Ұлттық болмыс пен салт-санаға соққы береді
Қазақта «Пышақты бос ұстасаң, қолды кесер» деген тамаша сөз бар. Пышақ – суық қару, құрал. Сол сияқты интернет те құрал. Бірақ, бұл – «ыстық құрал», ол адамның санасына әсер етіп, оның бізге бөтен мәдениет нормаларын тасымалдаудағы, локальдық құндылық пен жаһандық құндылықтар бәсекелестігі майданындағы басты тетікке айналып үлгерді. Сондықтан, интернеттің қазақ қоғамына «әсері мен кері әсері» ғылыми тұрғыдан сарапталуы тиіс.
Өткен ғасырда адамды оның құралына қарай бағалап, дамыған, өркениетті және жабайы деп бөлдік. Адам және құрал арасындағы қатынасты өркениеттілік өлшемі деп таныдық. Оның білімін, танымын, ғылымын, техникасын, технологиясын, экзистенциалдық ерекшелігін даму деп түсіндік. Рас, бұл – даму. Бірақ, ар мен құқықтың, адамдық сипаттың сақталуы мен баяндылығына қызмет етсе ғана даму деуге келеді. Әрине, ғылым мен технология адам еңбегін жеңілдетіп, еркіндігі мен бақытына қызмет етеді. Ол жетістік, әрине. Осы күнге дейін өркениет деп адамдық қалыпты емес, оның техникасын көрсеттік. Бұл жерде терең эпистемиологиялық, болмыстық проблема бар. Сол құралдарды ойлап тапқан адамға көңіл бөлуді ұмытып кеттік. Дін, мәдениет, өркениетті эволюциялық диалектикалық дамудың сатылары, баспалдақтары деп бағаладық. Бұлар кеше болатын. Бүгін кешегі идеологиялар құлап, «қырғиқабақ соғыс кезеңі» аяқталып, еркіндікке қол енді жеткенде ғана адамды адам еткен құндылықтар мен танымдарға, мәдениетіне, дініне, басқаша анықтамалар жасай бастадық. Бүгін сол әлемдегі кешегі позитивистік тенденция негізінде жасалған анықтамалар қайтадан «антропологиялық» сипатқа ие бола бастап еді.
Неткен шапшаңдық, неткен қысым десеңізші. Осы анықтамалардың өзі жылдам өзгеріске ұшырап жатқандығын енді сезіп, қайтадан құбылысқа үңіле бастадық. Бүгін ақпараттық қоғам, интернет қоғамы деген тіркес құлаққа бөтен болмай қалды. Осы ақпараттық қоғам деген не, оның мәні не? Оның мәніне көңіл бөлініп жатыр ма? Жалпы, интернет деген не? Біздің қоғамда осыларды танымай жатып-ақ, «интернет қоғамы» деген шынайы құбылысқа айналып шыға келді. Интернет бүгінгі ғылым мен техниканың жетістігі, үздік ақпарат техникасы, технологиясы, адамға керек құрал.
Біз бұл құралды қолдануымыз қажет, сонымен қатар, оның өзімізге, қауіпсіздігімізге, болмыстық, адамдық, ұлттық, мәдени қалыптарымыздың сақталуын қамтамасыз ететін «қолдану ережелерін» де қалыптастыруымыз керек сияқты. Себебі, интернет ескі мен жаңаның, бұрынғы мен қазіргінің арасындағы өлшемдер мен құндылықтардың құнсыздануын қоспағанда, адам санасында, оның ұлттық болмысы мен танымы төңірегінде «белгісіз» құбылыстардың пайда болуына әсер етуде. Адамның оны тануы да оңай болмай тұр. Ал кез келген «белгісіздік» ол үрей тудырады.
Кезінде қазақ болмысынан ажырап қалды. Оның себебі, кеңестік идеология дедік. Содан интернационализм, космополитизм деген құбылыстарға сол кеңестік атеизмнің, идеологияның ықпалы болды дедік, сосын оған қарсы шықтық. Тәуелсіздігімізді жариялағанда, өзіміздің ұлттық, мәдени, діни болмысымызды қайта жандандырамыз деген үміт оты тұтана бастады. Енді қарасаңыз, қандайда бір идеология немесе мемлекеттің қысымынсыз-ақ, сол баяғы интернационализм мен космополитизм одан бетер салтанат құрып отыр. Өйткені, интернет нормалар мен моральдық этикалық құндылықтарға еркін еніп, баса көктеп, өзіне қарай бейімдеп, ескіні талқандап, сананы сансыратуда.
Бұл құбылыс қоғамда әлеуметтік, экономикалық, технологиялық тепе-теңдікке кереғар әсер етуде. Ақпараттық қауіпсіздікте, яғни интернет терроризм мен экстремизмді тасымалдаушы, жаюшы құрал ғана емес, өзі де үрейдің көзіне айналды. Қазақ осы тұста да екіұдай пікірде.
Бүгінде сол уақыттың өткен шағына, яғни тарихқа мән берілмейтін болды. Кеше мұның себебін, кеңестік материалистік диалектикаға сүйенген идеологиядан көретін едік, енді бүгінгі осы өткенді жоққа шығаруды кімнен көрерімізді білмей дал болудамыз. Адам санасындағы дилеммадан, уақыттың осы шақтағы қысымынан қашып құтылғысы келеді. Мәселе, адам уақыттан құтыла алмаса, онда қай кеңістіктің шарттарымен қозғалады. Қай мәдениет, қай моральдық шаблондармен амал етеді? Демек, ол адам уақытпен оның талабымен үндесу ережелерін өзі қалыптастыруы тиіс. Олай болса, «менін» қалыптастырған кеңістігін де өзіне арқалауға тура келеді. Кеңістік те бұрын киелі, қасиетті саналатын. Ол – пана, ол – отан, ол кіндік қан тамған жер ретінде мемлекеттің де, мәдениеттің де, діннің де барлық құндылық атаулының ізі бар, кестелі сана қалыбы бар жеке болмыс еді.
Ал қазір діни танымдық ақпараттар ешқандай кеңістікті де, тарихты да, ақиқат шаблонын да, дұрыс пен бұрысты да, жазылған мәтінді де, өз отаны мен отбасындағы ұстазын да беделсіз күйге түсіріп, интернеттегі ақпарат орталыққа айналды. Ол ақпаратта жаһандық ақиқат тұғырындағы қысым өзінің орнын көрсетіп отыр. Міне, ақпаратты беру тәсілі мен сіңіру негізіндегі ғасырлар бойы қалыптасқан әдістер мен тәжірибелер ескіріп, орнына бір орталықтандырылған интернет құбылысы келді. Яғни, адамды ішкі тыныштыққа жеткізетін, терең ой, философия, мораль, дін, мемлекет, мешіт, мектеп, отбасы сияқты институттар да интернет құбылысының алдында, бұрынғы қалыпты функцияларын жүзеге асыра алмайтын жағдайда отыр. Бұл институттардың ең бірінші экзистенциялық белгісі ол бедел, авторитет болатын. Осы бедел оларға құқықтық норма қою мүмкіндігін беретін.
Енді сол беделдері әлсіреп, психологиялық эпистемиологиялық дағдарысқа түсуде. Мысалы, бұрынғы дәстүрлі қазақ отбасында, кішкентай бала, үлкендер отырған жерге рұқсатсыз кірмеу, сөздерін бөлмеу, әңгімелеріне араласпау сияқты нормалар да ескірді. Бүгінгі бала интернетте отырып-ақ, әкесінің «немен қалай айналысатынын» біле алады. Осындай отбасында жас ерекшеліктеріне қатысты қабаттар мен шектеулер құпия қалмады. Сосын бала әкесін бедел емес, тең құқықтағы, бір шаңырақтың астында бірге күнелтетін адам ретінде қабылдай бастайды. Нәтижеде құндылық атаулы құнсызданып, ортақ деген нормалар да ыдырап, адам санасы да сансырап жатқандай әсер береді. Әсіресе, адамның ары, намысы, құндылығы, шектеу мен тыйымды анықтайтын ортақ құқықтық нормалардың да пікірлері ескіріп барады. Мысалы, бұрын, еркіндік, құқық нормалары мемлекеттен мемлекетке, дәуір мен дәуірге қарай өзгеріп отырса, қазір осы құқық пен қылмыс түсініктері мен танымдарын да анықтау, зерттеу, талдау да қиын құбылысқа айналды.
Интернетте шекара жоқ. Кеңістік, ықпал ету аймағы деген атымен жоқ. Сосын уақыты да жылдам. Бұл оған деген «табынушылықты» да алып келді. Мәдениет, ұлт өкілдері де, зиялылар да, отбасындағы ақсақал да жастарға қарап, олардың уақыты осы, заманына қарай адамы деген деп, шарасыздық танытады. Жастарға осы интернет арқылы беретін басқа балама ұсынуға келгенде шарасыз. Сосын, әрине, басқа белсенді мәдениет өкілдері, белсенділікті өз қолына алады. Бұл жерде белсенділік деп интернетті қалай өз пайдамызға, құндылықтарымызға қызмет ететіндей етіп жүйелеу тетіктері туралы айтып отырмыз.
Елімізде де, жаһанда да терроризммен және экстремизммен күресу өте өзекті мәселе болып тұр. Бұл құбылыстың көрінген беті ғана, астары тереңде жатыр. Дегенмен, бұл қаншалықты саяси болса, соншалықты да сана мәселесі. Ал енді интернет, ақпарат технологиялары да осы адам санасына әсер етуші топтар мен қабаттардың, орталықтардың ең басты құралы екендігі жасырын емес. Экстремизм саясат, сонымен қатар, сана мәселесі болып отырған тұста, интернеттегі қауіпті сайттарды бақылау қажет болса, бұғаттау қалыпты жағдайға айналды. Негіздемесі де қауіпсіздік шарасы үшін. Қаншама жастар сол арқылы санасы уланып, қылмысқа барып жатыр. Бірақ бұл іс сайттарды тек бұғаттаумен ғана бітпес. Керісінше, сол сайттың идеологиясына нақты идеологиямен жауап беруді әрі жылдам әрекетті қажет ететін орталықтарды дайындау қажет. Ол да адам, маман факторы. Қазір терроризм мәселесі тек бір елдің ғана емес, жалпыхалықтық, халықаралық деңгейге жетті. «Интернеттік қылмыс» деген тіркес те құлаққа үйреншікті болып барады. Демек, интернеттік қылмыспен күресу де халықаралық шарттар мен қалыптарды қажет етеді деген сөз.
Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі – санаға арналған ұстаным. Демек, мақсаттылық бірінші орынға шықты деген сөз. Яғни, интернетте ақпараттың тек мағлұматтық, танымдық қыры ғана емес, оның мақсатына да ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Себебі, қылмыс, оның құқықтық мақсаты мен ниетіне, идеологиясына қарап сарапталады. Өйткені, біз мемлекетпіз, ұлтпыз. Бұл қабаттар болмыстық қабаттар, яғни құндылықтардан тұрады. Ал рухани құндылықтар тұрақты болса ғана адамның санасында, іште де, сыртта да тыныштық болады.
Жалпы, интернет – ол құрал ғана. Оны қалай қолдансаңыз, солай пайдалы болады. Оны өзімізге, мемлекеттік, ұлттық, діни танымдық, өркениеттік, моральдық тұрғыдан пайдаланудың ережесі мен мазмұнын қалыптастырмайынша, үрей орталығы болудан ада болмайды. Ол үшін де «интернет құбылысын» философиялық тұрғыдан да зерттеп, саралап алған абзал.
Досай КЕНЖЕТАЙ,
философия және теология ғылымдарының докторы,
профессор
АСТАНА