07 Тамыз, 2016

Рио-2016: Қазақстандықтардың 1-күнгі көрсеткіштері

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

000-rio-2

Қазақстан спортшылары Риодағы Олимпиаданың бірінші жарыс күнінде спорттың 8 түрі бойынша жарыстар жолдарына шықты. Алдымен мылтық атушылар сынға түсті. Елизавета Король 10 метрлік нысананы пневматикалық винтовкамен көздеудің іріктеу сайысында 37-орын алды. Үздік сегіз финалға шықты. Академиялық есуден Владислав Павлов пен Светлана Германович өздерінің іріктеу сынақтарында көмбеге ең соңғылар болып келді. Боксшы Берік Әбдірахманов 60 килоға дейінгі салмақта рингке шығып, америкалық Карлос Бандерастан 0:3 есебімен ұтылып қалды. Мылтық атушылар Владимир Исаченко мен Рашид Юнусметов 10 метрге пневматикалық тапаншамен атуда тиісінше 23 және 40-орындарда қалып, финалға өте алмады. Велошабандоз Андрей Зейц алты сағатқа жуық уақытқа созылған топтық жарыста мәреге сегізінші болып келді. Қазақстандықтар сапынан Олимпиаданың алғашқы медальдарын дзюдошылар Отгонцецег Галбадрах пен Елдос Сметов әкелді. Бұлардың біріншісі 48 кг салмақта қола, екіншісі 60 кг салмақта күміс медаль алды. Елдос финалда ресейлік Беслан Мудрановтан ұтылып қалды. Үстел теннисінің өкілі Кирилл Герасименко бірінші раунда венгер спортшысына есе жіберіп алды. Теннисшілер сайысында Ярослава Шведованың жеке сынағы да, Галина Воскобоевамен жұптасып өнер көрсетуі де келесі күнге қалдырылды. Ауыр атлет Маргарита Елисеева жұлқа көтеруде сәтсіздікке ұшырағанына қарамастан, 48 кг салмақта қоссайыс қорытындысында бесінші орын алды. Бұл күн жүзуші Дмитрий Баландиннің 100 метрді брасс әдісімен жүзуінде финалға шығуымен аяқталды. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ