05 Тамыз, 2016

Корея дәрігерлерінің көмегі

452 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
_DSC0172 Таяуда Зайсан ауданы тұрғындарына тегін дәрігерлік көмек көрсету үшін Оңтүстік Кореяның Кангнам Северанс Ёнсе университетінің білікті де білімді профессорлары, дәрігерлері келді. Келген қонақтар Шілікті қорымында археологтармен кездесіп, Аэлита Әбішеваның аңшылық-туристік кластерімен танысты. Белгілі кәсіпкер А.Әбішева қонақтардың жол шығынын көтеріп алса, ауданның басқа іс­кер жандары оларды қонақүйге ор­наластыру, төрт мезгіл тағамын беру сияқты шараларға белсене атсалысты. Кореядан келген білікті де білімді дәрігерлер бес күн бойы аудан тұрғындарын тексеріс­тен өткізіп, оларға ем қолданды, пайдалы кеңес берді. Сол күні аудан әкімі Т.Қасымжанов пен Корея­дан келген госпитальдың бас дәрігері, профессор Ким Хен Чжунг медицина саласы бойынша екіжақты дәрігерлік қызмет көр­сету жөніндегі бірлескен ме­мо­ран­думға қол қойды. Кейін Кореядан келген 6 профессор мен білікті дәрігерлер пациенттерге қабылдау жүргізді. Әрбір науқаспен тілмаш арқы­лы тілдескен білікті терапевт, невропатолог, пульмонолог, басқа мамандық иелері оларға қан­­­дай ем қабылдау керектігін мұқият түсіндірді. Ал науқасы ауыр екі адамға хирургиялық опера­ция­ны жасау үшін Кореяға ша­қыр­ған кезде жол шығынын өз мойындарына алатынын жеткізді. Осында «Сапа» медицина­лық орталығының Зайсандағы аудан­дық бөлімшесінің салтанат­ты ашылуы болды. Бұл дәрігерлік орта­лықты облыстық мәслихат­тың депутаты, «Зайсан» құрылыс ком­­­па­ниясының басшысы Болат Нұрасыл өз қаржысына салған. Орталықтың салтанатты ашыл­уына аудан әкімі Т.Қасымжанов, Кореядан келген профессор Ким Хен Чжунг, ардагер дәрігерлер мен қала тұрғындары қатысты. Медициналық орталыққа жоғары санатты дәрігер, анестезиолог Бекзат Айтбаев жетекші­лік етеді. Мұнда ішкі ағзаны тек­серетін жоғары сапалы ап­параттар, оңалту орталығы, шетелдік қондыр­ғы­лармен жаб­дықталған 6 кабинет бар. Кореядан келген профессор Ким Хен Чжунг шалғайдағы ауданда заманауи талаптарға сай медициналық орталық­тың ашылуы аудан тұрғындары­ның денсаулығын жақсартуға үлес қосатынын, қайырымдылық са­па­рының Шығыс Қазақстан мен Корея арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы мемо­рандумның жемісі екенін тілге тиек етті. Оңдасын Елубай, журналист Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы