05 Тамыз, 2016

Жылдам несиелеудің төте жолы

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
05.08.16-kredit «Даму» қоры мен Алматы қалалық әкімдігі KassaҚарa және Астана банкіне «Даму Блиц» технологиясын жалғастыру үшін тағы 3 миллиард теңге бөліп отыр. Сонымен, паритетті негізде 2 миллиард теңге Астана банкіне және 1 миллиард теңге «Банк KassaҚарa»-ға бөлінді. Қаражат «Даму Блиц» технологиясын жалғастыру үшін берілді.   Отандық орта және шағын кәсіпкерлерге бизнесін дамыту үшін жылына 7 пайызбен бөліне­тін несие негізгі құралдарды жаңар­­тып, жаңасын сатып алу үшін 84 айға дейін, айналымдағы қаражатты толтыру үшін 36 айға дейін теңгемен беріледі. Яғни бір несие алушының қолына 180 мил­лион теңгеге дейінгі сома тиеді. «Жыл басынан бері «Банк KassaҚарa» АҚ, «Альфа Банк» АҚ және «Астана Банкі» АҚ арқылы Алматы мен Алматы облысында жүргізілген қанатқақты жоба­ның нәтижесі жақсы болды. Осы уақыт аралығында құны 780,5 миллион теңгенің 58 жобасы мақұлданды. Өтінімді қарау уақыты орта есеппен 7 күнді құрады. Біз «Даму Блиц» технологиясы бойынша бизнеске бөлінетін несиенің пайыз­дық мөлшерлемесін екі есеге дейін төмендеттік. Қазір ол жылына 7 пайызды құрайды. Бұл – Алматы қалалық әкімдігі тарапынан қосымша қаржыландыру болға­нының арқасы. Сауда, қоғамдық тамақтандыру орны, қызмет көрсету саласымен қоса біз жеңіл өнеркәсіп, фармация, балаларға арналған дамыту орталықтары, хостелдер мен шағын қонақүйлер саласын қолдауды да енгіздік. Бұған стартап жоба иелері де қаты­са алады», – деді «Даму» қоры­ның басқарма төрағасы Қаныш Тілеушин. Жылдам несиелеудің төте жолы болып табылатын «Даму Блиц» технологиясы 2016 жылы қанатқақты жоба ретінде Алматы мен Алматы облысында екінші дең­гей­лі «Астана Банкі» АҚ, «Банк KassaҚарa» АҚ, «Альфа Банк» АҚ банк­терінде енгізілген болатын. Бұл технология жеңіл ресімдеп, 3-7 күн ішінде жедел несие беруді көздей­ді. Қанатқақты жобада үш бағыт іске қосыл­ған. Олар: 3 миллион теңгеге дейін­гі, 30 мил­лион теңгеге дейінгі және негі­­зі­нен стартап жоба иелері үшін 20 мил­­­лион теңгелік несие. Барлық бағыт бо­йы­н­ша несиенің жылдық мөлшерлемесі бас­тапқыда 14 пайызды құраған болатын. Банк­терде осы технологиямен жұмыс іс­тейтін барлық менеджерлер консалтинг ком­паниясында оқытылды. «Даму» қоры осындай жедел несиелеу тәжірибесін жыл соңына дейін басқа өңірлерге де енгізбекші. Астана мен Алматы қаласының кәсіпкерлері үшін 60 миллион теңгеге дейінгі шағын несиені қолдайды. Ал басқа өңірлер үшін 30 миллион теңгелік несие қарастырылған. Қарыз 84 айға дейін беріледі. Сонымен қатар, инвестицияға 60 айға дейін, айна­лым­дағы қаражатты толтыруға 36 айға дейін берілетін 20 миллион теңгелік микростарт несие де бар. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ