16 Тамыз, 2016

Өзіміздің озығымыз тұрғанда, өзгенің тозығын қайтеміз?

580 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
rvanye-dzhinsy-zhenskieҚолыма қалам ұстатып, осы мақаланы жазуға себеп бол­ған жайт мынау еді. Жуырда кө­шеде кішкентай бала жетектеген, тырсиған тар шалбарының қос тізесін қайшымен ойып алған­дай үлкен тесігі бар, оның айна­ласындағы жіптер тарам-тарам болып салбырап көзге барынша оғаш көрінетін жас келіншекке: «Айналайын, біздің ата-әжелеріміз жыртық киім киюді әбес санаған, сіздің көшеде, қоғамдық орында жыртық шалбар кигеніңіз ұят емес пе?» – деп сыпайы ескерту жасадым. Ол маған: «Аға, бұл мода ғой», – деді де баласын жетектеп кете барды. Рас, әр заманның өзіндік сән үлгісі болады. Кезінде біз де джинси шалбар сән болған кезде оны кигенбіз. Бірақ ол бүтін шалбар болатын. Ал қазір бізде бәрі бар: экономикамыз өсіп жатыр, халықтың әл-ауқаты жаман емес, жұрт жақсы өмірге бой үйретіп те қалды. Алайда, Астана мен Алматы ғана емес, облыс, аудан орталықтарына бара қалсаңыз, кілең жыртық шалбар киген жас­тарды көресіз. Тіпті, алыстағы ауыл жастары да солай киінетін болыпты. Бұл не сонда? Сән бе? Еліктеу ме? Көрсеқызарлық па? Ата-бабамыз қанша жерден қиын жағдайға тап болса да, үстіндегі киімі тозып, ескірген күннің өзінде жыртық киім кимеген. Жас күнімізде үлкен кісілердің үстіндегі киімдерінен тек жамауды ғана көретін едік. Онда да бұл сирек кездесетін. Әбден жоқшылық пен тапшылыққа киліккен, тұрмысы төмен жандар ғана киімді жамап киетін. Сеңсең бөркі басында, үстінде түйежүн шекпені бар, арагідік күн суықта мақталы сырмалы шалбар киген қарттар мен басында кимешегі бар, көнетоз болса да көйлектері бүп-бүтін апа-әжелерді көретінбіз. Тіпті, елдің тұрмыс жағдайы төмендеу деген 50-60-жылдардың өзінде көшеде жыртық киім киіп жүрген адамдарды кездестірмейтін едік. Қазір жастарымыздың үстіндегі киімдеріне қараңыз: бәрі ит талағандай, жыртық-тесік. Жәй жыртық болса, бір жөн, тура тізеден я жоғары, немесе сәл төмен жерден жыртылған, кейбірінде жыртық жіптер жалбырап жүреді, қарауға да ұят. Киім – адамның мәдени деңгейін көрсетеді. «Киіміне қарап қарсы ал, ақылына қарап шығарып сал» дейді біздің қазақ. Мұны неге айтып тұр? Өйткені, сырт киім адамның өзге жандармен қарым-қатынасында сыйлау, құрметтеу үлгісіне бастау жасайды. Бір жерге мейман болып барғанда ата-бабаларымыз қалай болса, солай киіне салмаған. Неге? Олай еткен себебі, «Сырт көз – сыншы» деген, барған елінде не жерінде «Е, мына кісі әбден азып-тозып кетіпті ғой» деген мүсіркеушілік сөзден қашқан. Екінші жағынан, барған еліндегі адамдарды сыйлап, құрметтегендік белгісі. Осындай керемет өнегесі, үлгісі бар елдің баласы едік. Қалайша аз уақытта «Біреудің қаңсығы – таңсық болып», осындай ерме, көрсеқызар күйге түстік? Жарайды, бұл жастар ғой, еліктер, солықтар, сосын басылар, жөнге келер, деп қоя салуға да болар еді. Ұл-қызына «қалауы осы ғой» деп жыртық шалбар сатып әперіп отырған ата-аналар неге ойланбайды? Ұрпағының жыртық киім киіп жүргеніне неге намыс­танбайды? Біз – тәрбиені бәрінен жоғары орынға қойған елдің ұрпағымыз. Ұлттық тәрбие адамның жүріс-тұрысынан, киім киісінен, сөз сөйлеу мәдениетінен бастау алатыны белгілі. Ауыл-ауылда «Әй, мынауың не? Жыртық киім кигенің ұят емес пе?» дейтін ақ баталы ақсақалдар жоқ па? Қаптаған Ардагерлер кеңесі «елден ұят болады» деген басалқалы сөзін неге айтпайды? Болмаса, қаладағы ақ сақалды, сары тісті үлкендеріміз бастап, әрбір қазақ отбасы қостап, «Жыртық киімді Америка мен Еуропаның желкілдеген жастары кие берсін, сендер дұрыстап киініңдер» деген ақыл сөзін неге айтпайды? Өзімізбен бір жағы көршілес және еншілес Өзбекстан мен Қырғызстан, мынау Түрікменстан жастары қалай болса солай – ашық-шашық, жыртық шалбар киініп жүрген жоқ. Сол жыртық шалбар киген жастарға «Сонша кедеймісің?» деп көріңізші, жағаңыздан ала кетуден тайынбайды. Бар әңгіме – намыс­та! Ұлттық санада! Сондықтан, қа­зақ жастары өзгенің модасына ілесеміз деп, өзі­міздің абыройымыздан айырылып қалмау жағын қарастырғаны абзал. «Ұят болады»  деген ұғымды қайтаруға көп болып атсалысайық, ағайын! Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, сенатор