Ал осы би, шешендер даулы мәселені төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. Тындырғанда да хатсыз, ол ауызша жүзеге асып, шешімі бітіп жатқан. Салыстырып қарасақ, ертедегі бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, полицияның да, яғни қаншама мекеме, ұйымның да қызметін атқарып келген. Би болып белгіленетін тұлғалар өзінің тапқырлығы мен шешендігін, әділ төрелік айта алатын қасиетін көпшілік алдында көрсете білген. Олар барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз шешен әрі халықтың көкейіндегісін айтқан әділет жаршысы болған. Сондықтан да халық «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», деп мақалдап кеткен.
Өйткені бірде-бір кітапсыз, бірде-бір диктафонсыз, бірде-бір компьютерсіз, яғни жазба құралдарынсыз қазақ өркениетінің, мәдениетінің, әдебиетінің, салт-дәстүрінің бүгінгі дамыған заманға дейін қаншама алпауыт ауыр кезеңдерден саф қалпында аман-есен өтіп, жетуі ұлттық дүние тану мен ұлттық тәрбиенің ұрпақтан ұрпаққа рухани сіңірілуінің арқасы десек, қателеспейміз. Сонымен қатар шетелдегі және шетелден келген қандастарымыздың туған тіліміз бен дінімізді, салт-жоралғыларымызды ұмытпай, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуі – осы сөзіміздің айқын айғағы. Алайда көпке топырақ шашпаймыз, ақсақал абыройы мен беделінің шарықтауына кері ықпал ететін кейбір әкімдер, аудан, ауыл әкімдері тек өздерін мақтайтын, жағымпаздар ортасын қолдан қалыптастырудан аулақ болуы тиіс. Олар керісінше ақсақалдармен маңызды істерін ақылдасса, олардың кеңесіне құлақ асса, халық арасында туындаған дау-дамайларды тек сот шешеді деп отырмай, сотқа жеткізбей, алдын алу мақсатында ақсақалдар мен әжелерді шақырып, тараптарды татуластыруға үлес қосуы керек. Себебі, ұлттың ұлы мұратын ұлықтап, мемлекеттің ұлттық діңгегін қатайтатын, елдің тентегін жөнге салатын, ұятты ұл, арлы қыз тәрбиелеп, ер баланың намысын, қыздарының ар-ұятын қорғайтын аузы дуалы, өмірден көргені мен түйгені мол ақсақалдар қоғам тәрбиелеушісі ретінде тұлғалық болмысы зор екенін естен шығармағанымыз жөн.
«Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» дегендей, ақсақалдар мен ақжаулықты аналардың батасы жорыққа шыққанда, жол жүргенде періштедей қорған болғаны тарихтан белгілі, ал теріс батасының кесірі де тарихи оқиғалардан баршамызға мәлім. Тіпті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Абайдың ақын шәкірті, көнекөз қария, тоқсанның алқымына келген Шәкір Әбеновтен өз алдымызға ел болып мерейленген тұста бата алуы – тектілік пен көрегенділіктің үлгісі. Құдды сол бата барша еліміз бен Елбасымызды жебеп, қолдап, қорғап жүргендей.
Кешегі дария қарттарымыздың, от ауызды, орақ тілді шешендеріміз бен қара қылды қақ жарған абыз билердің ел басқару, әсіресе халықтың тұрақтылығы мен бірлігін ұйыстырып, еліміздің шетелдермен өзара ынтымақтастығын реттеп отырған бітімгершілік үрдісінің бүгінгі заман талабына сай Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен ұштасып, жандануы – қуантарлық жайт. Егемен еліміздегі 100-ден астам ұлт пен ұлыстың басын қасиетті қазақ елінің киелі қара шаңырағының астына жинап, ынтымағы мен бірлігі, ырысы мен несібесі жарасқан мемлекет болып қалыптасуымыздың негізі Елбасымыздың көрегенділігі мен саяси алғырлығының, яғни Бәйдібек бабамыз айтқандай, керуен басының мықты болуында.
Әрине, бітімгершілік уәжге құлақ аспау көргенсіздік, тексіздік ретінде бағаланған. «Бітімшілікке тоқтамағаннан береке іздеме» деген сөз осыдан шыққан. Сондықтан да 2011 жылдың 28 қаңтарында елімізде «Медиация туралы» заң қабылданды. Аталған Заңға сәйкес Қазақстанда дауларды баламалы шешудің жаңа түрі – медиация енгізілді. Себебі қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Елімізде «Медиация туралы» заңның қабылдануы, яғни өркениет көшіне бет түзеген батыл қадамдардың жасалуы біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды. Бұл заң – қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата-бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамдардың бірі. Кешегі бабаларымыздың бітімгершілік заңы мен бүгінгі медиация заңының арасында үлкен сабақтастық жатыр. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Судьялар одағының VІ съезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударуды, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларын енгізуді тапсырған болатын. Президентіміздің сынескертпелерінен кейін медиация заңы мен татуластыру рәсімдерінің маңыздылығы мен мақсаты елімізде қарқынды түрде насихатталып, іске асып жатыр. Ең бастысы, медиация заңының қолданыс аясы кеңейіп, дауларды шешу кезінде тараптарды бітімге келтірудің берекелі жолы қалыптасуда.
Осы орайда атап өтетін қуанышты жаңалыққа тоқталып өтсем, бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысында жергілікті ақсақалдардан құралған кәсіби емес медиаторлар ортасы қалыптасып келеді. Құқықтық мемлекеттің талаптарына жауап беретін заманауи отандық сот жүйесінде дауларды бейбіт түрде шешуге ықпал ететін кәсіби және кәсіби емес медиаторларға кез келген азаматтың жүгіне алатыны, әсіресе Елбасымыздың «Медиация туралы» Заңды қабылдап, оны дамыту жолында біршама нақты бастамаларды бастауы құқықтық, зайырлы мемлекет болуымызға, адамдардың қадір-қасиетінің сақталуына зор ықпал етіп отыр. Себебі азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де жеке немесе заңды тұлғалардың құқықтық қатынастағы дау-дамайларын реттеуде сотқа бармастан бұрын және соттағы қарау басталған соң да медиация заңына сәйкес татуластыру рәсімдерін қолдануға болады.
Қоғам болған соң түрлі мәселелер, түрлі түйткілдер орын алмай тұрмайды. Ондай мәселелерді сауатты, салиқалы, байыппен шешудің оңтайлы жолы сот процестерінде татуластыру рәсімдерін кеңірек қолдану болып табылады. Айталық, партисипативтік рәсім заңды және жеке тұлғалардың азаматтық, еңбек, отбасылық, басқа да құқықтық қатынастардан туындаған азаматтық-құқықтық дауларда қолданылады. Бұл көптеген өркениетті елдерде сәтті қолданылуда. Осындай түрлі балама тәсілдерді тәжірибеге енгізу қоғамның дамуына тың серпін береді. Медиацияның шешімі сот шешімімен бірдей екенін халық арасында әлде де ұтымды түрде ұғындырған абзал деп есептейміз.
Мәселен, биыл облыстық әкімдікпен бірлесіп арнайы медиация бойынша оқу орталықтары мен кабинеттерді өңірдегі қалалар мен аудандарда ашу туралы келісімге келдік. Келіссөз қорытындысы бойынша облыстық соттың және Қазақстан халқы Ассамблеясы ШҚО хатшылығының бастамасымен облыстық Достық үйінде Шығыс Қазақстан облыстық соты, Қазақстан халқы Ассамблеясы ШҚО хатшылығы, ШҚО Әділет департаменті, ШҚО ішкі істер департаменті, ШҚО білім басқармасы және денсаулық басқармасы, Шығыс Қазақстан облысының адвокаттар коллегиясы, «Шаңырақ» медиация орталықтары араларында татуластыру шаралары бойынша өзара әріптестік қызмет жөнінде меморандумға қол қойылды.
Оны орындауда республика бойынша Өскеменде облыстық Достық үйінде ең алғашқы «Медиация бойынша оқу орталығы» және «медиация кабинеті» ашылды. Атаулы меморандумда тараптар болашақта медиация институтын дамыту шаралары бойынша қажетті іс-қимылдар жасауы тиіс екендігін көрсетті. Бекітілген келісім негізінде облыстағы 14 Достық үйінде осындай орталықтар ашу туралы шарт жасалып, Шығыс Қазақстан облысының барлық аудан орталықтары мен қалаларында, тіпті ауылдық округтерінде медиация орталықтары мен кабинеттері толық ашылып, жүйелі жұмыс атқаруда.
Аймағымыздағы медиация кабинеттері мен орталықтарының тиісті дәрежеде жұмыс істеуіне тек мемлекеттік органдардың ғана емес, ауыл, аудан, қала ақсақалдарының, зиялы қауым өкілдерінің белсенді атсалысуының, олардың қоғамдағы бірлікті ұйытуға үлес қосуының маңызы зор. Сондықтан да облыс орталығындағы медиация орталығынан кейін өңірлік медиация орталығын ашуды Абай бабамыздың кіндік қаны тамған өлкеден бастадық. Игілікті шараға жергілікті тұрғындармен қатар Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьялары, өңірімізге, тіпті елмізге белгілі зиялы қауым өкілдері Арап Еспенбетов, Кенжеш Мұқашұлы сынды белгілі азаматтар арнайы барып ақ баталарымен қолдауларын білдірді. Атаулы шараға Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков аудан ақсақалдары мен ауылдық округ әкімдерін арнайы жинап, бастамамызды дамытуға атсалысып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып игілікті істің қарқын алуына өзіндік үлес қосты. Абай ауданында 2016 жылдың екі айының қорытындысы бойынша қаралған істердің 6 пайызы татуластыру рәсімінде аяқталса, аудан ақсақалдарының бұл бастамаға белсенді атсалысуының арқасында 2016 жылдың 6 айының қорытындысында қаралған істердің 22 пайыздан астамы татуласу тәртібінде аяқталуы үлкен нәтиже. Бүгінгі таңда атаулы бастамаға сәйкес барлық аудан орталықтары мен елді мекендерге Шығыс Қазақстан облыстық сотының судялары мен «Шаңырақ» медиация орталығының медиаторлары арнайы іссапарларға барып, үгіт-насихат жұмыстарымен қатар тәжірибелік семинарлар мен конференциялар ұйымдастыруда. Мұндай игі бастамамыз әуелі зиялы қауым өкілдері тарапынан және ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардан қолдау алып, қарқынды жүзеге асуда.
2016 жылдан бастап жаңа Азаматтық-процестік кодекстің нормаларына сәйкес, енді қорғаушылар мен судья дауласқан екі жақты татуластыра алады. Бүгінгі күні бұл өте құптарлық жайт. Себебі, 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында осы атқарылған іс-шаралар мен оң өзгерістердің арқасында медиация заңының қолданыс аясы кеңеюде. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, Шығыс Қазақстан облысы соттарында 2014 жылы аяқталған істердің 2094-ы медиаторлардың қатысуымен қаралса, ал 2015 жылдың қорытындысы бойынша барлығы аяқталған 107218 істің 3577-і медиатордың қатысуымен қаралған. Ал биылғы жылы бірінші жартыжылдықта қаралған 52259 істің 4336-і (8,3%) татуласу рәсімімен аяқталуы үлкен жетістік деп білеміз. Ал татуластыру рәсімдерімен қаралмайтын қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді жалпы көрсеткіштерден азайтсақ, яғни барлығы қаралған 52259 істің 24270-і ғана медиация тәртібінде қарауға жататынын ескерсек, онда қаралған істердің 17,9 пайызы татуластыру рәсімдерімен қаралған деген көрсеткішке ие боламыз. Бұл тұрғыда, осы облыстағы судьялардың жоғарыдағы көрсеткіштердің артуына қосқан үлесі зор екендігін атап өткеніміз абзал. Себебі судьялардың даулы істі қарауды әділ әрі тез, татуластыру тәртібінде кәсіби тәжірибелерін қолданып өткізулеріне азаматтар дән риза екендіктерін айту керек. Мұның нәтижесінде арыздар мен шағымдар саны жыл сайын азая түседі.
Сонымен қатар, атап өтетін өзекті мәселелердің бірі – сот төрелігінің сапалы жүзеге асырылуы. Бүгінгі күні сот жүйесінде Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бағдарламасын іске асыру аясында Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Әбдіразақұлының басшылығымен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Елімізде соттан ашық, соттан жария бірде-бір мекеме жоқ десем қателеспеймін. Халықтың сотқа деген көзқарасы жақсарды. Дегенмен, халықтың әлі де сотқа үрке қарайтыны да шындық. Десек те бүгінгі сот жүйесінен кешегі сот жүйесінің айырмашылығы жер мен көктей. Сот – тәуелсіз, сот – әділ, сот – халықтың тірегі. Тәуелсіз еліміз сатылап, сан соқпақтан өтіп, бүгінгі күнге жеткен болса, егемен елдің сот саласын да түлеткен жылдар бойы жасалған жұмыс, ізденіс, еңбек болатын. Осы күнге дейін Қазақстанның сот саласы талай жаңашыл реформалардың шеңберінде қалыптасып, алға дамыды. Заманмен бірге заңның өзгергенін халық біліп те, көріп те жүр. Сол көреген көздер кешегі сот ғимараты мен бүгінгі ғимараттардың, кешегі судьяларға жасалған мүмкіндік пен бүгінгі қазыларға жасалған игіліктің айырмашылығы жер мен көктей екенін біледі. Кешегі билердің жолын жалғап жүрген судьяларға деген құрмет те жоғары, оларға қойылатын талап та биік. Мемлекеттік мекемелер арасында жариялылық пен ашықтықтың үлгісі болып отырған сот жүйесі осы уақытқа дейін қолдаудан, Елбасының назарынан тыс қалған емес.
Егемендігіміздің бір белгісі мемлекеттік тілдің өз деңгейіне көтерілу мәселесі әлі де күн тәртібіндегі мәселелердің бірі болып тұр. Облыстағы барлық мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарына, екінші деңгейлі банктер мен мекемелерге мемлекеттік тілдің сот саласындағы ара салмағын өсіру мақсатында іс қағаздарды және арыз-шағымдарды мемлекеттік тілде жолдау туралы хаттар жазылды. Бұл мәселе облыстық соттың алқа төрағаларымен, кеңсе басшысымен, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағаларымен жүйелі түрде қадағалануда. Заңнама талаптарын басшылыққа ала отырып, жалпы қаралған істердің мемлекеттік ара салмағы 2014 жылы – 12%, 2015 жылы – 14% болса, биылғы алты айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 19 %-ды құрады.
Облыс соттарында құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы жылдан жылға артуда: шығыс құжаттардың 97 пайызы, ішкі құжаттардың 92,4 пайызы және барлық құжат айналымының 75,4 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіліп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланудамыз. Дегенмен де мына бір мәселені де естен шығармағанымыз абзал. Дамыған отыз елдің қатарына құрғақ көрсеткіштер, жалаң қағидалармен ене алмаймыз. Себебі, озған елдің экономикасы, әлеуеті ғана емес, мәдениеті мен рухани құндылықтарымен қатар заң үстемдіктері де берік болуы шарт. Сондықтан да Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаев демократиялық мемлекеттің жоғары стандарттарына лайықты сот жүйесін құруды алға қойған болатын. Осы жылдар ішінде Қазақстанның сот жүйесі реформалық сатылардан өтіп, қазір әлемдік стандартқа толық сәйкес келетін сот жүйесі қалыптасуда. Тұңғыш Президентіміздің бес институттық реформасын жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары осының айқын айғағы.
Тұңғыш Президентіміз айтқандай: «Береке басы – бірлік». Ендеше бірлігіміз берік, болашағымыз баянды болсын. Халқымыздың үш данасы, үш көсемі, қасиетті бабаларымыз – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің аруағы қолдап жүрсін демекпін.
Досжан ӘМІРОВ,
Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы