03 Тамыз, 2016

Қазақ кілемі қалай пайда болды?

630 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
IMG_6655 «Қазақ кiлемi» атауын брендке айналдыруға күш салып жүрген Талғат Исхаховтың кәсiп­кер­лiк саласында қол жет­кiзген табысы аз емес. Ол басқаратын «Бал Текстиль» ЖШС-нiң өнiм­дерi Қыр­ғызстан, Ресей, Тәжiкстан нарығында жоғары сұранысқа ие бол­ғаны өз алдына, үйге қажеттi тұрмыстық заттар брендiн қалып­тастыруда аты әйгiлi шведтiк IKEA International Group компания­сы «кiлемдi сiздерден алсақ» деген өтiнiштерiн бiлдiруде. «Бал Текстиль» кәсiпорны бүгiнде жылына 2 млн. шаршы метр кiлем тоқып, 3 мың тонна жiп иiрiп отыр. Қазақстанда баламасы жоқ кiлем тоқу кәсiпорнының жұмысымен Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы келiп танысуы да бекер емес. Алайда... Бүгiн өз жолын айқындап алған өндiрiстiң иесi Талғат Исхахов­тың кәсiпкер ретiнде танылып, табысқа жетудегi сыры қандай? Таңмен таласып тұрғанның бәрi де кәсiпкер болып кетпегенiн көрiп жүрмiз. Бизнесмен болуға әркiмнiң-ақ ынтасы бар. Әсiресе, оң­түстiкқазақстандықтарды «ширақ, бизнеске бейiмдi» деп жатады. Бiрақ, бәрiнiң бiрдей тiрлiгi «Бал Текстильдей» танымал бола қоймауының себебi неде? Осы жерден өткен күнге шегiнiс жа­сап көрейiк. Талғат Исхаховтың жүрiп өткен жолы қандай? Жалғыз сиырын сатып Алматыға кеттi Бәйдiбек ауданы Жүзiмдiк ауылында туып-өскен Талғат Жүнiсбекұлы Шымкенттегi сол кездегi М.Әуезов атындағы педагогика институтында сырттай оқи жүрiп, ауыл мектебiнде мұғалiм болатын. Үйленген, ол кезде екi кiшкентай қызы бар. Ел қатарлы күн көрiп-ақ жүр. Ал, бала күнгi арманына қол жеткiзiп, қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi деген дипломды алып, шаңырағына шаттана жеткен күнi көңiлi құлазып кеттi. Тоқсаныншы жылдардың басындағы тұрмыстағы қиындық Талғаттың шаңырағын да айналып өтпеген. Мектеп мұғалiмiнiң айлап жалақы алмауы отауын жаңа тiктеген жас отбасына ауыр тиiп жатқан-ды. «Дипломды болдым» деп келгендегi қуанышын бөлiсерге, достарын шақырып думандатуға қолы қысқа. Ал, келiншегi жұбайының өмiрiндегi өзiндiк орны бар қуанышын отбасылық мереке етiп өткiзуге барын салып бәйек болып жүр. Дастарқанда... қара нан мен құмшекер ғана бар едi. Мұның өзi сол кезеңдегi жарты байлық дерсiз. – Осы бiр көрiнiс маған қатты әсер еттi. «Отбасымды асырай алмасам, балаларымның тойып тамақ жеуiне жағдай жасай алмасам, несiне азаматпын деп жүрмiн» деген ой келдi. Осы ойға тас түйiн болып бекiнгенiм сонша, бала күннен арман етiп, ұстаз боламын деген мақсатымды кейiнге шегере тұруға бел будым. Тiрлiк iстеп, әрекет ету керек деп шешкенiммен, ол үшiн қолда қаржы болу қажеттiгiн ойлағанда тағы да мазам қашты, –дейдi кешегi күндi еске алған Талғат Исхахов. Әкеден бес жасында қал­ған Талғат көп балалы отбасынан шық­қан. Анасы үйелмелi-сүйелмелi 9 ұл-қызды жалғыз ба­ғып-қағып, осы күнге жеткiзiп отыр. Кiмнен көмек сұрасын. Ба­уырлары да өзi секiлдi «шықпа жа­ным, шықпамен» тiрлiк кешiп отыр. «Бiрдеңе iстеу керек?» де­ген­дi iштей жиi қайталағанмен, не iстеу керектiгiн нақты шеше алмай қиналды. Қапелiмде көзi түскенi есiк­тiң алдындағы жалғыз сиыр болды. Сол жылы ол да қысыр қа­лып, ағарғаннан айырылып, қамығып отырған-ды. Түнiмен дөңбекшiп, ауыр ойдан арыла алмай шыққан Талғат сол сиырды са­ту керек деп шештi. Ауылда мал алатындай ешкiмде ақша жоқ. Бәрi өзi сияқты жарты жылдап жалақы көрмей отырған жұрт. Нақты ақ­ша қалалықтарда ғана бар. Ал Шым­кенттiң базарына сиырын апару үшiн көлiгi бар ауылдасы 500 теңге сұрайды. Тәуекелге бел буды. Ауылдағы малсақ ақсақалға сиырын көрсетiп едi «құны 5 мың теңге болады» деп болжамда­ды. Бұл тоқсаныншы жылдар­дың ба­сында үлкен ақша болатын. Шым­­кенттiң базарына түнделетiп жеткен Талғат таң бозарып атысымен базарға келген алымшыларға сиы­рының құнын 5 мың теңге деп айтудан жалықпады. Күн қайтып қалған, базарда адам аяғы сиреген, ал, мұның сиыры өтпей тұр. Ауы­лына қайтып алып кетсе жалдап келген көлiкке қосымша тағы 500 теңге төлеуi тиiс. Алып келiп, алып қайтқаны мың теңге болмақ. Ондай ақша қалтада жоқ. – Өзiме қоңды болып көрiнген сиырым базардағы малмен салыс­тырғанда кiп-кiшкентай, ап-арық болып шыға келмесi бар ма? Не iстеу керек? Өткен бағасына берiп тынайын дедiм де 2 мың теңгеге саттым. Оның 500 теңгесiн сиырды ауылдан алып келген көлiктiң иесiне берiп, мың жарым теңгесi­не «Қырғы базарға» барып, үйге қажеттi азық-түлiк алдым. Ұн, құм­­­шекер, пiсте май алып, ауылға баратын көлiктен «үйге апарып бере салыңдаршы» деп салып жi­бердiм де, өзiм тиын-тебеннiң басын құрап, Алматыға қарай тартып тұрдым, – дейдi Талғат кешегi қиындығын еске алып. Алайда, ауылдан келген жiгiттi Алматы да құшақ жая қарсы алмады. Жұмыссыздық жайлаған елде нәпақа iздеп алыс ауылдардан үлкен қалаға ағылған өзi сияқты азаматтар аз емес едi. Кездескен қара жұмысқа жалданып жүрдi. Ауылда қалған отбасын ойлағанда, күн-түн демей жұмыс iстеп, ақша табуға бар. Бiртiндеп қиын күндер артта қалып, Талғат сауда жасауға кiрiскен. Кентаудан шығатын су қай­натқыш құрылғыны (кипятильник) Алматы базарына апарып сатады. Сөйтiп жүргенде 1994 жылы базарда кiлем сататын нағашы ағасы Қайрат қасына шақырды. Алдымен Қытайдан, сосын Түр­киядан келетiн кiлемдердi пойыз­дан өздерi түсiрiп алып, базар­ға алып шығады. Сауда өлтiрген жоқ. Отбасын Алматыға көшiрiп алды. Үйлi-баранды болып жүрiп жатты. Бiрақ «Неге бiздiң елдiң өз өнiмiн сатпасқа? Кiлем тоқу қа­­зақтың қыз-келiншектерiнiң негiзгi кәсiбi едi ғой... Қазақстан­да кiлем тоқитын зауыттың болма­уы қалай?» деген ой маза бермей жүр­дi. Түрiктiң кiлемiн сатып оты­рып, «қазақтың кiлемi» деген ұғымды қа­лай қалыптастырсам екен», деп бас қатырды. Талғат Жүнiсбекұлына кiлем алушы қазақтардың базарға келгенде «Бельгиялық, ирандық кiлем бар ма?», «Түркияның кiлемiн iз­деп жүрмiн» деген талаптары намысына тие бастады. «Кезiнде неше түрлi ою салып, қалы кiлем тоқыған апа-әжелерiмiздiң өнерi ұмыт қалып, кiлем өндiрiсi тек шетелдiктердiң ғана қолынан ке­­­­летiн кәсiп болғаны ма?» деген ой мазалай бастады. Жалған намыстан түк шықпайтынын, нақты кәсiп үйренiп, әрекет ету керектiгiн түсiнген шақта Түр­киядан кiлем жеткiзiп берушi тү­рiк кәсiпкерлермен етене араласа бастады. Кiлем тоқудың технологиясын үйренуге ден қойды. Ой-арманы пiсiп жетiлгенде тү­рiк кәсiпкерлерiмен бiрлесе отырып, кiлем өндiрiсiн Қазақстанда өркендетудiң жоспарын түздi. – Тәуелсiздiгiмiздiң арқа­сында кәсiп­керлiкке кең жол ашылды. Қолынан iс келе­тiн аза­маттарға мемлекет тарапынан қолдау жасалынып отыр. Осының барлығын неге тиiмдi пайдаланбасқа?! Менi ендiгi жерде отандық өнiм шығару идеясы мазалай бастады. Бизнес-жос­парымды пысықтап, облыс әкi­мiнiң орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың қабылдауына жазылдым, – дейдi Т.Исхахов. Бұл кезде Елбасы Н.Назарбаев­тың тап­сырмасымен Шымкентте «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары жүрiп жат­қан. Кәсiпкердiң кiлем өн­дi­рiсiн ашу идеясы облыс әкiмдiгi тарапынан қызу қолдау тапты. Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындауда «Бал Текстильдiң» алғашқы өнiмi базарға 2013 жылы шыға бас­тады. Алдымен iшкi нарыққа жол тартқан тауардың сатылғанынан сатылмай тұрғаны көп болатын. «Сапасы нашар, бояуы оңып кетедi екен» деген қаңқу сөз кәсiпорын басшысының қабырғасына шаншудай қадалатын. Жоғары технологияларды басшылыққа алған, әлемдiк тәжiрибеде мәртебеге ие қон­дырғылармен тоқылып жат­қан кiлемнiң сапасы шетелдiк та­уар­дан бiр мысқал кем емес едi. Бар мәселе «Шымкенттiң кi­­­лемi», «Отандық өнiм» деген ұғым­­ға тұ­тынушының әлi де болса кү­мән­мен, күдiкпен қарауынан туындаса керек. Оны тексерiп те көрдi. – Базардағы сатушылар бiз­дiң кiлемдi «Түркияның кiлемi», «Бель­гияның кiлемi» десе сатылып кетедi екен. Осыны бiлген кей алыпсатушы әрiптестерiмiз «Қазақстанда жасалған» деген этикетканы жапсырмай-ақ қо­йы­ңыздаршы» деп өтiнiш айта бас­тады. Бұл менiң намысыма тидi. Сапасы артық болмаса кем түспейтiн отандық өнiмдi, салыс­тырмалы түрде алғанда бағасы да қалтаға қонымды келетiн кiлемдi, керiсiнше, мақтанышпен сатуымыз керек емес пе? Бiрақ, өкпелегеннен тұтынушының қызығушылығын арттыру мүмкiн емес. Сондық­тан да түрлi деңгейдегi көрмелер ұйымдастыру iсiн қолға алдық. Елге қазақ та кiлем тоқи алатындығын, қазақтың кiлемi көзтартарлық ою-өрнекпен көмкерiлгендiгiн iсi­­мiзбен дәлелдеуге тырыстық, – дейдi Талғат Исхахов. Өндiрiс орнын ашу бiр басқа да, өнiм шығару, оны тұтынушының сұранысына ие болатындай ету оңай шаруа емес. «Бал Текстиль» ЖШС-нiң басшысы ретiнде Талғат Жүнiсбекұлының алдынан ендiгi кезекте осындай мәселе шыға бас­тады. – Қайтсек отандық өнiмнiң өрiсiн кеңейтемiз деп жүргенде Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев Шымкентке келген сапары барысында фабрика жұ­мысымен танысатын болды. Өз тауарымыздың сапасына сенiмдi болғандықтан Президентке кiлем­дерiмiздi қысылмастан көрсеттiк. Әсiресе, қазақтың неше түрлi оюы салынған нұсқасын көргенде Елбасы «Мыналарың дұрыс екен. Менiң бала күнiмдi еске түсiр­дiңдер. Әжелерiмiз бен шеше­лерiмiз кiлем тоқығанда осындай өрнек салушы едi. Осы қалып­та­рыңнан айнымаңдар. Отандық өнiмге әркез үлкен қолдау жасалады. «Қазақстанда жасалған» де­ген белгi ұрылған тауар ең сапа­лы, ең өтiмдi болатынына сене­мiн» деп жiгер бердi. Негiзiнде Ел­ба­сы­мыздың болашақты болжай алатын, алдағы күнге сенiм арта­тын қасиетiн үлкен кiсiлердiң ау­зы­нан талай естiгенмiн. Осы жо­лы сол қағидатқа нақты көзiм жеттi. Президент келiп кеткен соң, жiгерлене жұмыс iстедiк. Ол кiсi берген тапсырманы бұлжытпай орындауға тырысудамыз, – дейдi кәсiпкер. Елiмiзде баламасы жоқ, жоба­лық құны 8,450 млрд. теңгенi құ­раған өндiрiс орны осылай дүниеге келдi. Еуропа елдерiне танымал, түркиялық «Kartal Carpets» компаниясымен бiрлесiп ашылған «Бал Текстиль» кәсiпорны күнiне 6 мың шаршы метр кiлем тоқып, сауда нүктелерiнен бөлек, фабриканың өзiнде бүгiнде 240 адамды жұ­мыс­пен қамтып отыр. Сауда нүк­­те­ле­рiндегi қызметшiлердi қосқанда серiктестiкте мыңнан астам адам еңбек етуде. Олар үш мез­гiл те­гiн тамақпен, жатақ­ха­намен қам­тамасыз етiлген. Елiмiзде фабрика кiлемдерi «Тұран», «Хантәңiрi», «Алатау», «Лидер», «Сары­арқа», «Барыс» мар­каларымен танымал болса, шетелдер де қазақ кiлемдерiн «ANTIQUE IMPTRIAL», «ASTSNA DELUXE, VIZION, MASHAT SILK, KASHAN, тағы басқа маркаларымен тұтынушылар бiрден танып жатады. «Бал Текстиль» кiлем тоқып қана қой­май, кiлем тоқуға қажеттi Heat Set, BCF, Freeze полипропилендi жiптер иiрiп отыр. Жiп иiру, текстуралды созу, орау машиналарының бәрi де әлемдiк өндiрушiлерден, Гер­маниядан, Бельгиядан сатып алынған қондырғылар. Себебi, мұн­да ең бастысы сапаға үлкен мән берiледi. – Қазақстанның барлық облыс орта­лықтарында өз өнiмi­мiздi ұсынатын көтерме сауда нүк­телерiмiз бар. Ресей, Тәжiкстан, Қырғызстан нарығында да қазақ кiлемдерiне деген сұраныс артып келедi. Алдағы кезде Қытай, Моң­ғолия нарығына шықсақ дей­мiз. Жақында Франциядан келген кәсiпкер әрiптестерiмiз де қызығушылық танытты. Өз елдерiнде бiздiң өнiмнiң сатылуына мұрындық болсақ деп отыр. Ал, шведтiк IKEA компаниясы үйге қажеттi барша тауардың басын бiрiктiрiп, брендтiк үлгiдегi тұрмыстық заттардың iшiнен «Бал Текстильдiң» кiлемдерiн көрсек деп отыр. Қазiр осы компанияның тапсырысы бойынша кiлемнiң бiр­неше нұсқасын тоқудамыз, – дейдi Талғат Исхахов. Өндiрiстiң үшiншi кезеңi iске қосылады Кәсiпкерлiкте қол жеткiзген та­бысының құпиясына қаныға түсу үшiн әлi де болса сыр суыртпақтап келе жатырмыз. Барлығы дерлiк автоматтандырылған фабрика­да кiлең қаракөз қазақтың қыз-жiгiттерi жүр. Бiрi технолог, ендi бiрi дизайншы, жiп иiрушi... қазақтың ұл-қызы кәсiп игере бастаған. Әсiресе, дизайн бөлi­мiнде отырған 20 жас маманды көр­генде таңданысымызды жасыра алмағанымыз рас. «Осыншама дизайнер көп емес пе?» деймiз iшкi ойымызды сыртқа шығарып. – Бұлардың төртеуi күн сайын жаңа дизайн ойлап табумен айналысады. Қалғандары өндiрiске енгiзiлген үлгiлердi қалыпқа кел­тiру, кем-кетiгiн түзету, жаңа ди­­зайнды өндiрiске дайындау iсiмен айналысады, – дейдi Талғат Жүнiсбекұлы. Расында да, жыл тұрмақ, ай сайын интерьер ауыстыруға құм­был дамыған елдерге iлесемiз де­сек, үй жиһаздарымен үйлесiм табатын төсенiш кiлемдердiң де жаңа түрiн ойлап табу, оның тұрмыста қолдануға ыңғайлы болуын күйттеу оңай шаруа емес. Ауылдан келген жастарды Түр­кияға жiберiп, бiлiм алып, кiлем өндiрiсiн меңгерiп қайтуына жағ­дай туғызған да өздерi екен. Есесiне, шетелдiк тауардан бағасы арзан болғанымен, сапа­сы бiр мысқал кем түспейтiн «Тұ­ран», «Алатау» және «Барыс» сауда белгiлерiмен шығарыл­ған «Бал Текстильдiң» кiлемде­рi Еу­ропа төрiнде брендтi IKEA ком­паниясының таратуы арқылы танымал бола бастады. Отандық өндiрiстi қолдауға басымдық берiп отырған «Даму» қоры арқылы қаржылай несие ал­ып, өндiрiстi одан әрi қарай да­мытуға бет алған «Бал Текстиль» ЖШС-нiң кiлем фабрикасы алдағы кезде өндiрiстiң үшiншi кезеңiн iске қоспақ. Ондай жағдайда жылына 15 млн. шаршы метр кiлем то­қылып, 8 мың тонна полипропилен кiлем жiбi иiрiлетiн болады. Бұл өз кезегiнде фабрикадағы жұ­мыс орнын 700-ге жеткiзедi деген сөз. – Бизнесте ең бастысы адал­дық керек. Жалқау, ерiншек, тiр­лiктi тиiп-қашып iстейтiн адам ұзақ тұрақтай алмайды. Бiз­ге жұ­мысқа орналасып алып, көп ұзамай жұмыстан сұрана беретiн, әр нәрсенi сылтау етiп ен­жарлық танытатын адамдар кездеседi. Ондайлар көпке бармайды. Кәсiпкерлiк тазалықты сүйедi. Арам пиғылмен ұзаққа бару мүмкiн емес. Ал, ынтасы бар, iзденiсi, жауапкершiлiгi басым жастарды көрсек, қуана-қуана қолдап, оның бизнесте өсуiне қам­қоршы болуға дайынбыз. Талғат Исхаховтың кәсiп­кер­лiкте жеткен табысының басты сыры да осында болса керек. Тоқ­сан жасқа келiп дүниеден озған анасы ұл-қызына үнемi «бiреудiң ала жiбiн аттамаңдар. Барлығын да өз еңбектерiңмен, маңдай терлерiңмен табыңдар» деп отырады екен. Ана аманатына адал бо­луға тырысқан перзенттiң «қай iстi бастасам да бiр Аллаға сыйынып, абыройсыз ете көрмегейсiң деп бастаймын» деуi де көңiлге қуаныш ұялатады. «Бар арманым «Қазақ кiлемi» деген брендтi қалыптастыру» дей­­дi кезiнде жал­ғыз сиырын сатып, кәсiп iздеп кеткенiне еш өкiнбейтiн, бүгiнде төрт ұл-қыз өсiрiп отырған кәсiпкер. Отандық өнiм өндiрушiнiң өз мақсатына жетуiне бiз де тiлектеспiз. Жәмила МАМЫРӘЛІ, журналист Оңтүстік Қазақстан облысы