07 Тамыз, 2016

Рио-2016: Ауыр атлет Маргарита Елисеева бесінші орын алды (+)

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

07-08-16-eliseeva

Тамыздың 6-сы күні Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиялық ойындардың бірінші жарыс күнінде 48 килоға дейінгі салмақтағы ауыр атлет қыздар медальдарды сарапқа салды. Қазақстан құрамасы атынан осы сынға қатысқан Маргарита Елисеева қоссайыс қорытындысында бесінші орынға табан тіреді. Ол бірінші жұлқа көтеру жаттығуында 80 кило салмақпен тоғызыншы орында қалып қойған еді. Ал серпе көтеруде 106 килоны бағындырып, екі жаттығу бойынша 186 килоға қол жеткізді. Егер Рита алғашқы жаттығуда өзі бұрын алып жүрген 84 килоны көтергенде, қола медаль қолында еді. Бұл спортшы 90 килоны да алатын. Сол сияқты серпе көтеруде 115 килоны да бағындырып келген. Бірақ сынақта бәрі басқаша шықты. Мұнда Олимпиада чемпионы Зүлфия Чиншанлоның орнына келген Елисеева сынақ сәтінде қатты толқып, бар білгенінен жаңылып қалды. Турнирде 48 кг салмақтың алтын медалін Таиланд спортшысы Сопита Танасан 200 кг қорытынды салмақпен жеңіп алды. Екінші орынға 192 килоны алған индонезиялық Ваюни Агустиани шықты. Үшінші орын 188 кило жинаған жапон қызы Хироми Миякеге бұйырды. Осы салмақта Қырғызстан ауыр атлеті Жаныл Окоева да өнер көрсетті. Ол қоссайыс қорытындысында 169 кг салмақпен 12 қатысушының арасында 10-орынға табан тіреді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ Техникалық нәтижелер Ауыр атлетика. Әйелдер. 48 кг. 1. Сопита Танасан (Таиланд) – 200 (92+108). 2. Ваюни Агустиани (Индонезия) – 192 (85+107). 3. Хироми Мияке (Жапония) – 188 (81+107)... 5. Маргарита Елисеева (Қазақстан) – 186 (80+106).