болып табылады. Өткен жылы кешендi табиғат қорғау iс-шараларына 5,1 млрд. теңге бағытталды. Соның нәтижесiнде, бiзге ауаның ластану деңгейiн 10 пайызға төмендетуге мүмкiндiк туды. Индекс 12,9-дан 11,7-ге төмендедi. Қаламыздың ауа бассейнiн ластаудың басты көзi – атмосфераға 80 пайызға жуық зиянды қалдық шығаратын автомобиль көлiктерi болып табылады, – деді. Жыл басында Алматыда 550 мыңнан астам автокөлiк тiркелген. Мұның өзi бiр жағынан, тұрғындар әлеуетiнiң деңгейiн бiлдiрсе, екiншiден, үлкен экологиялық мәселе туындатуда. Көлiк қатынасының ұстынды жаңа кезеңi қаламызда метрополитендi iске қосумен бiрге енетiн болады. Қазiрдiң өзiнде қала орталығын шағын аудандармен жалғайтын екiншi кезектiң жобасы әзiрленуде. Шаһардың таза ауасы жолындағы күресте қала жолдарының сапасы айрықша маңызды. Бiр жыл iшiнде 207 шақырым жол жөнделiп, 59 шақырым жол белдеуi салынды. Ал, екi жылда жөнделген, салынған жол ұзындығы – 630 шақырым немесе бұл жолдың 40 пайызына тең. Тұтастай алғанда, көлiк кешенi мен жол инфрақұрылымын дамытуға былтыр 60 млрд. теңге инвестиция тартылды. Энергетика өркениет өрісін кеңейтеді Алматының жылу-энергетикалық кешеніне өткен жылы 80 млрд. теңгеден астам қаржы құйылды. Аталған салаға салынған инвестиция қаладағы аса қажет нысандар құрылысын қамтамасыз етуге бағытталды. 2010 жылы бес трансформаторлық подстанса салынды. Оның iске қосылуы қаланың оңтүстiк, оңтүстiк-шығыс және орталық бөлiгiндегi энергетикалық жүктеменi азайтты. Аталған аумақтарда апаттық өшу саны азайды. Қаладағы жылумен жабдықтауды жақсарту, қайта жарақтау шығынын азайту үшiн магистралдық және бөлу желiсiнiң 16 шақырымы күрделi жөндеуден өткiзiлдi. Негiзiнен алғанда, бұл учаскелер 30 жылдан да көп уақыт қызмет атқарған. ЖЭО-2, ЖЭО-1 құрама жылу магистралдарының құрылысы жалғасуда. Маңызды фактор – экологиялық қысымды азайтып, газдандыруды жедел қолға алу. Былтыр қала әкiмдiгi мен «Қазтрансгаз» ұлттық компаниясы меморандумға қол қойып, тұрғындарды газбен қамтамасыз етудi аяқтауға келiстi. Осының өзi жиi өшiрiп тастауға құлықты өзбек газына деген тәуелдiлiктен құтқарады. Алматының жеке тұрғын үйлер секторын газбен қамтамасыз ету бағдарламасы шеңберiнде 57 шақырым газбен жабдықтау желiсi жүргiзiлдi. 20 мыңдай үй газ желiсiне қосылды. Қалада сумен жабдықтау және су айдауды жақсарту мақсатында 26 шақырым су жүйесi мен канализациялық желi күрделi жөндеуден өттi. Өркендеген оңтүстік астана Былтыр 24 мың талшыбық отырғызылып, гүл-сауыттар 110 мың шаршы метрге шоғырландырылды. Мұнымен қоса, 32 субұрқақ қайта жарақталды. 2010 жылы санитарлық тазалық жөнiндегi мемлекеттiк кәсiпорын құрылып, бұл үшiн 1,1 млрд. теңгеге арнаулы жол тазалағыш техника сатып алынды. Сөйтiп, қаладағы жеке компанияларға балама жұмыс орны құрылды. Ендi қатты тұрмыстық қалдықтарды iрiктеп жинайтын шұңғыл контейнерлер орнату жөнiндегi жоба жүзеге аса бастады. Қағаз, әйнек, қауырсын сықылды қалдықтың бiр бөлiгi екiншi қайтара пайдаланатын материалға жатады. Осылайша Алматы әкімі атқарылған тірліктерді сала-сала бойынша жіктей келе, 2011 жылғы мiндеттер жөнiнде де айта кетті. Ахметжан Есімов тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай метро пайдалануға берілетінін, шамамен биыл туризмнен түсетін пайданы, тағысын-тағыларды баяндады. Оған қоса білім беру, денсаулық сақтау салаларында да жасалуы тиіс жұмыстарды алға тартты. Биыл қалған 3,5 мың үлескердің мәселесі шешіледі, деді әкім сөзінің соңында. Осыдан кейін қала тұрғындарының көкейінде жүрген көп сауалға жауап берді. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.Салауат пен аманат
Биік мінберге Елбасының сенімді серіктерінің бірі болған, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов көтерілді. Талай жыл тақымы аттан түспеген ағаның анау-мынау тірлікке көңілі тола қоюы қиын. Ол оның кірпияздығынан емес шығар. Қайта істің көзін білетін білікті басшы болғандығынан деп түсіну керек. «Болатбек Баянұлының есебін тыңдадық. Былтырғы жасалған жұмысты айтқан жоқ. Мынаны істедік, ананы істемедік демеді. Өте дұрыс. Жасалған істі ешкім тартып алмайды. Ол ел игілігіне қалады. Бүгінгі баяндама биыл атқарылатын іске арналды. Құптаймын», – деді Шаухаманов. Бұл Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов есепті баяндамасын жасап болғаннан кейінгі көрініс еді. Әкімнің атқарылған істі емес, жасалатын жұмыс туралы сөз еткенін көргенде біз де тосырқап қабылдадық. Әдетте жыл он екі айда жеткен жетістіктер айтылып, бағындырған белестер турасында сөз болып, баяндама да соған ыңғайланып жасалатын еді. Қызылорда облысының әкімі бұл үрдіспен жүрмеді. Тосырқап қабылдағанымыз да сондықтан. Сонда да өткен жылдың сандарын сөйлетіп көрейік. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 7,5 пайызға артқан. Егін орағының қорытындысы бойынша қамбаға барлығы 376 мың тонна күріш түскен. Бұл соңғы 20 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш ретінде тіркеліп отыр. Облыстағы өнеркәсіп саласының өркендеуі де көңіл қуантады. 2010 жылы 775 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Елбасы біздің өмірімізге индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын енгізгені белгілі. Осы орайда облыс бойынша 11 жоба іске асқан. Сөйтіп, былтырға жоспарланған міндеттер толығымен атқарылды. Аймақ шеңберінде жұмыссыздықтың деңгейі 0,6 пайызға төмендепті. Ал орташа айлық жалақының мөлшері 15 пайызға артқан. Өткен жылы біткен толайым тірлікті түйіндеп айтқанда, осыған саяды. Барлық істі баяндап шығуға да болатын еді. Бірақ Шаухаманов айтпақшы, «оны бізден ешкім тартып алайын деп жатқан жоқ». Аттың басын атқарылар шаруаға қарай бұрайық. Облыс аумағында үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыру шеңберінде жалпы құны 222 миллиард теңгені құрайтын 54 жоба іске аспақшы. Оның 19-ы биыл оңғарылмақ. Ал осының ішіндегі екі жоба республикалық индустрияландыру картасына енген екен. Қолға алынатын жобалардың маңыздысы мыналар: былтыр желтоқсан айында сүт өңдейтін ферманың бірінші кезегі іске қосылған. Бұл еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі ең ірі кешен екенін айта кетуге тиіспіз. Биыл да бұл іс жалғасын табатын болады. Сөйтіп сүт өңдейтін ферманың екінші кезегі қолға алынады. Одан бөлек алғаш рет өсімдік майын өндіретін цех іске қосылады. Сондай-ақ қамыс жаңқаларынан құрылыс заттарын дайындайтын арнайы зауыттың да жұмысы осы жылы аяқталады. Шиелі ауданында іске асырылғалы жатқан бұл зауыт республика бойынша баламасы жоқ жоба екенін айтқан абзал. Әкім сөзіне сенсек, облыста шағын және орта бизнестің үлесін 25 пайызға арттыру көзделген. Әрине, бұл бір жылдың еншісіндегі шаруа емес. Аталмыш бастама 2015 жылға дейін жалғасады. Тауар өндіру, халыққа қызмет көрсететін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік және жеке секторды біріктіру жолымен «Қызылорда» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылмақ. Бұл – шағын және орта бизнес өкілдерінің шідерін шешіп, арғымақтай арындап жұмыс істеуіне жасалған бірден-бір қадам. Қоғамның өзегіне түскен жегі құрт бар. Жемқорлық деген. Онымен күрес жөнінде де жан-жақты айтылды. Кеше ғана халық арасына қанат қағып кеткен Елбасы Жолдауында аграрлық секторды дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі ретінде айтылды. Президент ауыл шаруашылығы өнімділігін 2020 жылға қарай кем дегенде 4 есеге дейін арттыруды міндеттеді. Әкім ел алдындағы есебінде бұл мәселені де айналып өткен жоқ. 2010 жылы 2009 жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру 35 пайызға өскен. Мал шаруашылығына қатысты да нақты жоспарлар бар. «Биылдың өзінде барлық жергілікті маңыздағы жолдардың 22 пайызы жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, осы есепті кездесуден кейін облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы болады. Сол кезде біз ауыл көшелерін жөндеу үшін 1 миллиард теңге қаржы бөлу туралы ұсыныс жасамақпыз. 100 шақырымдай ауыл жолдарын жөндеуге мүмкіндік беретін мұндай мол қаржы бұрын-соңды бөлінбеген. Ал келесі жылы бұл қаржы екі есеге дейін ұлғайтылатын болады», – деді әкім. Дәл осы жерде айтуға тиіспіз: бүгінде темір жол бойына орналасқан 11 елді мекен көлік қатынасынсыз қалып отыр. Ал мына бастама өркениетті заманда жолсыз отырған ағайынға үлкен көмек болары анық. Тұрғындарды толғандырған тақырыптың бірі – газ мәселесі. 2005 жылдан бастап Елбасы тапсырмасымен Қызылорда қаласының жылу көздері мен тұрғын үй секторларын ілеспе газға көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған дейін жасалған жұмыстардың нәтижесі мынадай: соңғы екі жылда тұрғын үй секторына газ тарту ісі 80 пайызға өскен. Яғни, бұрын газ тартылған тек 136 тұрғын үй болса, қазір оның саны 11 мыңға жетіп отыр. Қазіргі таңда Қызылорда қаласының 77 пайыз тұрғын үйлері газ жүйесіне қосылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 85 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Газды облысқа жеткізу мәселелері қатар шешілуі қажет. Бұл ретте «Бейнеу – Бозой – Самсоновка» жобасы арқылы облыстың барлық жеріне газ жеткізу көзделуде. Әкімнің есебі барысында атқарылатын шаруаның барлығы қамтылды. Болашақта жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне арналып «Жасөспірімдер үйі», БАҚ және өнер саласының өкілдері мен шығармашылық ұйымдарға «Шығармашылық үйі», «Достық және тілдер үйі» салынатынын білдік. Одан бөлек алғаш рет өз саласында жетістікке жеткен 40 жасқа «Сыр үміті» сыйлығының берілетіні де айтылды. Әйтеуір не керек, биылға жоспарланған істің барлығы халыққа паш етілді. «Айтылған сөз – атылған оқ» дейді атам қазақ. Әкім уәдесін берді. «Уәде – Құдай сөзі» деген тағы бар. Ел Болатбек Баянұлының баяндамасын аса мұқият тыңдап, ризалығын білдірді. Бастысы, айтылған істің орындалуы. Жұрттың жиналыстан өткен және біткен іске салауат айтып, қол жеткізетін жетістіктерді басшылыққа аманат етіп тарқасуының мәні де осында. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.Далада қалған ана
Әкімнің есепті баяндамасынан соң мінберге шығып өз ойларын айтушылардың тізбегін Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Досмамбетов бастады. Одан соң Сейілбек Шаухамановтың мінберден айтқан сөзін жоғарыда баян еттік. Кезек сұрақ қоюшыларға жетті. Біраз адам сұрақ қоюдың орнына тілек айтты. Кейбірінің сұрағы әлсіз түсіп жатты. Әкімнің жиналысына 2006 жылы баспанасы өртеніп кеткен, содан бері далада жүрген ана келіпті. Мұң-зарын айтуға. «Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады» дегендей, Тасбөгет кентінің тұрғыны Сәлима Сарбасова апаның балалары да дімкәс екен. – Менің үйім өртеніп кетті. Далада жүрмін. Үй кезегіне тұрайын десем, қайтерімді білмеймін. Көмектесетін адамым жоқ. Шенеуніктер қабылдамайды. Әбден әуре-сарсаңға түстім. Осы тұрғанда өзім ауырып тұрмын, – деген кейуана ары қарай сөзін жалғастыра алмай кемсеңдеп қалды. Болатбек Қуандықов: – Қала әкімі Мархабат Жайымбетов осында ма? Апайдың мәселесімен таныссыз ба? Мархабат Жайымбетов, Қызылорда қаласының әкімі: – Таныспыз. Мәселесімен айналысып жатырмыз. Болатбек Қуандықов: – Қанша уақытта бітіресіз? Нақты айтыңыз. Мархабат Жайымбетов: – Екі аптаның ішінде бітіріп, жаңа үйге кіргіземіз. Әкімнің есеп беру кездесуінің халыққа қаншалықты пайдалы екеніне осы сәтте көзіміз жете түсті. Қанша жылдан бері далада қаңғып қалған ана баспаналы болмақ. Құдайберген Саржанов: – Аралдың жайын айтып жатырсыз. Кешегі «Жоқтау» 20 жыл өткенде» фильмінің идеясы сізден шыққанын білеміз. Ал осы Арал балықшыларына қашан мұражай ашылады? Болатбек Қуандықов: Қазіргі мұражайдың жағдайымен жақсы таныспын. Алдағы уақытта Арал балықшыларына арнап жақсы, заманауи талаптарға сәйкес мұражай ашуды жоспарлаймыз. Ол мәселе өз шешімін табады.Жыл салмағы сараланды
Өткен 2010 жылдың экономикалық, әлеуметтік салада және саясатта да еліміз үшін қаншалықты салмақты, маңызды болғаны белгілі. Өндірісі қуатты, ауыл шаруашылығы алға басқан Қостанай облысы Қазақстанның даму қарқынына серпін қосып келеді. Қостанайлықтардың өткен жылы алға қойған негізгі мақсаты – экономиканың барлық саласында дамудың оң серпінділігін сақтау болған еді. Тұтастай алғанда, нәтиже жаман болған жоқ. Филармонияның 400 адам сыятын залына жиналған жұртшылық өкілдері алдында облыс әкімі Сергей Кулагин атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылған істер туралы қорытындылап, саралап айтып берді. Экономиканың өсуі ең алдымен, қайта өңдеу, кен байыту өнеркәсібі мен құрылыста өнім өндірудің ұлғайтылуымен байланысты. Облыста 596 өнеркәсіп кәсіпорны бар, оның 107-сінде 50 адамнан астам адам жұмыс істейді. Олар 447,1 миллиард теңгеге өнім шығарды. Өнеркәсіп өнімінің жалпы нақты индексі 115 пайызды құрады, бұл – еліміздегі үшінші көрсеткіш. Оның сыртында тағы да екі инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Өңірді индустриялық-инновациялық жаңғырту басым салаларға қаржы көлемін ұлғайту, жаңа технологияларды енгізу нәтижесінде мүмкін болады. Соның арқасында облыс экономикасы серпінді жаңа сатыға көтерілді. Оған былтыр Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 16,8 миллиард теңге тұратын 10 жоба пайдалануға берілуі жарқын мысал. Осы кәсіпорындарда 1075 жұмыс орны ашылды. Облыста негізінен ірі кәсіпорындар өндіретін темір кені, темір кені жентегі, боксит, лигнит, өңделген сүт, құс еті, күнбағыс майы, жармалар, макарон, шоколад, кондитер бұйымдары, доре қорытпасы сияқты өнім түрлерінің барлығын да өндіру ұлғайған. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз ететін шағын және орта бизнестің өркендеуіне өткен жылы да көп көңіл бөлінді. Экономиканың шикізаттық емес секторын қолдау мақсатында былтыр республикада «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бастау алғаны белгілі. Осы шараның аясында облыстағы жеке кәсіпкерлікті қолдауға 509 миллион теңге, ал өндірістік инфрақұрылымдарды дамытуға 264 миллион теңге қаржы бөлінді. Дегенмен, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлердің бағдарламаға қатысу белсенділігі төмен екенін әкім де жасырған жоқ. Мысалы, жеті жобаның біреуі ғана ауылдан ұсынылған. 2010 жыл ауыл шаруашылығы үшін өте ауыр жыл болды. Жаңа технологиялардың, мәшине-трактор паркін жаңғыртудың арқасында ауыл еңбеккерлері қуаңшылық жылы да табыссыз болмады. Бұл салада 210,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Былтыр дәнді дақылдардың барлық алқабының 89 пайызы ылғал сақтау технологиясымен өңделді. Соның арқасында аспаннан тамшы тамбаған жылдың өзінде 4 миллион 155 мың гектардан орташа өнімділігі 8 центнерден айналды. Қамбаға 3,3 миллион тонна алтын астық құйылды, бұл республикадағы барлық астықтың төрттен бірі деген сөз. Өткен жылы облыс сыртқа 1,7 миллион тонна астық, 626 мың тонна ұн жөнелтті. Мал шаруашылығында да ілгерілеушілік бар. Бұл саладағы жалпы өнім 116 миллиард теңгені құрады. Түлік малдың бас өсімі қамтамасыз етілді. Осы салада өткен жылы мал дәрігерлік қызметтің құрылуы аяқталды. Мал ауруларының алдын алу шараларын қамтамасыз ету үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 455 миллион теңге бөлінді. Дегенмен, ауыл шаруашылығының осы саласын интенсивті дамытуға малдың 83 пайызының жеке секторда болуы көлденең фактор болып отыр. Сергей Витальевич өткен жылы ауыл шаруашылығында білінген өткір мәселелерді де айтып өтті. Мәселен, былтыр қуаңшылыққа байланысты жем-шөп жағдайы өткірлене түсті. Біріншіден, көп жылдық шөп алқаптарын түбегейлі жақсарту жұмыстары 15-20 жыл бойы жүргізілмеген. Екіншіден, жем-шөп дақылдарының тұқым шаруашылығы мүлде жоғалған. Үшіншіден, жем-шөп жинайтын техниканы жаңарту тым баяу жүргізілуде. Малды қыстан шығару үшін 734 мың тонна шөп, 127 мың тонна пішендеме дайындалды, бірақ облыстың кейбір аудандарында көктемге дейін жем-шөптің тапшылығы сезілетіндігіне сөз жоқ. Әлеуметтік сала әлеуеті Облыста табиғи газды пайдалану бұрнағы жылға қарағанда 12 пайызға артты. Алайда облыста ауыз судың өткірлігі сезіледі. Өңірдегі барлық елді мекендердің 24 пайызы ғана орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы бұған 1,6 миллиард теңге бөлініп, оған Жангелдин ауданындағы Торғай және Меңдіғара ауданындағы Харьков ауылдарындағы нысандардың, Арқалық қаласындағы су қоймасының құрылысы жүргізілді. Құрылыс саласында өткен жылдың үлесі қомақты десе болады. Қостанай қаласында облыстық қан орталығы, ауысымында 500 науқасқа арналған емхана, Рудный қаласындағы 200 төсектік көп салалы балалар ауруханасы пайдалануға берілді. Өткен жылы білім саласындағы құрылыс нысандарына арнап 227 миллион теңге бөлінген болатын. Осы қаражатқа Обаған, Амангелді аудандарындағы мектептер мен балабақшалар ғимараттары жөнделді. Қостанай ауданында мемлекеттік тілде оқытатын 300 орындық мектеп, қазақ драма театры жаңа ғимаратының құрылысы басталды, ақыл-есі кемтар балаларға арналған интернатқа жөндеу жұмысы жүргізілді, Қостанай ауданында стадион салынып бітті. Ал тұрғын үй құрылысы да ауқымды жүрді деуге болады. Облыста 1602 отбасы баспана жағдайын жақсартты. Облыстағы денсаулық сақтау саласында да серпіліс байқалады. Мәдениет саласында кітапханалар мен клубтар жұмысын ерекше айтуға болар еді. Ал тілдерді дамыту саласындағы жұмысты атағанда, облыс әкімінің сайтында мемлекеттік тіл порталының ашылғандығын айтқан орынды. Қазірде 22 балабақша мен 228 топта 5733 бүлдіршін мемлекеттік тілді оқып-үйренеді. Облыс бойынша қазақ тілінде білім беретін 144 мектеп жұмыс істейді. Облыстағы 27 спорт мектебінде 16 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер шұғылданады. Әкімге ел не дейді? Есеп беру жиынында шығып сөйлегендер облыс әкімі Сергей Кулагиннің баяндамасын толықтыра түсті. Олар жергілікті жерлерде жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Сергей Витальевич жыл бойы аттан түскен жоқ. Облыс бойынша 186 рет сапарға шығып, 750-ден астам өндірістік және әлеуметтік салалар мен агроөнеркәсіптік кешендерін аралады. Онымен кездесулерге 60 мыңнан астам адам қатысқан. Аудан мен қалаларда қырық актив жиналысын өткізді. Өткен жылы іссапарларда болған кездерде берілген 212 тапсырма бақылауда ұсталып, оның 113-і шешімін тапты. Есеп беру жиналысында Сергей Кулагинге залдан қойылған сұрақтар да әр алуан болды. Олар ауыз су мәселесі, «Тобыл» футбол командасының алдағы тағдыры, мектептің жөндеу жұмыстары, жұқпалы ауруға қарсы шаралар, қазақ мектептерінің салынуы, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәселені анық жазуы секілді еркін сұрақтардың барлығына да әкім нақты жауабын берді. Активке Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Асқар Ыдырысов қатысты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.