05 Тамыз, 2016

Шаруаларға несиелік серіктестіктер құруды ұсынамыз

371 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Рақымбеков Т.С. (1) Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан Агробіліктілік орталығы құрылып, ауылдағы ағайын, оның ішінде шаруа иелері агробизнесті тиімді жүргізу қағидаттарына оқытылуда. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенінің (АӨК) субъектілеріне саладағы тың инновациялармен танысу мүмкіндігі туындап отыр. Орталық директоры Төлеутай РАҚЫМБЕКОВТЕН ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер бойынша аталған көкжиекті кеңейту қадамдары жайлы сұрап, білдік. – Төлеутай Сатайұлы, өзі­­ңіз Ауыл шаруашылығы министрлігінде ұзақ жыл еңбек еттіңіз, елдегі бірнеше даму институтын құруға тіке­лей мұрындық болдыңыз. Экономика ғылымдарының докторы мәртебеңіз тағы бар. Осы орайда қолға алынып отырған ауқымды істің маңызы жайлы не айтасыз? – Қазіргі уақытта Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімі өндірісімен 217 мыңнан астам құрылым айналысып жатқан болса, олардың басым бөлігінде арнайы білім қоры жоқ немесе кәсіби дағдылары тек тар ауқым­д­ағы бағыттарға арналған. Сондықтан, «Агробизнес-2020» бағдарламасының негізгі мақсат­тарының бірі, пайдалы білім тарату жүйесін дамыту болып саналады. Бағдарлама аясында барлық агроөнеркәсіп кешені тармағы бойынша оқуды өркендетіп, сол арқылы аймақтардың түгелінде тәжірибелік сабақтарды, кеңес берулер мен әдістемелік сүйе­мелдеуді қамтамасыз ету көз­делуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылдың 17 қаңтарында халыққа арнаған Жолдауында да агроөнеркәсіпті инновациялық рельстерге ауыс­тыру қажет екені атап өтілген. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет нәтижелеріне төте қол­жетімділігін қалыптастыру, озық үлгілі технологияларды ауыл өміріне жеделдете енгізу мұраттары аясында нақты әрекет­терге мұқтаждық сезілді. Міне, осы сәтте, «Атамекен» ҰКП-ға шағын, орта және ірі бизнес мүддесін қорғап, күнделікті жұ­мы­сында кәсіпкерлікті толық қамтитынын, кадрларды дайын­дау мен қайта даярлауда, біліктілігін көтеруде, сертификаттау мен аттес­таттауда тәжірибе жинақтағанын және де жан-жақты өңірлік желі мен жоғары құзыреттілікке ие екенін ескеріп, АӨК саласында тиімді білім беру жүйесін түзуге қатысты мемлекеттік тапсырма жүктелді. Осыған байланысты, палата жанынан алдыңғы қатарлы шешімдерді жүзеге асыру үшін Агробіліктілік орталығы дүниеге келді. – Басты міндеттеріңіз ре­тінде қандай белестерді бағын­дыруды айқындап отырсыздар? – Агрокәсіпкерлердің кәсіби шеберлігін шыңдауда курстар ұйымдастырып, табысты технологияларды АӨК субъектілерінің тәжірибе жүзінде қолдануы жө­нінде оқу бағдарламалары мен әдістемелерін жасауға ден қой­мақпыз. Осымен бірге, АӨК субъектілерін дер кезінде ақпарат­тандырып, кеңес беру, нарықты талдау мен зерттеу, тәжірибе алмасуға шетелдік сарапшылар мен мамандарды тарту, соның нәтижесінде нақты ұсынымдар әзірлеу назарда ұс­талады. Мәсе­лен, биыл, елдегі мақтаулы шаруа қожалықтарында 25 бағыт бойынша 666 семинар өткізу межеленіп, 10 мыңға жуық ауыл бизнесмені қамтылатыны атап өтерлік жайт. Шілде айының соңына дейін батыстағы Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарын қоспағанда, еліміздің барлық аймағында дерлік 110 семинар өткізіп үл­гердік. Бүгінгі таңда біздің мекеме семинарларға әдістемелер қарас­тырып, фермерлерге ақпа­раттық-талдамалық портал іске қосылуда. Бұл fermers.kz порталы шетелдік және қазақстандық сарапшылар блогтарына, жобалар дәріскерлеріне толы болып, тыңдаушылардың сарапшылар мен дәріскерлерді бағалау мүмкіндігінен, вебинарлар мен онлайн кеңес берулер өткізуден, хабарландырулар мен форумдар бөлімінен, сондай-ақ АӨК басым бағыттары бойынша 25 модульден тұрады. – Өрісі кең, берері мол сарапшылар шаруа қожалықтарына барып, жергілікті жерде білге­німен бөлісе ме? – Ортақ іске жұмылдыру мақ­сатында 25 қазақстандық және Германия, Франция, Сербия, Австралия, Ресей, Украина, Канада елдерінен 25 шетелдік сарапшы іздестіріліп, іргелі шаруа қожалықтарымен келісімдерге қол жеткізілді. Агробіліктілік қызметінің «Атамекенге» берілуі нәтижесінде кәсіпкерлер оқыту сабақтарына да, тыңдаушы ре­тінде де көптеп тартылуда. Кәсіп­керлердің өңірлік палаталары семинарды өткізу орнын дайындауға, түскі ас пен көлікті жалға алуға көмектеседі. Әр аймақ пен қызмет бағытына, та­қы­рып ауқымына қарай оқу семинарлары 5 күнге дейін созылып, әрқайсына жеке әдістемелер қарастырылады. Мысалы, салалық қауымдастықтармен ақылдаса, шаруалардың өз пікіріне мұқият құлақ аса отырып, семинарлар батыс пен Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында түйе шаруашылығы, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан сынды солтүстік аймақтарда не­гізінен егін және мал шаруашылығы, күріш өсіру туралы Қызылорда облысында, Алматы облысында жүгері, бал арасы мен марал шаруашылығы Шығыс Қазақстан облысында өткізіледі дегендей кете береді. Қысқа уақыт аралығында бар білімді сарқа беріп кету мүмкін болмағанымен, инновациялық сұрыптар мен тұқымдар секілді маңызды сұрақтарға жауап табылады деген үміттеміз. Жаңа технологияларға шығынданған кәсіп иесі, тегін бюджеттік семинардан экономикалық тиім­ділік, мемлекеттік қолдау, ауыл шаруашылығы коопера­циясы іспетті 3 қызмет қырының бү­гінгі бет-бейнесін терең ұғы­­­­нып, ақпаратқа ие болып қай­туы керек. Осы орайда ша­руа­лардың өздеріне, ауыл хал­қына бірігіп, Ресейдегідей несиелік серіктестіктер құруды ұсын­бақпыз. Семинарлардың тео­риялық бөлігінде озық техно­логия-әдістерді кәдеге жара­тудың тәртібі мен әрекет етудің жалпы ұстанымдары байыпталатын дәрістер тыңдаушыларын ұйытып, тәжірибелік қырында көріп-білген, ойға түйген жайттарды дербес қолдана алу мәселесіне күш салынбақ. – Қандай тақырыптар оқы­тылады? – Оқытылатын тақырыптарға агроөнеркәсіп кешенінің бар­лық негізгі бағыттары кіреді: 1) ауыл шаруашылығындағы технологиялық дүниелер, өсімдік және мал шаруашылығы, өнімді қайта өңдеу, жермен жұмыс, сәйкесінше Қазақстанда «жасыл» экономиканы дамыту; 2) кәсіпорынды басқарудан, қар­жылық жоспарлау мен баға қалып­тастырудан, тауарды өткі­зуден, бизнес-жоспарлаудан, тәуекелді бағалаудан тұратын аграрлық менеджмент, кооперация, мемлекеттік қолдау түрлері; 3) ғылыми зерттеулер жемісін іс жүзінде енгізу мен озық технологиялар трансферті, коммерция­ландыру мен инновацияларды қолданудағы отандық тәжірибені тарату және тағы басқалары. Бұның бәрі АӨК субъектілерінен тікелей жинақталған деректерді зерделеуден туындаған ойлар. – Жайқалып келе жатқан егінді баптап, мал жаюдан, қора-қопсы мен үй-жайды қыс­қа дайындаудан, басқа да қыруар шаруадан қолы босамайтын, көбіне шалғай жерлерде жүретін, алыс елді мекендерде тұратын ауылдағы ағайындарымыз қайда хабарласарын білмей, өзіне керекті семинарларды өткізіп алмай ма? – Бұл мәселе бізді айрықша толғандырып, нәтижесінде АӨК субъектілері үшін саll-ор­­талықтың тұсауы кесілді. Бар­лық қызығушылық танытқан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен фермерлер 59 79 60 телефонына қоңырау шалып, тәулігіне 24 сағат үздіксіз емін-еркін мазалаған сұрағына жауап ала алады. Қоңырау шалу тегін әрі нөмірді Астана қаласының кодын қоспай терсе болады. Алматы халқы басында 2 санын қосса болды, байланысқа шығады. Семинарлар өткен соң да фермерлер қауымымен ұдайы қарым-қатынаста болмақпыз. – Шараларды дәл де тиімді атқару қиынға соқпай ма? – Жоба аясында, шаруаларға кеңес беру жоғары білікті сарап­шылардың аймақтардағы шаруашылықтарға ат шалдыруы, АӨК субъектілерін алаңдатқан кілтипандарды орнында шешу мен қазіргі заманғы технологияларды енгізуге жәрдемдесу, интернет портал мен саll-орталық арқылы байланысқа шығу сияқты санқилы жолмен жүргізіледі. Мәселен, өсімдік шаруа­шылығындағы оқыту семинарларында тыңдаушыларға ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру науқанының өне бойында технологиялық әрі сервистік сүйемелдеу, яғни астықты, кө­көніс пен жеміс-жидекті күтіп-баптау, іріктеу, егіс айналымы, қорғау мен сұрыптау тұрғысында толыққанды мағлұмат беріледі. Мал шаруашылығынан сауаттандыруда өндірісті жаңғырту, жемшөп қорын қалыптастыру, төрт түлік азығы, оларды емдеу мен ауруларының алдын алу тәрізді көптеген мағлұматтар санаға сіңіріледі деген сенімдеміз. – Болып өткен семинарлар қо­рытындысын келтіре кетсеңіз? – Таяуда «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орын­басары Нұржан Әлтаев қа­тысқан, Астық шаруашылығы институтының ағарту орталығы мен «Новокубанское» ЖШС ауқымында ұйымдастырылған семинарда, биостимуляторларды өсімдік шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға қолдану жайы талқыға салынды. Бұл стимуляторларды қуаңшылыққа немесе жаңбырлы ауа райына байланысты әркелкі пайдаланса болады. Қызылордада сыналмақ күріш дақылын суарудың авто­маттандырылған жүйесі су шығынын 30-35 пайызға азайтып, реттеуге септігін тигізбек. Мұндай технология қанша текше метр ылғалды үнемдейді десеңізші! Ал мал шаруашылығындағы жайлы жағдай үй жануарының қоңды, күйлі болуына тікелей әсер ететіні даусыз. Мәселен күйзеліске ұшыраған құстың грамдап болсын салмақ жо­ғалтуы тез жүреді. Ірі қара малды жақсылап бордақыласа, күніне 1,5 килограмға семіреді. Жайылым жерлерді бірнеше телімге бөліп тастап, судағы жел қондырғысынан таралатын электр қуаты сымымен қоршаса да тиімділікті көтеріп, қауіпсіздікті күшейтпек. Бау-бақшада жай­қалған алма ағаштарының тым биікке өспеуі де өнімділігіне, оларды күтіп-баптауға ықпал етпек. Неге денсаулыққа аса пайдалы шұбат пен қымызды сиыр сүтіндей ұнтақ түрінде кептіріп, қашық жерлерге апармасқа?! Осындай жаңашылдықтарды шаруаларға қорықпай өндіріске енгізу керектігін түсіндіре білсек, бұның өзі үлкен жетістік. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Алдаберген КЕМПІРБАЕВ