16 Тамыз, 2016

Кәсіпкерліктегі кедергілер

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін Алматы облысы әкімінің қаулысымен өңірлік комиссия құ­рылған еді. Оған облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев пен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева тең төраға болып бекітілді. Мақсаты  мемлекеттік органдар мен отандық тауар өндірушілердің сату-сатып алу мәселесіне қолдау көрсетіп, кәсіпкерлер қызметін үйлестіру, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті құрам үлесін арттыру болып табылады. Сонымен, аталған комиссияның жарты жылдықты қорытындылаған отырысында облыстық құрылыс басқармасы 66 байқау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасы 61 бай­қау өт­кізгені хабардар етіліп, кә­сіпкерлерге мем­лекеттік сатып алу жоспарын ұсын­ды. Сондай-ақ, кәсіп­керлердің де пікірлері мен ұсы­­ныс­тары тыңдалды. Жобалық-сметалық құжаттардағы тариф мер­зімінің өтіп кетуі өзекті мәселе болып тұр. Жобаны мақұлдауға, қар­жы­­ландыруға құжат әзірленгеннен кейін қаржы бөлу үрдісіне 1 жылдан 3 жылға дейін уақыт кететіндігі анық­талды. Осы уақыт аралығында тауар мен қызмет көрсету бағаларының қымбат­тап кететіндігі белгілі. Алай­да, сатып алуды өткізу кезінде мемле­кет­тік орган құжатты әзірлеу мерзімін есепке алмайды және үш жыл бұрын қойылған тарифті өзгертпейді. Ал кәсіпкердің сол бағамен келіспеске амалы жоқ. «Мұндай тапсырысты бірнеше рет орындадым. Техникалық ерекше­лікті дайындау барысында маман­дар нарық жағдайына сәйкес келмей­тін тауар бағаларын көрсетеді. Ал қызметтер мен тауарлар туралы ақ­парат сайттардан алынады, ондағы мәліметтер бірнеше жылдан бері жаңартылмаған», дейді «Galamat» жиһаз фабрикасының директоры Талас Меңсізбаев. Қорыта айтқанда, әкімшілік кедер­гілерді шешу үшін «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы орган­дарға ұсыныс-хат жіберілетін болды. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» ТАЛДЫҚОРҒАН