Елордамызда Халықаралық мамандандырылған көрме өткізу күні жақындаған сайын осы бір жаһандық шараға байланысты келіссөздер де кеңейе түсуде. Үстіміздегі жылдың 8-9 тамызы күндерінде «ЭКСПО-2017»-нің Комиссары Рәпіл Жошыбаев Тайланд Корольдігінде болып, бірқатар кездесулер өткізді.
Сапар барысында, Рәпіл Жошыбаев Тайланд энергетика министрлігінің тұрақты хатшысы – ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Тайланд секциясының Ұлттық комиссары Ареепонг Бхоочаооммен, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЭСКАТО-ның атқарушы хатшысы Шамшад Ахтармен, Тайланд елінің іскер топтарымен және елдің жетекші БАҚ өкілдерімен кездесті. Энергетика министрлігінде өткен кездесу барысында екі ел арасындағы экономикалық және энергетикалық ынтымақтастық және Тайландтың Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу мәселелері тілге тиек етілді. Рәпіл Жошыбаев өз сөзінде көрмеге халықаралық қатысушыларды тарту және елордадағы көрмені өткізуге дайындық шаралары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өз кезегінде, Тайландтың Ұлттық комиссары А.Бхоочаоом өз елінің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындығын тағы да қуаттап, көрмеге «жасыл» энергетика саласында атқарылған жетістіктердің жеткізілетіндігін айтты. Тайланд елі 2021 жылға дейін баламалы энергия көздері арқылы алынатын энергетика үлесін 25 пайызға жеткізуді белгілеп отыр. Бұл ел баламалы энергетика көзі ретінде биомассаларды пайдалануда бай тәжірибе жинақтап, биомассаларды энергия көзіне айналдыру бойынша Азия – Тынық мұхиты аймағында көшбасшылыққа қол жеткізді.
Тараптар сонымен бірге, Қазақстан және Тайланд елдері арасында дипломатиялық қатынастың орнатылуына 25 жыл болатын жылы екіжақты ынтымақтастықта жаңа серпінді қадамдарға қол жеткізілетіндігін атап көрсетті. Осы ретте, ЭКСПО-2017 көрмесі шеңберінде өткізілетін Ұлттық күнге орайлас Тайланд корольдік отбасы мүшелерінің Астанаға арнайы сапарын ұйымдастыру мүмкіндіктері де қарастырылды.
Келіссөз қорытындысы бойынша, тараптар Комиссар А.Бхоочаоомның үстіміздегі жылғы 19 тамызда Тайландтың ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы жөніндегі шартқа қол қою үшін Астана қаласына сапарын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізді.
Тайланд елордада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуын ресми түрде бекіткен 96-шы мемлекет болып табылды. Тайланд елінің көрмедегі павильонының жалпы көлемі 734 шаршы метрді құрайды. Корольдік соңғы жылдары өткізіліп келе жатқан ЭКСПО көрмесінің барлығына қатысып келеді. Атап айтқанда, Тайланд Корольдігі Ганновер-2000, Аичи-2005, Сарагоса-2008, Шанхай-2010, Йосу-2012, Милан-2015 халықаралық көрмелерінің белсенді қатысушысы болып табылады.
БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының атқарушы хатшысы Шамшад Ахтармен болған кездесуде ЭСКАТО-ның көрмеге қатысу мәселелері және «жасыл» экономика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Ахтар ханым көрме аясында ЭСКАТО-ның арнайы сайд-ивентін ұйымдастыруды ұсынды. Осы сайд арқылы Азия – Тынық мұхиты энергетикалық порталын таныстырып тұрақты энергетика және жасыл энергетиканы дамыту жөнінде онлайн-тренингтер өткізу мәселесін тілге тиек етті. Атқарушы хатшы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Жасыл технология және инвестициялық жобаларды» дамыту бойынша ЭКСПО базасында БҰҰ халықаралық орталығын құру жөніндегі бастаманың маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Кездесу қорытындысында, ЭСКАТО ұйымы Астанада осындай орталықты құруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктеріне сенім білдірді.
Сапар барысында өткен кездесулерде тайландтық энергетикалық және туристік компаниялар, бизнес топтарының өкілдері Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне ерекше қызығушылық танытты. Тайландтық тур-операторлармен ынтымақтастық байланысты дамыта отырып, жергілікті туристерді көрмеге кеңінен тарту мәселелері қарастырылды.
Сапар қорытындысы бойынша ЭКСПО-2017 Комиссары Корольдіктің «Bangkok Post», «Radio Thailand» және «TNN-24» атты жетекші БАҚ-тарына сұхбат берді.
«Егемен-ақпарат»