Зор жауапкершілікті қажет етеді
Кезектен тыс президенттік сайлау науқанының басталғанына аптаға жуық уақыт өтті. Қазірдің өзінде үш үміткер өз кандидатураларын ұсынды. Ал осынау саяси науқанды ұйымдастырып, ойдағыдай өткізу аса зор жауапкершілікті талап етеді. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі М.А.СӘРСЕМБАЕВПЕН әңгімелескен едік. – Марат Алдаңғорұлы, кезектен тыс президенттік сайлаудың 2005 жылы өткен президенттік сайлаудан қандай басты ерекшелігі бар? – Орталық сайлау комиссиясы осы жылдың 4 ақпанында 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу және өткізу шараларының күнтізбелік жоспарын бекітті. Ал бұл сайлау науқанының басты ерекшеліктері мынада: Мемлекет басшысының жарлықтарымен осы жылдың 2 ақпанында Конституцияға, 3 ақпанда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес президенттік кезектен тыс сайлау екі ай ішінде өткізілетін болды. Ал кезекті президенттік сайлау науқаны Конституцияда көрсетілгендей, үш ай мерзімді қамтиды. Тағы бір ерекшелігі, осы сайлауда дауыс берудің «Сайлау» автоматтандырылған жүйесі қолданылмайды. Себебі, бұрынғы өткен сайлауларда дауыс беруші сайлаушылар «Сайлау» автоматтандырылған аппараттарды онша көп пайдаланбады. Кезектен тыс президенттік сайлау науқаны екі ай болғандықтан, барлық сайлау рәсімдерінің мерзімі де қысқарды. Бұл сайлау комиссияларының, кандидаттар мен олардың штабтарының сайлау науқанына деген күш-мүмкіндіктерін мейлінше жұмылдыруды талап етеді. Біздің ойымызша, белгіленген екі ай мерзім жеткілікті, сайлау науқанын әділ әрі ашық өткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде сайлау науқанын ойдағыдай әзірлеу мен өткізуге 9952 сайлау комиссиясының барлығы қатысуда. – Президенттіктен үміткерлерге қандай талаптар қойылады? – Еліміздің Конституциясына сәйкес Президентті Қазақстан азаматтары жалпыға бірдей тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы 5 жыл мерзімге сайлайды. Президенттікке Қазақстан азаматы болып табылатын 40 жасқа толған, мемлекеттік тіл – қазақ тілін еркін меңгерген және Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын азамат сайлана алады. Кандидаттарды ұсыну 5 ақпанда басталған еді, енді ол 20 ақпанда аяқталады. Кандидаттар ұсынуға саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер құқылы, сондай-ақ азаматтардың өзін-өзі ұсынуларына болады. Сайлаушылардың президенттікке кандидатты қолдауы олардың қол жинауы арқылы расталады. Кандидат ең аз дегенде, еліміздің 14 облысының кемінде тоғызынан, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының атынан теңдей өкілдік ететін 91010 адамның қолын жинауы тиіс. Сонымен бірге, кандидат пен оның жұбайы (зайыбы) тіркеуге дейін тұрғылықты мекен-жайы бойынша салық органдарына 2011 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша табысы мен мүлкі туралы декларациялар тапсыруы қажет. Ал кандидаттарды тіркеу олар барлық қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін басталады және 2011 жылдың 2 наурызында аяқталады. – Сайлаушылар тізімін жасау қалай жүзеге асырылады? – Сайлаушылардың толық және дәл тізімдерін жергілікті атқарушы органдар тиісті сайлау комиссияларына 13 наурыздан кешіктірмей жолдауы тиіс. Ал 18 наурыздан бастап тізімдер азаматтардың танысуы үшін ұсынылуы керек. Азаматты сайлаушылар тізіміне енгізуге оның тұрғылықты жері бойынша нақтылы сайлау учаскесінің аумағында тіркелуі негіз болады. Егер дауыс беретін күнге дейін 15 күн бұрын азамат өзінің тұрақты тіркелу орнынан тысқары кететіндей болса, 18 наурыз бен 2 сәуір аралығында, сағат 18.00-ге дейін өз учаскелік сайлау комиссиясына барып, дауыс беруге құқық беретін есептен шығару куәлігін алу туралы өтініш білдіруіне болады. Осы арқылы сайлаушы барған жеріндегі учаскелік сайлау комиссиясына жеке куәлігі мен есептен шығару туралы куәлікті көрсетіп, дауыс бере алады. Дауыс беру 3 сәуірде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-де басталып, кешкі сағат 20.00-де аяқталады. Ал Орталық сайлау комиссиясы президенттік сайлаудың қорытындысын 9 сәуірден кешіктірмей жариялап, тиісті қаулы қабылдайды. – Марат Алдаңғорұлы, сайлаушыларды дауыс беруге көптеп тартуда ақпараттық жұмыстардың орны бөлек. Бұл бағытта қандай іс-шаралар қолға алынады? – Шынында да сайлаушылар арасында түсіндіру жұмыстары ерекше рөл атқарады. Бұл мәселеге баса назар аударуды мақсат етіп отырмыз. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы ақпараттық негіздегі бейне және аудиороликтерді, плакаттар мен билбордтарды, басқа да көрнекі құралдарды әзірлеп жатыр. Сонымен қатар, азаматтарды өздерінің сайлау құқығын пайдалануға шақыратын жұмылдыру материалдары да дайындалуда. Сайлау комиссиялары сайлау науқанының ашық және жариялы түрде ұйымдастырылып, халықаралық талаптарға сай өткізілуіне баса көңіл бөледі. Биылғы президенттік сайлауға халықаралық ұйымдардан, шет мемлекеттерден, сондай-ақ отандық қоғамдық-саяси ұйымдардан көптеген байқаушылар қатысады деп күтіліп отыр. Мысалы, ЕҚЫҰ Орталық сайлау комиссиясына 400-ге жуық байқаушы жіберетіндігі жөнінде ақпарат түсірді. Байқаушыларды аккредиттеу 7 ақпаннан 28 наурызға дейін жүргізіледі. – Қойылған қолдардың растығын кімдер тексереді? – Алдымен мына мәселелерге тоқталып өтейін. Ұсынылған кандидаттың Ата Заң мен сайлау туралы заңнамада көрсетілген талаптарға сәйкестігі анықталған соң, бес күн ішінде Орталық сайлау комиссиясы оларға азаматтардың қолын жинау үшін қол қою парақтарын береді. Қол жинауды кандидаттардың сенім білдірілген өкілдері жүргізеді. Қол жинаушы топтар мен ондағы адамдардың санына шек қойылмайды. Қол қою парақтары бір орталықта дайындалады және кандидаттың әрқайсысына 100 мың қол жинауға жететіндей 5 мың данадан беріледі. Қажет болған жағдайда қосымша қол қою парақтарымен қамтамасыз етіледі. Қол қойылған парақтар аумақтық сайлау комиссияларына тапсырылады. Ал қол қойылған парақтардың растығын сайлау комиссиялары төлқұжат қызметінің қызметкерлерін қатыстыра отырып, 5 күн ішінде тексеріп бітіруі керек. Содан кейін оның қорытындысы туралы хаттама жасалып, ол Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі. Қол қойылған және расталған сайлаушылар саны 91010-нан кем болмауы тиіс. Егер расталған сайлаушы саны 91010-ға жетсе, қалғанын тексеру қажет етілмейді. – Президенттікке өзін-өзі ұсынған кандидат Уәлихан Қайсаров Лингвистикалық комиссияның сынағынан өтпей қалды. Көпшілік оның себебін білгісі келетіні анық. – Барлық кандидатқа қойылатын талаптың бірі – мемлекеттік тілді еркін меңгеруге тиістілігі. Ол үшін үміткер қазақ тілінде сауатты оқып, сауатты жаза білуі, сондай-ақ өз ойын айқын жеткізуі қажет. Оны Лингвистикалық комиссия кандидаттан сынақ алуға арналған отырысында анықтайды. Ал Уәлихан Қайсаров Лингвистикалық комиссияның 8 ақпанда өткен отырысындағы сынақта талап деңгейінен көріне алмады. Себеп – осы. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.Мемлекеттік тілді еркін меңгерген
Сәрсенбі күні Орталық сайлау комиссиясында президенттікке үміткер Мұсағали Дуамбеков Лингвистикалық комиссияның мүшелеріне мемлекеттік тіл – қазақ тілін еркін меңгергендігі жөнінде сынақ тапсырды. – Экология проблемасымен айналысып жүргеніме 20 жылдан асты, – деді Халықаралық экологиялық академиясының президенті Мұсағали Дуамбеков сынақ тапсырар алдында журналистерге берген сұхбатында. – Ғылым докторлығын экологиядан қорғағанмын, 22 кітаптың авторымын. Осыдан бес жыл бұрын «Менің Қазақстаным» республикалық экологиялық партиясын құрған едім. Өкінішке қарай, партия әлі күнге дейін тіркеуден өткен жоқ. Егер сынақтан өтіп, кандидат ретінде тіркелсем, сайлау науқанында экологиялық мәселелерді көтеретін боламын. Өйткені, елімізде экологиялық проблемалар жеткілікті. Сұхбат барысында президенттікке кандидат сайлауда өзінің жеңіске жете алмайтындығын, бірақ екінші орынға көтерілетіндей, сайлаушылар дауысын жинау үшін күш салатындығын да айтып қалды. Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков президенттікке кандидат Мұсағали Дуамбековке мемлекеттік тілді еркін меңгеруге қатысты сынақтың тәртібімен таныстырып, конвертке салынған сұрақтарды таңдап алуын өтінді. Кандидатқа «Абай – қазақ халқының рухани көсемі» деген тақырып шыққан екен... Кандидат Мұсағали Дуамбековтің сынақ тапсыру нәтижесін Лингвистикалық комиссияның төрағасы хабардар етті. Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, Мұсағали Дуамбеков тақырып бойынша шығарма жазуда өз ойын сауатты жеткізген. Оның сөйлем құрауы да комиссия мүшелерінің көңілінен шықты. Дегенмен, жазба жұмысында тыныс белгілері мен орфографиялық қателер де кездесті. Соған қарамастан, үміткер жазба жұмысын жақсы жазып шыққан. Үміткер, сондай-ақ сынақта Мағжан Жұмабаевтың үш өлеңін өз деңгейінде келісті оқып берді. Ал кандидат көпшілік алдында еркін сөз сөйлеуде төселгендігін көрсетті. Президенттікке кандидат Мұсағали Дуамбеков барлық сұрақтарға дұрыс жауап берді, – деді Мырзатай Жолдасбеков Лингвистикалық комиссияның қорытындысына байланысты. – Үміткер жалпы мәселені білетіндігін аңғартты. Біз кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген қорытындыға келіп отырмыз. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.Үйлесімділік
Сонымен, Қазақстандағы президенттік сайлау үстіміздегі жылдың 3 сәуіріне белгіленді. Мұндай шешімді Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған референдум өткізуге мүмкіндік беретін түзетулерді конституциялық емес деп танығаннан кейін қабылдады. Енді еліміз алдында сайлауалды науқанын табысты ұйымдастырып, осы үдерісті өз деңгейінде әрі жауапкершілікпен өткізу міндеті тұр. Бұл жәйт бүгінде тексеруден өтіп, өзін ақтаған тұрақтылық және өсу жолымен жүруді немесе дағдарыстан шығуды күмәнді саяси күштерге сеніп тапсыруды таңдайтын ел халқының құзыретіне тікелей байланысты. Үстіміздегі жылдың 31 қаңтарында Конституциялық Кеңес іс басындағы Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік беретін референдум өткізу туралы заң жобасына қатысты өзінің кесімді шешімін білдірді. Сол күні Ұлт Көшбасшысы халыққа үндеумен шығып, Конституциялық Кеңес шешімімен келісетінін айтты және заң талабын қатаң ұстанатынын мәлімдеді. «Референдум өткізуден бас тарту бізге өмірдің өзі ұсынып отырған жақсы тарихи сабақ болады ғой деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы өз ұстанымына орай. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев өзінің қазіргі өкілеттік мерзімін екі жылға қысқартып, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдағанын жария етті. Президенттің бұл шешімін қоғамның барлық жіктері – үкіметтік емес ұйымдардан бастап оппозициялық партияларға дейін қолдады. Қабылданған шешімге осындай бірауызды мақұлдауды халықаралық қоғамдастық та жан-жақты білдірді. Балама президенттік сайлауға ден қою Нұрсұлтан Назарбаевтың өз бағытының дұрыстығына сенімділігін көрсетеді. Өйткені, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары ешқандай күмән тудырмайды. Оның үстіне, сайлау уақыты айтарлықтай оң таңдалып отыр – дағдарыс аяқталды, Қазақстан белсенді экономикалық өсімнің, индустрияландырудың жаңа кезеңіне өтіп, сандық дамудан сапалық дамуға басымдық беруді дұрыс деп тапты. Жаңа экономикалық кезең саяси жағдайды реформалар жүргізуді бүкілхалықтық сайлауларда президенттік мандатты қуаттау арқылы көкейкестілендіруді талап етеді. Парламенттің Президентке мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы Жарлық шығаруға мүмкіндік беретін түзетулерді мақұлдағанын, соның нәтижесінде алдағы 3 сәуірде президенттік сайлау өтетінін жоғарыда айттық. Ал кандидаттардан әзірше нақты бір адамды ғана атап айтуға болады: ол – қазіргі Мемлекет басшысы. Өзін-өзі ұсынған Уәлихан Қайсаров қазақ тілін меңгеруіне байланысты өткізілген сынақтан мүлт кетті. Оның үстіне, жеңіске жету үшін қазіргі Мемлекет басшысының қарсыластарына өздерінің бағдарламаларын Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламасына қарағанда үлкен нәтижелер әкелетіндігі пайдасына дәйектей алулары тиіс. Олардың мұндай тиімді де баламалы бағдарлама қалыптастыру ықтималдығы күмән туғызады. Өйткені, Елбасының іс-қимыл жоспары деп 28 қаңтар күні жариялаған Қазақстан халқына Жолдауын алатын болсақ, онда шын мәнінде мемлекеттік саясаттың таяу жылдарға арналған негізгі бағдарлары егжей-тегжейлі жазылғанын көреміз. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстанның тәуелсіздік алған кезінен бергі сәттерді жан-жақты сараптаудан өткізген. Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы, посткеңестік экономикалық дағдарыс белең алған тұста, Қазақстан өз күшіне сенім артып, енді ғана өзінің валютасы бар тәуелсіз экономика құрып жатқан кезде интеграцияланған экономикалық көрсеткіш – елдің даму деңгейін айғақтайтын және оның азаматтарының әл-ауқатын дәйектейтін ішкі жалпы өнім бар болғаны 700 АҚШ долларын құрағанын еске салды. Сол шақта биліктің мемлекетті жұмыссыздық пен кедейшілік шырмауынан алып шыға алатынына сенгендер тым аз еді. Алайда, Үкімет Президенттің басшылығымен Қазақстанның жаңа нарықтық экономикасының негізі болған реформаларды табандылықпен ілгері жылжытты. Нәтижесінде қол жеткен экономикалық өсімге орай көптеген қазақстандықтар жұмыс тауып, болашағына сенім артты және тұрақты өмір артықшылығының тәтті дәмін сезіне бастады. Қазір елімізде жан басына шаққандағы ІЖӨ 9 мың АҚШ долларынан астам қаржыны құрайды. Бұл көрсеткіш тіпті доллар инфляциясын есепке алғанда Венгрия, Малайзия, Сингапур, Польша мемлекеттері тәуелсіздіктерінің алғашқы жылдарындағы сәйкес өсім ырғағынан айтарлықтай артық. Дағдарыс уақытында жүрісін сәл баяулатқанымен, бүгінде қазақстандық экономикалық локомотив қайта күш ала бастады. 2010 жылы индустрияландыру шеңберінде кейінгі инновациялық дамуға берік іргетас қалайтын 154 жаңа өндіріс орны ашылды. Мыңдаған жұмыс орындары құрылып жатыр. Соған қарамастан, Қазақстан бизнес-ахуалдың оң көрсеткішіне ие болғандықтан көшбасшылар қатарында келе жатса да, аталған мәселені жақсартуды ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Мәселен, мемлекеттік органдардың шаруашылық субъектілерінің ісіне араласуын шектейтін бірқатар заңдар қабылданды. Сонымен бірге, жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізілуде. Соңғы жылдары республикалық деңгейдегі 40-тан астам басшы, 250 облыстық және қалалық ауқымдағы лауазым иелері, олардың ішінде 39 әкім мен олардың орынбасарлары бар, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Президент кез келген шендегі шенеунік коррупциялық қылмысы үшін заңды жазалаудан қашып құтыла алмайтынын атап көрсетті. Осы аралықта Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, экономикалық және әлеуметтік қайта жаңғырулар марафонын жалғастыруға шақырып отыр. 2014 жылға қарай Үкіметтің қолдауымен жалпы сомасы 8 триллион теңгеден астам қаржыны құрайтын 294 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады. Орташа есеппен алғанда шамамен 200 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Индустрияландырудың басты мақсаты экономиканың шикізаттық тұтынуынан кетіп, түбегейлі инновациялық қайта құрулар мен ақпараттық қоғам экономикасына иек арту болып табылады. Мемлекет басшысы түбегейлі реформаларды тәмамдаудың мақсатты мерзімі етіп 2020 жылды белгіледі. Бұл мерзімге қарай ІЖӨ 30 пайызға өссе, өңдеу саласындағы өндіріс көлемі өндіруші саладағы сәйкес көрсеткішті басып озады. Шикізаттық емес секторға инвестиция да 30 пайызға ұлғайып, экономика құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрайтын болады. Ал Ұлттық қордың активтері ІЖӨ деңгейінің үштен біріне жетеді. Оның үстіне, 2020 жылға қарай қазақстандықтардың саны 18 миллион адамға дейін өсетіні, кәсіби білім-білігі жоғары маман кадрлар үлесі 40 пайызды құрайтыны, жұмыссыздық 5 пайыздан аспайтыны болжанып отыр. Бұл, әрине, жақсы болжам және қол жеткізуге әбден болатын меже. Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент болған жылдарында көтерген бастамалары Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық прогресс бағытында ілгері жылжытып келе жатқаны дәлелдеуді қажет етпейді. Дей тұрғанмен, Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауында көрсетілген басымдықтар елімізді дамыған мемлекеттер санатына қосу және тұрғындардың өмір деңгейін жоғарылату үшін аса қажет. Бұл жерде мәселе аталған бағдарламаны кімнің жүзеге асыратындығында. Осы тұрғыдан алып қарағанда, президенттік өкілеттікті Қазақстанның серпінді дамуын тәуелсіздіктен соңғы ұзақ жылдарға созылған жемісті жұмысымен ұтымды дәлелдеп келе жатқан жемісті бағдарламалардың авторы – қазіргі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолында қалдырған дұрыс деп білеміз және отандастарымыздың басым бөлігінің дәл осылай ойлайтыны күмәнсіз. Самат МҰСА.Ешқандай да саяси тапсырыс жоқ
Газеттің өткен нөмірінде хабарланғанындай, президенттікке өзін өзі ұсынған кандидат Уәлихан Қайсаров мемлекеттік тіл – қазақ тілін еркін меңгеруді анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссиясының сынағынан өте алмады. Осыған байланысты 9 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы өз отырысында президенттікке кандидат Уәлихан Қайсаровты Конституция мен «Сайлау туралы» Заң талаптарына сәйкес келмейтіндігі туралы қаулы қабылдады. Оның басты себебі, президенттіктен үміткер Уәлихан Қайсаровтың мемлекеттік тілді еркін меңгермегендігіне байланысты. Өйткені, кандидат Лингвистикалық комиссияға сынақ тапсыру барысында «Болашақ бүгіннен басталады» деген тақырыптағы екі беттік шығармасында 28 орфографиялық қате жіберген. Сонымен қатар, ол мәтінді оқуда көптеген стилистикалық қателіктерге жол берген. Белгіленген талаптар бойынша, президенттікке кандидат үш беттен аспайтын көлемдегі мәтінді еркін оқып, 15 минөттен кем емес уақытта еркін түрде сөз сөйлеуі тиіс. Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің мәлім етуінше, президенттіктен үміткер бұл тапсырмаларды орындауда бірқатар қателіктерге жол берген және қосымша сұрақтарға нақты жауап қайтара алмаған. «Кандидатқа екі бет жазбаша түрде шығарма жазу тапсырылған еді, – деді осыған байланысты Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков. – Біз оған тапсырманы өз уақытында орындауға мүмкіндіктер жасадық, одан кейін біз үміткердің жұмысын тексердік. Оның жазған екі беттік шығармасында 28 қате жіберілгендігі анықталды». Көпшілік бұл нәрселерден жете хабардар болуы үшін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Мырзатай Жолдасбековтен президенттікке кандидат Уәлихан Қайсаровтың жазған шығармасын көпшілікке ұсынуды өтінді. Жасыратыны жоқ, кандидаттың жазған шығармасында жіберілген қателер қызыл сиямен анық көрсетілген екен. Президенттіктен үміткер Уәлихан Қайсаров Лингвистикалық комиссияның сынағынан өте алмағанын саяси тапсырыстың салдары деп мәлімдеген болатын. Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің мәлім етуінше, президенттікке кандидат Уәлихан Қайсаровтың сынақтан өтпегендігі оның саяси тапсырыстың салдары деп мәлімдеуіне ешқандай негіз бола алмайды. «Өздеріңіз білесіздер, ел Президенті мемлекеттік тілді еркін меңгеруі және мемлекеттік тілде өз ойын нақты жеткізуі қажет, – деді осы жөнінде Мырзатай Жолдасбеков. – Өкінішке қарай, кандидат бұл межеден көріне алмады. Сондықтан Лингвистикалық комиссия Уәлихан Қайсаровты президенттік лауазымға үміткерлікке лайық емес деп тапты. Өйткені, ол мемлекеттік тілді жете меңгермеген. Бұл жерде ешқандай да саяси мәселе жоқ». Отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов осы мәселеге қатысты журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап қайтарды. Оның атап өтуінше, Уәлихан Қайсаров Комиссияның қабылдаған шешіміне келіспейтін болса, оның сотқа жүгінуіне мүмкіндігі бар. Бұл – оның конституциялық құқығы. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.