Иран астанасы Теһран қаласында демонстранттар мен полиция арасында қақтығыс болып, бір адам опат болса, жараланғандар ондаған адам саналады. 200-ден астам адам қамауға алынған. Жұмыс күні аяқталған кешқұрым сәтте қаланың екі бас алаңына түрлі жолдармен бет алғандар қатары ондаған мың адамға жеткен.
Жиналғандар үкіметке қарсы ұрандар айтып, саяси тұтқындарды босатуды, режімді демократияландыруды талап еткен. Кей көшелерде полициядан қорғану үшін баррикадалар тұрғызыла бастаған. Демонстранттарға он мың шамасында полиция қарсы тұрған көрінеді. Олар адамдардың шоғырлануын болдырмау үшін көзден жас ағызатын газ, келдектер және резеңке оқтар қолдануда екен.
ШЕНЕУНІКТЕР ШОТТАРЫН ЖАБУДЫ ӨТІНДІ
Египет басшылығы АҚШ-қа, Ұлыбритания мен Францияға экс-президент Хосни Мүбәрактің әкімшілігіндегі бұрынғы шенеуніктердің шоттарын жабу туралы өтінішпен шықты. Бірақ Франция мен АҚШ бұрынғы шенеуніктер тізімінде экс-президенттің не өзі, не отбасы мүшелері жоқ екенін мәлімдеп отыр.
Сонымен қатар, Мысыр басшылығы аталған өтінішті Еуроодаққа қатысты да жасаған. Енді ЕО елдерінің қаржы министрлері арнайы мәжілісте Мысыр басшылығының өтінішін талқыламақ. Қазірдің өзінде жоғарыдағы өтініштер қанағаттандырылатын сыңайлы. Өкініштісі, тізімде Мүбәрактің не өзі, не отбасы мүшелері жоқтығы ғана.
ЙЕМЕНДЕ ДЕ ҚАҚТЫҒЫСТАР ЖАЛҒАСУДА
Йеменнің астанасы Сана қаласында манифестанттардың полициямен және ел президенті Абдалла Салехтың жақтастарымен қақтығыстар қайта жалғасты. 3 мың қаралы наразылар ел астанасындағы басты алаңға келіп, президенттің отставкаға кетуін талап етті. Қақтығыс салдарынан бірнеше адам жеңіл дене жарақатын алды.
Президенттің отставкасын талап еткен демонстрациялар сондай-ақ Таиз қаласында көрініс берді. Онда 8 манифестант жарақаттанған. Одан бір күн бұрын болған осындай акция барысында он адам тұтқынға алынған екен. Президент Салех келесі мерзімге сайланбаймын, 2013 жылы отставкаға кетемін деп мәлімдегендіктен, парламенттік оппозиция үкіметпен келіссөзге келуге келіскен.
РЕСЕЙ КУРИЛДЕГІ ӘСКЕРІН КҮШЕЙТЕДІ
Курил аралдарында орналасқан 18-ші пулеметтік-артиллериялық дивизияға енді зениттік-зымырандық бригада қосылатын болды. Сонымен қатар, әскер құрамаларының қару-жарақтары да жаңаларымен алмастырылатыны мәлімделді. Бұл ақпаратты Ресей қорғаныс министрі Анатолий Сердюков те қуаттады.
Оның сөзіне қарағанда, Ресей Курил аралдарындағы стратегиялық нысандарын нығайтуға қажетті шаралардың бәрін жасайтын болады. Бұл мәлімдеме Ресей мен Жапония арасындағы қарым-қатынас өткірлене түскен жағдайда жасалып отыр. Екі жақты қарым-қатынас жапондар өз аумағы санайтын Курилге Ресей президенті Д.Медведев сапармен барған соң бұзылған болатын.
БАХРЕЙНДЕ ДЕ КӨЗ ЖҰМҒАНДАР БАР
Тунис пен Мысырдағы халық көтерілісі нәтижелі аяқталғаннан соң болар, мұндай оқиғалар қара құрлықтың және араб әлемінің кейбір жерлерінде көрініс бере бастады. Мәселен, Бахрейнде демонстранттар мен полиция арасындағы қақтығыс салдарынан бір адам қаза тауып, кем дегенде 25 адам жарақаттанған.
Елде көпшілік болып табылатын шииттер билеуші сүннит азшылығынан қысым көргендеріне төзбейтіндіктерін енді ғана ашық білдіре бастағандай. Бахрейннің королі сүннит өкілі болып табылады. Елде азшылық бола тұра, еркінситіндері корольді арқа тұтатындықтан екені анық. Демонстранттар жазылуына сүнниттермен қатар, шииттер де қатыса алатын жаңа конституция қабылдауды, премьер-министрді сайлап қоюды талап етіп отыр.
ҚАРУ-ЖАРАҚ ПЕН ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНДІ
Аргентина басшылығы Америка Құрама Штаттарынан АҚШ әскери-әуе күштерінің ұшағынан табылған декларацияланбаған қару-жарақ пен есірткіге байланысты түсініктеме талап етті. АҚШ ұшағы Буэнос-Айреске бірлескен әскери жаттығулар өткізуге келген сарапшылар мен құрал-жабдықтарды жеткізуге орай қонған болатын.
Қару-жарақ пен есірткіні С-17 жүк ұшағын қарау барысында жергілікті кеденшілер тапқан екен. Олар туралы АҚШ тарабы ұсынған ешқандай құжатта мәлімет жоқ болған көрінеді. Аргентиналықтар ұшақ бортындағы жүктің барлығын кәмпескелеп, АҚШ-тан оқиғаны бірге тексеруді талап еткен. Түсініспестік салдарынан бірлескен оқу-жаттығу да өтпей қалғанға ұқсайды.
ҚЫЗМЕТКЕРІ КЕСІРІНЕН ЖҰМЫСТАН КЕТТІ
Литва полициясының бас комиссары Визгирдас Теличенас отставкаға кетті. Оның мұндай қадамға баруына полиция қызметкерлерінің бірі жол-көлік оқиғасын жасап, бірнеше кісінің өліміне соқтыруы себеп болды. Кейін анықталғанындай, полиция қызметкері рөлге мас күйінде отырыпты.
Теличенас оқиғаға түсініктеме бере келе, полицияның іс-әрекетіне тек бас комиссар ғана емес, сондай-ақ кейбір бөлімшелердің басшылары да жауап беруі тиістігін атап өткен. Ел президенті Даля Грибаускайтенің төңірегіндегілер Теличенастың отставкасын лайықты қадам деп бағалап отыр. Мұндай қадамға екі басшының бірі бара бермейтіні белгілі.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
• Мысырда билік басына келген әскерилер парламентті таратып, конституция әрекетін тоқтата тұратындарын жариялады. Сондай-ақ 6 ай ішінде жаңа президенттік сайлауға дайындық жүргізуге уәде берді.
• Палестина автономиясының үкіметі отставкаға кетті. Премьер-министр Салам Файяд бастаған үкіметтің отставкасын автономия президенті Махмұд Аббас қабыл алды. Бұл оқиға Израильмен келіссөздер туралы құпия құжаттардың сыртқа жарияланып кетуімен байланысты орын алған сияқты.
• Италия премьер-министрі Сильвио Берлускониге қатысты іс сотқа жолданды. Оған кәмелетке толмағандармен сексуалды қарым-қатынасқа түсті деген айып тағылып отыр. 74 жастағы премьер ісі бойынша алғашқы сот мәжілісі 6 сәуірге белгіленген.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.