Бейсенғали мен Жайнагүл осыдан тоғыз жыл бұрын отбасын құрған еді. Алайда екеуінің арасында осы кезге дейін бір перзент болмай келді. Әйтсе де бір-бірін шын сүйіп қосылған екі жас бұл жағдайға ішкі түсіністік тұрғысынан қарай білді. Жұбайлардың ұрпақ сүю үшін тексеріліп, қаралу жөнінде ортақ ұйғарымға келуі осы өзара түсіністіктің арқасы деуге болады. Өкінішке қарай, олардың дәрігерлерден естіген үкімі өте қатаң болды. Жасыратын несі бар – ұрықсыздық деген шешімді есту алғашқыда екеуіне де оңай тимеді. Үмітсіз шайтан дегендей, біраз жерге барып қаралды. Дегенмен, олардың сәбилі болу жөніндегі сапарлары мен қадамдары ешқандай нәтиже берген жоқ.
Жұбайлар үшін осындай күрделі кезеңге бірнеше ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Жайнагүлдің анасы Зәйда апай үлкен мейірімге толы асыл жүрегін алға тосып, оларды барынша қолдай білді.Үміттеріңді үзбеңдер, қарақтарым, бұйырса сендер әлі перзентті боласыңдар деген аналық ақ тілегін айтып жүрді. Ол кісінің айтқаны айнымай келді де. Бейнелеп атқанда, бұл, біріншіден, ана тілегінің қабыл болғаны десек, екіншіден, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Оңтүстік Кореядағы «Чеиль» атты Сеулдегі клиника арасында жасалған ынтымақтастық жөніндегі келісімнің нәтижесі еді.
Өйткені, ерлі-зайыпты Ж.Отарғалиева мен Б.Қарабаевтарға осы келісімге сәйкес аталған клиникада тексеріліп қаралу мен емделу үшін квота бөлінген болатын. Осы орайда «Чеиль» клиникасы Корея Республикасындағы әйелдер денсаулығын қорғайтын көп қырлы мамандандырылған ірі медициналық орталық екенін айта кеткен жөн. Жоғарыда аталған жоба өз бастауын өткен 2015 жылдан алатынын ескерсек, бүгінгі күні оның нақты нәтижесінің болуы атап айтуға тұрарлық мәселе. Яғни, «Чеиль» клиникасында емделген қазақстандық жұбайлардың перзентті болуы – жобаның алғашқы қадамының өзі нәтижелі болғанын көрсетеді.
Сөйтіп, тоғыз ай, тоғыз күн дегенде Жайнагүл өмірге періште-перзентті алып келді. Әрине, тоғыз жылдан кейін әке атанған отбасы иесі Бейсенғали Қарабаевтың қуанышында да шек жоқ екені айтпаса да белгілі емес пе?! Ол бізге өзінің ішкі сыры мен толғанысын былайша жеткізді.
– Жайнагүл екеуміз ақ түйенің қарны жарылғандай бұл қуанышты күнді табаны күректей тоғыз жыл бойы күткен едік. Ойымыз орындалды. Осы арада Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Максим Пакке айтар алғысымыз мол. Оған шексіз риазамыз. Ол біздің жағдайымызды өте жақсы түсінді. Әрі келісімшартқа сәйкес, Кореяға барып емделуге кеңес берді. «Чеиль» клиникасы қызметкерлері бізді жылы шыраймен өте жақсы қарсы алды. Мен онда бір апта болдым. Ал Жайнагүл бір ай емделді. Содан соң көп кешікпей құрсақ көтерді. Күні кеше ол Орал қаласындағы перзентханада аман-есен босанды. Өмірге қыз бала келді. Өкіл әкесі Максим Пактың ұсынысы бойынша біз оған Айзере деген есімді қойдық. Шыр етіп дүниеге келгенде оның салмағы 4330 килограмм, бойы 56 сантиметр болды.
Осы арада Бейсенғали Қарабаев пен Жайнагүл Отарғалиева аталған келісімге сәйкес Кореяда емделген жалғыз отбасы емес екенін де айта кеткен жөн. «Чеильдегі» ем-шарадан кейін Бөрлі ауданынан барған екінші бір отбасылық жұп та бүгінгі күні бөбек күтіп отырғаны қандай ғанибет. Ал перзентке зар болған үшінші жұп барлық қажетті емдерді алу үшін алдағы қазан айында Сеулге аттанғалы отыр екен.
Ойымызды түйіндей айтқанда, Айзере – Ассамблеяның төл перзенті деуге болады. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Кореяның «Чеиль» атты Сеулдегі клиникасы арасында қол қойылған ынтымақтастық жөніндегі келісім қағаз жүзінде қалмай, нағыз жанды іске айналғаны да үлкен мерей.
Мемлекет басшысы, Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл қоғамдық институттың экономикалық және саяси тұрғыдағы жауапкершілігіне қоса, әлеуметтік бағыттағы атқарушы рөлін одан әрі көтеру қажеттігі жөнінде ұдайы айтып келеді. Ассамблея қызметі бірінші кезекте қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Әйтсе де оның сан қырлы істері, жоғарыда аталғандай, атаулы әлеуметтік көмектерден де көрініс тауып жатса, оның ешқандай артықшылығы жоқ.
Айталық, сәби сүюді көксеген өзге елдер отбасылары үшін Кореяда емделу құны 15 мың АҚШ долларын құраса, жасалған келісімнің нәтижесінде бұл күрделі процедура қазақстандық отбасылар үшін 6 мың долларға дейін төмендепті. Әрине, оның басты негізі Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы өзара ынтымақтастық келісім екені белгілі. Екіншіден, бұл арадағы басты мәселе тек ақша десек, ұшқарылыққа ұрынар едік. Керісінше, бұл арада басты гәп ақша емес, бүгінгі күні өзіміз куә болып отырған тамаша нәтиже десек, шындыққа біршама жақындай түсерміз.
Қысқасы, бұл тек бір ғана корей орталығының емес, сонымен бірге, республикадағы барлық этномәдени бірлестіктердің жемісті қызметінің көрінісі, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамындағы барлық облыстық Ассамблеялардың сергек көзқарастары мен нақты іс-қимылдарының нәтижесі дей аламыз. Олардың қарапайым жандарға әлеуметтік қолдау жөніндегі осындай ізгілікті істері одан әрі жалғаса берсе игі.
«Тал өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» демей ме халқымыз. Гүлдей жайнап өсе бер, Ассамблея перзенті Айзере!
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ
Суретте: Айзерені перзентханадан шығарып алу сәті