Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезекті ХІІІ съезінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуға медициналық қызметке қолжетімділік пен сапаны арттыруға қатысты әңгімелеп, 2013 жылға қарай алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын жоғарылататын біртұтас ұлттық жүйе қалыптастырылатындығын атап көрсетті. Біздің саланың нысандары қарқынды салынып, заманауи құрал-жабдықтар алынатындығын да жеткізді. Оның бәрі осы сала қызметкерлерін қуанышқа бөлеп, жұмысымызға соны серпін беруде.
Қамқорлық демекші, кеше облыс орталығының Ынтымақ алаңында облыс әкімі Қ.Көшербаев облыстық аурухананың бас дәрігері С.Төралиевке жылжымалы медициналық кешеннің құжаттары мен автокөлікті салтанатты түрде табыс етті. Жапонияда жасалған құны 86 млн. теңге тұратын бұл жылжымалы кешен түрлі сырқаттарды дәл анықтай алатын бірнеше заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қажет кездерде ауылдық жерлерге де еркін бара алады.
Облыс басшысы шалғайдағы Маңғыстау, Бейнеу аудандарына да дәл осындай екі кешен алынып берілетінін және облыс орталығына бір тікұшақ сатып алынатындығын жеткізіп, сала қызметкерлерінің жұмысына табыс тіледі. Ал көмек жайына келсек, алдыңғы күні облысымызға Астана, Алматыдан келген медициналық арнайы жұмыс тобы түрлі ақыл-кеңестер беріп, семинар өткізумен қатар, кеше сол топтағы еліміздің бас онкологы Ж.Арзықұлов маңғыстаулық бір азаматтың асқазанындағы қатерлі ісікке сәтті ота жасады.
Осы саланың бюджеті мен құрылыстары жөнінде айтсақ, өткен жылы сала бюджеті 4 млрд. теңгені құрады. Үш аурухана, бір перзентхана, облыстық қан құю орталығы пайдалануға берілді. Жақын күндері Форт-Шевченкода аудандық балалар ауруханасы мен облыстық онкологиялық диспансер құрылысы аяқталады. Қамқорлық нәтижесінде жергілікті мамандарымыз өткен жылы өлкеде тұңғыш рет протездеу, нейрохирургия, офтальмология саласының жоғары технологиялық түрлері бойынша түрлі көмектер көрсетіп, халықаралық деңгейде қарым-қатынас жасауға қол жетті.
Осынау жұмыстарды алдағы күндерде де Елбасы тапсырмасына орай жаңа сатыға көтере беруге жұмыстанатын боламыз. Оған мүмкіндік мол. Ынта-жігер де бар. Себебі, мемлекет тарапынан жақсы жағдай жасалып отыр.
С.МУСИНОВ, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы.