15 Ақпан, 2011

Науқан енді қызып келеді

422 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Дүйсенбіге дейін 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Рес­пуб­ликасы президенттігінің кезектен тыс сайлауына кандидат ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комиссиясына еліміздің алты аза­маты өтініш берді. Өткен аптада осы кандидаттардың төртеуі Лингвистикалық комиссияның отырыстарында мемлекеттік тіл – қазақ тілін еркін меңгергендіктері жөнінде сынақ тапсырды. Жұма күні «Нұр Отан» ХДП атынан президенттікке кандидат болып ұсынылған Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев Лингвис­ти­ка­лық ко­мис­сияның мүшелеріне сынақ тап­сырды. Кандидат белгіленген тәр­тіп бойынша, алдымен «Әлемдік қоғамдастықтағы Қа­зақ­стан» та­қы­ры­бына шығарма жазды. Одан соң, Абайдың қара сөздерін нақышына келтіре оты­рып айтып берді. Ал үшін­ші сы­нақ – 15 минөт сөз сөй­леу бо­латын. Мемлекет басшысы бұған «Қоғам және демократия» деген тақырыпты таңдаған екен. Лингвистикалық комиссияның төр­ағасы Мырзатай Жолдас­беков­тің журналистерге хабарлағанын­дай, Ел­ба­сы сынақтан мүдірмей өт­кен. Жазбаша тапсырманы өте таза әрі қатесіз орындаған. Комиссия мү­шелері Мемлекет бас­шысы қазақ тілін мүлтіксіз мең­герген деген шешімге келіп отыр. Ертесінде Орта­лық сайлау комис­сия­сы президенттіктен үміткер Нұр­сұлтан Назар­баевты ел Конс­ти­ту­циясы мен «ҚР сайлау ту­ралы» Конс­титуциялық заңының талаптарына сәйкес деп анық­тал­ғандығы туралы және кан­ди­­дат­тың Қазақстан Респуб­ли­касы президенттігіне кандидат­ты­ғын қол­­дап, қол жинау үшін қол қою па­рақ­тарын беру туралы қаулы қа­былдады. Ал президенттікке кандидат Уәлихан Қайсаров Лингвис­ти­ка­лық комиссияға 8 ақпанда сынақ тап­сырған болатын. Комиссия өзі­нің отырысында кандидаттың жаз­ба жұ­мыс­тарын, сондай-ақ шы­ғарма­дан үзінді оқу және қа­зақ тілінде еркін сөйлеуге қа­тыс­ты тапсырған сынақтарын жан-жақты талдай келіп, Уәлихан Қайсаровты мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген қорытын­дыға келді. Лингвисти­ка­лық комиссия төрағасының мәлім етуінше, кандидат жазба жұмысын­да 28 қате жіберген. Мәтінді оқуы Комиссия мүшелерінің көңілінен шыққан, бірақ еркін тақырыптағы сөз сөйлеуінде ойын шашыратып алған. Басты себептер – осы. Осыған байланысты 9 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы «ҚР сай­лау туралы» Конституциялық заңының 54-бабы 2-тармағына сәй­кес президенттікке кандидат Уә­ли­хан Қайсаровтың қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіні ту­ра­лы қаулы қабылдады. Сол күні, яғни 9 ақпанда У.Қайсаров Ор­талық сайлау комиссиясына өзін-өзі ұсыну жолы­мен президенттікке кандидат ретінде дауысқа түсу ниеті туралы тағы бір өтініш берген еді. Оның бұл өтінішін 12 ақпанда Орталық сайлау ко­мис­сиясы Лингвистикалық комис­сия­ның және Орталық сайлау ко­мис­сия­сы­ның өткен жолғы шешімі мен қау­лы­сының негізінде қарау­сыз қалдырды. Президенттікке кандидат Ха­лық­аралық экологиялық акаде­мия­сы­ның президенті Мұсағали Дуамбеков мемлекеттік тілді еркін меңгер­гендігі туралы сынақты екінші бо­лып тапсырған еді. Ол Лингвистика­лық комиссия сыны­нан ойдағыдай өтті. Шығарма жазуда өз ойын сауатты жеткізген, сөйлем құрауы да жақсы. Кандидат, сондай-ақ еркін сөз сөйлеуде де өзінің төселгендігін көрсетті. Нәтижесінде Лингвисти­калық комиссия кандидат Мұсағали Дуамбековті мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген шешімге келді. Президенттіктен үміткер ретінде алғашқы болып өтініш тү­сір­ген­дер­дің бірі – өзін-өзі ұсын­ған Сәлім Өтен болатын. Әсілі, ол Лингвисти­калық комиссияға ап­та­ның басында сынақ тапсыруы тиіс еді. Белгілі себептерге бай­ла­нысты кандидат сы­наққа уақтылы келе алмады. Соның сәті 12 ақ­панда түсті. Ол Комиссия сыны­нан сүрінбей өтті. Комиссия төр­ағасы Мырзатай Жолдасбековтің ха­бардар етуінше, Сәлім Өтен мем­лекеттік тіл – қазақ тілін еркін меңгерген жан. Сол күні Орталық сайлау комиссиясы өз отырысында Сәлім Өтеннің ел Конс­титуциясы мен «Сайлау ту­ралы» Конститу­циялық заң талап­тарына сәйкес келетіндігі туралы қаулы қабылдады. Сынақтан өткен президенттікке кандидаттар қол қою парақ­тарын алып, сайлаушылардан қол жинау жұмыстарына кірісіп те кетті. Президенттіктен үміткер ретінде өтініш түсіргендердің тағы бірі – «Аттан Қазақстан!» қозға­лы­сының төрағасы Амантай Асыл­бек бола­тын. Ал Амантай қа­жы Асылбек Лингвистикалық комиссия сынынан 12 ақпанда өтуі тиіс-ті. Өкінішке қарай, кан­ди­дат Орталық сайлау комис­сиясына келмеді. Лингвис­ти­ка­лық комиссия мүшелері де, БАҚ өкілдері де оны бір сағатқа жуық күтті. Комиссия төрағасы оның ұялы телефонына хабарласып та көр­ген еді, жауап жоқ, телефоны өшірулі. Кандидаттың сынақ тап­сыруға әлі де мүмкіндігі бар. Орталық сайлау комиссиясына сондай-ақ тағы бір азамат президенттікке кандидат ретінде өзін-өзі ұсыну тәртібімен өтініш түсі­ріп отыр. Ол – 49 жастағы Астана қа­ласының тұрғыны, уақытша жұ­мыссыз Қанат Есжанов. Бет қатталып жатқанда: Орталық сайлау комиссиясы 14 ақпанда «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңының 54-бабына, 59-бабының 7-тармағы 3)-тармақшасына, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының 2011 жылғы 9 ақпандағы №18/28 қаулысына сәйкес У.Ә.Қайсаровты президенттікке кандидат етіп тіркеуден бас тартқаны туралы ақпарат таратты. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.