
«Заман бұзылып барады» деген сөзді бүгінде жиі естиміз. Бұзылған адам ба, әлде заман ба? Оған аса терең байыптама бере алмаймыз. Дегенмен әлгі сөз осы күні жиі айтылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде «Бірер кісіден: «Адамдар бұзылып кетті»,– деген сөзді естісең, біліп қой: сол адамның өзі бұзылған» депті. Егер осылай топшылайтын болсақ, онда заманды бұзып жатқан адамдардың санының артқанын байқау қиын емес. Бұдан шығатын қорытынды: заманды адам жасайды.
Замана толқыны талай пендені жағаға шығарып тастап жатыр. Оған күнделікті өмірде куәміз. Көреміз де «тағдыр-тәлейіне солай жазылған шығар» дей саламыз. Расында, оның өмір жолына, басынан өткерген қиындықтарына, мұң-зарына, сайрап тұрған көкірегіне көз салмаймыз. Бейқамдық басым. Әркім өз басымен қайғы дегендей. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген қанатты сөз бар қазақта. Қазіргі кезде жаныашымастардың қатары көбеймесе, сиремей тұр. Осыдан келіп қоғам, одан заман бұзылады. Ал бұзылған заманды қайтсек түзетеміз? Адамдардың пейіл-ниетін қалай оң жолға бұруға болады? Біреулер бұл сұраққа бірден «дін арқылы» деп жауап беруі мүмкін. Бірақ бір ғана діни бірлестік санасы уланған пенделерді түзу жолға сала ала ма? Мәселе осында. Біздің пайымдауымызша, бала күнгі тәрбиенің тірегі мықты болуы керек. Әйтпесе еткен еңбек – еш, төгілген тер – сор. Бұл тұрғыда мемлекеттің қолдауы мен демеуі, дұрыс саясаттың болуы өте маңызды. Ал осыған байланысты мемлекет қандай қадам жасады? Осыған қарай ойыссақ.
Тәуелсіздік алғаннан бергі тәрбие ісіне орай жасалған тірліктің бәрін тізіп керегі жоқ шығар. Бір ғана мәлімет: бүгінде бүкіл республика бойынша «Балалар құқын қорғау» департаменттері жұмыс істеп жатыр. Осы департаменттердің өзі бүгінгі тал шыбық, ертеңгі елдің саялы бәйтерегіне айналатын балалардың тәлім-тәрбиесіне қатысты талай істі атқарып отыр. Дерек керек пе? Мінекиіңіз.
Қызылорда облыстық Балалар құқықтарын қорғау департаменті былтыр жас жеткіншектерді рухани кемелдікке бастайтын, ата-ананы қадірлеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, қысқасы, тәрбиелік мәні зор, тәлім беретін таудай істер атқарған. Осы орайда 54 іс-шара жасалған. Оған жетімдер үйінің тәрбиеленушілері, ата-ана тәрбиесінен сырт қалған балалар тартылған. Атқарылған істің нәтижесі туралы дәл қазір тап басып айту қиын. Себебі, бүгін егілген тәрбие дәні сол сәтінде жемісін бермесе де, ертеңгі күні бір белгісін көрсетері анық. Бастысы, ата-ананың аялы алақанын сезінбеген, жақындарының жан жылуынан ерте айрылған жеткіншектердің қоғамға керек екенін, маңдайынан сипайтын мемлекеті барын ұғындыру болса керек.
Департаменттің бастамасымен «Қонақжай отбасы» атты акция ұйымдастырылған. Акцияның міндеті мен мақсаты не? «Қонақжай отбасы» акциясы бойынша бірнеше отбасы таңдалып алынады. Олардың тұрмыс жағдайы, бала тәрбиесіне қатысты ұстанымы терең зерттеледі. Сонан соң жетімдер үйінің тәрбиеленушілері аталған үйлерге барады, сол отбасында қонақ болады. Ата-анасынан айрылған бала нағыз отбасының қандай екенін көзімен көріп, жанымен сезінеді. Тума-туыстың, туған бауырдың бір-біріне әсерін, тәрбиесін таниды. Бұл – бір. Екіншіден, бұрынғы жетімін жылатпаған қазақ жоқ қазір. Тас қаладағы тас үйге тығылған қазақтар тасбауыр болып бара жатқандай болып көрінеді бір сәт. Жетімнің жайына бас ауыртып, қоғамнан ерте шеттетілген балалардың тағдырына алаңдайтындар некен-саяқ болғасын әлгіндей ойдың келері анық. Ал акция барысында отбасылар жетімнің жағдайын жан-жүрегімен сезінеді. Олардың басындағы қайғы мен қасіретті толық түсінеді. Түсініп қана қоймай, жылылық сыйлайды. Балалар «қонақжай отбасыларға» демалыс сайын барып тұрған. Солардың біршамасы өзі барған отбасының бір мүшесіндей болып араласып, тонның ішкі бауындай болып кеткен. Нәтижесінде №1 мектеп-интернаттың 22 баласы осы уақытқа дейін «қонақжай отбасыларға» қонақ ретінде барып тұрады. Акцияның өзін-өзі ақтағаны, адамдарды бір-біріне ағайындай жақындастырғаны айтпаса да түсінікті жәйт.
Сонымен қатар, департаменттің бастамасымен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды сақтандыру жұмысы ұйымдастырылған. Жетімдер үйінде тәрбиеленушілер кәмелеттік жасқа толғаннан кейін қиын жағдайдың алдында қалатыны белгілі. Басы артық ақшасы жоқ, баспана алуға мүмкіндігі кем балалар шын мәнінде өздерін қоғамның өгей баласындай сезінеді сол кезде. Қызылорда облыстық Балалар құқықтарын қорғау департаментінің бастамасымен жетім балаларға арнайы есеп-шот ашу туралы ұсыныс енгізілген. Аталған жобаны «Казкоммерц-Life» сақтандыру компаниясы қолға алыпты. Балалар мектеп бітіргенге дейін есеп-шоттағы ақша жинала береді. Кәмелет жасына толып, мемлекеттен «еншісін» бөлгеннен кейін әлгі ақша олардың тұрғын үй алудағы алғашқы төлемақысы ретінде пайдаланылады. Сауапты іс дейтініміз де осы. Ал Балалар құқықтарын қорғау департаменті бүгінде бір баланы өз қамқорлығына алып отыр. №1 мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі Лилиана Галямованың шотына әр тоқсан сайын 15 мың теңге аударылып тұрады. Қазіргі таңда оның жинақ қоры 100 мың теңгеге жетіп отыр. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде былай дейді: «Мінез-құлқыңның мінәйім, сыпайы болуын қалаймысың? Қаласаң, жетімдерге мейірімділік жаса, олардың басынан сипа, өзің ішетін тағамыңнан бөліс. Сонда ғана мінезің жұмсарып, мейірбан боласың».
Бүгінде мектептерде «Өзін-өзі тану» пәні өтеді. Аталған пән оқушылардың ата-анамен қарым-қатынасын реттеуге, теріс қылық жасамауға тәрбиелейтіні белгілі. Осы пәннің арқасында облыста балалардың құқық бұзушылығы мен қылмысқа баруы 32 пайызға азайған. Бұл өзін-өзі тану пәнінің бүгіннің өзінде нақты жемісін беріп жатқанының дәлелі. Теледидар атыс-шабысқа, компьютер қанқұмар ойынға толған мына заманда балалардың қылмысы көбейіп кеткені шындық. Мектепте мұғалімді, үйде әке-шешесін тыңдамайтын баланы да талай көрдік. Ал «Өзін өзі тану» пәні осындай балалардың санасын нұрландырып, өмірге деген көзқарасын өзгертіп, үлкен-кішіні сыйлап, ішкі әлеміне үңілуге ұмтылдырып жатса, онда оның пайдасы орасан зор деген сөз. Тек Қызылорда облысында ғана емес, жасөспірімдер қылмысы бүкіл республика бойынша да азайғанын маман-сарапшылар айтып отыр. Бағдарламаға енгенінде тосырқап қараған жұрт қазір аталған пәннің барақатын көріп отыр. Болашақ ұрпақты дұрыс жолға салатынына, танымдық тәрбие беретініне бек сенеді.
«Өзін-өзі тану» бағдарламасының авторы Сара Алпысқызы атап өткендей, “Әр баланың қабілетін ашу, өзіне жол табуы, өзінің күш-жігеріне сенуі өзінің өмірдегі орнын анықтау үшін өте маңызды. Әлемде Махаббат пен Мейірімділік аурасын жасай отырып қайырымдылық пен махаббат жүректен жүрекке жетуі тиіс, яғни әрбір баланың, оқушының, студенттің, ата-ананың жүрегіне жылылық нұрын ұялатуда әрқайсымыздың орнымыз ерекше» деген еді.
Қазіргі таңда облыста барлық білім мекемелерінде «Өзін-өзі тану» пәні өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Бұл сабаққа балалар ерекше қызығушылық танытатындығы байқалады. Мысалға, оқушы Айдана Аймаханова «Өзін-өзі тану» сабағынан алған әсерін былайша баяндайды: «Бұл пән бізді өмірдегі бар шыншылдыққа, адалдыққа, әдептілікке, жақсылыққа, қайырымдылыққа, мейірімділікке, сүйіспеншілікке, табиғатты қорғауға баулиды. Бұның өзінше мәні мен сәні бар. «Өзін-өзі тану» сабағына көңіл қойып, зер салып тыңдағанымыз абзал. Сонда ғана өмірге құлшына қарайтын боламыз. «Өзін-өзі тану» сабағында мен өзімді жақсы сезінемін, сол үшін сабақ маған өте ұнайды».
Сабақ процесiнде мұғалiмдердiң де балаларға қарым-қатынасы өзгердi. Бұл туралы облыстық Балалар құқықтарын қорғау департаментінің директоры Арман Қаржаубаев былай дейді: «Адамзаттың өзін-өзі тануы – асыл қасиеттерінің бірі болып табылады. Бұл пән жастардың өз бойындағы қасиеттерін жақсы білуге, ішкі жан-дүниесін, тіл байлығын дамытуға, өзімізді ғана емес бір-бірімізді де тануға көп үлесін қосты. Сара Алпысқызының «Өзіндік таным» жобасы менің ойымша, бүкіләлемдік жаңалық. Мұндай тәрбиенің бастауы бұрын болған, арғы ата-бабаларымыздан келе жатқан әдемі дәстүр де бар, бұл пән соның жаңғыруы деп ойлаймын. Жас ұрпақтың қабілеті мен мүмкіндігін жан-жақты ашып, адамгершіліктің биігіне көтеретін қазақстандық білім беру үлгісі екені даусыз. Бұл пән ізгілік пен сұлулықтың шын мағынасын түсінуге, шынайы мейірімділік пен ақиқатқа ұмтылуға, өз өмірін жоғары мәнмен салыстыруға жетелейді».
«Өзіңді-өзің танысаң істің басы» деген екен Шәкәрім бабамыз. Өзін-өзі тани білу дегеніміз – адамның өзін-өзі тәрбиелеуі. Ал өзін-өзі тәрбиелеу дегеніміз адамгершілік мінезді қалыптастыруға бастайтын жол. Адамгершілік бар жерде жақсылық үйлесім тауып тұрады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады. Біздің түйін мынау: елімізде балалар құқықтарын қорғау департаменттерінің ашылуына түрткі болған, қазақстандық білім беру саласына «Өзін-өзі тану» пәнін енгізген Сара Алпысқызы. Осы екі қадамымен Сара Назарбаева барлық қазақстандық балаларға аналық мейірім танытып отыр. Олардың тәрбиесіне зор үлес қосуда. Бір сөзбен айтқанда, еліміздегі бар бала ол кісінің мейрім шуағын сезініп отыр. Ал бұл әркімге қона бермейтін бақыт.
Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.