02 Тамыз, 2016

Алматы облысында халық полицеймен қоштасты

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
[caption id="attachment_54313" align="aligncenter" width="700"]02.08.2016 ALM egemen.kz[/caption] Алматыдағы қылмыстық әрекетте бейбіт елге беталды оқ атқан қылмыскер қаруынан   ауыр жараланып, Алматы қалалық жан сақтау бөліміне түскен полиция аға сержанты Серік Әбілдаев та көз жұмды. Ол туған жер Күрті деп аталатын аядай ауыл арыстай азаматынан айырылып, Әбілдаевтар әулеті қайғы жұтып  қалды.  Ауыл перзенті, Алматы қалалық ІІД жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция полкінің аға сержанты Серік   Әбілдаев  кезекті қызметтік міндетін атқарып жүргенде аяқасты дабыл қағылып, аса қауіпті   қылмыскерді  қоршауға алуға нұсқау түседі. Қаруланған қылмыскер Р. Күлекбаевты тұтқындау операциясына қатысып, шұғыл нұсқау бойынша қауіптің бетін қайтару ісіне кіріседі. Алайда, жас  өскін  екі жерінен ауыр жараланып,  құлайды. Дәрігерлер  ажалдан арашалап  қалудың   сан  алуан  әрекетін  істесе де, жазмыштан озып кете алмады. 31 шілде күні Әбілдаевтардың үйіне таңалакеуімнен халық  көп жиналды. Осы ауылда  оның асқар таудай әкесі, ақ сүт беріп өсірген анасы тұрады.  Алматы облысы  әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев қаралы үйдің табалдырығын аттап, марқұмның әке-шешесіне, ет жақын бауырларына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты. Өңір  басшысы  Амандық Баталовтың  да тосыннан  келген   қайғыға ортақ екендігін жеткізіп, мұндай  ауыр жағдайдың енді қайталанбауын тіледі. Сондай-ақ, қайғылы отбасына  билік  тарапынан  барлық көмектің жасалатынына уәде беріп, « Серіктің ерлігі – бізге өшпес өнеге. Ол  нағыз   азаматқа  тән  азаматығын  көрсете  алды. Ең қиын сәтте өзгенің  тасасына   тығылмай, елдің амандығы үшін алдыға шықты. Қауіппен бетпе-бет келді. Серік – нағыз қазақтың жыр-дастандарында айтылатын батырларындай  айқындалды. Келешек ұрпақ оның ерлігін мақтан тұтатын болады. Осы ретте Шәкәрім  қажының  бір  ғұламалығы  қоғамды адамгершілікке шақыру үшін үлкен үлгі керек екенін айтып кеткені  ойға  түседі.  Серіктің ерлігі ғасырларға жалғасады. Ұмытылмайды», деді ол. Қаралы жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Румиль Тауфиков, Алматы қалалық  ІІД басшысы, генерал-майор Серік Күдебаев, сондай-ақ, Ақши және Күрті ауылдарының тұрғындары келді. Жаназадан кейін қаралы топ Қарасай ауданына қарасты Бекболат ауылындағы мазарға қарай бағыт алды. Ерлікпен жан тапсырған ұланның мүрдесі Первомай ауылдық округіне қойылды. Қаралы жиын соңынан марқұмның рухына Құран бағышталып, ас берілді. Нұрбол   ӘЛДІБАЕВ  Алматы  облысы, Іле  ауданы