04 Тамыз, 2016

Қамбаға түспеген егінді біздікі деме...

290 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қостанай облысында астық жинау науқанына қызу дайындық жүріп жатыр Биыл Қостанайда егіннің шығымы жақсы. Қыста көп жылдар болмаған қалың қар түсті. Жаз жаңбырлы болды. Бүгінде бітік егін пісуге бет алды. Кейбір аудандарда шілденің екінші онкүндігінде 2-3 айлық нормадағы ылғал түсті. Жаңбырдың тым жиілеуі алқаптарда бидай сабағының қара күйесі, септориоз секілді саңырауқұлақ ауруларының пайда болуына себеп болды. Бұл аурулар астықтың сапасына әсер ететіні белгілі. Әдістемелік орталықтың мамандары күн сайын алқаптарға бақылау-зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыр. Әзірге облыс бойынша 470 мың гектардан аса алқап саңырауқұлақ ауруларымен зақымданған. – Ауруға шалдыққан алқаптың 65 пайызы өңделді. Орақ түскенше бұл көлем 470 мың емес, 600-700 мың гектар болуы да мүмкін. Толассыз жауған жаңбырдан облыс­тың орталық және солтүстік аудандарындағы егіс алқаптары зардап шегуде. Сондықтан аудан әкімдерінің орынбасарларын, ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдарын, тәжірибелі шаруашылық жетек­шілерін жинап, астықты сақтап қалудың және оны жинау науқанына нақты іс-қимыл жоспарын жасауды жөн көрдік, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов басқосуда. Өсімдік қорғау және карантин қазақ ғылыми-зерттеу институты облыстық филиалының директоры Айгүл Олейник дәнді дақылдар ауруларына қарсы өңірде жұмыстар үзбей жүргізілетіндігін және диқандар үшін үнемі кеңестер беріліп отыратындығын айтты. – Соңғы үш жылда дәнді дақылдар ауруларының тұтас кешені, яғни септориоз және астық сабағы қара күйесі ауруларының тез жайылып, белең алып кететіндігі байқалады. Мұның алдын алмаса болмайды, деп ескертті ғалым. Сонымен қатар, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Ауыл шаруашылығы министрлігінің әдістемелік орталығы бидай алқап­тарының зақымдану көлемін нақты анықтап, осы ауруларға қарсы мониторинг жүргізуі және тұқымды өңдегенде осы мәселені де ескеруі тиіс екендігін айтты. Басқосуда тәжірибелі шаруа­шы­лық басшылары жауын-шашынды жылдары жиын-терін жұмысының күрделі болатындығын, сондықтан оған дайындық мәселесінде нені ескеру керектігін ортаға салды. Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру қазақ ғылыми-зерттеу институтының директоры Владимир Астафьев биылғы жиын-терін науқанының басталу мерзіміне, техниканың дайындығы мен жиналған астықты сақтау қоймаларының жағдайына көңіл бөлді. Облыста астық жинау науқанына 75 мың тонна жанар-жағармай бөлінді, диқандар үшін оның бір литрінің бағасы 96 теңге болады. Машина-трактор пар­кінің 95 пайызы сақадай-сай тұр. Күзде астық алқаптарына 11 мың комбайн шығады, оның 3 мыңы жоғары өнімді озық техникалар. Биыл астық сақталатын қоймаларға 7,2 миллион тонна дән құюға мүмкіндік бар. Өткен жылдарғы жауынды күздердің тәжірибесі диқандарға астық кеп­тіретін құралдарды қажетінше дайын­дау керектігін еске салып отыр. Қазір облыста 278 астық кептіргіш бар, олар тәулігіне 170 мың тонна дән кептіре алады. Алқаптарда бітік егін жайқалып тұр. Алайда көз тойғанмен, дән қамбаға құйылғанша оны қолда бар деуге болмайды. Сондықтан облыс әкімі ауа райы ерекшелігін ескере отырып, әр ауданда техниканың, элеваторлардың дайындығы жөнін­де нақты жоспар болуын қатаң ескертті. Мол астықты шығынсыз жинап алу үшін науқан кезінде қолда бар мүмкіндіктің барлығы да қарастырылады.  Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы