Лондон Олимпиадасында үлкен сенім артылған жеңіл атлеттердің бірі Маргарита Мұқашева болатын. Байрақты бәсеке алдындағы көрсеткіштері осал емес-тін. Алайда, Азияда қарсылас шыдатпай жүрген оның соңғы бәсі биік бәсекелерде сыр бере бастағаны байқалды. Жапонияда өткен чемпионатта вьетнамдық желаяқ алдын орап кетті. Бразилиядағы бүкіләлемдік қарулы күштер ойындарында екінші орынды қанағат тұтты. Өйткені, жаттығулардың бірінде алған жарақаты жанына батып, бабы да келіспей жүрді. Тіпті, халықаралық универсиада мен әлем чемпионатында шаң жұтып қалды.
Дәрігерлер «жарақатты түбегейлі емдетпесе болмайды, әйтпесе асқынып кетуі ықтимал» деген шешімге келгеннен кейін мәжбүрлік салдарынан ірі жарыстардан қол үзуіне тура келді. Бірер жыл спортпен уақытша қоштасып, жаттықтырушылық жұмыстармен айналысты. Бірақ спортқа деген құштарлық пен құлшыныс оны жеңіл атлетикаға қайта оралтып, жанкешті жаттығуларға белсене кірісіп, аз уақыттың ішінде үздіктер тобына қосылды. Нәтижесінде Азияның Гран-при сериясында жеңімпаз атанып, Лондон Олимпиадасына баратын болды. Жарыс Қытайдың үш қаласында өтіп, жеңіл атлетші қыз 800 метр қашықтыққа жүгіруде үш алтын медальды мойнына тақты.
Жапониядағы байрақты бәсеке алдында Руслан есімді өмірлік жарымен отау құрып, Мацко тегін Мұқашеваға ауыстырды. Одан әрі жолы Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегері Татьяна Колпакова және Ғұсман Қосановты еске алуға арналған халықаралық турнирлерде тоғысып, шеберлігін шыңдай түсті. Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарында 2 минут 02 секунд уақыт көрсетіп, жеке рекордын жаңартты. Павлодарлық Виктория Яловцева екеуі «В» тобы бойынша лицензияға ие болғанымен, соңғы кезге дейін қайсысының ел намысын қорғайтыны белгісіз болып келді. Ақыры таңдау Мұқашеваға түсті. Ол «А» категориясы бойынша лицензия ұтып алуды жоспарлағанымен, сенімнен гөрі күмәні басым болатын. Соңғы кездері өзінің қатты шаршағанын сезіп жүрді. Ескі жарақаты да қайтадан сыр бере бастады. Соған қарамастан, небір биік белестерді бағындыра білді. Лондон Олимпиадасында жүлде алмаса да осындай байрақты бәсекеге қатысудың өзін үлкен мәртебе санайды. Бабында жүрген оның Рио Олимпиадасында бағы жанып жатса, еш таңғалуға болмас.
Рита Мұқашева жеңіл атлетикамен 16 жылға жуық айналысып келеді. Оның өмірінде дарынды балаларға арналған мамандандырылған спорт мектеп-интернаттың алатын орны айрықша. Осы білім ошағының қабырғасында нағыз спортшы ретінде тәрбиеленіп шықты. Азиядағы жарыстарда алғашқы тұсауы Бангокте кесіліп, Гран-при жүлдегері болып оралған. 2008 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормасын орындады. Бүгінде атағынан ат үркетін М.Мұқашева азиялық жеңіл атлетшілер арасында көш бастап тұр. Оның «Grand-prix» халықаралық бәсекедегі 6 дүркін жеңімпазы рекордын әзірге ешкім қайталай алған жоқ.
Уақытының өте тығыздығына қарамастан, білімін жетілдіруге де уақыт таба білген Маргаританың алға қойған мақсаткерлігі сүйсіндіреді. Техник-бағдарламашы мамандығын игергеннен кейін жаттықтырушы-оқытушы дипломын алып шықты. Сосын экономика факультетіне түсіп, ойдағыдай аяқтады. Еліміздің жеңіл атлетика ұлттық құрамасында біраз жыл қызмет атқарды.
– Рио Олимпиадасына лицензия ұтып алу соншалықты қиынға түсе қойған жоқ. Дегенмен, байрақты бәсекеге әлемнің әр түкпірінен кілең мықтылар жиналатынын ескерсек, жүлде үшін таластың тартысты өтері анық. Қолдан келгенше Қазақстан намысын бермеуге тырысамын, – деген еді БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте Маргарита Мұқашева.
Лайым, жеңістің биік төрінен көрінгей дейміз желмен жарысқан желаяқ жерлесімізге.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
ПЕТРОПАВЛ