Бірінші күн: Қоржында – бір күміс, бір қола медаль
«Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі Бақтияр ТАЙЖАН Рио-де-Жанейродан хабарлайды
«Алтын» сынық сүйем жерде тұр еді
Дзюдошыларымыз жеңеді деп келіп едік. Олимпиаданың алғашқы күнін алтын жүлдемен бастауға үміттің жетегінде келген басқалар сияқты біздің де мүмкіндігіміз болған. Елдос Сметов – үстінен қылау түспеген су жаңа әлем чемпионы. Отгонцэцэг Галбадрах қызымыз өз салмағында әлемдегі үштікке кіреді. Сондықтан басы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедияұлы болып барлығымыз дзюдодан өтетін жарысқа келдік.
Өзіміздің балуандар шыққанға дейін өзге елдердің үкілеп әкелген үміттерін тамашалап отырмыз. 60 кило салмақта француз бен бразилиялық балуандар сағыздай тартысып жатыр. Рефери сылбырлау күрескені үшін алаң иесі Китадаға ескерту берген. Күрес аяқталуға 40 секунд қалғанда, Китада ышқынып келіп, қырқа шалды. Әлгінде ғана көңілі тоқ жүрген француз өкіріп жібере жаздады-ау. Жаралы арыстандай шабынғанымен, енді бәрі кеш еді. Ол енді ауылына қайтады. Төрт жылдық арман осы жерде адыра қалды.
Біздің Галбадрах қызымыз да көңілімізге қаяу түсіре жаздады. Сілкініп кеудесін керіп шыққан жерлесіміз алғашқы кездесуінде-ақ жарыс жолынан шығып қалуға шақ қалған. Шидо алды, ол аздық еткендей, қарсыласына вазарий ұстатып жіберді. Бәріміз ышқынып қалдық. Абырой болғанда, ол есін тез жинап, негізгі уақыттың ұпайларын теңестіріп, алтын ұпайға күресуге мұрсат алды. Шабуылдап жүріп жеңді-ау әйтеуір. Қазақстанның Ұлттық командалар дирекциясының басшысы Қайырболат Жанпейісов әлемдік рейтинг бойынша топ бастап тұрған монғол Мунгхбат алғашқы кездесуінде қарсыласы француз Паеттің қолын алғашқы минуттарда-ақ жұлып алғанда, «бұл енді финалға дейін тізгін тартпайды» деген.
Олимпиялық ойындарда ешкім сәуегейлік айта алмайтынына осы жолы тағы да көз жеткіздік. Бразилиялықтардың басынан құс ұшырмай отырған әлем чемпионы Сара Менезас кубалық қара маржанды ала алмай діңкелеп, соңында вазари әдісіне түсіп қалды. Ысқырық шалынғанда, өкініштен өзегі өртенген қыз шалқасынан құлаған Маэстра Алварестің үстінен түспей, көпке дейін жатып алды. Құр сүлдесін сүйретіп зорға тұрды. Бразилияның ерлер сынына қосқан балуаны да жарысты жақсы бастағанымен, ширек финалда әзербайжан балуанының жамбасында кетті. Әлемнің үздігі Мунгхбат та солқылдап жылады. Қарсыласына таза түсіп қалды. Екі әлем чемпионы жарыс жолынан шығып қалған соң, затымыз пенде емес пе, «біздің қызға жол ашылды» деп қуанғанбыз.
Елдос ердің сойы екендігін қашан да дәлелдеп жүр. Бірақ Олимпиялық ойындар осы додада бұрын топ жарғандарға да, бір емес, бірнеше дүркін әлем чемпиондарына да: «Келіп қалыпсыз ұят болар, жол сіздікі» деп сызылып тұрмайды. Шын мықтысың ба, басқа жерде емес, осы татамиде дәлелде. Бірінші топта ресейлік Беслан Мудранов жолындағыны қидай сыпырып келді. Екінші топта біздің батыр мықты болды. Оның әдіс-айла арсеналы мол. Қапелімде тар қолтықтың астына кіріп кетіп, басынан асыра лақтыратыны, отыра қалып, бір жағына қырқа шалып тастайтыны қандай керім. Өзбек жігіті Диарбек Оразбоев – өте тәсілқой балуан. Елдостың асуынан өте алмай жүрген. Бірақ Олимпиялық ойындарда кеудесінен жаны шығып кеткенге дейін арпалысатындарды сан көріп жүрміз. Негізгі уақыт тең аяқталды. Алтын ұпайға кетті екеуі. Елдос үнемі шабуылдың өтінде. Әлде бізге солай көріне ме? Екеуі де іргелес көрші, тегі бір түріктен тарайтынын былай жинап қойып, арыстандай арпалысып жатыр. Елдос оңтайы келгенде, Диарбекті тобықтан қағып, бір бүйіріне сұлатты. Қасымызда демін ішіне тартып отырған өзбек ағайындар басын ұстады, біз аспанға секірдік. Ағайындық ауылда-ау, бұл Олимпиада ғой. «Диарбекке Сметов өте ыңғайсыз балуан, әйтпесе, біздің балуан финалдан бір-ақ шығар еді» дейді олар. Расында өте мықты екен Диарбек. Ол үшінші орын үшін күресте ешкімді шақ келтірген жоқ. Атойлап жүріп жеңді. «Мынадай балуанды жолынан ысырып тастаған біздің батыр керемет екен» деп сүйсіндік.
Ақтық айқасқа шығар баспалдақта Елдос әзербайжан балуаны Орхан Сафаровпен белдесті. Орхан – ұзын бойлы, Елдосқа дейін қарсыластарын қоғадай жапырып келген. Олар бір-бірін ала алмай көп жүрді. Кездесу аяқталуға аз қалғанда, Елдос Орхонның екі қолын байлай ұстаған қалпы шалқалай бере тобықтан қақты. Юко. Жалқы да болса иппонға бергісіз алтын ұпай. Орхан жеңістің қолынан сусып бара жатқанын жан-дүниесімен сезініп алға қарай ұмтылды. Мұндайда «келсең кел» абырой бермейді. Елдос дұрыс тактика таңдады. Үш шидо алғанымен, батырымыз финалға өтті.
Финалда алдын озып айтар болсақ, терезесі тең күрес болды. Қайта біздің жігіт алымдылау, белсенділеу болған. Қандай тамаша әдістері соңына дейін орындалмай жатты. Тартыс Беслан Мудрановтың мықтылығын тағы танытты. Белдесу алтын ұпайға кетті. Тау жігіті тобықтан оңдырмай қақты. Елдостың ауырсынып қалғанын байқап отырмыз. Шаршағаны да сезіліп тұр. Жоқ, сонда да қайтпай кеуделеп ішке енді. Шалып жықпаққа әрекеттенген. Беслан әуеде өз пайдасына аударып кетті. Тобықтан қағып, өз пайдасына юко жазды. Әлгінде ғана көз алдымызда, қол жетер жерде тұрғандай көрінген алтын жарқ етіп, алқалап отырған қарсыластың қолында кетті. Әттең, бұл алтын медаль ресейліктердің алмай жүрген алтын жүлдесі емес қой. Біздің қазаққа ауадай керек еді. Елдос қазақ спорт тарихының алтын парағын ашуға дайын болатын. Күші де жетіп тұрды. Негізгі уақытта белсенді болғанын айттық, сол уақытта төреші құрғыр ресейлікке бір шидо беріп жібергенде, Қазақстанда қырық күн тойын, қырық күн ойын өткізер ұлан асыр той болар еді.
Бәрі Алланың қалауында ғой. Осыған шүкіршілік етіп таудай көңілімізді зорға бастық.
Отгонцэцэг Галбадрах мықтылығын мойындатты
Расында, алғашқы кездесуінде көңілімізді күпті қылған дзюдошы қызымыз Отгонцэцэг Галбадрах ұзаққа шабатын сәйгүліктей еті жарыс барысында қатты қызды. Оның қола емес, алтын медальға таласуға мүмкіндігі болды. Галбадрах соңғы Гранд-слам бәсекелерінің бәрінде бас жүлде алды десе болады. Екіден төмендеген кезі болған жоқ. Ширек финалда жапонның әлем чемпионы Ами Кондоны белден қапсыра ұстап бір емес, екі рет лақтырды. Кондо бірінде екпетімен түскенімен, екіншісінде бір жауырынымен жығылды. Ваазари. Қазақ күресінің тілімен айтқанда, жартылай жеңіс. 50 секунд уақыт қалған. Мұндайда тәжірибелі балуандар шидо алмас үшін белсенділік көрсеткендей, қолға жабысып, оңды-солға сүйреп жүріп алады. Біздің қыз Кондоның ыңғайына қарай күресіп кетті. Екеуі ұмар-жұмар құлаған. Галбадрах аяққа жармасып, тартып жатқандай еді, айырылып қалды. Жырынды әлем чемпионына осының өзі жеткілікті еді. Кеудесіне шығып жатып алды. 20 секунд ұстаса иппон, таза жеңіс. Жапон одан айырыла қомас.
Галбадрах үшінші орын үшін күресте ешкімді бойына тең көрген жоқ. Жұбаныш бәсекесінің алғашқы белдесуінде мажар қызын, Лондон Олимпиадасының кола жүлдегерінің екі қолын тас қылып байлап алды да, артқа қарай серпе көтеріп шалқалай лақтырды. Иппон. Қола медаль үшін тартыста өзінің жерлесі, әлемдегі үздік Мунгхбат әкпесін жүлдесіз қалдырған, финалға өтер жерде сүрініп, өзін күтіп тұрған кубалық Маэстро Алвареспен татамиге шықты. Екі шидо алды. Жарыс осылай аяқталса, жеңіс қара маржанда. Біздің қыз ва-банкке кетті. Уақытты сағыздай созып жүрген Алваресті қырсаудай қысып, ыңғайына келтірді де, тобықтан қағып, топ еткізді. Вазари. Қылпылдап отырған біздің көңіл де тоғайып қалды. Ал қола медаль сәлден кейін қолымда боладыны ойлап үлгерген Алварестің көңіл күйін құдайым ешкімге бермесін. Алтын медаль аргентиналық Паула Паретоның олжасы екен. Асылық айтпайық, біздің көңілімізде Галбадрах одан мықты көрінді.
Жарыстан соң жеңімпаз бен жүлдегерлер баспасөз орталығында дүние жүзінен жиналған журналисердің алдында сұхбат берді. Галбадрах Кондомен күресте орны толмас қателік жібергенін, өзінің ұтып жатқанына малданып қалғанын айтты. Сырт көзге шынашақтай көрінетін осы шымкенттік қыздың бойында алапат күш бар. Құдай қос көрсе, бұл қыз Олимпиада «алтынын» алмай қоймайды. Галбадрахтың айқастарынан осыны байқадық.
-Мен осыған дейінгі жарыстарымда аргентиналық Паретомен ғана кездескен жоқпын, – дейді ол. – Қалғандарын түгел жеңдім десем де болады. Олимпиада ойындарының жүлдесін алу арманым болатын. Қоладан да жоғары медаль алуға мүмкіндігім бар еді, жапон балуанымен күресте қателік жібергенімді ойласам, өзегім өртенеді. Қазақстан маған сеніп, құрамаға шақырды. Бапкеріміз екеуімізге барлық жағдайды жасады. Жарыс кезінде мені қолдаған жерлестерімізді, Қазақстан Туын көп көрдім. Сол үшін үлкен рахмет айтамын. Болашақта да қазақ елін жақсы жеңістеріммен қуанта беремін деп ойлаймын.
Бұл айтылғандарға біздің бір ғана қосарымыз бар. Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт және дене тәрбиесі басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев кезінде Отгонцэцэгмен спарингте күресуге елімізде ең мықты дзюдошылардың бірі болған, самбо күресінен үш дүркін әлем чемпионы Базарбек Донбайды бекіткен. Отгонцэцэгтің Олимпиадада топ жаруға қарымы жететінін сол Базарбек алғаш айтқан болатын. Ендеше, осындай қызды жауапты сынға дайындаған шеберге де рахмет айтуымыз керек.
Олимпиаданың алғашқы күндеріндегі жетістіктеріміз осындай болды.
Екі күнгі жарысты қорытындылайтын болсақ, 237 шақырымдық топтық жарыста велошабандозымыз Андрей Зейц 142 спортшылардың арасында алғашқылардың бірі болып топ басына шыққан. Алайда, мәреге жақындағанда, күші жетпей қалды. «Барымды салдым, аянғаным жоқ. Шынымды айтсам, Лондондағы Александр Винокуров секілді бас жүлде алуды армандағанымды да айтайын. Күшім соңына дейін жетпеді, бұйырғаны осы екен» деді. 100 метр қашықтықта суға жүзушіміз Дмитрий Баландин сегізінші орынмен финалға өтті. Ал Зүлфия Чиншанлоны алмастырған ауыр атлет Маргарита Елисееваның медаль алуға мүмкіндігі бар еді. Ол жұлқа көтеруде – 80, серпе көтеруде 106 кило нәтижесімен 5-орынға шықты. Бас бапкер Алексей Ни Маргаританың жаттығуда жұлқа көтеруден 90 килоға дейін көтеріп жүргендігін айтқан. Осындай ірі додаға алғаш қатысқан қыз толқуын баса алмаған сыңайлы. Ал алғашқы күні шаршы алаңға шыққан Берік Әбдірахманов американдық жас пері Карлос Балдерасқа ешқандай қайрат көрсете алмады. Карлос жылдамдығымен шалдырмай кетті. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов та осыны айтады.
Екінші күні медаль алуға үміттілер ішінен дзюдошы Жансай Смағұлов пен ауыр атлет Арли Чонтей аталған. Алайда, алғашқы кездесуінде жырынды Яспер Лефеврді жолынан ысырған Жансай келесіде әлем чемпионы жапон Ан Ба Улуға қайрат көрсете алмады. Ал Арли Чонтей қоссайыс қорытындысында төртінші орыннан аса алмады.
Үміт келер күндердің еншісінде қалды.