Жарық дүниені жаңа көрген қызыл шақа нәресте шар ете қалды. Өзі өмірге енді келсе де, дауысы зор екен. Төңіректі түгел шарлап кетті. Жанына жетіп барған жас ана баланы қолына ала қойған. Әрі-бері жұбатып көріп еді. Көнбеді. Қайта одан сайын жылап, мазасызданып барады. Не істерін білмеді ме, бөбекті қайтадан төсегіне жатқыза салды. Сосын... қалтасынан ұялы телефонын алды да әуезді ән қойды. Құйқылжыған музыканың даусына елеңдеген нәресте тыныштала бастады. Сәлден соң әуенге әбден елітіп, жылағанын қойды. Мына көрініске қарап отырып, «Әлди айтатын ана сиреп бара жатыр екен ғой» деген ойға берілдік алдымен. Расында, бүгінде баласын ән айтып жұбататындар сиреп барады. Бұрынғыдай бесік таянып, «Әлди-әлди ақ бөпем» деп жан-тәнімен, жүрек-жұлынымен әндететін аналарды аз көреміз. Тамырымыздан алыстап барамыз ба, қалай?! Бірақ, бұдан кейінгі ой біріншісінен асып түсті. Біз баланы туғаннан телефонға байлап қояды екенбіз ғой.
Күнделікті өмірде байқайтын шығарсыз. Қонақта, автобуста, пойызда, үйде баласы мазасын алып, тынышын кетіріп бара жатса, ата-анасы қолына ұялы телефонын ұстата қояды. Тәй-тәй басып, енді былдырлап сөйлейтін баланың өзі сұқ саусағын смартфонның бетінде зыр жүгіртіп, ішінен өзіне керегін тауып алып, мәз болып отырады. Бүгінде екі жастағы баланың өзі «Youtube» дегеннің не екенін біледі. Ішіне кіреді де «Өрмекші адам», «Маша мен аю», «Спанч боб» секілді мультфильмдерді ешкімнің көмегінсіз табады да, көре береді. Туғаннан телефонның тілін біліп, ешкім үйретпей-ақ смартфонның ұңғыл-шұңғылын меңгеріп алатын баланың тірлігіне әке-шешесі мәз. Бұл мәз болатын, мақтанатын, масаттанатын нәрсе емес, негізі. Телефон баланы жұбатудың, көңілін табудың төте жолы болғанымен, оның салдары да ауыр.
Ең бірінші, біз оның балалық шағын ұрлап жатырмыз. Өз қатарластарымен ойнап, доп қуып, асық атып, асыр салып жүретін кезінде телефонға телміртіп, төрт қабырғаға қамалып отыратын жағдайға жеткіземіз. Сосын «Біз бала күнімізде үй көрмейтін едік, мыналарды далаға шығарудың өзі мұң» деп күбірлеп жүргеніміз. Екіншіден, қазіргі төрткүл дүниені түгелімен ішіне қондырып алған телефондардың залалы туралы ғалымдар әркез айтып келеді. Одан болатын радиацияның қауіптілігінен де хабардармыз. Олай болса, бұғанасы қатпаған, ағзасы енді қалыптасып келе жатқан баланың денсаулығын өз қолымызбен улап жатырмыз деген сөз ғой бұл. Сонда біз өз баламызға өзіміздің жау болғанымыз ба?! Үшіншіден, смартфонға байланған сана шын өмірден алшақтап кетеді. Мына дүниені дұрыс қабылдай алмай қалады. Қысқасы, телефонды баланың ойыншығы ретінде қолданудың соңы түрлі қиындықтарға әкеліпп тірейді.
Айналаңызға барлап қараңызшы. Мектеп оқушылары да қымбат телефон ұстайды. Ата-аналар қатарынан кем болмасын, өзін қор санамасын деп кредитке болса да бастауыш сыныптағы баласына смартфон әперіп жатыр. Ал баласының телефонын тексеріп, «Онда қандай сайттарға кіреді, қандай әлеуметтік желілерге тіркелген, кімдермен хат алысады, не жайында сөйлеседі?» деп тексеріп отырған ата-ана бар ма? Жоқ деп кесіп айта алмаймыз. Бар шығар. Дегенмен, олардың өте аз екенін ішіміз сезеді. Енді смартфонның оқушыға зиян тұстарын атап кетейік.
Ең алдымен, бұл баланың оқу үлгерімін төмендетеді. Телефонға байланып, өзі жасап алған әлемнің шеңберінен шыға алмай қалған баланың сабаққа да аса зауқы болмайды. Әрине, алақандай дүниеден айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алады-ау. Бірақ, оқушы өзіне керекті, сабағына қажетті ақпараттарды ғана термелеп отырады дей алмаймыз. Ол интернет деген үйіндінің ішіндегі қоқыстың бәрін талғамай жұта береді. Санасы әлі қатпаған балаға атыс-шабыстан кейінгі қан-жоса болған адамның денесін көру, жол апатынан бөлшектеніп кеткен кісінің бейнесін «тамашалау» қалай әсер ететінін айтпай-ақ қояйық. Мұны аз десеңіз, мектеп жасындағы балалардың барлығы дерлік «В Контакте» желісінде тіркелген. Ал бұл әлеуметтік желі нағыз қоқыстың ортасы десек, артық айтпайтын шығармыз. Азғын топтарды есептемегеннің өзінде, сепаратистік ұйымдар да бұл желіде белсенді жұмыс істейді. Кеше ғана Алматыда болған жайсыз оқиғаның басты кейіпкері де осы желіде үнемі діни уағыз тыңдап жүргені айтылып қалды. Діннің, Исламның не екенін білмейтін бала олардың арбауына, торына тез түспейді дей алмайсыз. Сондықтан болса керек, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин Ақтөбедегі оқиғадан кейін «В Контакте» желісін Қазақстанда тежеу немесе мүлде тоқтату туралы ұсынды. Бұл ұсынысты саясаткер Айдос Сарым да қолдады. Діни уағыздардың аталған желі арқылы белсенді жүретінін ескерген екі азаматтың пікірі бір жерден шықты. Сонда біз өз қолымызбен баламызды дәстүрлі емес діннің жетегіне байлап жібергендей болғанымыз ба?! Сондай-ақ, Қызылорда облыстық прокуратурасы «В Контакте» желісіне зерттеу жүргізген кезінде 106 баланың өз-өзіне қол салуға үгіттейтін парақшаға тіркелгенін анықтаған. Бұл бір ғана Қызылорда облысындағы жағдай. Ал тұтас Қазақстан бойынша мұндай парақшаларға қанша бала тағдырын күмән-күдікке байлап қойғанын кім біледі? Бұл да зертейтін, зерделейтін мәселе деп білеміз.
Смартфоннан туындайтын тағы бір кесел бар. Бүгінгінің балалары керең. Әрине, тура мағынасында емес. Бірақ, құлаққапты киіп алып, бақыртып музыка тыңдап, айналасында не болып жатқанын естімейтін баланы керең демеске шараң бар ма?! Соның салдарынан көліктің астына түсіп, мертігіп жатқан жағдайлар көп. Өйткені, машинаның келіп қалғанын, бақыртып белгі беріп жатқанын естімейді. Әннің әуеніне елітіп айналасына қарамайды. Осының салдарынан оқушы қол-аяғын сындырып, жүргізуші жазалы болып жатқан жағдайлар бар.
Тағы бір жәйтті айта кеткен абзал. Смартфон оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздіктің бейнесіндей боп көрінеді. Жұрттың бәрі баласына қымбат телефон алып бере алмайды. Шиеттей балаларының киімі мен тамағына зорға жеткізіп отырған отбасы бар тапқанын баласының қолындағы телефонға жұмсап, аш отыра алмайды. Ал дәулеті асқан, кәсібі дөңгеленіп тұрған ата-ана баласынан ештеңені аямайды. Ең соңғы модельдегі телефонды қиналмай сыйлай салады. Жағдайы нашар отбасының баласы байдың еркесіне қарап өзін қор сезінбейді дей аласыз ба? Ал мұның жас баланың психологиясына қаншалықты ауыр тиетінін біз айтпай-ақ біліп отырған шығарсыз.
Енді не істеу керек? Оқушы түгілі, дардай адамдардың смартфонын бір күнде «тартып» алған жоқпыз ба? Бір бұйрықпен барлық мемлекеттік қызметшілер қымбат телефонын тастап, қарапайым байланыс құралына көшті ғой. Көшті. Одан адам құқы шектелген, моральдық-психологиялық зардап шеккен ешкім жоқ. Енді неге оқушыларға да осындай тыйым салмаймыз? Біздіңше, бұл Білім және ғылым министрлігінің қолында тұрған құзырет. Қажетті бұйрығын шығарса, Қазақстандағы барлық мектеп қолдайды деген ойдамыз. Оған ата-аналар да қарсы бола қоймас. Құқық қорғау органдары да қырын қарайды деп санамаймыз. Мысалы, Қызылорда облыстық прокуратурасы мектептерде оқушылардың смартфон қолдануына тыйым салу туралы ұсыныс айтты. «Смартфондарды қолдану білім беру процесіне кері әсерін тигізеді. Ең қорқыныштысы, смартфон арқылы балалар шектеусіз интернетке қол жеткізеді, бұл олардың рухани және адамгершілік тұрғыда дамуына кері әсерін тигізеді»,– дейді облыстық прокуратура қызметкерлері. Сондай-ақ, олар мұғалімдерге де смартфон қолдануға тыйым салу керек деп санайды. Себебі, оқу процесі кезінде олардың көңілі негізгі жұмыстарынан бөлінбеуі керек. Оқушыға қарапайым ғана телефон әперсе жетеді. Бастысы, ата-анасы баласының қайда жүргенінен хабар алып отырса болды емес пе?
Айтып-айтпай не керек, телефонға телмірген балалардың тағдырына араша түсуге міндеттіміз. Егер бүгін алдын алмасақ, ертең бармақ шайнап қалғаннан басқа табар «пайдамыз» жоқ.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы