Елбасының осы жылғы 27 қаңтардағы Жарлығымен 2011 жыл «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деген ұранмен өткізілетін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылы деп жарияланды.
Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың төрағалығымен құрамына Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің өкілдері, Парламент депутаттары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері кіретін осы Мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті.
Елбасы алға қойған тапсырмалар аясында Қазақстанның 20 жылдығы жылы іс-шараларын өңірлік және республикалық деңгейде дайындау және оларды өткізу жөніндегі нақты міндеттер белгіленді.
Осы мақсатта Елбасының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік комиссияның шеңберінде мынандай төрт жұмыс тобы құрылды:
– Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Ө.Исекешев жетекшілік ететін Ұйымдастырушылық, құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша;
– Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары М.С.Әшімбаев жетекшілік ететін Ақпараттық қолдау және қоғамдық-саяси мазмұндағы іс-шаралар өткізу мәселелері бойынша;
– Мәдениет министрі М.А.Құл-Мұхаммед жетекшілік ететін Мәдени-гуманитарлық іс-шараларды өткізу мәселелері бойынша;
– Астана қаласының әкімі И.Н.Тасмағамбетов жетекшілік ететін Астана қаласындағы мерекелік іс-шараларды өткізу жөніндегі жұмыс тобы.
Қ.Саудабаев отырысты қорытындылай келе: «Елбасымыз Н.Назарбаев атап өткендей, «Тәуелсіздіктің мерейтойы мемлекеттің жаңа тарихындағы аса жарқын айтулы оқиға болуы тиіс. Бұл 2011 жылдың ғана емес, Тәуелсіздік жылдарындағы жүріп өткен жолдардың квинтэссенциясы». Сол үшін 20 жылдық, шынымен де, жалпыұлттық мереке болуы және оның белсенді қатысушысы әрбір қазақстандық болуы аса маңызды. Біздің басты мақсатымыз әрбір отандасымыз тәуелсіздік жылдарында өз ауылының, қаласының, өмірінің жақсы жағына қарай ауысқанын, оған және отбасына Тәуелсіздіктің берген бостандығы мен мүмкіншілігін сезінуі үшін экономика, мәдениет және қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы Қазақстанның оң әсер қалдыратын жетістіктерін көрнекі түрде көрсету болып табылады. Соның ішінде осы жетістіктердің барлығында жаңа Қазақстанның архитекторы және құрушысы, әлем мойындаған кемеңгер көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдесі жоқ еңбегін әділ көрсету де ерекше маңызды. Елбасы мен елдің біртұтас екендігін тағы бір рет көрсету керек», – деп қадап айтты.
Жақсыбай САМРАТ.