04 Тамыз, 2016

Ұлттық банк хабарлайды, түсіндірме береді, түсіндіреді

486 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Light2016-01-21 12.25.33_1Y8A7069_50 mm Төлемдік қатынастарды жаңаша реттеу Шілде айының соңында Мемлекет басшысы «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңға қол қойды, оның негізгі міндеттерінің бірі – төлем нарығы үшін жаңа құқықтық ая қалыптастыру, төлем қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту және төлемдер мен ақша аударымдары саласындағы банк практикасын жетілдіру. Құжат кәсіби қоғамдастықтың еліміздің төлем саласын жетілдіру мәселелеріндегі жүйелі жұмысын қорытындылайды. Оның бірегейлігі – заңды әзірлеу кезінде төлем нарығына қатысушылардың, оның ішінде қаржылық қызметтерді тұтынушылардың практикасы талданып, пікірлерінің ескерілуінде. Жаңа заң қандай маңызды өзгерістерді көздейді, тұтынушыларға не береді және тұтастай алғанда еліміздің төлем жүйесі қалай дамуда? Бұл сұрақтарды Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Ғалымжан ПІРМАТОВҚА қойсақ. – Ғалымжан Олжаұлы, заң жобасын талқылау кезінде көптеген пікірлер, ұсыныстар болды. Нәти­жесінде қандай маңызды ұсыныстар құжатқа енді, күнделікті практикаға оның әсері қандай және сіздің пікіріңізше, нарық пен халықтың күтулері ақталды ма? – Расында да құжат төлем қатынастарының барлық қатысушылары – банктердің, басқа да маңызды қатысушылардың, сарапшылардың да, реттеушінің де жан-жақты саралаудан өткен пікірлері, ескертулері мен ұсыныстары ескеріле отырып, пысықталды. Заңды әзірлеу кезінде басқа елдердің оң тәжірибесі және Қазақстанның төлем жүйесінің жұмысына жасаған бағалау қорытындысы бойынша халықаралық қаржы ұйымдарының ұсынымдары зерделенді. Айта кетері, бұл мәселе тек бізді ғана толғандырмайды: осы сала­дағы арнайы заңнамалық актілер ЕО елдерінде, Сингапурда, Англияда және РФ-да қабылданған. Заң төлем жүйелері мен операторларының жұмы­сын регламенттеу; төлем нарығын кешенді реттеу; банк практикасын жетілдіру; төлем нарығының ашықтығын және тұрақтылығын арттыру сияқты міндеттерді шешуге бағытталған. Ол, бірінші кезекте, елімізде жұмыс істейтін жеке банктік емес төлем ұйымдарының қызметін мемлекеттік бақылаудың арқасында төлем қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Бұл ретте бұрынғы «Ақша төлемі мен аударымы туралы» 1998 жылы қабылданған Заң төлем қатынастарын дамытуда маңызды рөл атқарғанын атап өтемін. Ол ТМД-дағы алдыңғы қатарлы заңдардың бірі болды. Бірақ ол негізінен банк пен клиент арасындағы қатынастарды ғана қамтып, төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру тәртібін айқындады. Төлем жүйелерін құру мен оның жұмысының, сондай-ақ төлем нарығын реттеу мәселелері регламенттелмеді. Бүгінгі күні ақпараттық-коммуникациялық технологиялар белсенді дамып, күнделікті өмірімізге енуде, тиісті құқықтық орта қалыптастыруды талап ететін инновациялық бизнес-шешімдер, жаңа төлем құралдары, ойыншылар мен жүйелер пайда болуда, осы салаға тиесілі халықаралық стандарттар жетілдірілуде. Осының барлығын негізге ала отырып төлем қызметтері мен жүйелері нарығында нақты құқықтық аяны құру үшін жаңа заң әзірленген болатын. Төлем жүйелері саласындағы жаңалықтардың бірі – құжат халықаралық стандарттарды ескере отырып, төлем жүйелерін жүйелік маңызы бар, маңызды, өзге жүйелер деп жіктеуді енгізеді. Бұл төлем жүйелеріне Ұлттық Банктің тиімді қадағалауды жүргізуі үшін қажет. Тұтастай алғанда, реттеушінің өкілеттіктері нақтыланғанын атап өтуге болады. Әлемдік практикада жүйелік маңызы бар төлем жүйелеріне жұмысындағы іркілістері елдің қаржылық жүйесінің тұрақтылығына әсер етуі мүмкін жүйелерді жатқызады. Бізде мұндай жүйеге Банкаралық ақша аудару жүйесін жатқызуға болады. Жүйелік маңызы бар төлем жүйесі жұмысының қаржы нарығы үшін маңызының бар екенін ескере отырып, реттеуші оның жұмысына тұрақты мониторингті жүзеге асыруы тиіс. Маңызды төлем жүйесі қатарына, мысал ретінде, банктер мен олардың клиенттері төлемдерінің айтар­лықтай көлеміне қызмет көрсететін банкаралық клиринг жүйесін жатқызуға болады. Бұл төлем жүйелерінің қызметінде қандайда бір іркіліс болған жағдайда бұл теріс әлеуметтік-экономикалық салдарларға әкелуі мүмкін. Сондықтан жүйелік маңызы бар және маңызды төлем жүйелерінің үздіксіз және тиімді жұмыс режімін қамтамасыз ету үшін олардың операторларына және тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын негізгі талаптар айқындалады. Өзге төлем жүйелері Ұлттық Банкке есептілік береді және оларға қатысты «қатаң» бақылауды жүзеге асыру көзделмейді. Тағы бір жаңалық ретінде төлем жүйелері жұмы­сының хабарлама режімін енгізуді атап көрсетуге болады. Ел аумағында отандық жүйені құрған кезде немесе жаңа шетелдік төлем жүйесі жұмыс жасауға шешім қабылдағанда оның операторы бұл жайында Ұлттық Банкті хабардар етуі тиіс. Барлық төлем жүйелері тізілімге енгізіледі және реттеушінің ресми сайтында жарияланады. Ұлттық Банк төлем жүйелері опера­торларының заңда белгіленген талаптарды сақтауын бағалауды және қадағалауды жүргізетін болады. – Заңда «төлем қызметтерін беруші» термині пайда болды. Төлем қызметтерін беруші мәртебесін кім алады, ол тіркеуден өтуі тиіс пе? – Төлем қызметін беруші – жалпы алынған ұғым. Оған төлем нарығының төлемдер мен ақша аударымдары бойынша қызмет көрсететін барлық субъектілері жатқызылған. Реттеу мақсатында Заңның маңызды функциясы төлем қызметтерін берушілердің мынадай санаттарын айқындау болып табылады: банктер; банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар; пошталық ақша аударымдарын жүзеге асыратын пошта операторлары; төлем ұйымдары; төлем агенттері мен қосалқы агенттері және олар көрсететін төлем қызметтерінің түрлері. Бұл жағдайда төлем ұйымы, банктің төлем агент­тері мен қосалқы агенттері нарықтың жаңа субъек­тілері болып табылады. Төлем ұйымдарына, мысалы, электрондық ақша жүйелерінің немесе мезеттік ақы төлеу жүйелерінің операторлары, процессингтік компа­ниялар, мобильді және басқа да электрондық төлем­дерді өңдеу жөніндегі операторлар жататын болады. Олардың қызметін реттеу үшін Ұлттық Банкте есептік тіркеу рәсімі көзделеді. Егер заң қабылданғанға дейін Ұлттық Банкте осындай компаниялардың саны, көрсететін қызметтердің түрлері, халықтың шағымы туралы ресми ақпарат болмаса, енді заң реттеушіге осы аталған ұйымдардан тиісті статистикалық есептілік жинақтауға өкілеттік береді. Ұлттық Банк, сондай-ақ, халыққа төлем қызметтерін көрсетуге құқылы төлем ұйымдарының тізілімін жүргізетін болады, ол тізілім реттеушінің ресми сайтында орналастырылады. Банкпен агенттік шарт жасасқан кез келген заңды тұлға төлем агенті бола алады. Қосалқы агент – бұл олар төлем агентімен шарт жасасқан заңды тұлға, жеке кәсіпкер. Осы санаттардың енгізілуі банктерге өздерінің қызмет көрсету желілерін кеңейтуге мүм­кіндік береді, бұл халыққа, әсіресе ауылдық жерлерде төлем қызметтерін неғұрлым қолжетімді етеді. Банк өз агенттерінің тізілімін жүргізеді және клиенттерінің алдында ортақ жауапкершілік атқарады. Төлем қызметтерін берушілердің әр санаты үшін рұқсат етілген төлем қызметтерінің түрлері айқын­далып отыр. Банктер төлем қызметтерінің барлық түрле­рін көрсете алады. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар («Қазпочта» АҚ-тан басқа) банк шоттарын ашуды және жүргізуді, сондай-ақ төлем карточкалары мен электрондық ақша шығаруды қоспағанда, барлық төлем қызметтерін көрсете алады. ҚР ҰБ есептік тіркеуден өткен төлем ұйымдары халықтан төлемдер үшін банк шотын пайдаланусыз қолма-қол ақшаны қабылдау бойынша, сондай-ақ электрондық ақшаны және төлем карточкаларын тарату бойынша, клиенттер электрондық нысанда бас­тама жасаған және электрондық ақша қолдана отырып жасаған төлемдерді өңдеу бойынша қызметті ұсына алады. Төлем агенттері мен қосалқы агенттер қолма-қол ақшаны банк шотына есепке алу үшін немесе банк шотын пайдаланусыз жасалатын төлемдерді қабылдай алады, сондай-ақ ЕДБ мен Қазпочта шығарған элек­трондық ақша мен төлем карточкаларын тарату бойын­ша қызметті ұсына алады. Заңды қолданысқа енгізгеннен кейін аталған санаттарға жататын төлем қызметтерін берушілерге өз қызметтерін заңның талаптарына сәйкес келтіру үшін 6 ай беріледі. Олардың есептік тіркеуден өтуі немесе ЕДБ-мен немесе төлем ұйымдарымен тиісті шарттарды жасасуы қажет болады. Осылайша, төлем нарығында төлем қызметтерін көрсету бойынша қызметті жүзеге асыратын банктік емес субъектілерге қатысты мемлекеттік реттеу режімі енгізіледі. – Заң, негізгі реттеу ережелерімен қоса әлеуметтік бағытымен де ерекшеленеді. Бұл жерде қандай жаңалықтар бар? – Халық үшін маңызды болатын негізгі жақсы жақтарын атап өтейін. Біріншіден, төлем жүйесіндегі үрдістерді жеделдету жөнінде айтуға болады. Заңнамалық тұрғыдан банктердің төлемдерді жүргізу мерзімі ең көп 4 күннен 2 күнге дейін, ал 2017 жылдың ортасында төлемдерді орындау күнбе-күн қысқартылады. Екіншіден, банк қызметтерінің ашықтығы артады. Енді банктер мен төлем қызметтерін басқа да берушілер шарттың талаптарын және ел ішіндегі төлемдер бойын­ша өз тарифтерін ұлғайту жағына қарай біржақты тәртіпте өзгерте алмайды. Олар төлем операциясы жасалғанға дейін клиентті комиссия мөлшерімен таныстыруға да міндеттенеді. Біз бұдан бұрын да атап кеткеніміздей, халық төлем операцияларын жүргізу үшін банк агенттерінің қызметтерін пайдалана алатын болады және де ол өз кезегінде төлем қызметтерінің қолжетімділігін едәуір арттыруға септігін тигізбек. Заңның қабылдануының арқасында адамдардың әлеуметтік жағынан қорғалуы артады: жәрдемақылар, әлеуметтік, тұрғын үй төлемдері үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан қорғалады. Білім беру жинақтау депозитіндегі ақшадан, сондай-ақ нотариус депозитінің талаптарымен енгізілген ақшадан өндіріп алуға жол берілмейді. Бұл шоттарға инкассалық өкім және төлем тапсырмалары қойылмайтын болады. Азаматтар банктік емес төлем ұйымдарының қызметін пайдаланған кезде де олардың құқықтары қорғалады. Олардың қызметі реттелмек (ҚР ҰБ есептік тіркелу) және олар туралы ақпарат қолжетімді болмақ. Осылайша, халыққа төлем ұйымдарының тізімі туралы хабарланады және адамдар тексерілген компаниялардың қызметін пайдалана алады, бұл олардың құқықтарын қорғауды арттырады. – Заңның қабылдануымен банктердің күнделікті практикасында қандай өзгерістер болады? – Клиенттермен жүргізілетін жұмысқа және төлемдерді өңдеу мерзімін қысқартуға қатысты нормалармен қоса, практиканы жақсартатын мынадай жайттар көзделуде: заңда «электрондық төлем құралы» ұғымы енгізіледі. Әңгіме ақпаратты сақтайтын және төлем жасаған кезде иесін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін кез келген электрондық тасымалдағыш жайында болып отыр. Осы уақытқа дейін төлем карточкасы төлем ақпаратының жалғыз тасымалдағышы болды. Ал қазіргі кезде чип, SIM-карта, компьютер, планшет, смартфон, сағат және өзге де электрондық құрылғылар төлемді бастама жасауға мүмкіндік беретін құрал ретінде қолданыла алуда. Алушының пайдасына жүйелі төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын жаңа құрал – тұрақты жұмыс істейтін тапсырма енгізіледі. Мысалы, сақтандыру компаниясына автоматты түрде жүйелі төлемдер жүргізу, мобильді телефонның шотын толықтыру, ай сайын депозиттер бойынша сыйақыны аударуды реттеуге болады және т.с.с. Халықаралық тәжірибені бағдарға ала отырып тікелей есептен шығаруды (дебетті) қолдану тәртібі түрлендірілді, сондай-ақ банк шотының тікелей дебеті ұғымы қайта қарастырылды. Тікелей дебет өзінің жаңа нұсқасында төлем тапсырмасын емес, ақша алушының ақша жөнелтушінің шотына ұсынатын талаптарын қолдануды көздейді. Ақша жөнелтушінің өз банкіне ақша алушының төлем тапсырмасын орындауға алдын ала берген келісімі оны қолданудың шарты болып табылады. Банк клиенттен мерзімі өткен берешегін өндіріп алуы үшін де тікелей дебетті қолдануға жол беріледі. Бұл үшін банктік қарыз шартында клиенттің тиісті келісімі болуға тиіс. Осылайша, тікелей дебеттеу құралы арқылы, мысалы кредитті, коммуналдық және басқа ай сайынғы қызметтер үшін ақыны төлем мерзімін өткізіп алмай төлеуді тиімді реттеуге болады. – Қазақстанда төлем саласы бүгін қалай дамуда? – Елдің төлем нарығы тұрақты дамуымен, бәсекелестікпен және халық пен шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін жаңа қызметтердің өсуімен ерекшеленеді. Ол сандық технологиялармен қатар дамып келе жатыр және оны бірқатар сегменттер көрсетіп отыр. Олардың біреуі – қаржы секторының, ақша-кредит саясатының операциялары үшін қажетті ірі және шұғыл жасалатын төлемдер жүйесі. Келесі бір сегмент – халыққа арналған бөлшек төлемдер жүйелері, ол карточкалық, ақша аударымдары, электрондық ақша, мобильді төлемдер, мезеттік ақы төлеу терминалдары және тағы да басқа төлем механизмдерін қамтитын қызмет түрлері. Әрбір сегменттің өз нысаналы аудиториясы және функционалды мақсаты бар. Қазақстанда ірі төлемдердің ұлттық жүйесі Банкаралық ақша аудару жүйесі деп аталады, ол қаржы секторының және шаруашылық жүргізуші субъектілердің басымдығы жоғары және мерзімді қолма-қол ақшасыз есеп айырысуларға арналған. Оның операторы – Ұлттық Банк, ал жүйенің техникалық жұмыс істеуін оның еншілес ұйымы – Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы қамтамасыз етеді. Ақша аударымдары жүйелерін қазақстандықтар негізінен шетелге жылдам аударымдар үшін пайдаланады. Нарықта Western Union, «Золотая Корона», Money Gram, Unistream, Faster, Contact жүйелері және басқалары жұмыс істейді. Қызметтерді осы жүйелермен шарт жасасқан Қазақстан банктері ұсынады. Бөлшек төлем жүйелерінің ішінде халықтың арасында төлем карточкалары барынша танымал. 2016 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 15,6 млн. төлем карточкасы шығарылды, халықаралық карточкалық төлем жүйелері – Visa, MasterCard, American Express, UnionPayInternational қытайлық жүйесі кеңінен ұсынылған. Төлем карточкаларын халық қолма-қол ақшасыз төлемдер, сол сияқты қолма-қол ақшаны алу үшін де пайдаланады. Бұл ретте соңғы жылдары қолма-қол емес төлемдердің өсу қарқыны қолма-қол ақшаны алу операцияларының өсу қарқындарынан асып түседі.  – Карточкалар бойынша төлемдердің айтарлықтай өсуі немен байланысты? Осыдан біраз ғана уақыт бұрын адамдар карточка арқылы есеп айырысудан гөрі ақшаны терминалдардан алуға басымдық беріп еді ғой? – Бұл бірқатар факторларға байланысты. Біріншіден, нарық инфрақұрылымының жалпы дамуы – банкоматтардың жұмысы айтарлықтай кеңейіп, сату нүктелеріндегі POS-терминалдар санының ұлғаюымен байланысты. Бүгінде банкомат қолма-қол ақшаны беруге арналған қарапайым аппарат қана емес, өзінен-өзі қызмет көрсететін әмбебап терминалға айналды, яғни оның көмегімен төлем операцияларының бірнеше түрлерін жүргізуге болады. Нарықта бағасы қымбат емес POS-терминалдардың пайда болуы төлем карточкаларына айтарлықтай шығынсыз қызмет көрсету желісін кеңейтуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, адаммен тікелей байланыс жасамай жүргізілетін төлем карточкалары кең сұранысқа ие болуда, олардың көмегімен саусақтың ұшын ғана тигізіп, мәселен метрода, қоғамдық тамақтану орындарында, жанар-жағармай стансаларында есеп айырысуға болады. Банктер қашықтан қызмет көрсету түрлерін – Интернет-банкинг, мобильді банкингті белсенді түрде дамытуда. Үйден шықпастан, барлық қажетті сервистерге төлемдерді төлеуге болады. Бұл ретте, қашықтан қызмет көрсету үшін комиссия, әдетте, банк бөлімшелеріндегі комиссиядан әлдеқайда төмен. Кейбір жағдайларда банктер аталған қызметтерді нөлдік тарифтермен көрсетеді. Бұл цифрлық банкингті дамыту банкке офисті, қызметкерлерді қамту шығыстарын қысқартуға және халыққа арналған қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, банктердің қолайлы әрі қауіпсіз сервистерінің өсуімен интернет- және мобильдік банкингті пайдаланушылардың саны да ұлғаю үстінде. – Электрондық ақшаны жаппай қолдану үрдіске айналды ма? – Қазіргі таңда нарықта 10-ға жуық жүйе бар. Олардың ішінде, мәселен – Wooppay, Visa Qiwi Wallet, E-KZT. Электрондық ақшаны екінші деңгейдегі банктер шығарады. Түрлі компаниялардың қызметтері үшін мезеттік төлем жүргізілетін электрондық терминалдар арқылы халықтан қолма-қол ақша қабылдау бойынша операторлардың қызметінің алатын орны ерекше. Сервистің ыңғайлығы – төлем санаулы секундтың ішінде жүргізіледі. Тұрғындардың мұндай терминалдар арқылы жүргізетін операцияларының басым бөлігі – ұялы байланыс, кәбілдік телевизия қызметін және коммуналдық төлемдердің ақысын төлеу. Қызметтер аясы да кеңеюде, қазіргі уақытта ұшаққа немесе пойызға электрондық билет сатып алу, түрлі қызмет берушілердің тауарлары мен қызметтерін сатып алу сияқты қызметтер қолжетімді болды. Егер осы күнге дейін мезеттік төлемдер терминалдарының саласы тек азаматтық заңнамамен реттеліп және төлемдер мен ақша аударымдары саласындағы құқықтық аяға кірмесе, жаңа заңның қабылдануымен бұл міндет өз шешімін таппақ. Егер тұрғын үй жалғыз болса Екінші деңгейдегі банктерге, ҚР Ұлттық Банкіне, газет редакциясына Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысуға қатысты сұрақтар қойылған хаттардың түсуі жалғасуда. Ұлттық Банктің мамандары неғұрлым жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар дайындады. «Егер кредит қаражаты есебінен Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрғын үй сатып алынған жағдайда, қарызды қайта қаржы­ландыруға бола ма?» – Бағдарламаға сәйкес қайта қаржыландыруға тұрғын үй немесе жер телімі түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген ипотекалық тұрғын үй қарыздары/ипотекалық қарыздар қайта қаржыландыруға жатады. Бұл ретте тұрғын үй немесе жер телімі қарыз алушы және оның жұбайы (зайыбы) үшін Қазақстан Республикасының аумағында 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалғыз тұрғын үй немесе жер телімі болуы тиіс. Осылайша, Бағдарлама шегінде елден тыс жерде есебінен тұрғын үй немесе жер телімі сатып алынған қарыз қайта қаржыландыруға жатпайды. «Қарыз алушы, оның жұбайы (зайыбы) және отбасының мүшелері (балалары) қарызды қамтамасыз ететін тұрғын үйдің меншік иелері болып табылады. Бұл ретте балаларының бірінде (немесе бәрінде) осы қарыз бойынша кепіл болмайтын қосымша меншік тұрғын үй (жер телімі) бар. Бұл жағдайда қарыз қайта қаржыландырыла ма?» – Бағдарламаның талаптар бойынша қарызды қамтамасыз ететін тұрғын үй (жер телімі) қарыз алушы және оның жұбайы (зайыбы), және/немесе кепіл беруші және оның жұбайы (зайыбы) үшін 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғын үй болуы тиіс. Аталған талап көрсетілген адамдардың жылжымайтын мүлкіне қолданылмайды. «Халықтың әлеуметтік осал топтарына (ХӘОТ) кім жатады? Мысалы, егер бұл орта жалпы білім беру, жоғары және орта кәсіби оқу мекемелерінде оқытудың күндізгі бөлімінде оқитын балалары бар толық емес отбасы болса?» – «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабының 9) тармақшасына сәйкес ХӘОТ-қа мыналар да жатады: - толық емес отбасылар, оның ішінде балаларды (баланы) ата-ананың біреуі (оның ішінде ажырасқан, жесір) тәрбиелеп жатқан отбасылар. - көп балалы отбасылар, оның ішінде төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалармен бірге тұратын (уақытша жоқтарын қоса алғанда) балалары бар отбасылар. Бұл ретте «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 1-бабында  бала (балалар) – он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам екендігі айқындалған белгіленген. Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Ден­саулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 14-2-20/8887 түсін­дір­месіне сәйкес төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалармен бірге тұратын отбасылар көп балалы отбасыларға  жатады. Оның ішінде  орта жалпы білім беру, жоғары және орта кәсіби оқу мекемелерінде оқытудың күндізгі бөлімінде оқитын балалармен, балалар оқу мекемелерін аяқтаған уақытқа дейін олар кәмелеттік жасқа жеткеннен кейін. Бірақ кемінде 23 жасқа жеткенге дейін. Бағдарламаның әлеуметтік бағытын ескере отырып, ұқсастығы бойынша көп балалы отбасын орта жалпы білім беру, жоғары және орта кәсіби оқу мекемелерінде оқытудың күндізгі бөлімінде оқитын балалары бар толық емес отбасыларды балалар оқу мекемелерін аяқтаған уақытқа дейін олар кәмелеттік жасқа жеткеннен кейін ХӘОТ-қа жатқызу мүмкін деп санаймыз. Сондай-ақ 23 жастан аспайтын жасқа жеткенге дейін. «Бұрын мұрагерге қайта ресімделген қарызды қайта қаржыландыру қалай жүргізіледі?» – Қарыз алушыға 2004 жылғы 1 қаңтар – 2009 жылғы 31 желтоқсан аралығында берілген және қарыз алушы қайтыс болғаннан кейін мұрагерлеріне қайта ресімделген қарыз қайта қаржыландыруға жатады. Бұл ретте  мұрагер (мұрагерлер) қабылдаған, қарызды қамтамасыз етуге ұсынылған тұрғын үй немесе жер телімі Бағдарламаға сәйкес мұрагер (мұрагерлер) және оның  (олардың) жұбайы (зайыбы) үшін жалғыз болуға тиіс. Комиссия әрбір адамды тыңдауға дайын Екінші деңгейдегі банк­тер ипотекалық тұр­ғын үй қарыздарын/ипо­текалық қарыз­дарды қай­та қаржыландыру бағдар­ламасын іске асыруды жал­ғастырып отыр. 2016 жылғы 15 шілдедегі жағдай бойынша банктер бағдарлама шең­берінде қарыздарды қай­та қаржыландыру үшін 21 мыңнан астам өтінім қабыл­дады. Оның ішінде 16 мыңнан астам өтінім бойынша қайта қаржыландыру туралы оң шешім қабылданды. 14 147 өтінім бойынша қарыздар қайта қаржыландырылды. Бағдарламаны іске асыру­дың ашықтығын қамта­масыз ету үшін облыстық әкім­дік­терде, Астана қ. әкімдігінде, Ұлттық Банктің Алматы облыстық және Алматы қала­­лық филиалдарында құра­мына Ұлттық Банктің, құқық қорғау органдарының және ипотекалық қарыз алу­шылардың мүддесін білдіретін қоғамдық ұйымдардың өкіл­дері енгізіле отырып комиссиялар құрылды. Осыған байланысты бағ­дарлама ше­гінде банк­тен қарызды қайта қаржы­лан­дырудан бас тарту алған жағдайда, қа­рыз алу­­шылар комиссияларға мына мекен­жайлар бойынша өтініш берулеріне болады: l Алматы қ., Панфилов к-сі, 98. Байланыс телефондары: 8(7272) 443-678, 443-670,       443-679, факс 443-621; l Астана қ., Бейбітшілік к-сі, 11. Байланыс телефоны: 8(7172) 55 -64-48; lАлматы облысы, Тал­дықорған қ., Төлебаев к-сі, 58/64. Байланыс телефоны: 8(7282) 24-00-55; l Ақмола облысы, Көкше­тау қ., Әуезов к-сі, 214. Бай­ланыс телефоны: 8(7162) 2507-25; l Ақтөбе облысы, Ақтөбе қ., Әбілқайыр хан даңғылы, 40. Байланыс телефондары: 8(7132) 56-04-52,  54-15-91,  56-36-58; l Атырау облысы, Атырау қ., Әйтеке би к-сі, 77. Бай­ла­ныс телефоны: 8(7122) 27-09-32; l Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қ., М.Горький к-сі, 40, Байланыс телефоны:        8 (7232)26-44-95; l Жамбыл облысы, Тараз қ.,  Абай к-сі, 125. Байланыс телефоны: 8 (7262) 43-08-05; l Батыс Қазақстан облысы, Орал қ., Достық-Дружба даңғылы, 179. Байланыс телефоны: 8 (7112) 512772; l Қызылорда облысы, Қызыл­орда қ., С.Бейбарыс к-сі, №1 құрылыс. Байланыс телефондары: 8(7242) 60-54-21,60-54-23, 60-54-32; l Қарағанды облысы, Қара­ғанды қ., Әлиханов к-сі, 13, 123-офис. Байланыс телефоны: 8 (7212) 41-14-86; l Қостанай облысы, Қос­танай қ., Әл-Фараби даңғылы, 65, 606-кабинет. Байланыс телефондары: 8(7142) 575-416, 575-412, факс 575-411, l Маңғыстау облысы, Ақтау қ., 14-ш/ауд., Маңғыс­тау облысының әкімдігі. Байланыс телефоны: 8(7292) 43-49-35; l Павлодар облысы, Павлодар қ., академик ­Сәт­­баев к-сі, 49,  1-қабат, кіші зал (№113). Бай­ланыс телефоны: 8 (7182) 323031; l Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қ., Қазақстан Конституциясы к-сі, 58. Байланыс телефоны: 8(7152) 46-06-09; l Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қ., Тәуке хан к-сі, 6. Байланыс телефоны: 8-775 7508970. Бетті дайындағандар Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан» және Алевтина ДОНСКИХ