15 Ақпан, 2011

Отанымызды өркендету – ортақ міндет

533 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Біздің еліміз тәуелсіздіктің жиырмасыншы жылына қадам басқан кезеңде Елбасымыздың Қазақстан халқына ұсынылып отырған кезекті Жолдауы ерекше маңызға ие. Бұл Жолдау мемлекетіміздің өткен онжыл­дық­­тардағы саяси және әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайын си­паттап қана қоймай, алдағы, 2020 жылға дейінгі даму стра­те­гиямыздың нақты бағдар­ла­ма­сы­н көрсетіп беретін саяси-эко­но­микалық құжат болып табылады. Тәуелсіз мемлекетіміз құ­рылғалы бері жұртшылық пікірімен санасып, халықпен бірге жасасып келе жатқан Көш­бас­шымыздың ішкі саясатының ең басты бағыттарының бірі – ха­лық­аралық деңгейдегі достық пен өзара сыйластықты, ұлт­ара­лық өзара келісімді нығайту және ядролық қарусыз қоғам орнату болып табылады. Хал­қы­мыздың өз Елбасына сенім арта қарай­ты­нын тарихтың өзі дәлелдеп отыр. «1991 жылдың желтоқса­нын­да, өзіміздің стратегиялық мақ­сатымыз ретінде орнық­ты­лық пен табысқа жетуді таңдап ала отырып, біз әр жаңа ке­зе­ң­нің дамуына жаңа бағдар­ла­ма­лар жасап, алға жылжыдық. Біз келелі міндеттерге ұмтылып, ол­арға қол жеткіздік», – деп атап көрсетті өз Жолдауында Н.Ә.Назарбаев. Шын мәнінде, біздің мақ­та­нып айтуға тұратындай көрсет­кіш­теріміз көп: 1994 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 700 доллардан сәл ғана асатын. 2011 жылдың 1 қара­ша­сына қарай бұл көрсеткіш 12 есе­ден артық өсіп, 9 мың АҚШ долларына жетті. Индустрия­лық-инновациялық даму бағ­дар­ламасы аясында бір ғана 2010 жылдың өзінде 152 кә­сіп­орын іске қосылып, жалпы са­ны 800-ге жуық әртүрлі өндіріс орындары құрылды. Химия және жеңіл өнеркәсіпті, ауыл­ша­руашылық өнімдерін, мал шаруашылығын қалпына келтіру үшін экономикамызда елеулі құрылымдық өзгерістер жасал­ды. Осылайша еліміздегі жұ­мыс­сыздық мәселесі шешімін тапты. Біздің Елбасымыз халықтың әл-ауқатын нығайтуды үнемі алдыңғы орынға қойып келеді. Тиімді технологияға негізделген экономикамыздың бәсекеге қа­бі­леттілігі еңбек өнімділігін арт­тырып қана қоймайды, елімізді алдыңғы шепке шыға­ра­тын бірден-бір тетік болмақ. Біздің еліміз қазірдің өзінде әлемдегі алдыңғы қатарлы, бә­се­кеге қабілетті елу елдің сана­тына қосылып үлгерді. Сыбайлас жемқорлықпен кү­рес үздіксіз жүргізіліп келе жатыр, Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы ең тиімді заңның бірі болып есептеледі. Қазақстанның, Ресей мен Белоруссияның Кедендік ода­ғы өз жұмыстарын бастады, кедендік баж салығы бюджеттің 25 пайызын құрап, анағұр­лым өсті. Жолдауда қазақ­стан­дық­тар­дың әлеуметтік жағдайын жақсарту жағы кеңінен қарас­тырылған. Елбасымыз алды­мызда тұрған міндеттерді сипаттап қана қоймай, оларды жүзеге асыру жолдарын нақ­тылап көрсеткен. Білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарламалары бекітілген. Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Кәсіптік және техника­лық білім берудің мазмұнын то­лық жаңғыртпақ ниетіндеміз. Білім берудің сапасын арттыру және қолжетімділігін ке­ңейту үшін білім беруге қолдау көр­се­ту­дің жаңа қаржылық-эко­номи­ка­лық құ­ралдарын енгізу және биз­нес-қауымдастықтар мен жұмыс берушілер өкілдерін қа­тыстыра оты­рып, кәсіптік-тех­ни­калық кадр­­лар дайындау жөнінде ұлт­тық кеңес құру аса маңызды мәселе болып табылады. Мемлекет басшысы біздің ал­ды­мызға университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз ету керек деген міндеттеме қойып отыр. Ол үшін жоғары оқу орын­дары мен колледждердегі білім беру сапасын жақсартуды одан ары жалғастырып, ғылыми кадр­ларды дайындаудың жаңа жүйе­сіне кө­шуі­міз қажет. Жолдауда көрсетіл­гендей, ғылыми кадрлар магистратура мен PhD докто­ран­ту­расында дайындалып шығатын болады. Қазіргі замандағы универси­те­т­тердің қалыптасу үрдісі әлем­дік білім кеңістігімен ұш­тас­ты­рыла байланыстырылған. Халық­аралық білім беру жүйесіндегі қалыптасқан бәсекелестік өте маңызды рөл атқарады. Университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамта­масыз ету үшін ғылыми теория мен практиканы ұштастыру, есеп­тегіш технологиялармен қатар, озық технологияларды қолданып, білім берудің ең үздік әдісте­мелерін игеруіміз қажет. Сонда ғана біз сапалы білім беруді Қа­зақстанның индустриялан­ды­ры­луы­ның және инновациялық да­муы­ның негізіне айналдыра аламыз. Елбасының Жолдауында 2020 жылға қарай халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық аккредитациялаудан өткен жоға­ры оқу орындарының үлесі 30 пай­ызды құрайтыны және өн­ді­ріске инновациялық қызметтер мен ғылыми зерттеулердің нәти-желерін енгізетін жоғары оқу орындарының саны 5 пайызға дейін артатыны көрсетілген. Білім берудің сапасын арттыру және қолжетімділігін кеңейту үшін білім беруге қолдау көрсетудің жаңа қаржылық-экономикалық құ­ралдарын енгізу ең маңызды фактор болмақ. «Қазақ­стан­дық­тар­да мемлекеттен пайыздық бонустар ала отырып, балаларын оқы­туға қаржы жинаудың жаңа мүмкіндіктері пайда болуға тиіс», – деп атап көрсетті Елба­сымыз өз Жолдауында. Барлық қазақстандық жоғары оқу орындары үшін үлгі жаңа «Назарбаев Университеті» жо­ғары оқу орнының инновациялық моделін қалыптастырып отыр. Нарық сұранысына бағдарланған бұл жоғары оқу орнының Абай атындағы ҚазҰПУ үшін де үлгі тұ­тарлық оқу орны болатыны анық. Еліміздегі ғылыми-педаго­ги­ка­лық кадрлар дайындауда өзін­дік үлесі бар университетіміз білім беру сапасын жақсарту үшін жұмыстануда. Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зар­баев студент жастардың шет тілдерін тереңірек меңгеруіне ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл –заман талабы. Студент жаста­ры­мыз батыс шет тілі болсын, шы­ғыс шет тілі болсын емін-еркін меңгеруі керек деп есептейміз. Ал ҚазҰПУ-дегі өзім мең­ге­ру­шісі болып табылатын шығыс фи­лологиясы кафедрасы 1991 жы­лы құрылған. Жоғары білікті мамандардан жасақталған про­фес­сор-оқытушылар құрамы тү­рік, араб, парсы, қытай, корей және жапон тілдерінен дәріс береді. Филология және тарих факультеттерінде аталған тілдер негізгі шет тілі ретінде оқытылса, халықаралық қатынастар факультетінде екінші шет тілі ретінде оқытылады. Кафедра оқыту­шы­ла­ры шығыс тілдері теориясы, теориялық фонетика, лексикология, аударма теориясы мен прак­тикасы, тілі оқытылып жатқан елдің әдебиеті пәндері бойынша дәріс оқиды. Сонымен қатар, шығыс тілдерінен практикалық сабақтар өткізіледі. Студенттеріміз оқу барысында этномәдени бірлестіктер мен ҚР ҰҒА Шы­ғыс­тану институттарына, түрік-қазақ лицейлеріне барып тәжі­рибе алмасып қайтады. Шығыс тілдері теориясы бойынша мемлекеттік емтихандар өткізіледі. Университетіміздің ректоры, академик С.Ж.Пірәлиевтің бас­тамасымен 2011 жылғы күзде Қазақстан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығы құрме­тіне арналған халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр. Кон­фе­рен­цияда шығыс және батыс шет тілдерін оқыту мәселелері талқыланатын бола­ды. Оған өзіміздің маман­да­ры­мыз бен студенттеріміз, сондай-ақ өзіміз тығыз байланыс жасап отырған достас елдердің маман­дары қатысады. Абай атындағы ҚазҰПУ-де мемлекеттік тілмен қатар, ағыл­шын тілін үйретуге ерекше көңіл бөлінген. Біз мемлекеттік тілді және бірнеше шетел тілдерін еркін меңгерген білікті мамандар дайындаймыз. Біздің түлектеріміз жалпы білім беретін мектептерде, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік және дипломатиялық құрылымдарда қызмет атқаруда және басқа да беделі жоғары халықаралық сая­­си, экономиялық және қоғам­дық ұй­ымдарда еліміздің өкіл­дері ре­тінде жұмыс істеп жүр. Қа­зіргі уақытта жалпы білім беретін мектептерде, лицейлер мен гимназияларда, колледждерде шет тілдері мамандары жетіспейді. Біздің ойымызша, еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орны болып табылатын Абай атындағы ҚазҰПУ-де шет тілдері мамандарын дайындайтын арнайы факультет ашатын уа­қыттың кезі келді деп білеміз. Біз көп тілді және көп кон­фессиялы мемлекетте өмір сү­ріп отырмыз, өзіміз өмір сүріп жатқан елдің мемлекеттік тілін, Қазақстандағы этностардың тілдерін меңгеру, оларға құрмет­пен қарау достығымыз бен бірлігімізді нығайта түсетін алтын көпір болып табылады. Қазақ елінің мәдениеті мен қазақ тілі өзінің төңірегіне барлық этнос­тарды шоғырландырып отыр. «Қазақстандықтардың өзіміз өмір сүріп, елімізді жақсылық­тар­ға бастап бара жатқан туған жерге атауын берген қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып-үйрене бастағандығын атап өту­дің өзі қуанышты», – деп ай­рықша көрсетілген Елбасы­мыз­дың Жолдауында. Күрд халқының өкілі ретінде мен өз замандастарымның көп­ші­лігі қазақ тілінде және өз ана тілімізде емін-еркін сөйлей ала­тынын мақтанышпен айта ала­мын. Ал жас жеткіншектер осы тілдерге қоса ағылшын тілін меңгеруге ерекше көңіл бө­луде. Ал біз, қазақстандық күрд­тер Қа­зақстанға сталиндік репрессия кезінде еріксіз келіп, қоныс теуіп едік. Қазақ халқы­ның мейірім­ді­лігінің, бауыр­мал­дығының арқа­сын­да қайта­дан өз-өзімізге келгенімізді айтудан ешуақытта шар­шаған емеспіз. Бізді құшақ жая қарсы алған қазақ жері өгейлік та­нытқан жоқ, туғанымыздай бар мейірімін төге қарады. Кең де дарқан қазақ даласының төсінде емін-еркін сайрандап өскен біздер балаларымызды, немерелерімізді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеп жатыр­мыз. Ер­кіндік, бірлік, тұрақты­лық – міне, мұның барлығы бізге Ел­басымыздың сындарлы саясаты­ның нәтижесінде келіп отыр. Қа­зақстанның келешегі­нің қандай болатыны әрқайсы­мызға байла­нысты. Сондықтан да біз барлық күш-жігерімізді елімізді көркей­туге, өркенде­ту­ге және балалары­мыз бен неме­релеріміздің, келешек ұрпағы­мыз­дың бақытты болашағы үшін жұмсауымыз қа­жет! Князь МИРЗОЕВ, академик, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің  мүшесі,  Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығының төрағасы.