Тәуелсіздік жылдарында елімізді бұған дейін де әлденеше рет заңдық және саяси шырғалаңдардан адастырмай алып шығып келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдумнан бас тартып, оның орнына халқымызға өз мандатының аяқталу мерзімінен екі жыл бұрын сайлау өткізуді ұсынуы арқылы тағы да ел тағдырына қатысты бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алды. Әлемдік тәжірибеде бұрын өзіміз естіп, білмеген осы тосын шешімі арқылы ол бәріміз үшін де Ата Заңымызды қатаң ұстанып өмір сүрудің қаншалықты маңызды екендігін нақты ұғындырып қана қоймай, өзі соның жақсы үлгісін көрсетіп, демократияның тағылымды дәрісін берді. Бүгінде еліміздің жұртшылығы ғана емес, әлемнің бірқатар белгілі саясаткерлері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері де Қазақстан басшысының бұл ұйғарымын қызу құптай қарсы алуда. Ал қоғамдағы саяси тұрақтылық пен халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуда бұл шешімнің маңызы тіпті бөлек дер едік.
Ал енді Президентіміздің мұндай шешімді қабылдауына не себеп болды? Елімізде күтпеген жерден құқықтық қайшылық тудыра жаздаған бұл дүрбелеңнің сырын ұғыну үшін ең алдымен бәрі де өткен жылдың 23 желтоқсанында Өскемен қаласында өткен Елбасымыздың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынған бастамашы топтың жиынынан бастау алғанын тағы бір сәт еске алған жөн.
Ол жиын неге өтіп еді? Әрине, оның ең басты себебі – халқымыздың еліміздің тәуелсіздік жылдарында осы кезге дейін қол жеткізген табыстарын жоғары бағалап, осы бағыт-бағдарымыз бен даму қарқынымыздың одан әрі жалғаса беруін қалайтындығында екені айдан анық. Оның үстіне, қазақстандықтардың Президентіміздің өз бастамашылығымен әзірленген 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламаның өз басшылығымен жеріне жеткізуін ойлайтыны да түсінікті. Осыған қоса, бәлкім, халқымызды бүгінде дүйім дүниенің дүрбелеңге толы екендігі мен бірқатар мемлекеттердегі саяси ахуалдың да алаңдатарлық халде қалып отырғаны мазасыздандыратын шығар. Сондай жағдайда тәжірибелі әрі сыралғы, әлемдік деңгейде абырой-беделі зор Елбасымыз тұрғанда, жаңадан президенттік сайлау өткізіп, ара-дара болып жатудың қажеті қанша, одан да референдум арқылы тұңғыш Президентіміздің өкілеттігін тағы да он жылға ұзартқанды артық көрген болар.
Әйтпесе, осы референдумға байланысты іле-шала қол жинау басталғанда, айналдырған аз уақыттың ішінде бес миллионнан астам халықтың (ал бұл дауыс беруге құқығы бар электораттың тең жартысынан астамы!) осы шараны жаппай қолдап шыға келмес еді ғой.
Рас, осы орайда кейбір мысық тілеулі жандардың тарапынан айтылып жатқан «ол қолдардың қалай жиналғанын білеміз ғой...» деген сыпсыңды да естімей қалғанымыз жоқ. Бірақ сол шіркіндердің қазіргі ақпараттық технология дамыған заманда, жаппай дерлік сауатты Қазақстан халқының оңайлықпен ешкімнің де арбауына көніп, айдағанына жүре қоймасын білмегенси қалғаны өкінішті дер едік. Әйтпесе, жүзді жаңылдырарсың, мыңды адастырарсың, бірақ мына заманда миллиондарды күштеп қол қойдыруға болады екен дегенге кімді сендіресің?! Ал сол миллиондар қолын қойды екен, ендеше, бұл қайткенде де дана халқымыздың Тұңғыш Елбасымыздың осы жиырма жылдың ауқымында атқарған жоталы істерін азаматтықпен әділ бағалай білгені емес пе?
Оның үстіне, жасыратын несі бар, сол көптің арасында: «Әй, осы науқан, сірә, Елбасымыздың өзінің емеурінімен ұйымдастырылған шығар-ау», деп ойлайтындардың ұшырасуы да ғажап емес. Бірақ мұның тым жаңсақ пікір екенін ашып айтқымыз келеді. Оны 20 қаңтарда Елбасымыздың Парламент депутаттары, саяси партиялар жетекшілері және зиялы қауым өкілдерімен «Ақордада» өткен кездесу барысында тұнжырай қабағын шытып: «Ойламаған жерден басты қатырып қойдыңыздар ғой» деген қынжылысынан байқау да қиын емес. Елімізде референдум мәселесі көтерілгелі бері Президенттің үлкен ой үстінде жүргенін бәріміз де байқадық. Әрі ол онысын жасырмай, әлденеше рет көпшілік алдында мәлімдеді де.
Ендеше, Президент референдум мәселесі көтеріле бастағанда оны неге бірден тоқтатып тастамады деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл арада біз мына жәйтті дұрыс ұғынуымыз керек: демократиялық даму бағдарын ұстанып, соның алғашқы сатыларынан жаңа өтіп жатқан Қазақстан сияқты елде күн сайын әр алуан бастамалардың ортаға салынып, белгіленген заң тәртібінің шеңберінде және жергілікті биліктің алдын ала берген рұқсаты бойынша түрлі жиындар мен басқосулардың өткізіліп тұруы қалыпты жағдай болса керек.
Өскемендегі сол жиында халық небәрі қазіргі Елбасымыздың өкілеттігін референдум арқылы ұзартқысы келді. Әрі ол шешімді орынсыз деуге болмас еді. Себебі, жұрттың бәрі бірдей заңнаманың барлық ұңғыл-шұңғылын жетік біле бермейді. Әрі-беріден соң Конституциялық Кеңестің өзі де сол тығырыққа тірелген тұстарда заң түйткілдерін түсіндіріп, әділ төрелік айту үшін құрылады емес пе?
Бастама иелері, өзгені былай қойғанда, осы орайда Қазақстан Конституциясының 3-бабындағы «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» (1-тармақ) деген қағидатқа сүйеніп, әйтпесе «Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады...» (2-тармақ) деген талапты басшылыққа алып әрекет жасауы да әбден мүмкін ғой. Көріп отырғанымыздай, халық еркін білдірудің бір нысаны саналатын референдум сөзі Ата Заңымызда тіпті бірінші жазылған. Былайша алып қарағанда, оған неге сүйенбеске?
Ендеше, бастамашы топтың ел Парламентінің тарапынан да қолдау тапқан ұйымдасқан түрдегі ұсынысын Президентіміз қалайша елеусіз қалдыруы керек? Оны не себепті және неге сүйеніп басталмай жатып тоқтатып тастауы керек еді? Елбасымыз бұл орайда тек Конституция талаптарын қатаң басшылыққа алып қана әрекет етуге міндетті болатын.
Нұрсұлтан Әбішұлы іс жүзінде тап осылай істеді. Ол өз өкілеттігін пайдаланып, референдумға байланысты Конституцияға өзгеріс пен толықтыру енгізу жөніндегі Парламенттің ұсынысын өз Жарлығымен қабылдамай тастады. Ал Парламент, дегенмен, өзінің конституциялық құқығын пайдаланып заң қабылдаған кезде, Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңестің шешіміне жүгінді.
Оқиғаның бұдан арғы өрбуі де бәрімізге жақсы белгілі: Конституциялық Кеңес Парламент ұсынған заңды Ата Заңымызға сәйкес емес деп тапты. Сонымен бірге, аталған орган Президентіміздің Конституциялық Кеңестің шешіміне бір ай ішінде қарсылық білдіруіне құқылы екенін де атап көрсетті.
Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың көңілін алаң етіп, бір ай бойы күттіріп жатпады. Ол тәжірибелі саясаткер ретінде мұндайда ұзаққа созылған ырың-жырың қоғамдағы артық бос әңгіме мен сыпсыңды көбейтіп, жұртшылықты негізгі шаруашылық жұмыстарынан алыстататынын білді. Сөйтті де, қашандағыша шешуші сәттерде баратын батылдығына басып, Конституциялық Кеңестің қорытындысын алған күні-ақ ол өзінің сол ұйғарыммен келісетіндігін білдіріп, Қазақстан халқына өзінің мәні терең мазмұнды үндеуімен шықты.
Әр сөзі екшелген сол үндеуінде Президент бастамашы топ пен ұсынысқа қолдау білдірген халқымыздың өзіне көрсеткен сенімі үшін алғысын білдірді. Сонымен бірге, өзінің сайлаушылардың басым көпшілігін құрайтын бүкілхалықтық бастаманы кері қайтара алмайтындығын, Елбасы әрі Конституцияның кепілі ретінде болашақ саясаткерлерге жаңылыс бағыт сілтейтін іске жол бере алмайтындығын түсіндірді.
«Біз бұл жәйтті жай «қабылдау немесе бас тарту» ретінде емес, өмірдің өзі ұсынған демократияның тағылымы деп қабылдағанымыз жөн», – деген байыпты өз пайымдауын айтып, қазақстандықтарды бір ай бойы толғандырған мәселені орын-орнына қойып берді.
Ол үндеудің қаншалықты ой-толғаныстан туындағанын Президенттің ертеңіне маған жіберген жұмыс жазбаларынан да байқау қиын емес. Бұрыштамаға: «Мына қолжазба сақтауға немесе мұражайға қажет болар деп жіберіп отырмын. Талай толғаулардан кейін шешімді қабылдадық. Енді бұл да тарих. 1 ақпан 2011», деп жазып, қолын қойыпты.
* * *
Сөйтіп, түсінген жанға Президент референдум орнына халқымыздың еркі мен демократиялық қағидаттарға адалдығын ескеретін әрі ұлтымызды ірітпей, біріктіретін жолды таңдады. Өз өкілеттігінің екі жылға қысқаратындығына қарамастан, президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізуді ұсынатынын да мәлімдеді.
Бұл Елбасымыздың халқымыздың Президент лауазымына үміткер өкілдерінің сайлау науқанына қатысуына, сондай-ақ қазақстандықтардың демократиялық үрдістерге үйренуіне, соған бейімделуіне жасаған қамқорлығы екені сөзсіз.
Әрине, референдумның өтпей қалғанына қарап, мыңдаған отандастарымыз бен Парламент депутаттарының, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы мүшелерінің жарты айдан астам уақыт бойы үлкен белсенділікпен жүргізген жұмыстары босқа кетті деп өкінуге әсте болмайды. Себебі, біріншіден, біз қоғамда қазір қалыптасқан экономикалық және саяси ахуалды өзіміздің қаншалықты оң бағалайтындығымызға көзімізді тағы да жеткізе түсті. Екіншіден, көп ұлтты халқымыздың Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттігін қалыптастыру мен нығайтудағы теңдесі жоқ еңбегін ерекше жоғары бағалайтындығының куәсі болдық. Мұның өзі еліміздің таяу келешектегі дамуына сеніммен қарауымызға мүмкіндік береді. Енді референдум орнына мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізілген күнде де оның оң нәтижесін мейлінше дәл шамалауға болады. Үшіншіден, осы бастаманың нәтижесінде халқымыз демократияның тағы бір сынағынан өтіп, өзіне аса қажетті тәжірибе жинақтады. Төртіншіден, Конституциямызда күндердің күнінде тосыннан алдымыздан шығуы мүмкін олқылық бар екенін анықтап, соған қажетті толықтыру енгізіп алдық. Бесіншіден, қоғамда реформалық бағытты қолдайтын, қажет болып жатса қорғайтын «2030» коалициясы құрылды. Ең ақырында, алтыншыдан, Президент осы шешімі арқылы сырттан түрлі теріс долбарлар жасаушы кейбір сәуегейлердің аузына құм құйды. Елбасымыз күрескер саясаткер ретінде өзінің бойында күш-жігері бар кезінде халыққа қызмет етуден бас тартпайтынын мәлімдеді.
Мұндайда айтылмай қалмайтын: «Ой, бізге уақытты аз берді, сол себепті, дайындалып, ұйымдаса алмай қалдық!» дейтін байбаламдар кәдуілгі қызыл сөз. Осындайда, ұмытпасам, партия жетекшісі әрі кейіннен 1964-1978 жылдары Кенияның президенті және ұлт көшбасшысы болған саясаткер Джомо Кениятаның кезінде айтқан мына бір сөзі есіме түседі. Оған журналистер: «Айтыңызшы, Кения қай кезден бастап азат ел болуы тиіс?» деп сұрақ қойғанда, сол жайсаңыңыз: «Қазір, бүгін, тап осы сәттен бастап!» деп жауап берген екен. Сол айтқандай, әдетте, партия атаулы белгілі бір мақсат, ал көбіне-көп саяси күрес үшін құрылады. Сондықтан халық алдында шын беделі мен қолдаушысы бар партия күреске әрдайым әзір болуы керек емес пе?
Бүгінде Президенттің жоғарыдағы шешімі туралы аз жазылып жатқан жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары күн сайын жұртшылыққа жаңа ақпараттар легін жеткізуде. Азаматтардың Тұңғыш Президентіміздің кемел шешіміне қолдау білдірген хаттары Президент Әкімшілігіне, Елбасымыздың өз атына көптеп түсуде. Сол қолдау білдірушілердің қатарында қарапайым еңбек адамдары мен түрлі ұлт өкілдерінен бастап, есімдері елге танымал ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері және еліміздегі сан-алуан үкіметтік емес ұйымдар мен діни конфессиялар жетекшілерінің де бар екендігін айту керек.
Тұңғыш Елбасымыз – шын мәнінде тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаушы. Оның бұл еңбегін тарихтан ешкім де сызып тастай алмайды. Таяуда Президент Әкімшілігіне келіп түскен Жарылқасын Аманұлы есімді азаматтың жолдаған өлеңінде:
«Сен де сүйдің халқыңды,
Бір-бірінен кем көрмей.
Халқың сүйді сені де,
Ешбір жанға теңгермей», – деген жолдар бар екен.
Бұл халқымыздың Елбасымызға деген құрметін дәл аңғартатын ой дер едім.
Әрине, өмірде жұрттың бәріне бірдей ұнайтын адам да, басшы да болмайды. Президент өзіне дауыс беріп, сенім артқан халқының басым бөлігінің еркі мен тілегін жүзеге асырады.
Біздің Елбасымыз өз халқының сүйіспеншілігі мен құрметіне тәуелсіздік жылдарында зор қажыр-қайратпен атқарған тарихи ауқымды істерімен ие болған тұлға. Жақсы мемлекет басшысы да ең алдымен табиғатта сирек кездесетін ерекше дарын иесі десек, қателеспеспіз. Сондықтан, жақсының жақсылығын айтудың бәрі бірдей жағымпаздық емес, оның парыз да екенін ескерген жөн болса керек.
Осы жылдар ішінде Президент өзінің шын мәнінде алыстан ойлап, кең пішетін нағыз стратег тұлға екенін көрсете білді. Бұған дәлел ретінде, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру әрекетін сонау 1994 жылы қолға алғанын, «Қазақстан-2030» бағдарламасын экономикамыз әлі оңала қоймаған 1996 жылы қабылдатқанын, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге деген қадамды да сонау 2003 жылы бастағанын еске алсақ жеткілікті.
1995 жылы Конституцияны қабылдауға арналған референдумнан кейін өткізілген баспасөз мәслихатында Президентіміздің: «Сіз картоп ексеңіз, оның өнімін күзде-ақ аласыз. Ал алма ағашынан алма жинауды бес немесе алты жыл күтесіз», дегені бар еді. Саясаткер үшін де солай. Жақсы ой-арманыңды жүзеге асыру үшін де белгілі бір уақыт керек.
Елбасымыз Еуразия идеясын да ең алғаш 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде жария еткен болатын. Бүгінде сол идея бұрынғы Кеңес Одағы халықтарының арасындағы экономикалық және мәдени байланыстардың үзілмеуіне азды-көпті қызмет етіп келеді. Ал мұндай байланыстар үзілген жерде халықтар арасында қырғи-қабақтық басталып, оның соңы зеңбіректер гүрсіліне ұласатынын өмірде аз көріп жүрген жоқпыз.
Тәуелсіздікке қол жеткізе салысымен, елімізде ядролық сынақтарға тыйым салуы, көп векторлы сыртқы саясат жүргізу арқылы алыс-жақын мемлекеттердің бәрімен де достық пен ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынасты жолға қоюы, нарықтық даму жолын таңдап алуы, «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын қабылдатқызуы, елорданы елдің төріне әкеліп орнықтыруы, шет елдерде тұратын мың-мыңдаған қандастарымызды Отанымызға көшіріп алғызуы – біле білсек, осының бәрі де Елбасымыздың республикамызды бүгінде тек Орталық Азия аумағында ғана емес, ТМД мемлекеттері арасындағы ең қарышты қарқынмен дамып отырған, қуатты елдердің қатарына әкеліп қосқан тарихи еңбегі екені даусыз. Осының бәрінде де Президент қазынаның қоржыны толыққанын, ауа райының жақсарғанын, шешімін жұрттың бәрі бірдей қолдағанын күтіп отырмады. Ойының дұрыстығына ішкі түйсігімен көзін жеткізді де, батыл кірісіп кетті. Кірісіп кетті де, жақсы нәтижемен аяқтап, жеңіске жетті!
Қазақстан басшысының көптеген халықаралық ұйымдарды ұйымдастырудың бастамашысы болып жүруі де жайдан-жай емес, тіпті дәулетіміздің шектен тыс асып-тасығандығынан да емес. Түсінген жанға соның бәрі де ең алдымен ел тыныштығының, мемлекет қауіпсіздігінің қамы. Қысқаша айтқанда, елімізді «тас қамалмен емес, дос-жаранмен қоршаудың» қам-қарекеті.
«Ең жақсы патша – өз халқына мылтықтың дауысын естіртпеген патша», деген бар. Бұл жағынан алғанда да біздің Елбасымыздың Қазақстан халқы алдында жүзі жарқын екендігімен ешкім таласа қоймас дейміз.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы билік басына 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін, көп ұлтты Қазақстан халқының татулығына елеулі селкеу түскен тұста әрі оның жарасы толық жазыла қоймаған шақта келгенін де ұмытпағанымыз абзал. «Дер кезінде сөндірілмеген ұшқын өртке айналады, дер кезінде емделмеген ауру дертке айналады», дейді дана халқымыз. Президентіміз ұлтаралық татулық саясатын нәзік жүргізбегенде, Желтоқсанның шоғы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кез келген сәтте қайта маздап қоя беруі де әбден мүмкін еді. Өскемендегі, Оралдағы, Ұзынағаштағы оқиғаларды, Қарағандыдағы мың-мыңдаған жұмысшылардың митингісін ұмыта қоятын жөніміз жоқ. Елбасымыз енді қалыптаса бастаған мемлекеттік басқару тетіктерін іске қосып, арқа сүйер азаматтарды жұмсап, қажет кезінде халықтың алдына өзі шығып сөйлеп, сол қатерлердің бәрінің де асқынуының алдын ала білді.
Президент осы орайда өз ұлттық патриоттарымыздың ренішін де көрді, өзге ұлт өкілдерінің өкпе-назын да аз естімеді. Сөйтіп жүріп, ұзақ ойланып-толғанудың нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы институтын құрды. Мұнымызды Біріккен Ұлттар Ұйымы басшылығының өзі де жоғары бағалады. Бүгінде қазақстандық бұл тәжірибені өзге де мемлекеттер қолдана бастады. Тәуелсіздігіміздің бастапқы кезінде қайсыбір шетелдік саясаткерлер еліміздің ең осал тұсы деп осы көп ұлттылығымызды атап көрсеткен болса, мәмілегер Елбасымыз бұл күрделі факторды өзіміздің артықшылығымызға айналдыра білді.
Соның нәтижесінде бүгінде өзге ұлт өкілдерінің өз балаларын қазақ балалар бақшасы мен мектебіне беруі, мемлекеттік тілде сөйлеп, ән салуы, телебағдарламаларды жүргізе бастауы көзге үйреншікті жағдайға айналып келеді. Көп ұлтты еліміздің даңқты спортшылары қазақ елінің көк туын әлемдік ареналарда үлкен мақтанышпен көтеріп жүр. Өзге ұлт өкілдерінің де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тарихи отандарына оралу жөніндегі алаң көңілдері басылып, туған Қазақстанына бауыр басушылардың қатары көбейе түсті.
Мемлекеттік тіліміздің ахуалы да біртіндеп түзеліп келеді. Осы таяуда ғана еліміздегі мектеп оқушыларының 71 пайызға жуығы қазақ тілінде білім алып жатқанын естіп-білдік. Солар ертең мектеп бітіріп, маман атанып, ел тізгінін өз қолдарында ұстағанда өзінің ана тілінде сөйлемей, қай тілде сөйлемек?
Міне, Президенттің байсалды сарабдал саясатының жемісі дегеніміз осы! Ойланайық, еске түсірейік, бұрын қашан мұндай болып еді?! Аталған көрсеткіш – бұлтартпайтын статистика. Бұл төңіректегі өзге даурықпа айқай-шудың көбі – саясат!
Біз Президентіміздің қай жиында, қандай тақырыпқа сөйлесе де, сөзінің соңын ұдайы халқымызды ынтымақ пен бірлікке шақырып аяқтайтынын білеміз. Ол халқымызға сене біледі, қажет кезінде өтіне де біледі, иландыра да біледі.
Халқымыз Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмайтындығына үйренген. Ол тек өз ішімізде ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылық сақталған жағдайда ғана экономикалық ілгерілеушіліктің болатындығын табандылықпен айтып түсіндіруден жалыққан емес.
Елбасымыз өткен жылдың соңында Тәуелсіздігіміздің 19 жылдығы құрметіне жасаған баяндамасында: «Әлемдік тәжірибе кемелденген мемлекет құру үшін 40-50 жыл керек екенін көрсетеді. Біз қазірдің өзінде еліміздің өркендеуіне жеткізетін жолымыздың жартысынан өттік», деп еді. Сол Президентіміз, амандық болса, тағы бір-екі жылда қазақстандықтардың жылдық орташа табысы еуропалықтармен теңеседі дегенді айтып отыр. Біз солай болатынына кәміл сенеміз.
Халқымыздың өзіміз білетін арғы-бергі тарихында тап бүгінгідей басы ашық, тап бүгінгідей іргесі бүтін, тап бүгінгідей біртұтас әрі бүкіл әлем мойындаған дербес мемлекеті бұрын болған емес. Басқаны былай қойғанда, өткен жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етуіміз, оның 11 жылдан кейінгі Саммитін өткізіп, 56 мемлекеттің басшыларын қабылдап, Астана Декларациясының қабылдануына қол жеткізуіміз, 27 елдің спортшыларын жинап, VII Қысқы Азия ойындарын өткізуіміз – еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы талас тудырмайтын шоқтықты жетістігіміз екені анық. Осыларды ұйымдастыра білуіміз бізге көп тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беріп қана қоймай, ұлттық рухымызды жаңа биікке көтеріп жіберді деп батыл айта аламыз.
* * *
«Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» демекші, біздің халқымыздың еңбек жолын қарапайым жұмысшылықтан бастап, бүгінде аты әлемге әйгілі қайраткер дәрежесіне көтерілген, өмірдің ащысы мен тұщысының бәрін де татқан, от пен судан өтіп, мейлінше шыныққан, мемлекет басшысы ретінде жүргізіп отырған саясатын дүние жүзі мойындаған өз Президенті бар.
Елбасымыз өзінің жоғарыдағы тарихи шешімі арқылы: «Уа, халқым! Сене алмасаң – саған серт, сеніміңді ақтай алмасам – маған серт!» дегенді де айқын аңғартты.
2011 жылғы 11 ақпанда, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІІ съезінде делегаттар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты бірауыздан Қазақстан Республикасы президенттігіне өз кандидаты етіп ұсынып, Мемлекет басшысы оған өз келісімін берді. Президентіміздің «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз! Алға, Қазақстан!» шақыруы нақты іске асатыны сөзсіз.
Біз дана халқымыз бұл жолы да өз таңдауын жаңылыссыз жасайды деп сенеміз.
Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы.