03 Тамыз, 2016

Серіктің ерлігі ұмытылмайды

552 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
03082016 polis Бейбіт елге беталды оқ атқан қылмыскердің қолынан ауыр жараланып, Алматы қалалық ауруханасының жан сақтау бөліміне түскен полиция аға сержанты Серік Әбілдаев та көз жұмды. Күрті деп аталатын аядай ауылдың пер­зенті, Алматы қалалық ІІД Жергілікті по­­лиция қызметі жол-патрульдік полкінің аға сержанты Серік Әбілдаев ке­зекті қызметтік міндетін атқарып жүр­­­генде аяқасты дабыл қағылып, аса қа­уіпті қылмыскерді қоршауға алуға нұс­қау түседі. Қаруланған қылмыскерді тұт­қындау операциясы ке­зінде ауыр жара­ланған Серік Әбілдаевты дәрігерлер ажалдан арашалап қала алмады. Әбілдаевтардың үйіне таңала­кеуімнен халық көп жиналды. Күрті ауылында оның асқар таудай әкесі, ақ сүт беріп өсірген анасы тұрады. Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев қаралы үйдің табалдырығын аттап, марқұмның әке-шешесіне, ет жақын бауырларына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты. Өңір басшысы Амандық Баталовтың да тосыннан келген қайғыға ортақ екендігін жеткізіп, мұндай ауыр жағдайдың енді қайталанбауын тіледі. Қайғылы отбасыға билік тарапынан барлық көмек жасалатынына уәде беріп, «Серіктің ерлігі – бізге өшпес өнеге. Ол нағыз азаматқа тән ерлік көрсете білді. Қауіппен бетпе-бет келді. Бірақ тайсалған жоқ. Келешек ұрпақ оның ерлігін мақтан тұтатын болады. Серіктің ерлігі ғасырларға жалғасады. Ұмытылмайды», деді ол. Қаралы жиынға Алматы қаласы әкі­мі­нің орынбасары Румиль Тауфиков, Ал­маты қалалық ІІД басшысы, генерал-майор Серік Күдебаев, Ақши және Күрті ауылдарының тұрғындары келді. Серік Әбілдаевтың рухына құран бағышталып, ас берілді. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан»  Алматы облысы, Іле ауданы