Шыны керек, бүгінде біз бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын сан алуан өкімдер мен заңдарға көп мән бермей жатамыз. Алайда, сол ресми құжаттардың астарында көптеген түйткілді мәселелердің шешімі бар. Мәселен, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңға сәйкес, банктер кез келген төлем комиссиясының көлемін клиентке алдын ала айтуы тиіс. Сондай-ақ, келісімшартта көрсетілген комиссияны банк өздігімен көтере алмайды. Ал зейнеткер, мүгедек және тағы басқа әлеуметтік көмек алатын азаматтар несие төлеуді кешіктіріп жатса, олардың ақшасын бұғаттауға рұқсат жоқ. Осы заңның аса өзекті әрі маңызды бір тұсы, алдағы уақытта шетелден ақша алатын үкіметтік емес ұйымдар, жеке және заңды тұлғалар ол қаржыны ашық көрсетіп, тиісті есебін тапсыруы қажет. Былайша айтқанда, шетелдік қаржыға қоғамдық бақылау орнату жоспарланған. Себебі, барлық мәліметтер ашық түрде жарияланады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы Дәулет Ерғожиннің сөзіне қарағанда, шетелдік қаржы бойынша бақылауға жататын үш бағыт бар. Олар – заңды көмек көрсету, сауалнама мен мониторинг жасау, сондай-ақ тиісті ақпаратты талдау үшін жинау. Міне, осындай жұмыспен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар, жеке және заңды тұлғалар декларацияны электронды түрде, я болмаса қағаз жүзінде тапсыруы тиіс. Оны аталған үш қызметтің біреуі бойынша келісімшарт жасасқан сәттен бастап он күннің ішінде тапсыру қажет.
«Сосын 45 күннен кейін ол ақша қайда және қалай жұмсалғаны туралы кеңейтілген есеп тапсырылуы шарт. Біз ол ақпаратты ашық түрде өз сайтымызға жариялайтын боламыз. Қазақстан азаматтары, жалпы қоғам ондай ақшаның қайда жұмсалып жатқанын білуі керек. Осы орайда айта кетер негізгі мәселе, жаңа заңның кері күші жоқ, яғни бұған дейін шетелден келетін ақшаның қалай жұмсалғанын ешкім тексермейді. Мәселен, заң қазанның 11-інен бастап күшіне енеді. Демек, сол уақыттан бастап жаңа шарттар орындала бастайды», дейді Д.Ерғожин.
Дегенмен, ескі келісімшарттарға өзгерістер енгізілетін болса, жаңа заңның талаптары сол құжаттарға да таралады. Яғни, бұрынғы келісімдер бойынша қызмет көрсету түрін, я болмаса құжаттың мақсатын өзгертуге жол берілмейді.
Ашығын айту керек, қоғамдық қауіпсіздік пен ел тыныштығы үшін ондай талаптың болғаны дұрыс. Дегенмен, бұл Қазақстанның өз бетінше қолға алып жатқан бастамасы емес, ол – халықаралық шарттардың талабы. Страсбург конвенциясына сәйкес, Қазақстан қаржылық бақылау органдарының ақпарат алмасуына атсалысуға міндетті. Бұл дегеніміз, шетелдік мекемелер сұрау салып, белгілі бір қаржының аударылғанын, я аударылмағанын нақтыласа, біз ол туралы ақпаратты бірден беруіміз керек.
«Негізі, АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Қытай, Израиль сияқты елдермен салыстырғанда, Қазақстанның осы саладағы заңнамасы онша қатал емес. Бізде бақылаудан гөрі заңнаманың әлеуметтік жағы, былайша айтқанда, адамның жеке жауапкершілігіне басымдық беріледі. Мәселен, басқа елде әділет органдарында тіркелу керек, есеп беру керек. Оны істемесе, қылмыстық жазаға тартады. Ал Қазақстанда әкімшілік жаза қарастырылған. Басқа ешқандай шара жоқ», дейді комитет басшысы.
Иә, әлемдік тәжірибені алып қарасақ, шетелдерде үкіметтік емес ұйымдар арқылы өзге мемлекеттерден келетін қаржыны қатаң бақылап отырады. Мәселен, АҚШ-та қоғамдық ұйым тіркеуге тұрмай жатып, шетелдік қаржыны алса, оған 10 мың доллар көлемінде айыппұл салынады, я болмаса 5 жылға түрмеге жауып тастайды. Америкада осы заң қабылданғанына 78 жыл болыпты. Көрші Ресей де осы мәселеге қатаң қарайды. Ол жерде айыппұлдың көлемі 27 мың долларды құрап отыр. Ал кейбір мемлекеттерде қоғамдық ұйымдар арқылы шетелдік қаржыны тартуға мүлдем тыйым салынған. Бізде болса, қылмыстық жаза жоқ, тек әкімшілік жауапкершілік қана қарастырылған.
Жаңа заң әлі күшіне енген жоқ. Алдағы бір-бір жарым айдың ішінде шетелдік қаржы бойынша есеп беру механизмі әзірленіп, «электронды үкімет» порталына енгізілетін болады. Осылайша, үкіметтік емес ұйымдар мен жеке тұлғалар шетелдік қаржы туралы декларацияны үйден шықпай-ақ электронды түрде тапсыра алады.
Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар заңның осы талабын орындауға қарсы емес. Дегенмен, мемлекет тарапынан бюджеттік бағдарламаларды дер кезінде орындап, мемлекеттік сатып алулар бойынша конкурстарды уақытында өткізуді сұрап отыр. «Сонда үкіметтік емес ұйымдардың қаржылық жағдайы ойдағыдай болады», дейді олар.
Арман АСҚАР,
Журналист