28 Шілде, 2016

«Астана» өз алаңында «Селтикпен» тең түсті

244 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ERA_4244 Кеше Астанадағы «Астана-Арена Қажымұқан» спорт кешенінде «Астана» мен Шотландияның «Селтик» командалары арасында Еуропа чемпиондар лигасы үшінші іріктеу раундының бірінші матчы өтіп, ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Бірден айтып қояйық, кез­десудің өне-бойында алаң ие­лерінің басымдылықтары анық байқалып тұрды. Олар ойын тізгінін де алдымен қолға алды, матчтың есебін де бірінші болып ашты. Біздің жерлестеріміз уақыт ұзаған сайын қарсы қақпа жаққа жасаған қысымын күшейте түсті. Соның ақыры 19-минутта ойындағы бірінші голға алып барды. Әуелі сол жорықтар сәтінде қонақтар айып алаңы ішінде Жуниор Кабананга өте қолайлы жерден мүлт кетті. Сол допты глазголықтар қорғаушысы қақпа сыртына қарай теуіп жібергеннен кейін бұрыштама берілді. Оны орындаған Патрик Твумаси доп­ты қақпашы алаңы ішінде тұрған Юрий Логвиненкоға дәл жеткізді. Ол допты басымен қатты ұрып, қақпаға тоғытты. Астаналықтарда бұдан кейін де есепті ұлғайтудың бірнеше мүмкіндігі болды. Солардың бірінде айып алаңы ішінде қақпашымен бетпе-бет келген Азат Нұрғалиевтің ұрған добын голкипер Крейг Гордон әрең қайырып, бұрыштамаға асырып үлгерді. Мұның соңынан біздің жерлестеріміз тағы бірнеше рет бұрыштама беру құқығына ие болды. Бірақ солардың басым көпшілігінде Твумаси допты дәл алдыңғыдай етіп қақпа алаңына қарай жеткізіп бере алмай, олар қонақтар қорғаушыларының оңай олжаларына айналып кетіп жатты. Екінші таймның бас жағында астаналықтар басым көрінгенімен, қонақтар біраздан кейін алаңдағы жағдайды теңестіруге қол жет­кізді. Сол мезеттерде олар батыл шабуылға да шыға бастады. Осы қарсы шабуылдар 78-минутта меймандарды жауап доп со­ғуға жеткізді. Бұған біздің қақпа алаңында төрт бірдей ойыншыны алдап өткен Патрик Робертс көп еңбек сіңірді. Оның алаң ортасына қарай тастаған добын сол сәтте Ли Гриффитс тоқтатпастан қақпаға қарай тепті. Өзінің сол бүйірі жағынан зу ете қалған допқа Ненад Эрич тосқауыл қоя алмады.  Гол! Есеп осылай теңесті. Бұдан кейін «Астана» жайдақ атқа қонып, тағы біраз қарсыластар алаңына қарай жөңкіле ұмтылды. Сол мезеттерде бірнеше рет алға шығудың мүмкіндіктері болды. Бірақ біздің футболшылар одан тиімді нәтиже шығара алмады. Матчтың соңғы секундтарында Марин Аничич дәл сондай керемет мүмкіндікті босқа жіберіп қойды. Енді командалар бір аптадан кейін Шотландияның астанасы – Глазгода қарымта матч өткізеді. Оның қорытындысы бойынша келесі кезеңге өтетін команда белгілі болады. «Астана» үшін бұл кездесуде кемінде 2:2 есебімен тең ойнау не қандай да бір есеппен ұту керек. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ