11 Ақпан, 2011

Бәсекелестік – рынокты байытудың өркениетті жолы

1895 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін

Үкімет

«Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

Бәсекелестік – рынокты байытудың өркениетті жолы Әділ де өркениетті бәсекелестік – қоғамның экономикалық дамуын қамтамасыз ететін қозғаушы күш. Әлем таныған реформатор, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел болашағының баянды әрі бай-қуатты болуы – экономикамыздың да, адам капиталының да бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей байланысты екенін үнемі атап көрсетіп келеді. Сондықтан бәсекелестікті қорғау және дамыту Қазақстан экономикасын өркендету жөніндегі 2020 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламаның басым бағыты, түйінді темірқазығы болып отыр. Міне, осы бастаманы өрістету мақсатында елімізде Бәсекелестікті қорғау агенттігі (монополияға қарсы агенттік) құрылып, жаңа мемлекеттік құрылымның жұмысын қалыптастыру және басқару міндеті білікті экономист, кезінде Қаржы министрлігін басқарған білімді қаржыгер әрі тәжірибелі менеджер Мәжит Есенбаевқа тапсырылған болатын. Бүгін біз еліміздегі еркін бәсекелестіктің ахуалымен және оны дамытудағы агенттік атқарып отырған жұмыс ауқымымен оқырмандарымызды таныстыру мақсатында Мәжит ЕСЕНБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Мәжит Төлеубекұлы, республи­камызда Табиғи монополияларды реттеу агенттігі және Бәсекелестікті қорғау агенттігі, басқаша айтқанда, Монополияға қарсы агенттік жұ­мыс істейді. Осы екі мемлекеттік құ­ры­лым­ның басты айырмашы­лығы неде? – Бұл екі агенттіктің өкілеттігі мен атқаратын міндеттерінің ауқымы ар­найы қабылданған заңдармен нақты белгіленіп берілген, осы заңдарға сәй­кес бұл қос мемлекеттік органның атқаратын жұмыс ауқымының ара жігі жан-жақты айқындалған. Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қор­ғау агенттігі еліміздің «Бәсекелестік туралы» заңының аясында бәсекелес­тікті қорғау мақсатында қоғамдық қа­тынастарды реттеу, монополиялық қыз­мет түрлерін шектеу және тұ­ты­нушылардың заңды құқықтарын қор­ғау міндетімен айналысады. Осы заң шеңберінде тауар рыногындағы ба­сым­дық пен монополиялық жағдай­ларды теріс пайдалануға жол бермеу және оның алдын алу агенттікке жүк­телген басты міндеттердің бірі болып саналады. Ал өз кезегінде Табиғи монополия­ларды реттеу агенттігі Қазақстанның «Табиғи монополиялар және реттелетін рынок туралы» заңына сәйкес та­би­ғи монополиялар саласындағы және реттелетін рыноктағы реттеу қызмет­терімен айналысады. Осы заң шең­берінде ол атқаратын тағы бір басты мәселе, реттелетін рыноктағы бағаның қалыптасуын мемлекеттік реттеу және бақылау болып табылады. Сонымен бірге бұл агенттік табиғи монополия субъектілерін және реттелетін рынок­тағы басым жағдайларға ие болған субъектілердің қызметін техникалық реттеу, баға мәселесіне тұрақты түрде мониторинг жүргізу міндеттерін жү­зеге асырады. Реттелетін рынок дегеніміз – бұл тиісті заңнамаларға сәйкес баға мәсе­лесіне мемлекеттік реттеу жүргізілетін тауар рыногы болып табылады. Реттелетін рынок субъектілері үшін баға мәселесіне мемлекеттік реттеу жүргізу «Табиғи монополиялар және реттелетін рынок туралы» заңмен айқын­далған. Реттелетін рынокқа темір жол көлігін, электр энергетикалық және жылу энергетикалық, мұнай және газ өнімдері, мұнай тасымалдау, азамат­тық авиация, теңіз айлағының қыз­меті, телекоммуникация және пошта байланысы салаларындағы рыноктар кіреді. Осы аталған рыноктардың субъек­тілерін Бәсекелестікті қорғау агенттігі белгілеген Мемлекеттік реестрге енгізуге байланысты олардың қызметін реттеу міндетін агенттіктің реттеуші органдары жүргізетін болды. Міне, осындай нақты міндет бө­лінісі экономиканы реттеудің мемлекеттік жүйесінде монополияға қарсы кү­рес жөніндегі және реттеуші орган­дар­дың орны мен қызмет рөлін жіті айқындап берді. Бұл екі құрылым бір-бірінің қызметін қайталамайды, қайта рыноктағы жағдайды жан-жақты реттеп отыруда әрқайсысы өз міндеттеріне сәйкес тиімді жұмыс атқарады. Өкінішке орай, құқықтық сауатының төмендігіне байланысты тұрғында­ры­мыздың кейбір бөлігі тарифтік баға­ларды реттеу қызметін Бәсекелестікті қорғау агенттігі өкілеттігіне жатқы­зып, табиғи монополия субъектілері қызметтері тарифтерінің қымбаттауын монополияға қарсы күрес органдары­ның олқылығы деп есептейді. – Әділ бәсекелестікті қорғау жә­не дамыту Қазақстан экономикасын дамытудың басты бағыттарының бірінен саналады. Ал бәсекелестікті өрістету ішкі рыногымызда тауар түр­лерін аттыруда, тауарлардың са­па­сын көтеруде, бағаны ырықтан­дыруда қан­дай нақты тиімділік берді? – Бәсекелестік рынокқа ықпал жа­саудың өркениетті күрес жолы болып табылады. Яғни, тауарлардың және қызметтің бағасын арзандату, олардың сапасын арттыру және рынокты тиімді тауарлармен толықтыру – бұл ұзақ мерзімде қалыптасатын әділ де оңтай­лы бәсекелестік қатынас. Соңғы уа­қыт­та мемлекетіміздің тарапынан бә­се­кеге қабілетті тауар рыногын қалып­тастыру мақсатында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Бәсекеге қабі­летті рынокты және монополияны рет­теудің сенімді тетіктерін қалыптас­тыру біздің монополияға қарсы сая­саты­­­мыздың негізі болып та­бы­ла­ды. Жекелеген рыноктарда әділ бә­секелес­тікті қалыптастыру, оның ішінде әлеу­меттік маңызы бар тауарлар баға­сын тұрақтандыру мақсатында біз ықпал­ды жұмыстар жүргізіп келеміз. Ха­лық­­тың әл-ауқатын жақсартудың бас­ты шара­ларының бірі еркін бәсекелестікті дамыту екендігі айқын. Бұл – бүгінгі өмір талабы, уақыт тудырған өміршең міндет. Соңғы уақытта монополияға қарсы күрес органдары азық-түлік рынокта­рын­дағы, мұнай өнімдері және цемент рыногындағы бағаның негізсіз қымбат­тауына және тауар тапшылығына жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап келеді. Жан-жақты сараптамалар жүргізу нәтижесінде импорттық дәрі-дәрмектер сататын бастапқы рыноктың 23 субъектісі және азық-түлік тауар­лары рыногының 180 субъектісі «доминанттар-реестрі» атты тізімге енгізілді. Бұл өз кезегінде осы субъектілердің қызметтерін реттеп, бағаның негізсіз шамадан тыс қымбаттап кетуіне жол бермеді. Сонымен бірге доминаттар-реестріне Интернет жүйесіне қосылудың бастапқы рыногының операторлары да кіргізілді. Бұл өкілетті орган тарапынан провайдерлердің қызметін ретке келтіріп, Интернет қызметі үшін тарифтер­дің төмендеуіне ықпал етті. Қазіргі таңда бәсекелестікті одан әрі дамыту­дың маңызды факторларының бірі 2014 жылға дейін бәсекелестікті дамыту жөніндегі бағдарлама болып отыр. Бұл бағдарламаның ерекшелігі, бір жағы­нан, оның кешенді мәселелерді қам­туын­да болса, екінші жағынан, оның міндеттері мен принциптерін барлық мемлекеттік басқару дәрежелерінде іс жүзіне асыру болып табылады. – 2009 жылдан бері «Бәсекелестік туралы» Заң күшіне енді. Осы заң кәсіпкерлердің белсенділігін артты­рып, шағын және орта бизнес қауым­дастығының жұмысына игі ықпал тигізе алды ма? – Сөзсіз. Ол сол үшін де қабыл­данды ғой. Монополияға қарсы күрес саласы экономикамыздың дамуымен және қайта жаңғыруымен бірге жетілдіріліп келеді. Республикамыздың рынок­та­рындағы бәсекелестіктің дамуы өз-өзінен болып жатқан шаруа емес, бұл 2009 жылы түбегейлі жетілдірілген монополияға қарсы жүргізіліп отырған мақсатты мемлекеттік саясаттың нәти­жесі екендігі даусыз. Аталмыш заңның жобасын қалыптастыруға еліміздің қо­ғам­дық ұйымдары және бизнес өкіл­дері белсене араласты. Сондықтан да, бұл заң еліміздегі бәсекелестікті дамы­тудың тиімді құралына айналды. Соны­мен бірге заң шеңберінде кәсіпкерлік­тің белсенділігін арттыру, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдаудың маңызды тетіктері енгізілген. Менің ойымша кәсіпкерлер үшін инвестиция­лық тұрақтылықтың кепілі болып табы­ла­тын ұзақ мерзімді инвестициялық немесе концессиялық келісім-шарттарды қолдауға арналған заң нормаларының маңызды болып отырғандығы даусыз. Сондай-ақ, аталмыш заң мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке араласа беруіне тосқауыл қойып, мо­нопо­лияға қарсы органдардың кез келген тексеріс жүргізуіне тыйым салды. Бұл органдар тарапынан тексеріс жүр­гізу мәселесі заңмен нақты айқын­да­лып, монополияға қарсы күрес заң­дылық­тары бұзылған кезде басты 4 бағыт бойынша ғана тексеру жүргізу тәртібі белгіленді. – Жалпы, біздің елімізде өр­ке­ниетті, халықаралық стандарттар­ға сай бәсекелестік бар деп айта ала­сыз ба? Қазақстанның ішкі рыногы монополистік топтардың қолында, әділ бәсекелестікке жол бермейді деген пікір бар. Оған қалай қарайсыз? – Қалыптасқан объективті жағдай­ларға байланысты бүгінде кейбір эко­но­мика құраушы салалар монополия­лық болып қалуда. Оған темір жол са­ласы, отын-энергетикалық кешені және телекоммуникациялық жүйе кіреді. Жалпы алғанда рынок субъектілерінің басым ықпалы монополияға қарсы кү­рес органдарының бақылауында болып саналады. Бұл 2011 жылдан бері қа­лыптасқан экономикалық топтастыру жүйелерін тәртіпке келтіру механизмдері арқылы реттеліп келеді. Осы орайда мына мәселені ерекше атап айтқым келеді. Агенттік экономикалық топтас­тыру мәселесін қараған кезде бәсеке­лестікті шектеу мүмкіндіктерін ғана қарастырмайды, сонымен бірге осын­дай шаралардан экономикамыз үшін өте қажетті экономикалық тиімділік алуға да аса көңіл аударды. Себебі, ры­нок­тағы монополиялық субъектілер­дің экономикалық пайда әкелетін көптеген артықшылықтары бар. Мә­селен, бұл кеңінен инвестиция тарту мүмкіндік­теріне, өнім өндіру көлемін арттыру есебінен инновациялық жа­ңалықтарды өндіріске енгізу, бағаны арзандату жағ­дайларымен си­пат­талады. Со­нымен бірге, бұл арқылы тұрғын­дар­дың жұмыс­пен қам­тылу дең­гейі артып, әр­түрлі тө­лемдер есебінен бюджет қоржыны да толығады. Біздің Конституциямызға сәй­кес монополиялық қыз­мет­ке тыйым салынбаған, тек оны жүргізуді шектеу ғана қарас­тырылған. Мұн­дай шектеулер рынокта басым және моно­полиялық ар­тықшылықтарға ие субъек­тілердің ор­тақ іске кесірін тигізбеу жағдайын реттейді. Ел Үкіметі соңғы уақытта са­лаларды монополиядан арылту және бәсекелестікті дамыту мәселелеріне ерек­ше көңіл аударып келеді. Алайда, бүгінгі таңда қалыптас­қан ахуалды түбірімен жаңарту үшін біраз уақыт, айтарлықтай тер төгу керек. Бұл көп күш-жігер жұмсауды қажет ететін ау­қымды жұмыс екендігі белгілі. Сон­дықтан, бәсекелестікті барынша кеңі­нен орнықтыру 2014 жылға дейін бәсекелестікті дамыту бағдарлама­сын­да, сол сияқты салалар мен өңір­лердің басқа да даму бағдарлама­ларында ерекше орын алған. – Еліміздің ішкі азық-түлік ры­ногы импортқа тәуелді. Бәсекелес­тікті дамытатын отандық тауарлар қайда? Сауда және коммуналдық сала­ларда заңдар тиімді жұмыс істемейді. Тауарлар мен қызмет түрлері­нің бағасы тым жоғары, сапасы сын көтермейді... – Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы Үкі­мет­тің тұрақты бақылауында. Агенттік өткен жылдан бастап азық-түлік тауар­лары бойынша арнайы құрылған жұ­мыс тобына жетекшілік жасап келеді. Бұл комиссия азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, оның тапшы­лығын болдырмау мақсатында бірқатар ықпалды шараларды жүзеге асырды. Сонымен бірге бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың және өңірлік штабтардың да азық-түлік тауарла­рының бағасын тұрақтандыру мәселе­сіндегі жұмыстарын атап өткен жөн. Қазіргі таңда азық-түлік өнімдерін сақтау инфрақұрылымдары мен логис­ти­ка­лардың тапшы екендігі жасырын емес. Бұл өз кезегінде жиналған өнім­нің сақталуын және оны тұты­нушы­ларға жеткізудің қиындықтарын туғы­за­ды. Мамандандырылған мал сою пунк­ттерінің, көкөніс қоймаларының, тауар­ларды сақтау және қайта өңдеу орталықтарының жетімсіздігі ішкі ры­нокта импорттық тауарлардың үс­тем­дік құруына әкеліп соқтырды. Әсі­ре­се, бұл жағдай маусымдық кезең­дерде шиеленісіп кететіндігін тәжіри­беден көріп жүрміз. Дегенмен, бұл мәселе шешілу үстін­де. Елімізде қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасы шеңберінде де осы бір қор­даланған проблеманы шешуге барынша көңіл бөлінген. Тек 2010 жылы ғана бұл проблеманы шешу мақсатындағы жалпы құны 95,8 миллиард теңгені құрайтын 87 инвестициялық жоба жү­зеге аса бастады. Оның ішінде 42 нысан қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Ал 2011 жылы жалпы құны 55,5 миллиард теңгені құрайтын 45 жоба пайдалануға берілмек. Менің ойымша, енді бір 2-3 жылдан кейін еліміздің бар­лық өңірлеріндегі көкөніс қоймалары­ның жүйесі көбейтіледі. Сөйтіп, бұл азық-түлік түрлерінің тапшылығы жойы­лады. Қазір қолға алынып отыр­ған шаралар еліміздің азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады. Сараптаулар көрсетіп отырғанын­дай, азық-түлік рыноктарындағы баға­ның күрт қымбаттауы әдетте жыл басында және мерекелер қарсаңында орын алатындығы дүркін-дүркін болып тұратын құбылысқа айналды. Көп ретте азық-түлік бағаларының қымбаттауы табиғи монополия және реттелуші ры­нок субъектілерінің өнімдері мен қыз­меттері тарифінің көтерілуіне де тәуелді болып келеді. Мәселен, мұнай өнімдері және электр қуатының тарифтері көтерілсе болғаны, бірқатар тауар­лардың өзіндік құны артып шыға келеді. Бұл өз кезегінде инфляцияның өсуі­не әкеліп соқтырады. Мәселен, мұнай өнімдерінің бағасын Ресей Федерация­сындағы бағамен біршама теңдестіру үшін биылғы жылдың басында еліміздегі бензин және дизель отынының бағасын 14,6 пайыздан 22,6 пайызға дейін көтеруге мәжбүр болдық. – Мәжит Төлеубекұлы, біздегі базарлар мен сауда орындары делдал­дардың қолында. Жалпы, біз қашан осы делдалдар мен алыпсатарлардан құтылып, өркениетті рынокқа көше­міз? Агенттік тұтынушылар мүдде­сін қорғау мақсатында не тын­дырды? – Біз экономика бос кеңістікті көте­ре алмайды деген экономикалық қара­пайым қағиданы түсінуіміз керек. Егер рынокта қалыптасқан қандай да бір бос кеңістікті кәсіпкерлер немесе мемлекеттік кәсіпорындар толтырмайтын бол­са, оны сөзсіз алыпсатарлар мен сау­дагерлер толтырады. Олар қа­лып­тас­қан жағдайдан мүмкіндігінше мо­лырақ пайда тауып қалу үшін ештеңеден тайынбайды. Мемлекеттік органдар бұл мәселеде жедел де жүйелі шаралар қабылдауда. Қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Азық-түлік рыноктарын жү­генсіз кеткен делдалдардан арылту мақсатын­да да тиімді шаралар жүргізілуде. Жуырда Мемлекет басшысы сауда қызметін реттеу жүйесін барынша жетілдіруге бағытталған «Сауда қызметін реттеу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл дер кезінде қабылданған маңызды заң болып табылады. Енді біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу тетіктеріне қол жеткіздік. Бұл өз кезегінде алыпсатарлардың ашылған аранын тежейді. Алыпсатар­лардың басым көпшілігі бағаны негізсіз қымбаттатып, барынша мол пайда тауып қалуды көксейді. Жаңа құжаттың бұл проблеманы шешуге жағдай жасайтындығына сенімдімін. Енді рыноктағы ахуалды жергілікті атқарушы органдар зерттеп отыратын болады. Бағаның белгілі бір өңірде не себептен қымбаттап кеткені жергілікті органдарға барынша түсінікті. Сондық­тан, бұл жағдайға бақылау жасау тетігі артады. Мәселен, белгілі бір өңірде қант бағасы 40 пайызға өсіп кетті делік. Бұл ақпарат дер кезінде жұмыс тобына белгілі болады. Олар жергілікті жердегі қалыптасқан жағдайға байланысты бұл өңірде алдағы 90 күн ішінде қант бағасын 220 теңгеден асырмау туралы шұғыл шешім қабылдайды. Егер, белгілі бір азық-түлік өнімі шикізаттың немесе электр қуаты тарифтерінің қым­бат­тауына байланысты орын алатын болса, заң жобасында бұл айырманы мемлекет есебінен өтеу шаралары қарастырылған. Жоғарыда атап кеткенімдей, біздің бірқатар рыноктарымызда бірнеше баға көрсеткіштерін қол­дану тәсілі орын алған. Бұл жағдай да заңда ескерілген. Егер, алыпсатарлар қо­сарланған бірнеше баға көрсеткіштерін қолданатын болса, олар әкімшілік жазаға тартылып, кінәлілерге 100 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін айыппұл салы­нады. Бұл шара араны ашылған алыпсатарлардың тәбетін тежейді ғой деп ойлаймын. Сондай-ақ, заң бойынша қандай азық-түлік түрлері импорттала­тынына, олардың қандай бағамен жеткізілетіндігіне, бұл тауарлар қай өңір­лерге және қандай базарларға түскен­дігіне, оларға қанша дәрежеде үстеме сауда бағасы белгіленгендігіне тұрақты мониторинг жүргізу шаралары белгіленген. Яғни, рынокта қалыптасқан жағдайлардың ашықтығын арттыруға көңіл бөлінеді. Рыноктар мен базарларда ашықтық пен жариялылық орын алса, саудагерлердің де жүгенсіздігіне тосқауыл қойылады. «Астық туралы» заңға сәйкес облыс әкімдері мемлекет қоры және мемлекеттік тұрақтандыру қорындағы астық­тан алынған ұн және нан өнімдерінің шекті бағасын бекіту өкілеттігіне ие болды. Қолда бар деректер көрсетіп отырғанындай, биылғы жылы елімізде ешқандай азық-түлік тауарларының тап­шылығы болмайды. 2010 жылы агенттік тарапынан азық-түлік рыногы­ның 289 субъектісінің қызметіне тексеріс жүргізілді. Рыноктағы басымдық жағдайын пайдаланып, жең ұшынан жалғасқан 64 субъектінің үстінен әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде ұн және нан бағасын негізсіз қымбат­татқан 25 делдал бар. Өсімдік майы, қара­құмық және құс етін негізсіз қым­баттатуға жол берген 39 субъектінің үстінен агенттік әкімшілік іс қозғады. Сонымен бірге, қаржы полициясы Батыс Қазақстан облысының екі ұн шығаратын кәсіпорнының үстінен қылмыстық іс қозғады. Ішкі рыноктағы азық-түлік баға­сын тұрақтандыру мақсатында Үкімет та­рапынан, оның ішінде, агенттік ық­палды шараларды жүзеге асыруда. Алайда, бағаны жалаң бұйрықпен бір деңгейде ұстап тұруға болмайды. Бұл рыноктағы әділ де еркін бәсекелес­тікпен реттелуі тиіс. Инфляция кез келген экономикалық көрсеткіш сияқ­ты реттелетін құбылыс. Дегенмен, оны біліктілікпен реттеп отыру керек. Міне, біздің орталық және жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті осы тұрғыдан айшықталады. – Мәжит Төлеубекұлы, агент­тіктің алдағы қызметінің ауқымы мен перспективалары туралы не айтар едіңіз? – Менің ойымша, агенттіктің болашағы зор. Әлемнің барлық дамы­ған елдері экономикадағы жоғары жетістіктерге әділ бәсекелестікті дамыту нәтижесінде қол жеткізді. Қазақстан да экономикалық зор табыстарға осы өркениетті жолмен жетуді мақсат етіп отыр. 2011 жылы агенттік алдында бірқатар нормативтік мақсаттардағы міндеттер тұр. Бұл бәсекелестіктің бірыңғай үдерістері мен ережелері туралы келісімдер жасау, мемлекеттік монополия мәселелері бойынша заңнамалық актілерге түзетулер енгізу жөніндегі жұмысты аяқтау, сондай-ақ еліміздің «Бәсекелестік туралы» заңы­на тиісті өзгертулер мен толықты­рулар енгізу мәселелері болып табылады. Біздің жұмысымыздағы тағы бір маңызды бағыттарға жергілікті атқа­ру­шы органдармен бірлесе отырып өңірлік бәсекелестікті дамыту, бәсеке­лестікке қабілетті орта қалыптастыру үшін өңірлердегі тауар рыноктарының ахуалын зерттеу жатады. Сонымен бірге, өздеріңізге белгілі, агенттік еліміздегі тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы өкілетті орган болып табылады. Осыған байланысты тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе оты­рып тұтынушылар құқығының барын­ша қорғалуын қамтамасыз ету аясын­да бірқатар кешенді шараларды жү­зеге асырмақпыз. Негізінен, біздің атқаратын міндеттеріміздің барлығы дерлік отандық тұтынушылардың құ­қығын қорғауға бағытталған. Мәсе­лен, агенттік Ресейдің федералдық агенттігімен бірлесе отырып рынокта қалыптасқан монополиялық үстем­дігін пайдаланып қызмет бағасын шексіз көтеріп жіберген ірі ұялы телефон операторларының жұмысына жан-жақты тексеріс жүргізіп, заң бұзушылық оқиғаларын анықтады. Нәтижесінде, елімізде жұмыс істейтін бірқатар операторлар ұялы телефон байланысының тарифін төмендетуге мәжбүр болды. Мұндай мысалдарды қаржы рыногындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында атқарылған жұмыстардан да көптеп келтіруге болады. 2011 жыл – барыс бейнелі еліміз­дің тәуелсіздігінің 20 жылдығы ата­лып өтілетін жыл. Қазақстанның мо­нополияға қарсы күрес органда­рының құрылғанына да 20 жыл толады. Осыған байланысты үстіміздегі жылы еліміздің монополияға қарсы күрес саясатын одан әрі жетілдіру мақса­тында бірқатар ықпалды шараларды жүзеге асырмақпыз. Осы мақсат аясында ТМД мемлекеттерімен тәжі­рибе алмасу жұмыстары да жүргізі­леді. Агенттік алдында тұрған басты міндет – елімізді әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына қосу мақсатындағы экономикалық зор жетістіктерге жету жолында әділ әрі өркениетті бәсекелестікті дамыту болмақ. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

Өндіріс өңірлерді өрге бастырады

Ал ол әлеуметтік саланың әлеуетін арттырады

Елбасының тапсырмасына сәйкес Үкімет соңғы кездері өңірлік даму мәселесіне ерекше мән беруде. Өйт­кені, елімізде нарықтық қатынас ор­на­ғаннан бері әрбір өңірдің эконо­ми­касының, тұрмыс-тіршілігінің өзін­дік ерекшеліктеріне байланысты әр түр­лі жағдайдың қалыптасқандығы белгілі. Мәселен, Қазақстанның тәуел­сіз ел ретінде әлемнің басқа елдерімен тығыз экономикалық қарым-қатынастар орнатуы, әлемдік рынок­қа қолда бар шикізат ресурстарын тікелей шығара бастауы негізгі тіршілігі мұнай-газ өндірісімен байла­нысты болып келген еліміздің батыс өңірінің жедел дамуына әкелді. Ал енді өндірістің басқа салаларымен, соның ішінде, ауыл шаруашылы­ғымен шұғылданатын бірқатар об­лыс­тар өздерінің қол жеткізген бұ­рынғы деңгейлерінен төмендеп кетті. Осы ретте Жамбыл облысының жағдайына салыстырмалы түрде тоқ­тала кетейік. 1991 жылғы көрсеткіштер бойын­ша Жамбыл облысының ел өнеркә­сібіндегі үлесі 6,5 пайызды құрай­тын. 2009 жылғы көрсеткіш бойын­ша бұл үлес көлемі енді 1,3 пайызға дейін төмендеген. Сондай-ақ, осы облыстың еліміздің ауыл шаруашы­лығы өнім­дерін өндірудегі үлесі 1991 жылы 29,5 пайызды құраса, 2009 жылғы көр­сеткіш бойынша ол енді 12,1 пайызды ғана құрап отыр. Мұндай төмендеудің негізгі себебі неде? Жамбыл облысында бұрын химия өнеркәсібі, металлургия саласы, тамақ өнеркәсібі жақсы дамыған еді. Бұл салаларда өндірілген өнімдер Кеңес одағының тұтыну рыногында жақсы пайдаланылатын. Алайда, осы үлкен ортақ рыноктың жо­йылуы, бұ­рынғы қалыптасқан эко­но­мика­лық қарым-қатынас­тардың үзі­луі осы об­лыс жағдайына үлкен соққы бо­лып тиді. Осындай фак­тор­лардың ықпа­лымен облыста бұрын пайдалануда болып келген 11 миллион 500 мың гектар ауыл шаруа­шы­лығы жерінің көлемі 2009 жылғы көрсеткіш бойын­ша 4 миллион 400 мың гек­тар­ға дейін қысқарып кетті. Егер облыс аумағында 14 миллион 426 мың гектар жер ресурсы бар екендігін еске алатын болсақ, қазіргі көрсеткіштер бойынша жал­пы жер әлеуетінің үштен бір бөлігі ғана пайдаланылып отыр­ғандығына көз жеткіземіз. Жамбыл облысы бұрын еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы ең да­мы­ған облыстардың бірі болатын. Мұнда мыңғыртып төрт түлік мал өсірілетін. Малдың жүнін, етін, терісін өңдейтін, тамақ өнімдерін шы­ғаратын өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс істейтін. Өкінішке орай, экономиканың негізгі салаларының, соның ішінде, химия және металлургия өнеркәсібінің құлдырауы халық­тың сатып алу қабілетін көп төмен­детіп жіберді. Осының әсе­рінен ауыл шаруашылығы өнім­деріне деген сұраныс азайып, мал басы, олардан өндірілетін өнім көлемі қысқара түсті. Мәселен, 1991 жылы бұл облыста жылына 11 833 тонна жүн өндіріліп келсе, ендігі кезекте оның көлемі екі есеге дейін қысқарды. Осылайша экономика ауқымы­ның қысқаруы, жұмыс орында­ры­ның азаюы әр адамға шаққан­дағы еңбек өнімділігіне де үлкен әсер етті. Мәселен, 2008 жылғы мәлімет бойынша Атырау облысында жылы­на бір адамға шаққанда 7 миллион 466 мың теңгенің, Қарағанды облы­сында 4 миллион 742 мың теңгенің, Алматы, Астана қалаларында 3 миллион 893 мың теңгенің өнімдері өндірілсе, Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 613 мың теңгені ғана құраған. Егер әр өңір өз бетінше дамып, әр адам өз жағдайымен ғана өмір сүретін болса, Жамбыл облысының халқы қазіргі күні өте үлкен қиын­дықтарға душар болар еді. Бірақ мемлекеттің  бүкіл Қазақстан халқы­на ортақ әлеуметтік-экономикалық саясат жүргізуінің арқасында Жам­был облысының халқы өз қиындық­тарымен жеке қалған жоқ. Бұл облысқа республикалық бюджет есебінен жылма-жыл ауқымды субвенция мен трансферттер бөлінетіндігі өз алдына, сонымер қатар, түрлі экономикалық жобаларға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Осының әсерінен қазіргі күні мың жылдық тарихы бар кәрі Тараз қаласының жылдан-жылға жайнай түскендігін байқаймыз. Қазіргі күні облыс халқын газбен қамту ісінде бірқатар проблемалар шешімін тапты. Оған осы облыс аумағындағы Амангелді газ кен орнының іске қосылуы үлкен ықпал етті. Сонымен қатар, Үкімет Елбасы­ның тікелей тапсырмасы бойынша облыста бұрыннан қалыптасқан химия, металлургия өндірістерін қай­та­дан жандандырып, оларды заман талабына сәйкес дамыту ісінде үлкен шараларды жоспарлап отыр. Қазіргі күні оларды жүзеге асыру үшін әлемдік деңгейдегі әлеуетті инвесторлар іздестірілуде. Салынып жатқан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізінің едәуір бөлігі осы облыс аумағын кесіп өтетіндігі белгілі. Бұл жоба толық іске қосылған жағдайда осыдан сандаған ғасыр бұрын кәрі Тараз жерін әлемдік сауда бағытта­рымен тығыз байланыстырып жат­қан көне Жібек жолы қайта жанда­нып, облыстың әлемдік экономика­лық интеграциялық үдерістерге қосылуы бұрынғыға қарағанда қар­қынды сипат алатын болады. Мұның өзі облыс экономикасына тың серпіліс әкелетіндігі анық. Облысқа Қанат Бозымбаевтың  әкім болып келуі өз нәтижесін бере бастағандығы байқалады. Бұрын жылма-жылғы жыр болып келе жат­қан Жамбыл ГРЭС-нің проблема­лары біршама шешімін тапты. Оның үстіне өткен жылы еліміздегі жүзеге асырылу үстіндегі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында Жамбыл облысында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылды. Бұл об­лыста іске қосылған осы жобалар­дың бір ерекшелігі, жұмыс орында­рын неғұрлым көптеп ашу мәселе­сінің алдын-ала ойластырылғандығы дер едік. Соның нәтижесінде, Жам­был облысы өткен жылы жұмыс орындарын ең көп ашқан облыстар­дың қатарына қосылып отыр. Облыс үшін бұл да бір алдан байқалып отырған жақсылық нышаны. Қазіргі күні Үкімет әзірлену үстіндегі Қазақстан Республикасы­ның аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды кестесі аясында аталған облысты одан әрі дамыту ісіне ерекше назар аударуда. Осы кесте бойынша бұл облыста бірінші кезекте ауыл шаруашылығын, тамақ өнер­кәсібін, химия өнеркәсібін дамыту ісіне басымдықтар берілетін болады. Осы үшін облыстың энергетикалық әлеуеті қайта қалпына келтіріледі. Түсті металлургия саласы, дәрі-дәрмек өндірісі, флюорит өңдеу, каль­ций содасын шығару, техника­лық кремний алу, цемент өндіру жә­не одан түрлі қоспалар жасау өнер­кәсібі дамытылатын болады. Сон­дай-ақ, алдын-ала зерттеулер бойын­ша бұл облыста жеңіл өнеркәсіпті, туризмді, көлік логистикасы мен мәшине жасау саласын  дамытудың біршама тартымдылығы бар. Осы мәселелерге де назар аударылып, тиісті шаралар ойластырылу үстінде. Біз осы мақаламызда ел өңір­лерін дамыту ісіне қатысты тек бір ғана облыстың мысалы негізінде әңгіме қозғадық. Ал осындай шаралар басқа облыстарға да қатысты жүзеге асырылып жатқандығы бар­шаға белгілі. Қазір еліміздің қай өңі­ріне бармайық онда тұрып жатқан адамдардың жүзі жарқын, еңсесі көтеріңкі екендігін байқаймыз. Бір қарағанда әдеттегідей жағдайға, қа­лыпты құбылысқа айналып кеткен осы көріністің астарында үлкен мәселе жатқандығын аңғара бермейміз. Ал түбін қуалап келетін болсақ, осының барлығы Қазақстан мемле­кет­тігінің үлкен әлеуметтік саясатты жылдар бойы тынымсыз жүргізуінің нәтижесі. Бір жақсысы, біздің тәуелсіз Қазақстанымыз Елбасының халық қамын күйттеген саясатының және дана басшылығының нәтиже­сінде бұрынғы Кеңес одағы ұстанған әлеуметтік жетістіктердің барлығын сол күйінде сақтап қала алды және оны одан әрі жетілдіре түсуде. Мәсе­лен, бізде орта білім тегін. Оқимын деген жастарға жоғары оқу орында­рына мемлекеттік гранттар беріледі. Оның үстіне оқуға ынталы әрбір жас­тың мемлекеттің жүзеге асыру үстін­дегі «Болашақ» бағдарла­масы­ның ая­сын­да әлемнің кез келген еліне барып, ондағы таңдаулы жоғары оқу орнын­да тегін оқу мүмкіндігі бар. Ал халық үшін мұндай жақсы­лықты кезінде коммунизм орнатуды мақсат еткен әлемдегі ең әлеуметтік мемлекет Ке­ңес одағы да жасай алмаған болатын. Қазақстанда денсаулық сақтау саласының да жағдайы жылдан-жылға жақсара түсуде. Қалалы жерлерде, тіпті ауылдарда да қазіргі заманға лайық жақсы жабдықталған спорт алаңдары салынуда. Мұның сыртында санаулы жылдардың ішінде біздің Қазақстанда мыңға жуық мектеп пен емханалардың, мәдениет мекемелерінің салынған­дығын көріп отырмыз. ТМД-ның, тіпті дүние жүзінің ешбір елі әлеу­меттік мәні бар осындай нысан­дарды салуда дәл Қазақстандай ба­тыл қимылдап, жылдамдық таныт­қан, осы мақсатта мемлекеттің мүм­кін­дік деңгейімен есептегенде ау­қым­ды қаржы бөлген емес. Шағын ауылда 30-40 бала үшін жеке мектеп ұстап отырған осындай мемлекетті басқа жерлерден тауып көріңіз. Сонымен бір сөзбен айтқанда, біздің Қазақстанымыз қазіргі күні әлемдегі ең бір әлеуметтік мемле­кеттердің біріне айналып келеді. Бұл біздің тәуелсіздігіміздің басты же­тіс­тік­терінің бірі. Осыны әр өңір тұр­ғыны, басшысынан бастап бала­сына дейін дұрыс түсінсе екен деп ойлаймыз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

Ылғал – құнарлылық кепілі

2010 жылғы құрғақшылық көптеген ауыл­шаруашылық мамандарын егіншілікті жауын-шашынсыз қалай дамыту керектігі жөнінде ойлан­ды­рады. Құрғақшы­лық­тың қай­талан­бауына ешкім кепіл бола алмайды. Әлем ғалымдары ауа тем­пе­ратура­сының біртіндеп көтеріліп жат­қанын айтуда. Солтүстік Қазақстан егіншілеріне еріген қар суының емес, то­пырақ қабатындағы ылғалдың маңызы зор. Бұл А.И.Бараев атындағы ғылыми-тәжірибелік орта­лы­ғында көпжылдық зерттеу нәтиже­лерінен кейін дәлелденіп отыр. 2010 жылы қазанда «Казахзерно» газетіне берген сұхбатта біздің зерттеу­леріміздің нәтижесінде құрғақшы­лықтың өсім­діктің өсіп-жетілуіне кері әсер ететіні айтылған болатын. Соңғы 50-60 жыл­да егіншілікте өсіп жетілу кезінде мұн­дай жоғары температура мен жауын-шашын­сыз жыл байқалған жоқ. Ауыл шаруашылығы дәнді дақылда­рын өсіру технологиясында ең басты фактор­лардың бірі – егін егер алдындағы ылғал қорының жеткілікті болуы. Бұл мәселені шешу үшін ылғал қорын жинауда қыс айында, бұрынғы кеңестік кездегідей, қар тоқтату іс-шараларын жүргізу қажет. Бірақ қар тоқтату алдында егіншілер көк­темде еріген қар суының топыраққа қо­лайлы және кері әсерін естен шығар­мағаны дұрыс. Негізгі су эрозиясы көктем айында қардың еруі кезінде ағын судың болуынан пайда болады. Егістік топографиясын, агрофон, топы­рақ қабатын негізгі сүдігермен өңдеу, топырақ қа­батының ылғал мөлшерін анықтау сияқта не­гізгі факторларды да естен шығармау керек. Егін жинағаннан кейін күздегі жауын-шашын мөлшері: қыркүйек айында – 2,5 мм., қазан айында – 5,9 мм., және қараша айында – 31,3 мм., орташа көпжылдық мәліметтерде 24,4; 28,7 және 15,5 мм. құрайды. Қараша айының үшінші жарты­сында ауа темпера­турасы тұрақтала бас­тайды. Осы уақыттағы жауған қар мөл­шері 22,0 мм., құрайды, ал орташа көпжылдық мәліметтерде ол – 24,0 мм. Аңыздық дақылдар еңкіс жерлерге егіліп және топырақ қабатына кесе көлделең өңдеу жүргізілмеген болса, осындай жерлерде де ағын су қалып­та­сады. Бұндай егістіктерде қар қабатын 35 см., артық тоқтатуға болмай­ды. Жылда су ағатын және сайлы жерлерді егіншіліктен алып тастап, ондай егіс алқап­тарын шалғынды шөпті және шабындық жерлерге айналдыру керек. 2010 жылы ауа райы қуаңшылығына қарамай біздің зерттеулер бойынша жаңа технологияның арқасында жаздық жұм­сақ бидайдың өнімділігі гектарына 12-16 центнерге жетті. Ал өңдеу технологиясы сақтал­маған жерлерде өнімділік гек­тарына небәрі 2-4 центнер ғана болды. Тағы бір маңызды жәйт, қаржы жетіспеген кезде, материалдық және жұ­мысшы адамдар аз болғанда егіс алқабын қаже­тіне қарай себу керек, қаржыны тек таза және өнімді көп беретін егістіктерге ғана жұмсау керек. Алды­мен, экологиялық қау­пі аз жерлерде қар тоқ­та­ту қажет. То­пы­рақтың құнарлы қабатының шайылуы орны толмас апат. Экология мен топы­рақты эрозиядан қорғау бірінші орында тұруы керек. К.АКШАЛОВ, А.И. Бараев атындағы Ғылыми-зерттеу институтының егіншілік бөлімінің меңгерушісі, Ж.ТАЙШУХЭР, ғылыми қызметкер.

Е-әкімдік қызметін бастады

Жақында Астанадағы “Бәй­­терек” медиа-орта­лы­ғында елор­даның элек­тронды әкім­­дігі жо­басын таныс­тыруға ар­налған бас­пасөз мәс­ли­хаты болып өтті. Онда Астана қала­сының тұр­ғындарына мем­лекеттік қыз­метті элек­тронды түр­де көрсететін жаңа жүйе та­ныстырылды. Жаңа веб-портал атауы –e.astana.kz. Тұрғындар пайдала­нуы­на ұсынылып отырған елор­да­лық е-әкімдік жергілікті атқа­рушы органдардың қыз­метін онлайн режімінде көрсетеді. Жаңа портал арқ­асында мемлекеттік қа­жетті қызметтер жиынты­ғын компьютер қол­дану­шылардың барлығы бірнеше ноқаттарды басу ар­қылы лезде ала алады. Астана­лық­­тар бұдан былай жұ­мыс­пен қамтамасыз ету, білім, тұрғын үй, жер қаты­настары және басқа да 15 қызмет түрін үйден шық­пай-ақ алу мүм­кіндігіне ие болып отыр. Веб-портал­дың басты мақсаты – тұр­ғындар тарапынан барын­ша сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің қолжетім­ділігі мен сапасын арттыру. Портал демалыссыз жұмыс істейді. Ал қызмет жеделдігіне келсек, қала тұрғын­дары кез келген уақытта интернет қосыл­ған жерден тапсырыс жіберіп, оның орындалуын қада­ғалай ала­ды. Портал мүмкін­дігі, уақыты тапшы азамат­тарға ұзын-сонар кезекке тұру арқылы уақыт жоғалт­пай-ақ қажетті құжатын тез әрі сапалы қызмет түрімен алу­дың баламалы жолы бол­мақ. Жобаның жалпы құны 30 млн.теңгені құрайды. Жаңа портал белсенді интернет тұтынушылар са­нын көбейтіп, мемлекеттік мекемелердегі үдерістерді авто­мат­тан­дырады. Е-әкім­дік қыз­­метіне жүгінген аза­мат­тар­дың тапсырысы сол сәтте-ақ тиесілі органға тікелей келіп түседі. Өті­нішті қару мерзімі шешілу уақы­тына қарай 5 күннен жарты жылға дейін созыла­ды. Тұрғындар пор­тал­дағы жеке бұрышы арқы­лы келген анықтама фор­масын баспа арқылы шыға­рып алып, қол­дана беруіне бо­ла­ды. Анық­тамаларды алу ба­ры­сында адам факторы­ның азаюы, үде­рістің ашық­­тығы өте тиімді. Анықтама алу­шылар өзінің нешінші орында тұрғанды­ғын анық­тап, орын­далу үде­рісін ба­қылай алады. Е-әкімдіктегі қызмет көр­­сетудің жаңа жүйесі бір­неше қауіпсіздік саты­сы­нан тұрады. Олар: веб-пор­талға қосылу арнасы­ның қорғалуы, арнайы элек­­тронды сандық қол­таңба, ЖСН. Электронды әкімдік қыз­метін тіркелген елорда­лықтар ғана қол­дана алады. Ол үшін “Элек­тронды үкімет” сайтынан не­месе қаладағы ХҚКО-дан электронды қол­таңба алу қажет. Жүйе ЭСҚ-ға ие азаматтарға құжаттар­дың көшірмесін сақтауға мүм­кіндік беретін жеке элек­тронды кабинет ұсынады. Ал ЭСҚ-сы жоқ тұтыну­шылар үшін мемлекеттік қызмет алу үшін тапсырыс беруге және кезекті брон­дауға мүмкіндік бар. Интернет желісі арқылы са­лық және басқа да төлем­дер­ді талап етпейтін қыз­мет­­тер тегін көрсетіледі. Астана қаласының әкім­дігі ұсынып отырған жаңа қызмет жүйесіндегі қызмет саны бо­ла­шақта бұдан әрі кө­беймек. Жаңа жүйені жасап шыға­рушылар 43 мемлекеттік қыз­мет ішінен елорда тұрғында­ры қатты қажет еткен қызмет түрлерін элек­тронды түрге ауыстырды. Мысалы, бала­лар­ды бала­бақ­шаға орналас­тыруға кезекке тұру, жұмыс­сыздарға есепке тіркелу, мемлекеттік қордан үй алуға үміт­ті азаматтарды есепке алу, 18 жасқа дейін балаға жәрдем­ақы алу анықтамасы секілді қызметтер бар. Қалған­дары болашақта кезең-ке­зең­мен ауыс­тырылатын бо­лады, деді Астана қаласы­ның мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімінің меңгеру­шісі Олжас Омар. Венера ТҮГЕЛБАЙ.

Мақсат – тұрғындар талабынан шығу

Елордадағы Конгресс-Холл фойесінде Астана қаласы Бас жос­парына оның 2030 жылға дейінгі даму бағыты бойынша тү­зетулер енгізу жобасының та­ныс­­тырылымы болып өтті. Жо­баны Елбасының тапсырма