16 Тамыз, 2016

Байқоңырдағы медициналық орталық

344 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ACD_3367Мемлекеттің негізгі капиталы – халық. Сондықтан, адам денсаулығы – ең негізгі мәселенің бірі. Денсаулық сақтау сала­сына қаржының жеткілікті бөлінуі, жаңа құралдармен жабдықталуы, мамандардың біліктілігін арттыру секілді іргелі жұмыстың барлығы мемлекеттің негізгі байлығына құйылған инвестиция деп білуіміз керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қызылорда облысының ден­саулық сақтау саласында қыруар тірлік атқарылды. Экологиялық аймақ саналатын өңірде тұратын халықтың денсаулығына мықтап көңіл бөлмесе болмайтыны бесенеден белгілі ғой. Сол себепті аталмыш сала басты назарда болды. Дегенмен, Байқоңыр қаласы мен Ақай, Төретам елді мекендеріндегі аурухананың мәселесі талай жылдан бері сөз болып келе жатыр еді. Бұрнағы күні бұл мәселе де шешімін тапты. Солайша, Байқоңыр қаласында облыстық медициналық орталықтың филиалы ашылды. Бұл орталықта Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан азаматтары мен Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарының тұрғындары медициналық көмек ала алады. 2007 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы келісім негізінде Байқоңыр қаласында 80 төсектік перзентхана, Қазақстан Республикасының қаражаты есебінен ауысымына 100 келушіге арналған әйелдерге кеңес беру орталығын  салу туралы шешім қабылданған болатын. Орталық ғимаратының құрылысына 1 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған. Құрылыс жұмыстары 2010 жылдың аяғында аяқталып, әртүрлі себептермен нысанның ашылуы кейінге қалдырылып келді. Тек 2015 жылдың қарашасында Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен Мәскеуде өткен үкіметаралық комиссия отырысында аталмыш ғимаратты Қазақстан тарапына беру туралы шешім қабылданып, аурухананы жабдықтау үшін қосымша қаражат бөлінді. Облыстық медициналық орталық филиалының ашылу салтанатына аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев, «Жерүсті ғарыш инфрақұрылымын пайдалану» орталығы бас директорының міндетін атқарушы Ранохон Джураева қатысып, Байқоңыр қаласы тұрғындарының қуаны­шына ортақтасты. – Облыстық медициналық орталық филиалының ашылуы – Байқоңыр қаласында тұратын қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш. Тәуелсіздіктің 25 жылында облыста 3 медициналық орталық пайдалануға берілді. Олар: облыстық медициналық, диагностикалық және перинаталдық орталықтар. Сонымен қатар, 5 аудандық емхана, бір аурухана, 4 туберкулезге қарсы диспансер, Қызылорда қаласынан заманауи емхана және өңірдің барлық елді мекендерінен жалпы саны 100-ге жуық емдеу мекемесі ел игілігіне пайдалануға берілді. Олардың барлығы автокөлікпен, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Соны­мен бірге, жоғары мамандандырылған кардиологиялық және нейроинсульттік орталықтар ашылды. Нәтижесінде рес­пуб­ликаның басқа қалаларына барып емделетін қызылордалықтар саны 3 есеге азайды,– деді Қырымбек Елеуұлы. ACD_3456 (1)Байқоңыр қаласында жаңадан ашылған медициналық орталық 240 мың халқы бар Қармақшы, Қазалы мен Арал аудандарының тұрғындары үшін де медициналық көмек көрсететін болады. Медициналық көмек солтүстік аудандардың тұрғындары облыс орталығына барып ем алатын басты бағыттар бойынша жүргізіледі. Қазір­дің өзінде Байқоңырдағы облыстық медици­налық орталық филиалында оңалту және терапия бөлімшелері жұмыс істеп тұр. Кезең-кезеңімен офтальмология, лор, хирур­гиялық, гинекологиялық бөлімшелер мен перзентхана жұмысын бастайды деп күтілуде. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы