Оппозиция шекара келісіміне неге қарсы?
Косовода парламент отырысында оппозиция Черногориямен шекараны демаркациялау туралы келісімнің қабылдануына кедергі келтіру үшін отырыс өтіп жатқан залға көзден жас ағызатын газ шашып жіберді.
«Рейтер» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, сол кезде бірнеше адам парламент ғимаратына тас лақтырған. Ал елдің премьер-министрі Иса Мұстафа белгісіз адамдар шекара мәселелерімен атсалысатын комиссия басшысының үйіне жарылғыш зат қойып кеткенінен хабардар етті. Оппозициядағылар бұған дейін де парламенттің Черногориямен шекараны белгілеуге қатысты отырысына кедергі жасаған еді. Шекара туралы келісім Косово тұрғындарының Еуропалық одақ елдеріне визасыз кіруіне мүмкіндік береді. Бұл келісімге қарсылар Косово шекарасы демаркацияланса, ел сегіз мың гектар жерінен айырылады дегенді алға тартады.
Құрама Штаттар билігінен баспана сұрады
Вирджиния штатындағы НАТО миссиясына іссапарға жіберілген Түркия офицері АҚШ билігінен баспана сұрады. Дерек көздеріне қарағанда, 22 шілдеде ол өзінің әскери белгілері мен жекебасы куәлігін базада қалдырған.
Аты-жөнін атамауды жөн көрген шенеуніктің айтуынша, офицерді өз еліне қайтуға шақырған. Содан кейін көп уақыт өтпей ол әскери базадан кетіп қалған көрінеді. Пентагонның ресми өкілі Джефф Дэвис түрік әскери қызметшісіне байланысты жағдайды түсіндіруге ниет танытпады. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті де осы мәселеге қатысты ақпарат беруден бас тартты.
Терроршыл ұйым басшысының бірі ұсталды
Неміс полицейлері «Ислам мемлекеті» терроршыл топтары басшысының бірін ұстады. Ол Германия аумағында содырлардың мүддесіне өкілдік еткен сияқты.
Полицейлер іздеуде жүрген бұл қылмыскерді алдын-ала түскен ақпараттар бойынша жоспарланған арнайы операция барысында қолға түсірген. Тергеушілердің сөзіне қарағанда, радикалдар футболдан ел чемпионаты басталған тұста шабуыл жасауды жоспарлаған болуы мүмкін. Бундеслига командаларының кездесуі 26 тамызда басталады. Терроршылардың бұл елге жасаған шабуылдарын көпшілік ұмыта қойған жоқ.
Қысқа қайырып айтқанда:
- Ирактың астанасы – Бағдадта аурухана ғимараты өртеніп, дүние есігін жаңадан ашқан 11 нәресте қызыл жалынның құрбаны болды. Өрт аурухананың перзентханасында түнге қарай шыққан.
- БҰҰ Сирияның Алеппо қаласында соғысты уақытша тоқтатып, «гуманитарлық үзіліс» жасауға шақырды. Сейсенбі күні қалада ұрыс салдарынан су және электр энергиясын тарату жүйелері істен шыққан еді.
- Австралияның Ньюпорте қаласында әйнектен мешіт үйі салынады. Әзірге бұл жобаны егде жастардағы мұсылмандар толық құптай қойған жоқ.
- Калифорния университетінің ректоры Николас Диркас, егер студенттер наразылық акциясына шыққан жағдайда «қашып құтылу» үшін жерасты жолын қаздырыпты. Оған ректор университет бюджетінен 9 мың долларға жуық ақша шығындаған.
Даулы аралдарға зымыран орналастырды
Вьетнам құпия жағдайда өздерінің зымыран қондырғыларын Оңтүстік-Қытай теңізіндегі даулы аралдарға орналастырды. Бұл ақпаратты «Рейтер» агенттігі таратты.
Ақпаратта атап өтілгендей, Вьетнам Спратли аралына зымыран қондырғыларын құпия түрде жеткізіп, оларды бес базаға орналастырыпты. Енді қондырғылар екі-үш күнде әскери дайындыққа келтірілетін сияқты. Зымыран қондырғыларының даулы аралдар аумағына орналастырылуы Қытай әскерилерінің осы аумаққа қатысуына тікелей байланысты. Әскери байқаушылардың бағалауынша, Вьетнамның бұл әрекеті Оңтүстік-Қытай теңізіндегі даулы аралдарға қатысты соңғы онжылдықта жасаған ең маңызды қадамы болып табылады.
Корея да ядролық державаға айналуы мүмкін
Егер Солтүстік Корея атом бомбасын жасауды жалғастыра беретін болса, Оңтүстік Корея да ядролық қарумен қарулануды қолға алатын болады.
Корея Республикасы бірлескен министрлігінің саяси мәселелер бойынша бас директоры Ли Ток Хэн австралиялық басылымда жарияланған мақаласында осы мәселеге арнайы тоқталған. Саясаткер, сондай-ақ, КХДР-дің ядролық державаға айналуы Солтүстік Кореяны да, Жапонияны да ядролық қару жасауды бастауға мәжбүр етуі мүмкін екендігін атап өткен. «Осының барлығы Корей түбегінің қауіпсіздігіне орасан зор қатер төндіреді», – деп ескертеді Ли Ток Хэн. Оңтүстік Корея үкіметі бүгінгі күнге дейін ядролық қару жасауға қарсы болып келді. Ал Солтүстік Корея өз жоспарын жүзеге асыруды тоқтатар емес.
Түркияда тағы да жарылыс болды
Түркия қауіпсіздік қызметінің өкілдері елдің оңтүстік-шығысындағы жарылыстан үш әскери қызметші қаза тапқанын растады.
Жарылыс кеше елдің Иракпен шекарасына жақын Ширнак провинциясының Улудере ауданында болған. Бронды әскери техника жолмен келе жатқанда жол жиегіне жасырылған қолдан жасалған бомба жарылыпты. Бұл террорлық актіні Түркия аумағында тыйым салынған Күрдстан жұмысшы партиясының жасақтары жасауы мүмкін деген болжам айтылуда.
Интернет материалдары негізінде әзірленді