Халық қалт айтпайды: жаманды көрсе «ана сүтіне жарымаған» деп жерден алып жерге салып жатады. Бекер емес екен. Ана бауырындағы балаға ақ сүтімен бірге мейірім, парасат секілді адамгершілік қасиеттерді де дарытады. Ана мейіріне қанбаған баланың, ұлттың болашағы бұлдыр...
Бүгінде әлем жұртшылығы осы мәселеге алаңдайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ана мен бала саулығына қатысты көптеген мәселенің ұшығы осында жатыр деп санайды. Аталған ұйымның дерегінше, жер жүзі балаларының 38 пайызы ғана жарты жылға дейін ана сүтін тата алады екен. Сол себепті ДДСҰ мен ЮНЕСЕФ ұйымдары бірлесіп 1990 жылдан бері тамыздың алғашқы жетісінде бала емізу ұлттық апталығын өткізіп келеді. Тұрақты. Оған әлемнің 170-тен астам елі қатысады. Біздің Қазақстан да бар.
Биылғы ұлттық апталықты мамандар «Баланы емізу – тек тамақтандыру ғана емес» деп атапты. Жоғарыда біз айтқан маңызын да түсіндіруді көздесе керек. Жыл сайын жарты әлемді қамтыған зор науқанмен өтетін шараның мақсаты – нәресте үшін ана сүтінің аса маңызды екенін насихаттау, сәбилер арасындағы аурулардың алдын алу, жүкті және бала емізетін аналарға қолдау көрсету.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің хабарлауынша, ұлттық апталық аясында баланы емізу мәселелерінің артықшылықтарына арналған бірқатар консультативтік шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, олар отбасын жоспарлау, бала көтеруге және босануға дайындалу, жас ана мектептері мен дені сау бала кабинеттерін ұйымдастыру қатарлы мәселелерді қамтып, болашақ ұрпақ үшін емізудің маңыздылығын түсіндіретін семинарлар мен тренингтер, шеберлік сағаттары мен дәрістер өткізуді көздейді.
Еліміздегі перинаталдық көмектің тиімділігін арттыру жайы да мамандар назарынан тыс қалмайды. Өйткені, біздің Еуропадан қалып тұрған жалғыз осал жеріміз осы ғана. Басқа көрсеткіште озып тұрмыз. Мәселен, көбіміз жұмақ ел санайтын Ұлыбританияда дүниеге келген нәрестелердің небәрі 25 пайызы ғана 6 айға дейін ана сүтін еме алады. Бұл әлемдегі ең нашар көрсеткіш екен. Бұған ағылшын шенеуніктері 2009 жылға дейін күшінде болған «қоғамдық орындарда бала емізуге тыйым салатын» заңды айыптайды. Қазір атышулы заңның күші жойылған.
Жапон әйелдер балаларын қайда барса да арқалап жүруді әдетіне айналдырған. Уақытымен емізуге қатты көңіл бөледі. Бесікке бөлеп, үлкендерге тапсырып кету деген оларда атымен жоқ. Қытай келіншектері аса жұмысбасты болғандықтан, сәбилеріне ана сүті орнына қолданылатын арнайы қоспаларды беріп алдауға мәжбүр. Сондықтан да оларда жаңа туған нәрестелерге беретін тағам түрлерін өндіру қарқынды дамып келеді. Еврей аналар (Израиль) сәбилерін ақ сүтімен асырағысы-ақ келеді, бірақ елдегі еңбек заңы оған мүмкіндік бере бермейді екен. Өйткені, оларда декреттік демалыс үш айдан аспайды. Үндістанда дүниеге келген шақалақты бір күн өткен соң ғана анасының бауырына салады. Олар ананың алғашқы күнгі сүтінің пайдасы аз деп санайды.
Баланы емізу жөнінен солтүстік еуропалықтар үздіктердің бірінен саналып, үлгі етіліп жүр. Статистикалық деректер бойынша, мұндағы нәрестелердің 80 пайызы кемінде 6 айға дейін анасының ақ сүтімен ғана қоректенеді екен. Бірақ біздің елдегі көрсеткіш олардан да жоғары – биыл 84 пайызға көтерілген! Осылайша, қазақтың аналарына өзге ешбір ел жетпей тұр.
Ана сүті – ең алдымен нәрестенің дені сау өсуіне, иммунитетінің берік қалыптасуына ықпал етеді. Мәселен, елімізде бала емізу көрсеткішінің жақсаруы арқасында нәрестелердің өкпе қабыну дерті 14 пайызға төмендеген.
Бала өмірге келген соң алғашқы алты ай бойы тек емізу керек деп санайды мамандар. Содан кейін қосымша тамақ бере отырып, екі жасқа немесе одан әрі қарай емізуді жалғастыру маңызды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің дерегінше, ана сүті баланың сенсорлық және когнитивтік дамуына ықпал етеді, нәрестені инфекциялық және созылмалы аурулардан қорғайды. Емізу баланың диарея немесе пневмония секілді аурулардан болатын өлім-жітімін қысқартады және одан жылдам сауығуға ықпал етеді.
Бесбоғда Алтай,
«Егемен Қазақстан»